Отызыншы жылдардағы ашаршылық қазақ тарихының қаралы беті. Қазір «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген саясаттың салдарынан қолдағы барынан айрылып, түңдігі ашылмай қалғандардың, жұт жайлаған жұртынан ауа көшкендердің саны да әртүрлі айтылып жүр. Анығы – өзегі талып өлгендердің тым көп екендігі.
Жұртты қынадай қырған ашаршылық куәгерінің бірі 96 жасқа келіп отырған Әнуза Елкейқызы.
- Әкем мен есімді білер-білмес жаста кетті. Іле-шала аштық басталды. Ол кезде тіпті баламыз. Немере ағамның үйіндегі жеңгеміз тым пысық еді. Соның арқасында ажалдан аман қалдық. Күн сайын кішкене бидай қуырып, етегімізге салып береді. Шөже құсап, соны теріп жеп отыратынымыз есте қалыпты. Ағам бидайдың көп берілмеуін қадағалап, тексеріп тұратын. Ертеңгі күннің қамын ойлағаны ғой. Жеңгем ағамнан жасырып беріп, жанымызды алып қалды. Әйтпесе, сол тұста аштықтан балалар көп қырылды ғой, – дейді Әнуза әжей.
Аштықтың зардабы енді ұмытыла бастаған кезде соғыс келіп килікті. Бойжете бастаған қыз жұртпен бірге жұмыс істеді. Дән себілген жерге жұқалап топырақ төгетін кезі есте қалыпты. «Соғыс бітті!» деген хабар жеткенде далада жұмыс істеп жүргендердің бір-бірімен көрісіп, дауыс салғанын ұмытпайды.
Баудай түскен балалар
Жалпы зерттеушілер Кеңестер одағының кезінде екі ашаршылықтың болғанын айтады. 1918-1922 жылдар аралығында болған ашаршылық зардабы Қазақстанның оңтүстігін қамтып өтіпті. Кіші ашаршылық деп аталатын осы кезеңде осы өңірлерден 1 миллионға жуық адам аштан өлген екен. Бұл туралы жергілікті зерттеуші Сағат Жүсіптің тарихи мәліметтер негізінде құрастырған «Ашаршылық ақиқаты: деректер мен дәйектер» кітабында кеңірек айтылады. Ал ұлы ашаршылық деп аталатын 1931-32 жылдардың зардабы енді жер бетінде қазақ барда ұмытылмайтын қасірет-ау.
Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінде отырмыз. Мекеме қызметкерлері өтінішімізге орай керекті құжаттарды әкеліп берді.
1929 жылдың 8 сәуірінде өлкелік ведомствоаралық комиссияның отырысы өтіп, нан алуға енгізілген карточкалық жүйенің нәтижесі айтылыпты. Тәулігіне 1000 пұттан таратылып келген нанның 840 пұтқа түскені атап өтілген.
Тағы бір құжатта аштық деңдеп тұрған 1932 жылы жергілікті атқару комитетінің жылқы союға тыйым салғаны көрсетілген. Мал дәрігері акт бермей жылқы сойғандардың ісін қарау туралы прокуратураға тапсырма берілген.
Құжаттардың дені Қызылорда қаласында 1930 жылдары балалар үйі мен балабақшалар ұйымдастыруға көбірек мән берілгендігін айғақтайды. Панасыз қалған балалар анықталып, арнайы орындарға жіберіліп тұрыпты.
Мысалы, мына бір құжатта 1933 жылдың 1-10 наурызы аралығында (33-қор;121-іс;) қараусыз қалған Қызылорда қаласында 1615 баланың табылып, 1500-і балалар үйіне, 115-і балабақшаға орналасқаны жазылған. Осы құжатта көрсетілген мерзімде елу тоғыз баланың өліп кеткені жазылып тұр. Осы жылдың 1-10 сәуірі аралығында 1931 панасыз бала табылған. Көп ұзамай олардың 65-і көз жұмыпты. Құжаттардың тағы бірінде «Октябрь революциясы» балалар үйінің шаруашылық меңгерушісінің қабылданған балалардың қатарында еті сүйегіне жабысқан балалардың көп екендігі жайлы есебі жүр.
Көлемі әр түрлі папкалар қаралы тарих қатталған құжатқа айналыпты. Қай беті де аштық шеңгеліне тұтылған тағдырлар туралы дерекке толып тұр.