Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген «Еліміз бұл қиындықтан шыңдалып шығады» атты сұхбатында айтты.
«Осындай күрделі кезеңде халыққа көмек көрсетілмесе мемлекеттілігімізге сын емес пе?! Әрине, ақша таратып берумен ахуал түзелмейді. Дағдарыс жағдайында кешенді әрі жүйелі шаралар ұйымдастырған абзал. Ең алдымен, жастарды жұмысқа орналастыру керек. Сондықтан 250 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Әр өңірде инфрақұрылымдық және инженерлік жобалар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары бар. Міне, жұмыссыз қалғандарды солардың құрылысына, жөндеу жұмыстарына жұмылдырудамыз», - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент іскер азаматтарды қолдау мақсатында несиені қайтару мерзімі кейінге шегерілгенін атап өтті.
«Уақытша қиындыққа тап болған 1,6 миллион кәсіпкердің несиесін қайтару мерзімі кейінге шегерілді. Мұндай шара іскер азаматтарды қолдау үшін қажет. Сондай-ақ, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының қаржысы 1 триллион теңгеге дейін көбейтілді. Бұл қаражат жаңа жобаларды қайта қаржыландыруға, жеңілдік шарттарымен несие беруге жұмсалады. Кәсіпкерлер үшін салықтар мен басқа да міндетті төлемдер мерзімі ұзартылды. Зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдері еңбекақы төлеу қорының міндетті төлемінен алты айға босатылды», - деді Президент.