• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 17 Мамыр, 2020

Суреткердің соңғы сапары: Аңызы мен ақиқаты

2565 рет
көрсетілді

«Ұлылық – жалған дүниені майға шылқыған жалпақ табанымен жалпағынан басу емес, артыңа өшпес із қалдырып, арғымаққа мінгендей асығыс зулап өте шығу. Яғни өз өміріңізді оқыс әрі әдемі аяқтау» Оралхан Бөкей.

ПОРТРЕТ

Оралхан десе, бізге оқшау өмір елестейді. Иә, тек елестейді... Себебі, біздің буынға Оралхандай оғланның дара болмысын, Алтайдың өзіндей асқақ мінезін, Мұзтаудай маңғаз, кербұғыдай кербез бітімін көзімізбен көру бақыты бұйырмаған. Үлгермедік...

Жүсіпбек Қорғасбек, жазушы: – Жақты, сүйекті, тұмсықты, тұрпатты, бірақ ашаң. Мұрнының үсті қыр дөңес, бірақ еті жұқа, бет терісі талыс, бірақ құбалау, саусақтары салалы, бірақ жіңішкелеу, сүйріктеу. Нұрлы көздері үлкен де болса қиықтау, маңдайлы. Орта бойлыдан бір бас биік. Египеттіктер, ежелгі мысырлықтарға ұқсамайды. Ол кісі нағыз алтайлық. Ежелгі қорымнан қазып алып, қайта сомдағандай, антрополог сәл жетілдіргендей...

БОЛЖАУ

1993 жылдың сол бір көктемі... Мамыр айының мамыражай күндерінің бірінде  қазақстандық делегация Үндістанға аттанып кетті. Бір топ қаламгер талай суреткердің арманы болған Тәж-Махал табалдырығына табан тигізіп еді... Бұл - мамыр айының 15 жұлдызы, сағат таңертеңгі 11-12-лердің кезі, күн сенбі болатын.

Алпысбай ШЫМЫРБАЙ, жазушы: – Махаббаттың мәңгілік ақ күмбезі – ұлы Тәж-Махалды көріп аса таң қалып, «Бұл өзі бүкіл түркі ұрпағының келіп тағзым ететін қасиетті орны екен» деген тебіренісі әлі есімде. Сонда өзін «Мен Бабырдың ұрпағымын!» –  деп таныстырып, көкірегіне ерекше бір күй толып еді...

Жазушының Тәж-Махалды көріп ерекше әсерленгені соншалық, бұл күйден ұзақ уақыт бойына арыла алмай жүрген көрінеді. Қасиет деп қастер тұтқаны ғой, мұнараға кірместен бұрын, Ор-ағаң Тәж-Махалдың сыртында тұрып саңқылдап Құран оқиды. Қашан көрсе де кербұғыдай кербез, паң жүретін қаламгердің бұрын мұндай қылығын көрмеген достары таңырқай қарағаны рас. Кейін білді, бұл – суреткердің сұлу жанының ұлылыққа, киелі мекенге ғана емес, шексіз Жаратылыстың, құдіреті күшті Жаратқанның  алдынадағы соңғы рет бас июі, мойынсұнуы болыпты. 

Әріптестері Ор-ағаңның Тәж-Махалдан қайтқанда көлік ішінде ән салып, ерекше көңіл күймен сондай шаттанып қайтқанын айтады. Әсіресе, Делиге оралып,  «Тәж-Махал» қонақ үйіне келгендегі жеделсатының ішінде орнатылған Бабырдың мүсінінің қасына иықтасып тұрып алып: «Қалай, ұқсаймын ба?» - деп, өзін Бабыр бабасына қатты ұқсатқаны да бар екен. Сондай бір шаттаныс үстінде:  «Мен қайта оралған Бабырмын»  десе, енді бірде: «Менімен әңгімелесіп қалыңдар, ертең менің әңгімемді іздейтін боласыңдар» депті Ор-ағаң.  Сезімтал жүректің Жер бетінде жасар санаулы ғана сәтінің қалғанын сезінгендігі шығар, сапарлас болған әріптестеріне  әзілмен болса да сан сырды сездіріп кетіпті. 

