Осыдан он шақты жыл бұрын облыс орталығына «Жібек жолы» каналы тартылғанда дария жағасында тұрса да аяқсудан тапшылық көріп отырған қалалықтар бір қуанып қалып еді. Бұл бастама, әсіресе қаланы көгалдандырумен айналысып жүрген табиғат жанашырларының жұмысына серпін бергендей болған. Бірақ содан бері біраз жылдың жүзі ауса да шаһардың жасыл желегі жұрт күткендей жайқалып кете қойған жоқ.
Қазір ел арасында «Осы уақытқа дейін егілген тал-дарақтың күтімі дұрыс болғанда Сырдың бойы әлдеқашан ну орманға айналар еді» деген пікір де айтылып қалады. Осы пікірдің жетегімен біз де біраз ізденіп көрдік. Мысалы, судың әр тамшысы алтынға бағаланатын Араб Әмірліктерінде абаттандыруға айрықша мән береді. Өзен тұрмақ жылап ағар жылғасы да жоқ біраз ел көркейту-көгалдандыру жағынан бізден көш ілгері кеткен. Жарайды, жырақтағыны қоя тұрайықшы, кәрі Каспийдің жағасына орын тепкен Ақтау қаласында әр дарақтың түбіне көлікпен су тасып құяды екен. Олардың жанында өзен жағасында отырып өзегі талған біздікі енді ұят тірлік тіпті.
Ауызды қу шөппен сүртуден аулақпыз. Бұл бағытта біраз шаруаның басы қайырылғанын айтпағанымыз дұрыс болмас. Осыдан 12 жыл бұрын қала сыртынан Тұңғыш Президент саябағының құрылысы басталып, Қызылордада «жасыл белдеу» қалыптастырудың алғашқы қадамы жасалды. Жыл сайын бұл саябақтың аумағы ұлғайып келеді.
Жалпы, өңірді көгалдандыруға деген бетбұрыс сонау тоқсаныншы жылдардағы «Жасыл өлке – 2000» бағдарламасынан бастау алады. Ел экономикасы тұралап қалған тұста жергілікті ауқымда абаттандыру бағдарламасын қолға алудың өзі үлкен ерлік еді. Сол бағдарлама аясында қазір үйлер салынып, жаңа ауданға айналып кеткен Арай саяжайлық алқабына сырттан әкеліп егілген біраз тал-дарақ жерсініп, жақсы бой алып кетті.
Екі мыңыншы жылдардың басында ауыл-аймақты абаттандыруға мемлекеттік деңгейде мән беріле бастады. Осы тұстағы аудан орталықтары мен ауылдарда табиғатты аялауға үндеген билбордтар науқанның қаншалықты қызу жүргізілгенін байқатса керек. Бірақ шаралар нақтыланып, әр саланың міндеті белгіленіп берілгенімен тал егілген аумаққа аяқсу жетпегендіктен бұл істен нәтиже шықпады. Барлық жұмыс көктемде арығы да, қарығы да жоқ жерге шыбық шаншып, күзде қурай жинаумен бітті.
Материалды дайындау барысында облыстық табиғи ресурстар және табиғат қорғауды пайдалану басқармасының мәліметіне көз жүгірттік. Биыл Қармақшы ауданында 31 мыңға жуық көшет егіліпті. 15 мыңнан аса шыбық шаншыған қазалылықтардың да көрсеткіші жаман емес. Шиеліліктер егілген көшет санын 14 мыңнан асырса, Жалағаш ауданы аумағына 11 400 данасы отырғызылған. Жаңақорған – 6000, Сырдария – 5000, ал Арал ауданы 1820 тал егіпті.
Сөйтіп бұл жұмысқа 544 млн теңге жұмсалып, 4553 адам, 128 техника жұмылдырылған. Осы есепке жүгінсек, биыл облыс орталығынан бөлек аудандардың өзінде 80 мыңнан астам көшет егілген болып шығады. Бұған соңғы 5-6 жылда егілген шыбық санын қоссақ, шынымен де Сыр бойының сыңсыған ну орманға айналатын кезі әлдеқашан жеткенін бағамдайсыз. Айтпақшы, мамандар дер кезінде егілген талдың 70 пайызы бой алып кететінін айтады. Осы есеппен алғанның өзінде мына отырғызылған көшет саны торғай миын қайнатар ыстықта тығыларға жер таппай қалатын біздің тақиямызға тар келмес еді-ау.
Облыс орталығындағы аяқсу жүретін көше бойлары мен аллея, саябақтарға 3 мыңға жуық көшет отырғызылып, күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде. Қосымша 5 мың түп қаламша және дайын тұр. Тұңғыш Президент саябағы, қалалық саябақ, «Сыр Ана» монументі мен орталық көшелер бойындағы 42 мың шаршы метр аумаққа гүлдер мен гүлзарлар отырғызылуда.
Жалпы биыл Қызылорда қаласындағы саябақтарға аяқсу жеткізуде жақсы бастамалар бар. Жылда қаңсып жататын Батырхан Шүкенов саябағына «Сарқырама» арнасы арқылы су жетіп тұр. «Тағзым» алаңындағы өскіндерді арнайы қазылған ұңғыма арқылы суландыру жоспарлануда. Қаланың шет аймағы саналатын Шанхай мен әл-Фараби аудандарына су жеткізу үшін «Қызылжарма» каналының арнасы тазаланды.
Осы күні қаладағы арықтардың біразының көзі бітелген. Бұл ретте әрине шаһарда алақандай жер қалдырмастан құрылыс сала берген тұрғындардың да кінәсі аз емес. Жалпы облыс орталығын көгалдандыру бағытында еріктілерден құрылған жұмысшы тобының мүшесі Ерлан Мұсаев биыл қала әкімдігімен жүйелі жұмыс істеудің арқасында орталық көшелерге су келетінін айтады.
Ешбір үгіттеусіз қаланы көркейту-көгалдандырумен айналысып жүрген еріктілердің тағы бірі – Болат Нұрхожаев. Соңғы жылдар бедерінде белсенді азамат өңір климатына төзімді жергілікті ағаш көшеттерін егіп, оған су жеткізіп, өзгелерді осы іске жұмылдырып жүр.
– Біраз жылғы тәжірибемнен түйгенім – бізге қолайлысы терек, үйеңкі мен қарағаш. Осы үшеуі жергілікті жердің климатына әбден бейімделген. Қазір көшелерде жаз бойы бір тамшы су ішпесе де тамырын тереңге жіберген қарағаштар көп. Тағы бір жергілікті тұқым – Сыр талын лайық көретіндер бар. Бірақ ол суды көп қажет етеді және морт сынғыш болып келеді. Біздің өңір үшін бұл қол емес, – дейді ол.
Бұл жерде көп мәселе тұрғындардың өзіне де байланысты. Әркім өз ауласын көгалдандыру арқылы жақсы іске бастамашы бола алады. Көшеттің де көңілден көктейтінін ұмытпасақ екен.
ҚЫЗЫЛОРДА