Биыл ғұмырын Түркістан халқының теңдігі мен тәуелсіздігіне арнаған қайраткер Мұстафа Шоқайдың туғанына 130 жыл толады. Шүкір делік, азаттықтың алғашқы жылдарынан-ақ түркінің түгелдігін көксеп өткен, осы идеяны өмірінің мәніне айналдырған тұлға туралы аз жазылған жоқ.
Сонау 1991 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне жазушы Әнуар Әлімжановтың «Мұстафа Шоқай... Ол кім?» атты мақаласынан бастап Түркістан халқының теңдігі үшін күрескен Мұстафаның болмысын айшықтайтын дүниелер баспа жүзін көрді. Тарих ғылымдарының докторлары Көшім Есмағамбетов, Мәмбет Қойгелдиев, Дархан Қыдырәлі мен саяси ғылымдар докторы Әбдіжәлел Бәкірдің шоқайтану бағытындағы еңбектері елдің көз алдында. Сырда туып, бар ғұмыры сыртта өткен қайраткердің тартысқа толы өмірін зерттеп-зерделеуде шетелдік ғалымдардың да үлесі аз емес. Ал елінің еркіндігі үшін күрескен оның есімін өзі туып-өскен жерде жаңғыртудың алғашқы қадамдары қалай басталып еді?
Түркістан мемлекетінің басшысы деп тануымыз керек
Азаттықтың алғашқы жылдарында мерзімді баспасөзде Алаш қайраткерлері жайлы мақалалар жиі жарияланып, ел ұзақ жыл есімдерін айтуға тыйым салынған тұлғалар еңбегі мен өмірі жайлы кеңірек біле түсті. Әрине бұл жұрттың бәріне ұнай қойған жоқ. Әсіресе көп жылдар ақиқатты тұмшалап, осы қайраткерлер есімін қаралауға «үлкен үлес» қосып келгендер бұған бірден қарсы шықты. Сондайлардың бір тобы туған жерінде Мұстафа Шоқай рухына арналып өткізілетін шараларды болдырмауға барын салды. Облыс басшыларының атына хат жазып, қайраткер туралы жалаға толы мақалаларын жергілікті басылымдарға жариялауға ықпал жасауын сұрап, жанталаса бастады. Баяғының ізімен бітпейтін қаралауды қайта бықсытқан олардың бұл әрекеті азаматтардың аяулы есімін ақтап алуға деген талпынысты тоқтата алған жоқ. Осы ниетте баспасөз беттерінде біршама материалдар жарық көрді. Мұстафа Шоқайдың әзіз есімін ел есіне алғаш салғандардың қатарында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері Әмірхан Бәкірұлы да бар еді.
Полковник шенімен зейнеткерлікке шыққан Әмірхан Бәкірұлы қазір Мұстафа Шоқай жайлы бірнеше кітаптың авторы. Бір туындысы 2006 жылы түрік тілінде жарық көрді.
– Біз Мұстафаның Түркістан автономиясын басқарғанын, сонымен қатар Алашорда өкіметін құруға да белсене атсалысып, оның Сыртқы істер министрі қызметін атқарғанына аса мән бермей жүрген сияқтымыз. Осыдан да Франциядағы бейітінің басына қойылған ескерткішке оның Түркістан республикасының басшысы екендігін жаза алмадық. Ал «Түркістан легионы» кеңестік идеология ойдан шығарған жала. Шынтуайтына келгенде легион Мұстафа Шоқай өмірден озып кеткесін құрылған жоқ па?! Шоқайтануға алғаш із салған ғалым Көшім Есмағамбетовтің зерттеуінде 1948 жылы КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті өзінің Берлиндегі 4-оперативтік секторының 2-бөліміне «М.Шоқайды әшкерелеуші материалдар» табу жөнінде құпия түрде сұрау салғаны айтылады. Осы тапсырма бойынша жаңағы құрылым «Берлиннің СВ оперативтік анықтамалық картотекасында ондай мағлұмат жоқ» деп жауап берген. Осы құжат бұл ұйымға Мұстафаның ешқандай қатысы болмағанының басты дәлелі, – дейді Әмірхан Бәкірұлы.