 Нұртөре Жүсіп, журналист:  – Аграда сәл аялдаған тұс болды. Мәшинеге отыра бергенде ойда жоқ әңгімені қозғады: «Мен туралы ертең естелік жазасыңдар ғой, қазір «мен бар, Мұхаң бар» деп жазып жатыр ғой... – деп аяғын әзілге бұрып жіберді. Сол сәтте мән бергенім жоқ бұл сөзге. Жексенбіде Делиге жетіп, түнде «жақсы» десіп, ертесіне ұйқысынан оянбай қалған Ор-ағаңды көргенде... Бәрі де көрген түстей болды ғой...

Жалпы діни тұрғыдан да, мистикалық тұрғыдан да адам өзінің өлімін сезіп, сонысын айтар сөзімен, істер қимылымен айналасына алдын-ала  сездіріп кетеді дейді. Ор-ағаңның өмірінде де ондай сәттер көп болған. Тіпті, көзінің тірісінде-ақ, өзінің өлімін, қалай жерлеу жайын тапсырып кеткен көрінеді.  

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК ,жазушы:   – Бір сөзі ойымда ерекше қалыпты. Бүгінге дейін түсінбеймін, көкейімнен, көңілімнен кетпейді: «Мен өлсем, мені жармай-ақ, тәпіштеп тексермей-ақ, іш-құрылысымда не бар, не жоқ демей-ақ,  қара жердің қойнына таза қалпымда, тәнімді бүлдірмей берсе жақсы болар еді...»  деген сөзді бірнеше рет айтып қалды. Оның не үшін айтылғанын мен әлі түсінбей келемін, бірақ,  көңілімде жүр...

 ҚАЗА

«Сол сапардың алдында оны Түркияға баратын делегацияның басшысы етіп сайлағанда: «Жоқ, мен Үндістанға барып келейін» деп болмап еді...».  Күпті көңілмен күрсіне дем алып, Орағаңның Үндістанға аттанар сәтін көз алдынан өткізген замандасы, тұстасы – ақын Жүрсін Ерманның осы бір сөзін Алпысбай Шымырбай өз естелігінде: «Жолға шығардан бір күн бұрын ақпарат министрлігіндегі сапар алдындағы әңгімеге жұмысы аса қауырт болды ма екен, Ор-ағаң келе алмай, ертесіне түс әлетіне әуежайға өзінің әбден жолсоқты болған қара қайысты көне сөмкесін көтеріп келген-ді (дариға-ай, онда кім білген, осы көнбіс, көнетоз қара сөмкенің егесіз, иесіз қайтатынын?!.)... «Таңертеңнен осы жолға үйден бірден дайындалып шығып едім» дегені де есімізде... Ойпырым-ай, аттың жалы, түйенің қомында, сапырылыста қайта үйге бас сұғып, балаларын да құшырлана қайта сүйіп, иіскеп шығуға мұршасы болмағаны-ау... Жай ұйқыдан мәңгілікке көз жұмған Ор-ағаңның сол сапардан көнетоз, көнетоз болса да, мың-сан бағалы су жаңа сөмкеге тең тұрмайтын жол сөмкесін Төлегеннің ақ боз атындай бос алып қайтамыз деп ойлап па едік?!» – деп есіне алды.

10 мамыр, 1993 жыл.

