Ақмолалық шаруашылықтарда 502 052 бас ірі қара бар. Оның 143 875-і ауыл шаруашылығы құрылымдарына тиесілі. 91 140-ын шаруа қожалықтары бағып отыр. Ал ауылдағы ағайынның қолында 267 037 бас бар. Биыл төл төгіні жаман емес. Былтырғымен салыстырғанда біршама өсім бар. Қазірдің өзінде малсақ қауым ақ уызға жарып отыр. Тек мал тұқымын асылдандыру мәселесі олқы соғып тұр. Бағымдағы малдың 16,3 пайызы ғана асыл тұқымды.
Төрт түлік мал өсіруге мүмкіндік көп. Облыстағы жер көлемі 13 млн 199 мың гектар жерді құраса, оның 38 пайызы егін егуге жарамды жерлер, қалғаны мал жайылымына әбден лайықты. Таяуда облыстық прокуратура тексеру жүргізген кезде 1 млн 500 мың гектарға жуық жердің бос жатқаны анықталды. Ғылыми есеп бойынша, жер құнарына байланысты бір қара малға 8 гектар жер қажет. Егер шаруаға мұқият болсақ, осы жерде қаншама мал басын өсірер едік.
Азық-түлік белдеуіндегі Ақмола облысының малсақ қауымы облыстың ішкі қажеттілігін өтеумен қатар, Нұр-Сұлтан қаласы тұтынушыларының аузынан ақ май ағызуына болады. Бұл ретте ең алдымен қолда бар мал тұқымын асылдандыру қажет. Қазіргі бағымдағы малдың жұқалап айтқанда, 70 пайызға жуығының өнімділігі төмен. Мәселен, ауыл тұрғындарының қолындағы 267 037 бас қара малдың дені тұқымын жақсартуды қажет етеді. Ет өнімін еселеу үшін тұқымы белгісіз, өнімділігі төмен малды сіңіре будандастыруды қолға алған жөн. Сонда өзімізде тұқымы сіңіре будандастыру арқылы жақсарған мал құбылмалы ауа райына, табиғаттың жағдайына біршама жақсы бейімделген әрі неше түрлі жұқпалы ауруларға бой алдырмайтын төзімді болмақ. Мұндай мал табиғи жайылымдарды да жақсы пайдаланып, тез қоң жинайды әрі өсімталдығы да жоғары болады.
Ауылдағы ағайынның еңбегінің зейнетін көре алмай отыруы да, азын-аулақ малының тұқымын асылдандыруға қолы жетпей жүргендігінен. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсовтың айтуына қарағанда, қазір мал тұқымын асылдандыруға аса қажетті сауатты техник-ұрықтандырушы саусақпен санарлықтай. Жеке сектордағы ірі қара малдың басым көпшілігі табиғи және жақын туысқандық шағылыстан өткізілетіндіктен бағымдағы мал өнімділігінің төмендеуіне және біртіндеп әрқилы ауруға шалдығуына соқтыруда. Бұл – ең басты кемшілік. Қазір жеке шаруа қолындағы бірер қараның төлін етке тапсырарлық деңгейге жеткенше кемінде 2-2,5 жыл бағады. Ал асыл тұқымды мал бұл көлемді он орап алады. Мәселен, Бұланды ауданындағы «Запорожье-1» ЖШС-ның басшысы Қуантай Сұлтановтың айтуына қарағанда, шаруашылықтағы ақбас сиыр төлінің тірідей салмағы 18-20 айдың ішінде 700 килоға жетеді екен. Міне, асылдың еңбекті ақтайтын, ырысты молайтатын тұсы осы. Бұл шаруашылықта қазір 2100 ақбас сиыр бар. Бүгінге дейін аналық малдың 99 пайызы төлдеді. Шаруашылықтағы малдың асылдануына басшылық жасайтын Тимур Андаров мал тұқымын ғылыми негізде асылдандыруға қыруар еңбек сіңіріп жүр. Бағымдағы ішкі қажеттілік үшін ұстап отырған 400 бас жылқы үйірлеріндегі айғыр үш жыл сайын алмастырылады. Жақында шаруашылық Ақтөбеден 27 бас қошқар әкеліп, отарға қосыпты. Өйткені қой шаруашылығында асыл тұқымды малдан қомақты өнім алатынына көзі жетіп отыр. Жемшөп қорын да өздері дайындайды. Мәселенің бір мәнісі, осы жемшөп қорын дайындауда.