Осыдан 5 жыл бұрын қайраткердің туғанына 125 жыл толуына орай Нұр-Сұлтан мен Алматыда Мұстафа Шоқайға ескерткіш орнату жөнінде ұсыныс айтылған. Алайда оның жүзеге асуы әзірге екіталай болып тұр. Қызылорда қаласында еңселі ескерткіш бой көтеріп, шаһардың орталығына қойылды.
– Қазір Мұстафа Шоқай есімін ұлықтау шараларының барлығы дерлік қоғамдық негізде ұйымдастырылып келеді. Сондықтан да облыстық мәслихат арқылы Үкіметке қайраткер мерейтойын лайықты атап өту жөнінде ұсыныс берген жөн. Менің білуімде Ұлттық қауіпсіздік комитетінде Шоқайдың үстінен қылмыстық іс қозғалғаны туралы ешбір құжат жоқ. Тоқсаныншы жылдары Жазушылар одағы басқармасынан түскен сауалға орай Бас прокуратура «М.Шоқай жөнінде қылмыстық іс қозғалмаған. Сол себепті оның іс-әрекетінде неміс фашистеріне қызмет етті деуге негіз жоқ» деген жауап берген. Оған қайбір жылы Өскеменде қайраткер есімін қаралаушыларға шыққан сот үкімін қосыңыз. Міне, осының бәрі Алаштың ардагер ұлының атақ-абыройын әлі де айтылып қалатын жаладан толық ақтап алуымызға негіз бола алады. Сонымен қатар Мұстафаның Берлинде жатқан сүйегін Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанына жерлеу туралы ұсыныс айтылып жүр. Оған қосарым, Мұстафаға Қазақстанның азаматтығын бергеніміз дұрыс.
Негізі тұлғаға деген құрметтің көрінісі өзінің туған жерінен бастау алғаны жөн. Сондықтан да қаладағы жаңадан салынған шағын аудандардың бірінен «Тәуелсіздік аллеясы» ашылып, оған елдің азаттығы жолында жан қиған асылдарымыздың мүсіндерін қойғанымыз дұрыс. Қазіргі еңселі ескерткіші тәуір жасалған. Бірақ тұрған орны Алаштың ардақты ұлына лайықты емес. Қалалық әкімдікке қарама-қарсы қуыста кезінде осы ғимаратта қызмет еткен обком хатшыларының бірінің мүсіні тұрғаны дұрыс сияқты. Ұлттың ұлына құрметімізді көрсетеміз десек, ескерткішті ол орыннан көшіргеніміз жөн, – дейді отставкадағы полковник.
Оның атынан әлі де үркетіндер бар
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары-ақ Мұстафа Шоқай туралы жазыла бастады. Сол тұста Қызылорда облысын басқарып тұрған Сейілбек Шаухамановтың бастамасымен қор да құрылды. Туған ауылы мен аудан орталығында ескерткіші бой көтеріп, оның есімі ұзақ жылғы негізсіз жаладан аршылғандай болып еді. Бірақ қысқа ғұмырында түркінің түгелдігін көксеп өткен тұлғаның атынан әлі де үркетіндер бар екен. Осыдан біраз жыл бұрын елордадағы бір мектепке Мұстафа Шоқайдың атын беруге қалалық мәслихаттың кейбір депутаттары қарсы шығып, ұсыныс аяқсыз қалды. Ұзақ жыл «Мұстафа Шоқай» қорын басқарып келген елге белгілі азамат Базарбай Атабаев Алаш ардағы жайлы ақиқаттан көрі алыпқашпа сөзге сенетіндер әлі бар екендігін айтады.
– Қор 1992 жылы құрылып, біраз бастамаға мұрындық болды. Көптеген ғылыми шаралар өткіздік. Ауыл мен ауданда, Франциядағы аллеяға ескерткіштер орнаттық. Әлі де жасалатын шаруа көп. Бірақ ол үшін халықтың ықыласынан бөлек биліктің де қолдауы керек, – дейді Базарбай Асанбайұлы.