Ғалия Бөкейқызы, қаламгердің қарындасы:

– Жолсапарға кетерінде үнемі үйден аттанатын. Бірақ, неге екенін білмеймін, осы соңғы Үнді еліне баратын сапарында үйден емес, жұмыстан кетті. Маған телефон соғып, «Мен келгенше балаларға сүт апарып беріп тұр, мен қазір кетемін» деді. «Үйге бармайсың ба, жұмыста неге отырсың?» деп едім, «Жұмыс көп, уақытым жетіспегендіктен жолға жиналып бір-ақ келгем. Бір нәрсемді ұмытып кетіппін, қайта қайырылмаймын үйге, сау бол, ұзақ болмаймын, тез ораламын» деп тұтқаны қоя салды. Одан кейін бізге ешқашан қоңырау соқпады... Ал өзі сүт тасып әкеп беретін қос құлыны бүгінде ер жетіп, ат жалын ұстап, ұрпақ өрбітіп, ата-анасына қамқор болатын жасқа жетіп отыр. Бірақ, амал қанша, Алла ағамды ол күнді көруге жеткізбеді...

Ардақ Бөкеева, жазушының жары:

– Үндістанға аяқ астынан жиналды ғой. Алдында Түркияға бармақшы болып дайындалып жүрген. Түркияға барып келген соң, қызымыз Айжанды Германияға емдетуге апармақ болатын. Сол кезде Айжанның бүйрегі қатты ауырып, бар уайымымыз «қалай емдетеміз, қалай аман алып қаламыз» деген ойдың төңірегінде еді. Құдайдан күндіз-түні сауығып кетуін тілейтін. «Мені алсаң ал, Айжанымды аман қалдыра гөр» деп Құдайға жалбарынғанын естігенде, ет жүрегім езілетін. Дәрігерлер Германиядағы бүйрек ауруын емдейтін үлкен орталыққа апаратын болсақ қана үміт барын қадап айта берді. Сондықтан да Оралханның ойы қалайда Айжанды сол орталыққа апарып емдеуге мүлдем ауып қалған болатын. Бірақ, аяқ астынан 10 мамыр күні Үндістанға ұшатын болды. Екеуміз теңертеңгісін үйде қоштастық. Оралхан бетімнен сүйді. Балаларын біраз еміренді. Мен әзілдеп: «Байқа, индиянкалармен махаббат құрып кетпе» дедім. Ол да жайраңдай күліп: «Сен де байқа, мен жоқта қыдырушы болма» деді. Сөйтіп, әдетімізше әзілдей қоштасып, папамызды алыс жолға шығарып салдық. Арада екі-үш минут өтер-өтпестен есік қоңырауы шылдыр ете қалды. Есікті ашсам Оралханым тұр. «Үнді мұхитына суға түскенде киетін киімімді алмаппын ғой» дейді. Мен ренжіп: «Кірме, кірме, қазір әкеліп беремін, соған бола несіне оралдың?» деп жүгіріп кеттім. Менің түсінігімде – ұзақ жолға бара жатқанда үйге екінші рет қайтып келу жаман ырым. Орыстар: «Қайтып келме, жолың болмайды» дейді. Бірақ, мұны ешқандай да жамандыққа жорыған жоқпын. Оралхан шығып кеткен соң, терезенің алдына бардым. Машинаның рөлінде Махамбет отыр. Оралхан артқы орындыққа барып жайғасты. Бізбен қолын бұлғап қоштасты... Мәңгілікке қоштасып тұрғанымызды тіпті сезбеппіз де...

 КӨҢІЛ

Жазушының сапар барысындағы көңіл-күйін үнді еліне бірге барған әріптес інісі Нұртөре Жүсіп былай еске алады:

