• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Мамыр, 2020

Президент тапсырмалары Жамбыл облысында жүйелі орындалуда

215 рет
көрсетілді

Бүгін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Мемлекет басшысының коронавирусқа қарсы іс-қимыл және дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі тапсырмаларын іске асыру туралы» тақырыбында онлайн баспасөз конференциясын өткізді. Бердібек Сапарбаев әуелі Мемлекет басшысының Жарлығымен 11 мамырдан бастап төтенше жағдай режимі тоқтатылғанын,  дегенмен, әр өңірдің коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдайына байланысты карантиндік шаралар сақталып отырғанын жеткізді.

Бүгінгі таңда облыста 358 адам коронавирус індетін жұқтырған. Тараз қаласында 206, Қордай ауданында 46, Байзақ ауданында 34, Талас ауданында 12 жағдай тіркелген. Солардың ішінде 99 жағдай әскери, 22 жағдай медицина және 7 жағдай полиция қызметкерлерінен анықталған. «Қазір енгізілген карантиндік шараларға қарамастан, тұрғындар қауіпсіздік шараларына дұрыс көңіл бөлмей отыр. Біздің өңірде жалпы 7 лаборатория жұмыс істеп тұр. Бүгінде облыста барлығы 23 750 адам тексерілді. Олардың қатарында әлеуметтік маңызы бар мекеме қызметкерлері, дәрігерлер, әскерилер, полиция және төтенше жағдай қызметкерлері бар. Бұл жұмысты одан әрі жалғастыратын боламыз. Сонымен қоса өңірге Тенгиз Шевроил мекемесінде жұмыс істейтін 25 адам және өзге компанияларда вахталық тәртіппен жұмыс істейтін жамбылдықтар келіп жатыр. Олардың арасында ауруды жұқтырғандар бар. Мәселен, «Үндістан-Тараз» рейсімен келген адамдардың арасынан 6 оқиға анықталған. Бүгінге дейін 173 науқас толық емделіп шықты. Қалған азаматтар бекітілген қаулыға сәйкес ем алуда. Науқастарды емдеу және оқшаулау үшін 1424 төсек-орын дайындалды. Қосымша 80 провизорлық төсек ашылды. Барлығы 1504 төсек-орын бар. Бұл жұмыстарға 867 медицина қызметкері тартылған. Қазір жатқызылған науқастардың санына сәйкес 408 қызметкер жұмылдырылды. Ел Президенті медицина саласының қызметкерлеріне қосымша үстемақы төлеу бойынша тапсырма берген болатын. Бүгінде облыс бойынша 2 585 медицина қызметкеріне 409 миллион теңге қаржы төленді», деді Бердібек Сапарбаев.

Жамбыл облысының әкімі бұдан басқа, алдыңғы шепте жүрген сала қызметкерлеріне жағдай жасау үшін 6 қонақүйге 246 медицина қызметкерлері орналастырылғанын, олардың жүріп-тұруына арнайы тасымалдау жұмыстарының ұйымдастырылғанын және таңғы, түскі, кешкі аспен қамтамасыз етілгенін жеткізді. Сонымен қатар, әкімнің айтуынша, облыста медициналық бұйымдар мен қажетті препараттар қоры жеткілікті. Шұғыл шығындарға жалпы 1,5 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінген.

Сондай-ақ, қажетті медициналық мақсаттағы бұйымдар мен зертханалық құралдарын, жеке қорғаныш құралдарын және дәрі-дәрмектер сатып алу, оларды жеткізу жұмыстары ұйымдастырылып, жүргізілуде екенін айтты. Ал, көпшілік тарапынан қойылатын сұрақтар мен көтерілетін мәселелерге жауап беру үшін «109 Жәрдем» Call-орталығының базасында жылдам әрекет ету штабы құрылып, күні бүгінге дейін ол жерге 24 мың сұрақ түскен. Мұнда тиісті мекемелерден жауапты мамандар кезекшілігі ұйымдастырылған. Әкім  тұрғындардың шалған қоңырауларына жылдам жауап беріліп, әрбір сұрақ бойынша шаралар қабылданатынын, сондай-ақ, бұл орталық күні-түні жұмыс істейтінін жеткізді.

