• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 14 Мамыр, 2020

Орал мешітіне «шабуыл»

685 рет
көрсетілді

Орал қаласы тарихи ғимараттарымен әйгілі. Солардың бірі – 1897 жылы салынған көне мешіт ғимараты. Оның негізгі демеушісі Мұртаза Абдуллин деген бай болыпты. 1930 жылы мемлекет меншігіне өткен мешіттің мұнарасы қиратылып, әр жылдары байланыс бөлімшесі, әскери трибунал, қуғын-сүргінге ұшыраған ауыл тұрғындарын жинап, жер аударуға жіберетін пунктке айналған.

Белгілі ғалым Әбсаттар қажы Дербі­сәлі «Қазақстанның мешіттері мен ме­дреселері» кітабында Оралдағы көне ме­шіт ғимараты 1944 жылы халыққа қай­тарылып, қайтадан діни құлшылық орнына айналғанын жазады.

Дінсіз қоғам құрып, атеистік наси­хатты өршіткен Кеңес өкіметі жылдары дін қызметкерлерінің де, мешіт ғимараттарының да басына талай бұлт үйіріліпті. Батыс Қазақстан облыстық газеттерінің 1962 жылғы тігіндісін ақ­тарып отырып, «мешітке шабуыл» операциясына куә болдық.

 * * *

Әуелі облыстық «Октябрь туы» газетінің 25 наурыздағы санында «Құран – дін құралы, дін – кімнің құралы?» деген тақырыппен бір мақала жарияланған. Мұнда Фурманов (қазіргі Жалпақтал ауылы) селосында тұратын бұрынғы молда Сырымғали Айтуғанов былай деп жазады:

«Мен ескі дүниеде туып, сол қараң­ғылық өмірдің тәрбиесін алған адаммын. Жасым жетпіске келді. Азды-көпті діни оқуым да бар. Қазақ ауылын, қазақ даласын қапырық пен мешеулік басқан сонау дәуірде молдалардың атқосшысы, қолбаласы болып, олардың сарқытын да іштім, айтқандарын да бұлжытпай орындадым. Оларға еліктеп молдалық та құрдым. ...Қазірет-молдалар дін арқы­лы қараңғылықтағы адамдарды тұн­шықтырып, оларды билеушілердің аяғының астына салды. ...Міне, енді біз өмір сүріп отырған кеңестік дәуірде дін елкезбе дүмше молдалардың, алдауыш бақсы-балгерлердің құралы болып қана қалды... Менің діннен үзілді-кесілді қол үзуімнің себебі, қазіргі өмір шындығында».

Әрине, мақаланың ең басты түйіні мынау болатын: «Діннің әртүрлі салты бар – намаз оқу, ораза ұстау, баланы сүндетке отырғызу, пітір, зекет беру, тағысын тағылар. Кәрі адамдар дінге сенгенде осындай діни салттарды да ұстайды. Мұның өзі жасөспірімдерге өте зиянды. Жаман әдеттің жұқпалы келетіндігі түсінікті. Санасы әлі қалып­тасып болмаған балалар үшін бұл жат нәрсе. Жастарды ескі салттан, қолайсыз көріністен аулақ ұстау керек».

 * * *

Жоғарыдағы мақала жалпы дінге, діни дәстүр мен қағидаларға бағытталған әңгіме болса, «Октябрь туы» газетінің 13 мамырдағы санында оралдық мұсыл­мандардың сол кездегі жалғыз меншігі, соңғы қамалы – мешітке соққы берген. Мақала «Мешіт үйі – халық меншігі, ол халық пайдасына берілуі тиіс» деп аталыпты.

«Мешіт халық қаржысымен салынған үй болғандықтан халық меншігі болып есептеледі. Сондықтан оны қан­дай орынға пайдалану керектігін де халықтың өзі шеше алады. Осы тұрғыдан алып, Орал қаласындағы мешіттің қазір­гі пайдаланылуы туралы мәселені шешу үшін жұртшылық талқысына салуды және оны көпшіліктің пайдасына – балалар мекемелерінің пайдалануына беруді ұсынғымыз келеді. Оған мынадай бірнеше дәлелді себептеріміз де бар:

Біріншіден, халықтың көпшілігі түгел­дей мешіттен әлдеқашан қол үзді. Өйт­кені халықтың сана-сезімі өлшеусіз өсті, діннің надандық пен қараңғылықтың құралы екендігіне көздері әбден жетті, оған ешбір сенбейтін болды. Тіпті дінге нанушылардың ішінен де мешітке барып құдайға құлшылық ететін адамдар өте сирек кездеседі. Мәселен, аптасына бір рет оқылатын жұма намазының өзіне 5-10 адам ғана жиналады. Олардың да көпшілігі мешітті бетке ұстап, пітір, са­дақа сияқтыларға ақша жинаудан оңай олжа тауып құныққан дүмше молдалар, сопысымақтар. Ал былайғы күндері мешіт қаңырап бос тұрады.

