Көктем бойы бетперде кигеннен кейін бе, құлағым аздап қалқия бастаған сыңайлы. Жоқ, әлде бұрыннан осындай ма еді. Айнаға қараған сайын ойын үрей билеген бөтен біреуді көргендей боламын. Баяғы алқам-салқам қалпымның жұқанасы да жоқ. Кешегі «мен» қайдамын, өзі? Осы сұрақ жиі мазалайтын болып алды. Бұл көктем де бұрынғы көктемге ұқсамады. Әне, терезеден жаз сығалап тұр. Мамық жауған маусым. Оның да бойында қорқыныш бар секілді.
Терек басынан құлаған ақ ұлпа астана аспанында ырғала билейді. Жапалақтап жауған қардың елесіндей нәзік те нәумез. Анасы шақтап тіккен бетпердеден маңдайы ғана жарқырап көрінетін ауладағы балалар көкке алақандарын тосады. Құдайға қолын жайған мүридтей кінәсіз кейіпте. Құс қауырсынындай тербелген ағаштың аппақ мамықтары бүрдіршіндер қуған сайын қашады. Ұмсынады, ұстатпайды. Желмен жарыса жүгірген бұзықтар оңай болдыра қоя ма? Қайта соңынан жүгіреді. Бұл жолы да нәтижесіз. Әйтсе де олар арманшыл. Самалды бөгемек болады, қалқалайды. Бәрінің мүддесі бір. Қараңызшы, ақыры біреуі алақанына қондырды. Енді, тілек айтып, қайта үрлемек. Әне, келесісі де сөйтуде. Не тіледі екен, ә. Періштелердің тілеуі қабыл болады деуші еді. Олардың жаны таза ғой. Мына даңғайыр дүниенің кіршіксіз мөп-мөлдір тұрғындары солар ғана сияқты. Өмірдің сұлулығын солар ғана сезетіндей.
Аппақ мамықтар. Ақ теректердің жемісі ме, көз жасы ма? Ағаштар жылай ма осы? Тастардың толқитыны несі? Көктің аласұратыны? Жердің шайқалатыны ше? Сонда Жаратқан жансыз затқа да жүрек бергені ме? Олардың жүрегі адамдардың жұдырығындай кішкентай ма? Жо-жоқ, үлкен. Үлкен деймін. Тіпті бәс тігуге бармын. Олар – алып жүректің иесі. Нағыз мейірім мен ізгіліктің көркем көрінісі. Біз қанша қастандық жасасақ та кешіруден жалыққан емес. Кешіруден... Сіз өзгенің қателігіне қалай жауап қайтардыңыз? Жауыздықты ұмыта алдыңыз ба? Білем, әлдебіреудің әнтек әрекетіне әлі де назалысыз. Содан ғой, ұзақ өмір сүрмейтініміз. Ал мынау жасыл әлем ешкімге өкпелмейді. Ол – мәңгі. Өйткені жүрегі үлкен.
Немересін кешкі серуенге алып шыққан қария теректің көлеңкесінде отыр. Сәске түсе саялайтын әдеті. Жапырақтар тербелген сайын, мамықтар себелейді. Құдды аспан бақбақ гүлін уыстап алып жерге төккендей. Қысқа ғұмырдың қызығын алдында ойнап жүрген балапанына балайтын ақсақал әр мамыққа ұзақ қарайды. Терек тағы гүлдеді. Жаңарды, жасарды. Өткен күндердің сәулесіндей. Айнала сүттей аппақ. Әне, біреу үйілген мамықты өртеп жатыр...