Коронавирус індеті 1918 жылы жаһанды жалмап, жұқтырғандар мен адам өлімінің көптігімен тарихта қалған «испан тұмауы» секілді қазақ киноиндустриясына да айтарлықтай әсер етуі ғажап емес.
Мәселен, «испан тұмауы» пандемиясы кезеңі және одан кейінгі жылдар (1918-1926) Голливудтың дамуына айтарлықтай әсер етті, өйткені сол аралықта «америкалық кино өндірісінің барлық жүйелері іске қосылып» болашағы анықталды. Бұл – фильмдердің өндірісі мен олардың дистрибуциясына қатысты болатын. «Испан тұмауының» кесірінен америкалық кинотеатрлардың 90%-ы жабылды. Лос-Анджелесте кинотеатрлардың жұмыс істеуіне тыйым тым ерте салынды, ал киностудиялар бар-жоғы 1,5 айға – 1918 жылдың қазан айының ортасынан қарашаның соңына дейін барлық жұмысын тоқтатты. Осының бәрі АҚШ-тың қалыптасқан киноиндустриясының жойылуына алып келді. 1918 жылғы пандемияға дейін бұл мемлекетте кино өндірушілер және прокат жүйесі екі бөлек сала болды.
Пандемия кесірінен шарықтаған шығындардың арқасында киноөндірушілердің кейбіреулері банкротқа ұшыраған кинотеатрлар мен кино жүйесін сатып алды. Бұл жағдай бүгінгі күні бүкіл әлемге танымал АҚШ киноиндустриясының өркендеуіне оң әсер етті. Осы жайттерді саралай отырып, бүгінгі жағдайға қатысты қорытынды жасауға болады. Мәдениет және спорт министрлігіне дәл қазір келіссөздер жүргізе отырып банкрот шегінде тұрған ірі кино жүйелерін жекеменшік иелерінен сатып алуға негіз бар. Біріншіден, бұл бизнес қауымдастығы үшін жақсы қолдау болса, екіншіден, өз кинопрокат жүйесі бар отандық кино өндірісінің дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз.
Бүгінгі жағдайға келер болсақ, жаһан жұртын әбігерге салған Covid-19 пандемиясы бүкіл әлемнің шекараларын жауып, қозғалысты шектеуге мәжбүрледі. Барлығы да өз үйлерінде, тамақтарын әзірлеп, телеарнаның алдында отыр. Кино өндірісі бұрынғы қалпында жұмыс істеп жатыр деген жалған түсінік пайда болды.
Алайда, бүгінгі еліміздегі жағдай бәрімізге де аян: кинотеатрлар жабылып, фильмдер түсірілімі тоқтатылды. Кино өндірісі әдетте кинотеатрлардағы прокат үшін жұмыс істейді. Қазір тіпті дайын фильмдер де прокатқа шыға алмай отыр. Онлайн платформалар – бұл мәселенің шешімі емес. Өйткені бұл – екінші нарықтағы табысқа жатады, үлкен экрандар үшін дайындалған сапалы киноны стримминг жүйесі арқылы көрсету дұрыс құбылыс емес. Ғаламтордағы көрсетілімдер, бүгінгі үлкен сұранысқа қарамастан, кинопрокат жүйесі секілді табыс алып келмейді. Бүгінгі күні фильмдер тек Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлемде, тіпті Голливудта да (ресми статистикаға сүйенсек Лос-Анджелестің өзінде 120 мың киногер жұмыссыз қалған, соңғы айда 80% кинотеатрлардың есіктері жабылды) түсірілмейтіні белгілі.
Тағы да бір тоқтала кететін жайт, түсірілім кезеңі нақты ауа-райының қолайлылығына тәуелді екені баршаға мәлім. Бірақ бұл, мысалы Голливуд үшін, үлкен қиындық емес. Алайда біздің елімізде түсірілім жұмыстары тек жаз немесе күз айларының басында, яғни күннің ұзақтығына байланысты мезгілде түсіріледі. Демек, шілде айының басынан кешікпей түсіру жұмыстарын бастауымыз керек, ал ол үшін сәуір айынан бастап дайындықты ұйымдастыру қажет.
Керісінше, елімізде төтенше жағдайдың ұзартылуына байланысты біз бұл кесте бойынша жұмыс істей алмайтынымыз анық. Сондықтан да еліміздің кино өндірісі пандемиядан қаншалықты зардап шеккенін бүгінгі күні болжап айту қиын. Карантин аяқталғаннан кейін де фильмдер түсірілуі екіталай, кино өндірісі тез арада бұрынғы қалпына келе алмайтыны да баршамызға аян. Себебі бұл жағдайдың қаншаға созылатынын ешкім дөп басып айта алмайды, бүгінде қандай да бір болжам жасау мүмкін емес. Бізде өндіріс те, кинопрокат та тоқтап тұр. Кинотеатрлар жабық – барлық қызметкерлер таратылды. Қазір олар банкротқа ұшырап жатыр және біз мұның бәрі аяқталған кезде қандай әлемге тап болатынымызды да білмейміз.
