Махаббат – көңіл ішінде бүр жарған лала гүл іспетті. Сүйеді не сүймейді деп әр күлтесін кезек-кезек үзген бала қиялыңның жемісі. Ол өмірдің өзегі. Ал қазақ халқының махаббатының ұлылығы аңызға бергісіз ерліктерден тұратын болса, тазалығы тау суындай тұнық келеді. Сондықтан да сезім қылын шертіп, ғашықтық ғазалдары деп түн жастанып өр сезімін өлеңге қосқан шайырларымыз жетерлік. Заманымыздың заңғар ақыны Мұхтар Шаханов «Ғашықтықпен өткен күндер ғана өмір, ал қалғаны жай күндер», – деп жырлауы тегін емес.
Сол шайырлардың арасындағы шоқтығы биік Тұманбай «Сенің көзің қара да емес, көкте емес» десе, ақын Ақберен Елгезек «сенің көзің пейіштегі гүл сынды», – деп аруын аспаннан түскен періштеге балайды. Ойды қозғап, қиялды қытықтайтын ғажайып жолдардың бәрі әсері бөлек махаббатқа деген құрметтен болар. Ал ертегідей болып бізге жеткен бір ғана «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жыры қазақтың мөлдір махаббатын, сезімге деген адалдығын, сол жолда жан қиюға бар екендігіне дәлел. Ол кемеңгер жұрттың арын аттамайтын, ақиқаттан қиыс кетепейтін сертке беріктігінде. Сондай-ақ, сезім атаулыны бәрінен биік қойғандығында.
Ал бүгінгі жастардың махаббатына алдыңғы толқынның көңілі толмайтындығы белгілі жайт. Неге оларды қатарластарымыздың жұп құрып жарасып жүруі алаңдатады? Өйткені, кейбір жастар махаббатқа жеңіл қарап, жар таңдауға асығыстық танытатындай. Тіпті, бірі- бірін көрместен әлеуметтік желі арқылы танысып, табысып жататындар да баршылық. Соның салдарынан шаңырақ көтерместен ажырасуды қалап яки қыздың арын аяқ асты етіп кететіндердің саны артуда. Бұл жүрісінде қара нардай салмағы бар қайсар қазақтың ұрпағына тән қылық емес.
«Болашақ жарын интернеттегі авасына қарап емес, үйдегі анасына қарап таңдап, сезімін смайликпен емес, шынайылықпен жеткізіп, отбасын ватсаппен емес, өмірлік мақсатпен құрған ата-бабаңды сағынасың кейде», – депті айтыскер ақын Мұхтар Ниязов. Жаны бар сөз. Сүйіктісінің сырын алып, сымбатына тойып, ақылы асқан жан болса ғана жар ететін аталарымыздың жолын қуғандардың саны сирек. Ал өр мінезді, ердің қасиеті бар, салмақты да байыпты адам болса жұп құруға келісім беретін әжелерімізден өнеге алған нәзікжандыларымыз саусақпен санарлықтай. Сондықтан да, «жеңгетайы – желі» болып тұрған бүгінгі күнгі өзекті мәселенің бірі сезімге келіп тіреледі. Табыспай жатып тарқасудың мәнін түсінбей дал болған алдыңғы толқынның жүрегі сыздап, жастарға аянышпен қарайтындай.
«Отан – отбасынан басталады», – деуші еді шешен халқымыз. Әрбір шаңырақ көтерген жас отбасының Отанға қосар үлесі жетерлік. Ал уығын шаншып болмай жатып шаңырағын шайқалтып алған жандардың күйі ел абыройына нұқсан келтіретіндей. Ардың алдында тұрғанда дардың алдында тұрғандай күй кешетін даналарымыздың елдің данқын әлемге аспандатқаны белгілі. Соларға қарап бой түзесек әсте адаспаспыз. Алайда, отбасын сақтай алмауға байланысты Отан анаға кір келтіріп жатқан жастарымыз тағы бар. «Борат» сынды қазақтың абыройын аяққа таптайтын кино түсірілгенде де ел ағалары намыстан нарттай болып, найза тілін безеп жауап берді. Жастар жағы көмбістікке салынып, үн қатқандарының қатары санаулы ғана болғандығы да ақиқат. Міне, осының бәрі айналып келгенде тамырында қасиетті қаны бар қазақтың қаракөздерінің баба жолына көз салмай жүргендігінен.
Махаббат – парасаттылыққа бастайтын жол. Адам өмірін нұрландырып, бақытқа бөлер шынайы сезім. Қалқаман – Мамыр, Қыз Жібек пен Төлеген, Естай мен Қорланның шынай сезімін аңсайтын күйге жеттік. Естайдай 51 жыл арман ету түгілі, езу тартқанға есі кетіп елпілдейтін болдық. Қорландай әні мен жырына ғашық болып, ішкі сезімін жарты ғасыр ішіне бүгу тұрмақ, сөз салғанның соңынан еруге бар қарындастарымыздың қатары біршамаға ұлғайды. Бұл әдебиет пен мәдениетімізге, салт-дәстүрімізге дендей алмаудың салдары болар деп те ойлаймыз. Егер, қызымыз Жібектей, ұлымыз Төлегендей болуды арман етсе, қазақы махаббаттың қалыбы бұзылмас еді-ау!