• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Руханият 04 Маусым, 2020

Елдік таңба – ел мұраты

716 рет
көрсетілді

Қаншама ұрпақ аңсап, армандап, зарығып жеткен тәуелсіздікке қол жет­кіз­ге­німізге де үш он жылдықтың жүзі болып қалды. Бодандықтың қамыты ал­қымнан алып, тынысты талай тарылт­ты. Қасірет таңбасын да кигізбей қой­мады. Бірақ қайсар қазақты ниеті қараулар жоя да, жоғалта да алмады. «Елім-айлап!» жүріп қазақ елдігіне жетті. Бұрынғы бабалар бөрілі байрақ, ақ ту ұстаса, бүгінгі жұртымыз үш бірдей елдік белгісін орнықтырып отыр.

Иә, мемлекеттік рәміздер, оның азат елде қабылдануы – құбылыс. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы 4 маусымда мемлекеттік Туымыз бен Ел­таңбамыздың және Әнұранымыздың му­зыкалық редакциясы туралы тарихи заңдарға қол қойды. 6 маусым күні «Шарықта, шарла, көкте, көк Байрағым» (Ғ.Қайырбеков), деп аспанмен астасқан Көк Ту көкке көтеріліп, шарасы кең шаңырақ қанатты тұлпар қанатымен көмкерілген Елтаңба тұғырға қонды. Алты ай өткен соң, яғни 1992 жылғы 11 желтоқсанда рухымызды асқақтатып мемлекеттік Әнұранымыздың мәтіні бекітілді. Содан бері де 28 жыл өте шығыпты.

Халықтың қолдауымен бекітілген рәміз­де­ріміз Ата Заңның 34-бабында: «Әркім Рес­публиканың Мемлекеттік рәміздерін құр­меттеуге міндетті» деп тиянақталды. Ұлт рәміздері ой-санамызды серпілтіп ғана қой­май, парасат-пайымымызды бекітіп, селкеуі бар сенімді біржолата орнықтырды. Сол құндылыққа қай кезде де құлықсыздық танытпай, адал «құл» бола білу ұлтым деген ойлы жанға сын. Қымбатыңа бас ию де өскендіктің белгісі.

«Арғы атам – ер түрік, Біз – қазақ еліміз!» – деп жыр жампозы Мағжан Жұмабаев айтқандай, сол мемлекеттік рәміздеріміз қазір Қазақ елін алты құрлыққа танытып, абыройы­мызды асырып, беделімізді биіктетіп тұр. Төрткүл дүниеде дүйім жұрт жиналса, әлем назарын аударған дүбірлі жарыс өтсе Көк Туымыз желбіреп, Әнұранымыз шырқалады. Мұндай сәтке куә болған тұста, қанша жерден тоңмойын болсаң да толқымай тұруың мүмкін емес. Ел азаматымын деп еңсеңді тік ұстайсың. Рухың көтеріледі. Төңірегіңе мен де бармын дейсің. Осындайда Конфуцийдің: «Әлемді нышандар мен рәміздер билейді», деген сөзі еріксіз ойға оралатыны бар.

Елдіктің басты белгілерінің көшбасы саналатын рәміздерімізді танып білу ісі бүгінде бекемделіп келеді. Жыл сайын 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні ретінде аталып, бұл қапысыз жалпыхалықтық іске айналды. Осы халықтық істің орнығуына өзіндік үлесін қосып, алғаш рет рәмізді тану ілімін тұңғыш бастаған азамат, ол – қарымды қаламгер, қоғам қайраткері Ербол Шаймерденұлы еді. Тұңғыш мемлекеттік рәмізімізді қабылдау комиссиясының хатшысы қызметін атқара жүріп, тарихи шешімді жұртқа жеткізуде оның атқарған жұмысы ерекше болды. Бастау басынан бастап атқарылған жұмысты саралай жазып отырды.

Осы арада оның өзім ғана демейтін кісілігі мен кішілігін еске түсіре кетелік. Рә­міз­­деріміз қабылданған соң, халқым деген қайсар қазақ Сейдахмет Бердіқұлов серіктес інісі әрі шәкірті Ерболға: «енді осыны тарихи-танымдык тұрғыда халыққа жеткізу сенің еншіңде», деген тілегін мүлтіксіз орындап, қыруар жұмыстарының арасында жанкештілікпен жазған алғашқы еңбегін, «Қазақ елінің рәміздері» (1993) деген ту түстес кітабын шығарып бергенін бақиға аттанғанша айтып жүрді. Ол кезде ұлт ісіне ұмтылыс бөлек еді ғой. Жинақ кейін көркем ғылыми пайымдармен толықтырылып, түрлі суреттер қосылып, елдік аңсарға ұйытып, ұрпақты отаншылдыққа баулып, ортақ мүддеге жұмылдырып әлденеше рет жарық көрді. Әлемнің алты тіліне аударылып, мемлекетіміздің рәміздерімен бірге, арғы тарихымыздан да хабардар еткенін еске сала кетелік. Қазір бұл еңбек елтану әліппесіне айналды десек артық айтқандық емес.

Осы арада мына бір ұсынысымызды біл­діре кетсек дейміз. Өткен жылы Ербол Шаймерденұлының кіндік қаны там­ған жер, алыптар мекені, Қызылжар жұрт­шы­лығы «Тұңғыш рәміз танушы Ербол Шай­мерденұлы» деген тақырыпта үлкен жиын өткізді. Бұл алқалы жиында мектеп оқушысынан бастап, барлық жұртшылық мемлекеттік рәміздеріміз туралы ой бөлісіп, құн­дылығымыздың құнын арттыру үшін осындай игілікті іс-шараны республикалық дең­гейде өткізсе деген ұсыныстарын біл­дір­ген еді. Шынында, Рәміздер күніне орай, аталған тақырыпта республикалық конкурс ұйымдастырып, жұртымыз бірге жұмылса елдік белгіміздің мәртебесі биіктеп, кейінгі толқын терең танып білуге жол ашылар еді. Елдік таңбаның ел мұраты екенін нтүсініп түйсінер еді.