Екіншіден, мешітке көп жылдан бері күрделі түгіл жеңіл де жөндеу жүргі­зілмеген. Оның есік-терезелері тозған, сылақ-штукатуркалары түсіп қал­ған. Ме­шіттен түскен қаржыны молдалар тек өз құлқындарына ғана жұмсап, оны жөн­детпестен аздырып-тоздырып үлкен иесіз­дікке ұшыратқан. Егер осылайша тұра берсе, көп қаржы жұмсалған халық мен­шігі жылдан-жылға бүлініп, істен шығатыны сөзсіз.

Үшіншіден, мешітте тазалық сақтау деген атымен жоқ. Көп жылдан бері оның іші ақталынбаған. Қабырғалары шаң-тозаң басқан, сондай лас, едендері өте кір. Жайнамаз ретінде еденге төселінген кілем шаң-тозаңға батып, түрлі микроб­тың ұясына айналған. Қысқаша айтқанда, тазалық әрі санитарлық жағынан алғанда ме­шітті пайдалануға түгелдей тиым салу­ға болады. Мұндай халде мешітке адам жинаудың өзін үлкен қылмыс деп санаймыз.

Төртіншіден, мешіт төңірегіне жиналған оншақты дүмше молда мен сопысымақтар оны оңай олжа табатын, арамтамақтықпен шұғылданатын орынға айналдырып келеді. Олардың ішіндегі бас молда Зейнолла Үмбетов – арабша шала сауатты, құранның тек қарасын жүргізіп оқитын ғана білімі бар адам. Ол дінге сенетін адамдарды алдап, молда атын иемденіп жүр. Діншілдердің бар сүйенетін діни кітабы құран болса, араб тіліндегі құран сөздерінің мағынасына түсінбейтіндігін бас молда Зейнолланың өзі де мойындайды. Алайда Үмбетов өзінің осындай надан адам екендігіне қарамастан ұялмай молдалық қылып жүр. Ол «еңбекақы» деп мешітке түскен қаржыдан айына 60 сом ақша алады. Әрине бұл оның көрсетіп алатыны ғана. Ал молданың көрсетпей қымқыратын табысы бұдан бірнеше есе көп. Өлген адамға жаназа оқу, дәуір ұстау, діни мейрамдарда және басқа уақыттарды пітір, садақа алу, құрмандық терісін жинау, неке қию тағы басқа осындайлардан бас молданың қалтасына түсетін табыстың көлемі де, түрлері де көп.

Мешіттің атағын жамылып, Үмбетов­пен бірге молдалық құратын және сол арқылы оңай табыс тауып құныққан адамның бірі – Темірғалиев Мұса. Ол Үмбетовтің туған құдасы, мешіттің мүшесі. 1960-1961 жылдары мешіттің ка­ссирі әрі тексеру комиссиясы болып, ол мешіттен түскен ақшаны бас молдамен бірге пайдаланды.

Мешіттің бас молдасы Үмбетовтің жемтіктес оң қолы жалғыз бұл емес. Өз құлқындары үшін мешітке «қызмет» еткен болып жүретін басқа да дүмше молдалар бар. Олар: Ділмағанбетов Мүти – мешіттің есепші-кассирі, Құр­манов Ғалла – бұрынғы саудагер, ме­шіт­тің қазіргі садақа жинаушысы, Жа­паров Хамза – мешіттің тексеру комис­сиясының бастығы, Исқақов Абдолла – мешіттің есепшісі, Уахитов Қабир – өлген адамның басына қоятын құлпытас жасаушы, Шарафутдинов Сұлтан – ме­шіттің мүшесі және басқалар. Бұлардың бәрі де молдалық құрады. Олар қайтыс болған адамдарға жаназа оқып, құран шығады, пітір, садақа алады, мешіт пайдасына деп қосымша ақша жинайды. Ал жинаған ақшаны өз құлқындарына пайдаланады. Сөйтіп, Үмбетов Зейнолла бас­таған бір топ дүмше молдалар мешіт­ті өз пайдалары үшін оңай табыс табатын орынға айналдырып отыр. Бұдан былай мұндай жағдайға ешбір келісуге де, төзуге де болмайды.

Міне, осы жоғарыда келтірілген фак­тілерге байланысты Орал қаласын­дағы мешіттің қазіргі пайдаланылуын өте орын­сыз деп есептейміз және мешітті бұ­дан былай пайдалану мәселесін жұрт­шылық талқысына салып шешу керек деп санаймыз. Біздің ұсынысымыз мынадай: Мешіт үйі халық қаржысымен салынған, халық меншігі. Сондықтан да оны балалар мекемелерінің пайдалануына беру жөн болған болар еді. Міне, осы жағдайда ғана халық меншігі өзінің дұрыс орнына пайдаланылатын болады».