Базарбай ағаның әкесі Асанбай да Мұстафаның туысы болғандығы үшін жазаға кесілгендердің бірі. 1949 жылы Отанын сатқан адам ретінде сотталып, Қарағанды түрмесінде көз жұмыпты. Соғыста контузия алып, жауға тұтқынға түскен ол елге аман-есен оралып, төрт жылдан кейін сотталып кете барды. Оны көрсеткен де өзге емес, өз ағайындары.
Бұл да қазақтың қайраткер ұлының басына түскен замана зардабының қандай болғандығын аңғартса керек.
«Халық жауының» тұқымы дегенді естіп өстік
Мұстафаның туыстары арасында кезіндегі қудалаудан аман қалғаны кемде-кем. Торғай датқадан Шоқай, Шоқайдан Сыздық, Мұстафа, Нұртаза туады. Інісі Нұртаза мен Торғай датқаның тағы бір ұлы Қалымбеттің Мырзеке атты ұлы 1937 жылдың аяғында Шымкентте атылып кетеді. Қазір Нұртазадан тараған ұрпақтар Түркістан облысында тұрып жатыр. Шоқаймен бірге туған Әліш, Қалымбет, Оспандардың балалары арасында отыз жетінің оқпанынан аман шыққаны аз. Қайраткердің туған ағасы Сыздықтың екі ұлы Мүсілім мен Ерғали Екінші дүниежүзілік соғыста қаза табады. Осы күні Қызылорда облысында Сыздық, Әліш, Қалымбеттен тараған ұрпақтар бар.
– Біздің бар өміріміз қорқыныш пен қудалауда өтті. Әліштің балалары Өзбекстан асып кетіп, елге тек алпысыншы жылдары оралды. Кешегі күнге дейін «Жаудың тұқымы» деген жаланы естіп келдік. Мұстафа әкемізден кейін үлкендер біздің білім іздеп, оқуымызды қолдай көрмеді. Осылайша ауыл арасынан ұзай алмадық. Әйтпесе Әліш әкеміз осы төңіректе алғаш мектеп ашқандардың бірі еді, – дейді Қалымбеттің Кенжеғұл атты баласының ұлы Әбдірайым ақсақал.
Әбдірайым Қалымбетов 1966 жылы әскерге алынып, Костромаға түседі. Бір күні казармадағы сарбаздарды жинап алып, жаңадан шыққан көркем фильм көрсетіпті. «Өзбекфильм» киностудиясы шығарған соғыс кезіндегі барлаушылар туралы сол фильмнің атауы «Жиырма алтыншыны атпаңыздар» еді. Көппен бірге экран алдына жайғаса бергенде басты кейіпкердің аузынан Мұстафа Шоқайдың есімін естіп қалып, қимылсыз қалғаны да есте. Кинотуындыда Мұстафа немістермен сөз байласқан жан ретінде баяндалатын еді. Әскерге енді алынған жас жігіт сеанс біткенше зорға шыдады, атасының есімін жаладан аршып алуға дәрменсіздігіне күйінген еді сол жолы.
– Нұртаза атамның жоғары оқу орнын бітірген ұлы Мадиярды жұмысынан шығарып, көп қиындық тарттырыпты. Тіпті біз мектеп бітірген сексенінші жылдардың ортасына дейін кейбіреулердің бізге алакөздене қарайтынын сезетінбіз, – дейді Сыздық Шоқайұлының шөбересі Раиса Ерғалиева.
Раиса Даниярқызы осыдан біраз бұрын өзінің Сыздықтың шөбересі екендігін сот арқылы дәлелдеген. Енді Сыздық пен Мұстафаның бірге туғандығын дәлелдейтін құжат жинауға бел буып отыр. «Ара-тұра Мұстафа атамның атын қаралағысы келгендер бой көрсетіп қалады. Ондайларды сотқа тікелей ұрпағы ғана бере алады екен. Сол үшін сот жағалап жүрмін», дейді ол.
Сыр бойындағы Наршоқыда туып, әлем жұртшылығына қабілет-қарымын мойындатқан Мұстафа түркі халықтарының біртұтастығы жолында басын бәйгеге тікті. Оның бейнесіне қазіргі уақыт биігінен қарап, есімін ұлықтау, рухына құрмет көрсету бізге парыз.
Тек сол құрметіміз қайраткер тұлғасына лайық болса екен.
Қызылорда