– Үнді елінде Орағаң керемет бір әсерде жүрді. Ресми жиындарда тәуелсіздігін енді ғана алған еліміз жайлы әңгімелеп, жұрт алдында елдік мәселелерді көтерді. Үнділер мен қазақ халқының бір-бірімен табиғи ұқсастығын сөз етіп, оларға қазақтың сазсырнайын тарту еткені де есімде. Кешке театрға, әртүрлі кештерге барып тұрдық. Сонда бір қойылымның музыкасынан әсер алғаны соншалық, Орағаң диктофонына әлгі әуенді жазып алды. «Желтоқсан оқиғасы жайлы халықтың рухын көтеретін бір пьеса жазсам ба деп жүрмін. Мына музыка керемет екен» деп балаша қуанған еді. 1993 жыл нарық қысып, қазақ ауылдарының жағдайы нашарлап жатқан кез болатын. Сол сапарда Ор-ағаң: «Осыдан қазақ ауылдарының жағдайын елге барған соң премьер-министр Сергей Терещенкоға арнайы барып жеткізем. Үкіметтің ауыл халқына мойын бұруына бағытталған нақты ұсыныстарды түртіп қойдым», –  деген. Сол кездегі қазақ үкіметінің іс-әрекеті жайында да көптеген батыл-батыл ойлар айтты. Ұлттық, елдік, мемлекеттік мәселелерге көбірек тоқталып жүрді. Сонымен қатар сапар барысында фотоаппаратымен есте қаларлық жерлерді суретке тартып жүрді. Тағы бірде «Қап, көшеде бұралып жатқан адамды түсіре алмадым-ау» деп қоятын. Қолы қалт еткен сайын әңгіме шертті. Еркін Қыдыр екеумізге өз өмірінен көп нәрсе айтты. Жазған дүниелері туралы, кейбір әңгімелері жайлы егжей-тегжейлі сөз қозғап, көп ашылды. Біз Ор-ағаңды осынша ашылады ғой деп күтпеген едік. Әр әңгімесін қызығып, құмартып тыңдай бердік. «Бұнысы не екен?» дегеніміз жоқ. Үнділердің тағамдары қышқылдау, ащылау екен. Орағаң тамақтан тартынып жүрді. Сол күні кеште бір қоғамдық қордың қабылдауында болдық. Қазақ-үнді байланыстарын дамыту туралы айтып, сол кеште жақсы сөйледі. Кездесуден кештеу –  түнгі он екіден кейін оралдық. Күнде кешкілік бәріміз бас қосып, әңгіме айтатынбыз. Бірақ, бұл жолы уақыттың кеш болып кетуі салдарынан, бәріміз келе сала Тәж-Махал қонақүйінің 11-қабатындағы бөлмелерімізге тарқастық. Орағаңмен ақтық рет осылай қоштасыппыз.

...Бұл – 1993 жылдың 16 мамыры болатын. Күн – жексенбі. Суреткердің соңғы түні...

 ЕРТЕҢІНДЕ...

мамыр. Таңертең. Апта күні дүйсенбі. Сағат: 9:00.

– Күндегі әдетімізше сағат тоғызда таңғы асқа жиналдық. Күнде ерте тұрып алып, бізді дәмханада күтіп отыратын Орағаңды бұл жолы көре алмадық. «Апыр-ай, ұйықтап қалды ма екен? – деп, нөміріне телефон соқсақ, тұтқаны көтермеді. Барып өзі тұрақтаған 1111- бөлменің есігін қақтық, ашпады. Содан бәріміз алаңдап, қонақ үй қызметкерлерін шақырып, есікті ашқанымызда, Орағаң жүріп кеткен екен, - деп жалғады әңгімесін журналист ағамыз.

Бұл кезде сағат тілі 09 сағат 45 минутты соққан болатын.

Бірақ, жүзінде қиналыс жоқ, ұйықтап жатқандай балбырап, риза кейіпте жатты деп суреттейді Ор-ағаңның жансыз бейнесін көрген сапарластары. Сабырлы күйде жүріп кете барыпты. Айналасының бәрі тап-тұйнақтай жинаулы, тек үстелінің үстінде жартылай тартылған темекінің тұқылы қалыпты. Арада біршама уақыт өткенде дәрігерлер келіп, «общирный инфаркт» деп диагноз қояды да, мүрдесін Дели қаласының мәйітханасына алып кетеді.  

...Суыт хабарды естіген 17мамырдың кешінде жолбасшыларынан қапыда мәңгілікке көз жазып қалған қазақстандық делегация мүшелері Ор-ағаңның ақтық демі үзілген  сол «Тәж-Махал» қонақүйінің  12 қабатындағы мейманханасында отырып, алып шаһарға биіктен көз салып, үздіксіз төпелеп тұрған жауынмен бірге егіліп отырды. 