«Біздің негізі міндетіміз – вирустың таралуына жол бермеу. Облыс аумағында орналастырылған барлық 25 блок-бекет әлі де күшейтілген тәртіпте жұмыс істейді. Мұнда 221 адам, 60 техника жұмылдырылды. Халық денсаулығының қауіпсіздігін қорғайтын негізгі қалқан осы бекеттер болып отыр. Бұл жерде медицина, полиция, әскери қызметкерлердің жұмысына алғысымды айтамын. Сонымен қатар, бекеттердегі әрбір қызметкер өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз, алгоритм талаптарына сай орындау керек. Президент мемлекеттік комиссия отырыстарында үнемі халықтың әлеуметтік әлеуетіне баса назар аударып келеді. Осыған орай, облыс аумағында тұрғындарды әлеуметтік қолдау бойынша кешенді түрде көмек көрсетілуде.

2020 жылы атаулы әлеуметтік көмектің жаңа моделі бойынша 9,5 мың отбасына, яғни 52,2 мың адамға 1,5  миллиард теңге төленді. Жалпы бұл мақсатқа 10,9 миллиард теңге қарастырылған. Кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 18,3 мың балаға 1,2  миллиард теңге қарастырылды. Төтенше жағдайға байланысты, 2 айлық есептік көрсеткіштен төмен емес мөлшерде аз қамтылған және әлеуметтің әлсіз топтарына жататын тұрғындардың шотына мамыр айында 79,4 мың адамға 442 миллион теңге төленіп, 100 пайызға орындалды. Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған азаматтарға 42500 теңге әлеуметтік төлем тағайындауға бүгінгі күні 300 мыңға жуық азаматқа барлығы 12,7 миллиард теңге мөлшерінде төлем берілді», деді Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ, әкім облыс аумағында тәркіленген азық-түлік және киім-кешектердің мұқтаж азаматтарға таратылып жатқанын жеткізді. Бүгінгі күнге дейін құны 484 миллион теңгеден асатын 620 мың халық тұтынатын тауар балалар үйі, қартар үйі, жасөспірімдер үйі, интернаттар сияқты әлеуметтік мекемелерге және аз қамтылған отбасыларға тегін таратылған. Ал, Nur Otan партиясының облыстық филиалы «BizBirgemiz» акциясының аясында және демеушілер мен қайырымдылыққа жиналған қаражат есебінен 72 мың облыс тұрғынына 1,1 миллиард теңгенің көмегі көрсетілген. Жалпы, облыстың 400 мың тұрғынына 21 миллиард теңгеге жуық әлеуметтік төлемдер төленген. Бүгінгі таңда халық үшін маңызды мәселенің бірі – төтенше жағдай кезінде коммуналдық қызметтердің шығындарын өтеу болып отыр. Бұл ретте облыс әкімі коммуналдық қызметтерді өтеу жалпы есеп-ереже бойынша, ең кем дегенде 119 мың тұрғынға төленетінін мәлімдеді. Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев Қордай ауданындағы ахуал бойынша да ақпарат берді. «Ауданда болған төтенше жағдай кезінде Масаншы, Бұлар батыр және Ауқатты ауылдарында 39 тұрғын үй мен 20 коммерциялық нысан толық бүлінген болатын. Президент тарапынан азаматтарға тиісті заң талаптарына сай көмек көрсету тапсырылды. Арнайы комиссия арқылы әрбір отбасының шығыны есептеліп, қайырымдылық қорларына демеушілік қаражат аударылды. Ауылдарды қайта қалпына келтіру жұмыстарын осы жылдың тамыз айында аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, орташа деңгейде зиян келтірілген 103 нысан демеушілердің көмегімен жөнделді. Жалпы, Қордай ауданын дамыту аясында құрылыс-жөндеу жұмыстарына биылдың өзінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Ауыл – ел бесігі» сынды бағдарламалар аясында қосымша 20,5 миллиард теңге бөлінді», деді.

Брифинг соңында Бердібек Сапарбаев басты міндет – індеттің таралуына жол бермеу, азаматтардың денсаулығын барынша қорғау екенін жеткізді. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау ұйымдары тарапынан індеттің алдын алу үшін қабылданып жатқан шараларға түсіністікпен қарап, карантин режимін бұзбауға шақырды. «Коронавирус пандемиясынан міндетті түрде өтеміз және біздің алдымызда облысымыздың дамуы мен өркендеуі жолындағы қыруар жұмыстар күтіп тұр», деді Бердібек Сапарбаев.

 

Жамбыл облысы