Мақалаға Қазақ ССР-інің мектепте­ріне еңбек сіңірген мұғалім, дербес зей­неткер Ғ.Молдашев, Орал педаго­гикалық институтының аға оқытушысы С.Өтешев, дербес зейнеткерлер Т.Нұ­рым­­баев пен Ғ.Махамбетов, зейнеткер М.Үм­бетов қол қойған.

Облыстың әр аймағынан елге белгілі адамдардың басын қосып, тақырыпты барынша зерттеп жазған «әшкерелеуші» мақала жоғарыдан ұйымдастырылғандай әсер қалдырады.

 * * *

Әрине, бұдан кейін газет беті «орынды ұсынысты қолдаған оқырман хаттарына» толып кеткен. Аталған газеттің 26 мамырдағы санында «Мешіт туралы мақаланы талқылаймыз» деген айдармен Орал облысының әр түкпірінен мақаланы қолдаған, «дүмше молдаларды әшкерелеген» хаттар топтамасы жарқ ете қалған.

Бұл хаттардың тақырыбын оқысақ та жеткілікті. «Біз де қостаймыз» – дей­ді мектеп инспекторы Б.Барадосов. «Орын­ды ұсыныс» – дейді қала тұрғыны, дербес пенсионер Ғ.Ахметов. «Батыл күрес жүргізілсін» – деген мақаланың авторы З.Қылышев Шілік совхозында бұрынғы мешіттің орнына жиылып, айт намазын оқыған ауылдастарын, Хаби деген молданы сынайды. Өлеңті совхозы, Тайпақ ауданынан «Менің пікірім» деп хат жазған мұғалім Құрмаш Самарханов «жергілікті партия, совет ұйымдары бұқара арасында пәрменді атеистік насихат жүргізбейді» деп наразылық білдірген.

«Діншілдердің әрекеті» деген ма­қа­­лада И.Жанашев деген оқырман: «Приурал ауданының Красный Урал поселкесінде Ғабдолла деген қожа мен Оралдан келген Ділмұхамбетов деген дүмше молда 1961 жылы қазан айында 40 баланы сүндетке отырғызып, бала басына 5 сомнан ақша жинап кетті. Ақшаға құныққан олар мұны азсынып, бала басына 10 сом, 5 метр мата талап еткен. Трекин селосында да осындай оқиға болған» деп әшкерелейді.

Мешітке, дін қызметкерлеріне шабуыл орыс тілінде де жүріп жатты. «Уральск» газетінің 1962 жылғы 28 қара­шадағы санында «Нужна ли мечеть в Уральске?» деген мақала жария­ланып, онда да Оралдағы көне мешіт ғимаратының «орнымен пайдаланылмай тұрғаны» мәселе ретінде көтерілген. «Адам аз, аптасына бір мәрте жина­ла­ды, осындай үлкен ғимараттың бос тұр­ғаны жараспайды. Көктемде «Октябрь туы» газетінде мешітті жабу тура­лы мәселе көтерілген еді, бірақ жер­гілікті билік тиісті шара алмады. Қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімі құзырына алып, діндарларға шағын ғимарат беру керек» – зейнет­кер Т.Нұрымбаев, Клара Цеткина атын­дағы тігін фабрикасының бригадирі А.Есқа­лиева, №11 мектеп мұғалімдері К.Қабашева мен Ж.Исанова қол қойған хаттың мазмұны осындай.

 * * *

Бір таңғаларлығы, осындай шабуыл­ға қарамастан Орал қаласындағы кө­не мешіт мұсылман жамағатының құзы­рында қалды. Бірақ тәуелсіздік таңы ат­қанға дейін тарихи ғимараттың жағдайы мәз болмағаны шындық. Тек 1991 жылы ғана мешіттің мұнарасы халықтың кү­шімен қайта тұрғызылды. Биіктігі 38,5 метрлік мұнарадан азан даусы ашық тарай бастады.

Бір кездері «қаңырап бос тұрады» делінген мешіт ғимаратына кейін адам сыймайтын болды. Жұма намазы кезінде мешіттің іші ғана емес, ауласында ине шаншар жер болмайтын. 2005 жылы Орал қаласында 1500 адамдық жаңа ме­шіт салынды. 2006 жылы шаһардың та­ғы бір көне ғимараты қайта жаңғырды. Ірге­тасы 1871 жылы қаланған, ел аузын­да «татар мешіті» аталған ғимарат күрделі жөн­деу­ден өтіп, құлшылық орнына айналды.

 

P.S.: Тоқсаныншы жылдардағы рухани түлеуден кейін арада 30 жыл өткенде Орал мешіттері тағы да жамағатсыз қалды. Бірақ бұл солақай саясат емес, әлемді әбігерге салған пандемияның кесірі болатын. Бір замандарда оның да тарихы жазыла жатар...

 

Батыс Қазақстан облысы