Табиғаттың бұл да бір тылсымы шығар, тек жаз айында ғана жауатын ақ жаңбыр, сол жылы мамырда үздіксіз жауады. Қазақтың қайғысына ортақтасып, табиғат та талантын жоқтап ұзақ  жылады. Бірақ, Ор-ағаң оралмады, 12-қабаттағы өзі үнемі отырып тамақтанатын, әзіл айтып айналасын күкіге көметін мейрамханадағы сол аз ғана уақытта көз үйреніп үлгерген  орны ойсырап  бос тұрды...

ІЗДЕУ

...Оралхан десе, бізге оқшау өлім елестейді. Қыранша қалықтап, зеңгір көкпен таласып, бұлтқа найзадай шаншылған, шыңын қасат қар ақсіреу кіреукесімен қасаттап тастаған Мұзтауының шыңында кербұғыдай кербез қалпында өз биігінен титтей де төмендемеген нағыз қыранның өр өлімі...

Әдетте, адам қасыңда, күнде көз алдыңда жүргендіктен бе, бір-бірінің қадірін, бағасын түсіне бермейді. Ертең көзден ғайып болып, жаныңнан мәңгілікке жырақтаған кезде әрбір сөзіне мән беріп, ой төркінін түсініп, «аһ» ұрады. Бұл – жер басып жүрген әр пенденің ежелден келе жатқан әдеті. Әйтпесе, «Жігіттер, осы біз шал болмайтын шығармыз...» деп құрдастары, дос-жарандары арасында қалжыңдап айта салар әзілі қаламгер өмірінде айна-қатесіз қайталанар деп кім ойлаған? Әлде, Алла тағала аузына әдейі салды ма екен? Бірақ, дәл сол кезде ол сөздің парқына ешкім бармады. Себебі, көз алдыларында жайраңдап, жалындап жүрген азаматтың айдың, күннің аманында сапарынан оралмай қалады деп ешкім де ойламады. Ондай ойға дара дарынын қимады да. Кейін... Кейін бәрі де өткен шақтың үлесіне тиген кезде, адамдар айтқан әр сөзінен мән іздеп, соңғы кездесу, тілдесулерін есіне жиі алып жатады. «Соңғы» деген сөздің құдіретін де, сұрқиялығын да дәл сол кезде ұғынады. Осы жерде Оралхан Бөкейдің белгілі жазушы Шерхан Мұртазаның 60 жылдық мерейтойында айтқан: « ...Мен кейде туған айымыз бен күніміздің де (28 қыркүйек) дәл келуін ырымдап, жақсылықтың нышанына балаймын. Міне, Сіз 60 деген асуға шықтыңыз, төменге қараңызшы, Аға, мен көрінем бе екен?..» –  деген ойы оралады сағыныш тұнған санамызға. Ол – 1992 жылдың күзі болатын. Бірақ бұл кезде де ешбір жан суреткердің өмірінің соңғы күзімен қимай қоштасып тұрғанын сезбеген еді... Кейін Оралхан ағамыз оралмас сапарға аттанғаннан кейін осы бір сұрапыл сөзін ой елегінен өткізіп, есіне алған Шерхан Мұртаза: «Соңғы сөйлем... Сұрапыл сұмдық сұрақ. Төменге қараймын, енді Оралхан көрінбейді. «Шолпандай таң алдында туып-батты» –  деп, өмірде қиянатқа қимаған тілеулес інісін ажалдың аждаһа аранына қия алмай, өзегін өкініш кернеп, егіле отырып есіне алған еді. Мұндай өкініш – Оралханының енді қайтып оралмайтынын сезбей қалған туған-туыс, дос-жаран, әріптестер көкірегінде де мұң болып кептеліп қалып еді сол көктемде...

 ОРАЛУ

Үндістаннан қаламгердің табытқа салынған мүрдесін жеткізген ұшақ 19 мамыр күні сағат таңғы 05: 00-де Алматы әуежайына келіп қонады.  