Болжам бойынша, біздің нарық 2021 жылдың басында ғана жақсарып, етек-жеңін жинай бастайды. Естен шығаруға болмайтын тағы бір мәселе – карантин кезінде киноконтентті пайдаланудың артуы. Қазіргі уақытта дүниежүзі бойынша адамдар үйінде және фильмдер мен телехикаялар көріп уақытын өткізіп отыр. Яғни карантин аяқталғаннан кейін адамдар фильмдер мен сериалдарға «тойып» шығады да, басқа қызық іздей бастайды. Көрермендер киноға барғысы келмейді, кинотеатрлар жұртты залдарға қайтара алмайды, бұл жалпы киноиндустрияға әсер етеді. Есесіне, үй көрсетілімдерінің саны біршама көбейді, осыған байланысты телеарналар мен онлайн-кинотеатрларда жұмыс істейтін біздің әріптестеріміз пайда таба бастады, дәл қазір бұл сала ақша әкелмесе де, көрермендерді өз форматына үйретуде. Сонымен қатар барлық онлайн-платформалар кинотеатрлармен қатар жаңа контент іздеуде, ал индустрияны таяу арада қалпына келтіру жоспарда жоқ, YouTube-те көрерменнің еті үйреніп, талғамын төмендететін, бөлмеде түсірілген сапасы жоқ видеолармен қалып қою қаупі бар.
Өз кезегінде «Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жарияланған карантинге байланысты ғана емес, сонымен бірге 2019 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының кинематография туралы» заңына байланысты киноиндустриядағы дағдарысқа қарсы шараларды қолға ала бастады. Өйткені заң аясында Ұлттық киноөндірісімен енді тек «Қазақфильм» ғана емес, сондай-ақ жеке киностудиялар да айналысады. Ал жекеменшік киностудияларға бұл жағдайда әлдеқайда жеңіл, өйткені олар жылдар бойы жасақталған ұжымды, фильмдер қорын және коммуналдық төлемдерді өтеп, ұлттық киностудияның ғимараттары мен құрылыстарын сақтау үшін шығындарды көтермейді. Сонымен қатар «Кинематография туралы» заңда қазақ кино өнерінің қарашаңырағы – «Қазақфильм» киностудиясы туралы бір ауыз сөз жоқ. Еліміздегі толық өндіріс циклі бар жалғыз салалық кәсіпорын қазіргі уақытта қаржысыз қалды. Бұл ретте олар алғашқы болып телеарналар мен барлық платформаларды контентпен ақысыз негізде толтырдық. Оған қоса, осы «заңның» көздеген мақсаты – Қазақстан Республикасына шетелдік киногерлерді тарту болып табылатындығын және біздің Үкімет олардың кино түсіруге жұмсайтын қаражатының 30%-ын қайтаруы керек екенін атап өту керек.
Америкалық киноиндустрияны дамытудағы әлемдік тәжірибе мен пандемия жарияланғаннан кейін көршілес елдердің (атап айтқанда Ресейде, РФ Мәдениет министрлігінде фильмдердің барлық өндірісі тоқтап, «РФ Кино қорында» питчингтер шектелді) кино өндірісі саласындағы қазіргі жағдайын ескере отырып, біз ең алдымен «Қазақфильм» халықаралық брендін қолдауға, оның өнімділігіне және ұлттық фильмдер өндірісінде өз әлеуетін пайдалануға негізделген өз моделімізді жасауымыз керек. Бұл үшін Ұлттық киноны қолдау Мемлекеттік орталығы жүргізген барлық питчингтердің күшін жойып, «Қазақфильм» АҚ аумағында фильмдер шығару мүмкіндігіне қатысты барлық ұсынылған сценарийлерді қайта қарау керек деп ойлаймын (себебі барлығы сценарийге байланысты, бір жерде, бір ғана декорациямен түсірілген көптеген фильмдер, тіпті шедевр туындылар да бар). Ол үшін киностудиямызда түсірілім павильондары мен табиғи ландшафты орналасқан 17 гектар аумақ, сондай-ақ постпродакшнға қажетті барлық техникалық жабдықтар бар. Бұл Мәдениет және спорт министрлігі киноөндіріске бөлетін бюджет қаражатын үнемдеуге (өйткені барлық түсірілімдер мен жұмыстардың барлық түрлері бір жерде жүргізілетін болады), сондай-ақ ұлттық игілігіміз – Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясын сақтап қалуға (студияны дамытудың, шеберханалардың, павильондардың, мамандардың жүктемесі, дамуға және өмір сүруге қаражат жинауға нақты мүмкіндік пайда болады), және ең бастысы, ұлттық киноөндірісті таяудағы 2-3 жылда сүріндірмей алып шығудың жалғыз мүмкіндігі, өйткені тарихқа көз жүгіртіп қарайтын болсақ, пандемия салдарын жоюға дәл осындай уақыт қажет.
АЛМАТЫ