Мал шаруашылығын дамыту үшін аймақтық жемшөп қорын жасау, құрама жем тәрізді мал азығын пайдалану ең үлкен мәселенің бірі. Бізде бұл жағы әлі де сын көтермейді. Әлемдегі мал шаруашылығымен етене айналысатын дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне қарасаңыз, ет және ет өнімдерін молайту ең алдымен таза тұқымды, дені сау мал өсіріп, табиғи жайылымдарды кеңінен пайдалану арқылы жүзеге асырылады. Мәселен, АҚШ-та еттің 74 пайызы жемді мейлінше аз жұмсап, табиғи жайылымды молынан пайдалану арқылы өндіріледі.
– Бұл арада мынаны ескеруіміз керек, – дейді басқарма басшысының орынбасары Қасым Итқұсов, – мал шаруашылығы табысты салаға айналуы үшін ең алдымен тұқымын асылдандыру мәселесіне ден қою керек. Әрине, ірі шаруашылық құрылымдарының мүмкіндігі мол, ал жеке шаруашылықтың қолы әлі жетпей жатқаны жасырын емес. Мәселен, техник-ұрықтандырушылардың жетіспеушілігі өте өткір күйінде. Біз бұл жұмыстың маусымдық жұмыс екенін жақсы түсінеміз. Бірақ мына бір жайды айта кетелік, техник-ұрықтандырушыға әр сиырды ұрықтандырғаны үшін 1500-2000 теңге төлемақы төленеді. Ол бір маусым ішінде 300 басқа дейін ұрықтандыра алады. Демек, тәп-тәуір қаражат тауып тұр.
Бұл мәселенің бір жағы облыстағы ет және ет өнімдерін молайтуға ықпал етсе, екіншіден мал сүмесімен күн көрген ағайынның ахуалы көп-көрім жақсарып қалар еді. Үй шаруашылығындағы тұқымы азған, әйтпесе, тұқымы белгісіз сиырлар мен құнажындарды етті бағыттағы асыл тұқымды герефорд немесе сүтті бағыттағы алатау бұқасының ұрығымен ұрықтандыра алсақ, ет пен сүттің молшылығын жасар едік. Мына бір деректі еске сала кетелік. Герефорд тұқымының будандастырылған тобындағы бұқашықтардың тірідей салмағы 18 айдың ішінде 400 килодан асып кетсе, жергілікті малдың төлі осы уақыт ішінде небәрі 200 кило салмақта болады. Қайсысының тиімді екені айтқызбай-ақ көрініп тұр.
– Ірі шаруашылық құрылымдары төл төгінін желтоқсан, қаңтар, ақпан айларына жоспарлайды, – дейді басқарма басшысының орынбасары Қасым Итқұсов, – Арқаның аязына пісіп, тез өсіп-жетілген жаңағы төл көктемдегі шөптің бар шырынын пайдалана алады. Көктемде бұл бұзаулардың салмағы 100-120 килоға жетіп қалады. Ал ауыл тұрғындарының қолындағы тұқымы азған малдың төлі ақпан, наурыз айларында туады да, кеш жетіледі.
Біздің көзқарасымызда өзіндік құны арзан болуы үшін қазақтың ақбас сиырына жететін мал жоқ. Өйткені асыл тұқымды бұл мал өз аяғымен жүріп оттайды. Демек, жоғарыда біз атап көрсеткендей АҚШ, Канада, Англия тәрізді елдер табиғи жайылымдарды мүмкіндігінше көп пайдаланады. Оларда селекциялық-асылдандыру жұмыстары жақсы жолға қойылған. Біз де дамыған елдердің деңгейінен табылу үшін қолбайлау кемшіліктен арылуымыз қажет. Бұл кемшіліктердің қатарына инфрақұрылымдардың қалыптаспауын, мал азығы қорының сапасыздығын, жеке шаруа қожалықтарының қанша алға ұмтылғанымен, мүмкіндігінің аздығын, сондай-ақ, тексерілмеген мал басының көбеюін, мал дәрігерлік-санитарлық ережелерді дұрыс сақтамайтынымызды қосып қойыңыз.
Міне, осындай қолбайлау кемшілік алға аяқ бастырмай тұрған кезде қажетті мөлшерде өнім өндіру тіпті де мүмкін емес. Сондықтан қолда бар малдың өнімділігін арттыру үшін тез арада мал тұқымын асылдандыруға мән беруіміз қажет. Санын көбейтіп, сапасын арттырсақ, өнім көрсеткіші де жақсарып қалар еді.
Ақмола облысы