Жазушылар Одағы аталатын қасиетті қара шаңырақты қайыстырып кеткен қаламгердің қазасы мен жер қойнына тапсырылғанға дейінгі барлық жайттың басы-қасында жүріп, куәсі болған сатирик ақын, «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары Еркін Жаппасұлының айтуынша,  Одақ елшіліктің адамдарына  бұл орны толмас қазаның  мемлекеттік деңгейде шешілуі қажет екендігін айтып, телефонмен тікелей сол кездегі Орталық комитетке қоңырау соғып, елшілілік арқылы Мәскеуге, Мәскеу арқылы Үндістанға хабар жіберіледі. Үндістандағылар бұл жақтағы елшілікпен байланысып, арнайы штаб құрылады. Штабтың төрағасы болып сол кезеңде министрдің орынбасары болған Әлібек Асқаров сайланады.  «Қазақ әдебиеті» газетінің ұжымы әуежайдан хабар келгенше күні-түні кезекшілікте болады.  Сөйтіп, 1993 жылдың 19 мамырында таң атар-атпастан Атамекеніне жеткізілген жазушының жансыз денесін Қалдарбек Найманбаев, Әбдіжәмил Нұрпейісов, Еркін Жаппасұлы ағаларымыз бастаған үлкен топ әуежайдан егіле жүріп қарсы алады.  

Арада екі күн өткенде, 21 мамырдың таңында халқы сүйікті қаламгерімен Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының ғимаратында қоштасу рәсімін жасап, ақтық сапарға қимай шығарып салады. Үндістанда үзілген есіл ғұмыр сан құпиясы ашылмастан,  жұмбақ күйінде  Атамекеніне жеткізіліп, қасиетті жұмада жер қойнына тапсырылады.

САҒЫНЫШ

Қандай сыр болса да қаламгердің өзінің ішінде, құпиясы ашылмай арғы дүниеге бірге кетті. «Теңіз терең емес, адамның жаны терең» дейді Мағжан ақын. Ол құпияны қанша ашуға талпынғанымызбен, бәрібір тұңғиығынан өтіп, түбіне жете алмаймыз. Ол мүмкін де емес. Бір анығы  – жазушы  жүрегін, жан дүниесін сарқылмас  ұлы сағыныштың дендегені. Алайда, сол сағынышы да жүрек түкпірінде, ешбір жанға жария етілмей өзі үнемі айтатын жалғыздығына серік болып, жер қойнына құпия күйінде еніп тыныпты. Өмірінен қайтарынан біраз бұрын  Жүсіпбек ағамыздың ауылына жазушының анасына сәлем бере барғанда, ақ жаулықты бәйбішені құшақтап тұрып, көкірегін бір ерекеше толқыныс билеп: «Ауылды сағындым» деп  көзіне жас алғаны бар екен. «Сонда мен Оралхан Бөкейдің әлденені сағынып жүргенін байқадым. Кеудесі тола арман сияқты, кеудесі тола сағыныш сияқты көрінетін маған.  Осы кезде, одан кейін де Орағаңның жан дүниесін бір сарқылмас сағыныштың кернеп алып, жанына маза бермей жүргені, өзі ашып айтпаса да, мұң толы жанары мен тұңғиық ойдың шыңырауына сүңгіп кетіп, содан шыға алмай терең дем алар күрсінісінен айқын сезілер еді. Әп сәтте қуанып отырып, әп сәтте мұңая салатын. Бірақ, сол сағынышы жұмбақ күйінде өзімен бірге кетті...» –  дейді Жүсіпбек Қорғасбек.

 МАХАББАТ

Иә, ол сағыныш соңғы жазып кеткен туындысы – «Атау-кередегі» кейіпкерлер Тағанның да, Нүрке кемпірдің де, Айнаның да, тіпті, Қатын өзенінің арғы бетінен көрінер қызыл желекті бойжеткенге деген іңкәрлігімен Еріктің де  көкірегін кернеп еді. Бірақ, шығармадағы жанды бір сәтке де байыз таптырмас сағыныш,  әсте, повесть кейіпкерлерінің емес, солардың көңіл-күйімен берілген Ор-ағаңның өз сағынышы еді... Ерікті өзеннің арғы бетіне шақырып, соңында алып тынған желекті бойжеткеннің елесі, Айман болып қаламгерді де енді жұптары ешқашан жазылмас, аралары ажырамас жұмақтың төріне шақырған шығар. Өмірге іңкәр Ор-ағаң арғы дүниеге осы бір сарқылмас сезімі үшін де асығыс аттанған болар...

Достарының арасында «Шіркін, Оралхан мен Айманның махаббаты» деген аңызға бергісіз естеліктер көп айтылады. Басына түскен көп қайғының ішінде, әсіресе, алғашқы қосағы Айман апайдың өлімі қаламгерді қатты күйретіп кетіп еді. Бір перзентке зар болып, талай жыл жалғыздықтың уын ішіп келген суреткерге сүйген жарынан айырылу оңай тимегені анық. Онсыз да жабырқау жанын одан әрі жалғызсыратты. Бірақ, Жаратқанның шексіз мейірімінің арқасында екінші жары Ардақтан Айхан, Айжан есімді қос перзент сүйді. Не тылсым екені Хақтың өзіне аян. Десек те, кейде балаларын аман-есен аяқтандырып, жылдар бойы тілеген арманына жеткен соң, арада тура бес жыл өткенде, мәңгілік махаббаты Айман дүниеден өткен тура сол көктемде махаббат мұнарасы – Тәж-Махалдан сүйген жарға деген сағынышын арқалап мәңгілік мекеніне аттанғандай болып та көрінеді.  Сол сағыныш та алып тынған болар алып жүректі... Әлде, Алтайдың алты ай қысына қасқайып қарсы тұрған жүрек, үндінің 50 градус аптабына шыдамай кенеттен тоқтады ма екен? Қалай десек те, бұл жұмбақ та тылсым өлімнің сыры тек бір Аллаға ғана аян.

 Аманат

Қаламгер соңғы жазған драматургиялық шығармасы – «Шыңғысхан» пьесасын Үндістан сапарына жүрерінен бір күн бұрын белгілі режиссер Нұрқанат Жақыпбайға аманат етіп табыстап кеткенін көпшілік қауым біле бермейді. Абзал ағаның соңғы арманы мен соңғы аманатын білгіміз келіп, Нұрқанат ағайдан Орағаңмен соңғы кездсеуінен сыр шертуін сұраған едік.

– 1993 жылдың 8 мамыры... «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясына Орекеңе келдім. Барып есікті ақырын ашып қарасам, төрде отыр екен. Құшағын айқара ашып, қуана қарсы алды. «Бір режиссердің іздеп келетінін біліп едім» деп қуанып кетті. Өзі де не үшін келгенімді сезіп отыр екен, екеуміз «Атау-кере» жайын ақылдастық. «Сен пьесаны қоя тұр, алдымен кино түсірейікші» деді. Сөйтсем, Орекең бұл повесть желісімен кино түсірілсе деп ойлайды екен. «Ореке, кино емес, кинодан бұрын пьеса жасайық. Мен театр режиссерімін ғой деп едім, ол кісі дегенінен қайтпады. Соңында киноны да, спектакльді де сахналайтын болып келістік. Бірақ, дәл сол уақытта Үндістанға іссапармен кетіп бара жатуы салдарынан уақыты қарбалас екен. «Мен Делиге жол жүріп бара жатырмын, он шақты күннен кейін ораламын. Сапардан келген соң бір аптаның ішінде театрға пьеса жазып беремін» деп уәдесін берді. Кино жайын, сценарийдің барлығын спектакльден кейін ақылдасып, түсіретін болып келістік. Бірақ амал қанша, сол сапарынан Оралхан оралмады... Кейін «Атау- керені» сахналадым. Бірақ, бір өкініш  –  өзі сонша армандаған «Атау- кересін» Орекеңнің өзі сахнадан көре алмауы болды. Кейде ұзақ дайындалып, сан мәрте қайталап оқып, жүрексініп жүріп алмай, «Атау-керемен» алғаш таныса салысымен-ақ, Орекеңе барып жолығып, шығарманың пьесалық нұсқасын өзіне жаздырып алмағаныма өкінемін. Өзектегі өкініш – осы.

 УӘДЕ

Нұрқанат Жақыпбай, режиссер:

– Бірақ, жазмышқа кім қарсы тұрған? Орекеңнен мұндай жағдайда көз жазып қаламыз деп кім ойлаған? Сол күнгі кездесу ерекше есімде. Орекең «Атау-керені» іздеп режиссердің келгеніне ерекше қанаттанып, қуанды. Шығарманы сахналау жайын келісіп, қол алысып, қоштасып шығып бара жатқанымда, мені тоқтатып алып, қағаздары ретімен жиыстырылып, қаз-қатар қаланған тартпасының ішінен бір папканы алып шықты да: «Қанатжан, (Нұрқанат Жақыпбайды осылай атайды екен) бұл – пьеса. Шыңғысхан туралы жазып едім. Оның өзінің бір тарихы бар. Бір кездерде ақшам жоқ болып қалып, қарыз сұрауға арым жібермей, таза материалдық қажеттілік үшін осы пьесаны жазып шыққан едім. Жазып болған соң, барып өткіздім де, ақшамды алдым. Арада біраз уақыт өткен соң ойлана бастадым. Ақша үшін асығыс жазылғаннан кейін стильдік тұрғыдан олқылықтардың кеткенін өзім іштей сезетінмін. Содан шыдай алмай, мәдениет министрлігіне барып, «пьесамды өңдеймін» деп қайтып алдым. Мынау –  сын сүзгісінен өтіп, толықтай өңделген нұсқасы. Шыңғысхан жайында анау да, мынау да айтып жүр ғой. Алайда, мұның оқиғасы бұған дейін айтылып келген жайттардан мүлдем бөлек, пьеса жазбастан бұрын да Шыңғысхан жөнінде көп ізденген едім. Әбден тексерілген деректер мен бұлтартпас дәйектер негізінде жазып шықтым. Мен келгенше мұқият оқып шығып, өз пікіріңді дайындап қойшы. Келген соң асықпай әңгімелесеміз» деді. Содан пьеса салынған папканың бауын да шешпестен, менің қолым ұстатып, шығарып салды. Келе салып, қуанып папканы ашып қарасам, машинкамен терілген жазудың үстінен өзінің маржандай әдемі жазуымен қайтадан түзеп, өңдеген қолжазаба күйіндегі нұсқасы екен. Маған пьеса бірден ұнады. Бірақ, кейін папкасын қайтарып алмады, біз пікірлесіп үлгермедік те.

«Оралхан оралмады... қазір ол пьеса менде сақтаулы. Ылғи қояйын деп ойлаймын да, мүмкін Оралханның ойлағанындай сахналауға әлі де жеткен жоқ шығармын, атүсті кетіп қалармын деп өзімді-өзім тежеп, содан бері арада жиырма жылға жуық уақыт өтсе де, сахналауға әлі де батпай жүрмін. Бұл –  соңғы сапарына аттанып бара жатып, аманат етіп қалдырған  аманаттың салмағының ауырлығын сезінгендігімнен шығар. Бірақ, ойымнан бір сәт те шығарған емеспін. Алла жазса, таяу күндері «Кербұғысын» сахналасам деп жүрмін. Содан кейін міндетті түрде «Шыңғысханмен» айналысатын боламын...» деді Нұрғанат Жақыпбай жазушы туралы естелігін аяқтап.

НҮКТЕ

Оралхан Бөкей:

– Мен өзімді әмәнда жалғыз сезінетінмін, мен қайда барсам да, қайда жүрсем де біреумін, айталық, маңымда быжынаған адамдар, бірақ тек өзім ғана жалғыз жүретін секілдімін... Мен жер шарының өзі секілді жалғызбын...