• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Саясат 05 Маусым, 2020

Байламы бекем бәтуалы сөз

265 рет
көрсетілді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған үндеулері, мәлімдемелері, түрлі алқалы жиындарда сөйлеген сөздері, отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған сұхбаттары әдетте халықаралық қоғамдастықта, сондай-ақ қазақстандық қоғамда қызу талқыланып жататыны белгілі.

Жақында Қ.Тоқаевтың «Комсомоль­с­кая правда» газетіне берген сұхбатында басқаны былай қойғанда, қазақстандық қоғамда, дәлірегі, өз арамызда жиі талқы­ланып жүрген сұрақтарға нақты әрі тұщымды жауап берілді. Бұл Прези­денттің аталған сұхбатының ел ішінде кеңінен талқылануына септігін тигізіп қана қоймай, қоғамымызды ортақ мүддеге ұйыстырып, халқымыздың келешекке деген сенімін нығайта түскені анық. Енді «Осы сұхбатта нендей мәселелер қозғалды, қандай көзқарастар айтылды?» деген сауал төңірегінде әңгіме өрбітсек.

Сонымен...

Қазақстан Президенті қойылған сұ­раққа орай, еліміздің азаматтары үшін көршілес Ресей ең жақын мемлекет болып қала беретініне екпін берді. Қ.Тоқаев­тың айтуынша, екі мемлекеттің халық­тары арасында ғасырлар бойы қалып­тасқан өзара сенім мен түсіністік бар. Қос тараптың көптеген азаматын туыс­тық, достық және кәсіби байланыс­тар біріктіреді. Біздің қоғам Ресейді стра­те­гиялық серіктес және одақтас деп қабыл­дайды.

Сонымен қатар «Еліміздің Ресей мен Беларусь сияқты одақтас мемлекеттің құрамына кіруі мүмкін бе, Еуразиялық экономикалық одақты қандай да бір «Шығыс Еуроодағына» айналдыру мақсаты бар ма, елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың, бірлескен жоба­лар­дың қайсысының келешегі зор деп ойлайсыз?» деген мазмұндағы сұрақтарға жауап беру арқылы Президент Қ.Тоқаев осы мәселе төңірегінде айтылып жүрген түрлі жағымсыз, өзеуреген пікірлерге сәтті тойтарыс бере білді. Бұл сөзімізге Прези­денттің: «Қазақстан Ресеймен және Бе­ларусьпен екіжақты форматта да, инте­грациялық бірлестіктер (ЕАЭО, ҰҚШҰ, ТМД) аясында да тығыз жұмыс жүргізіп келеді. Ресей мен Беларусь сияқты одақтас мемлекеттің құрамына қосылу біздің жоспарымызда жоқ. Жоғарыда аталған ұйымдар аясында интеграцияны одан әрі дамыту басым бағытымыз болып қала береді. Еуразиялық экономикалық одақтың әлеуетін тек экономикалық одақ тұрғысында күшейтуге мүдделіміз», деген жауабы дәлел.

Қ.Тоқаевтың сөзіне қарағанда, ЕАЭО-ны жаһандық ауқымдағы тиімді құрылымға айналдыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде, 2025 жылға қарай ортақ энергетикалық және қаржылық нарық қалыптасады. Әсіресе цифрлық ықпалдастық перс­пективалы бағыт болмақ. Президент, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде кейде тіпті, ең жоғары деңгейде қызу пікірталастар болатынын, бірақ бұл талқылаулар құрылымды неғұрлым табысты, беделді етуге деген ортақ талпынысты білдіретінін жеткізді.

Кейбір сарапшылардың Қазақстанда «қос билік пайда болды» деп бұра тарта айтып жүрген пікірлері ақпараттық кеңістікте арагідік болса да қылаң беріп қалатыны белгілі. Президент бұл негізсіз, қоғамдық көңіл күйге кері әсерін тигізуі мүмкін пікірге қатысты да өзінің көзқарасын ашық білдірді. Осы орайда Қ.Тоқаев Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев – қазіргі Қазақстанның негізін қалаушы, ауқымы кең тарихи тұлға екенін айта келіп, «Біз үшін оның тарихи және саяси мұрасын сақтап қалу маңызды. Бұл Қазақстанның мемлекеттілігін нығайту үшін аса қажет. Сондықтан, менің сайлауалды бағдарламамның алғашқы тармағы сабақтастық деп аталды. Қазіргі күрделі жағдайда Н.Назарбаев менің дағдарыстан жедел шығу, жаңа экономика құрып, азаматтарға материалдық көмек беру жөніндегі бағытыма нақты қолдау көрсетті. Ешқандай қос билік жоқ. Бұл туралы Нұрсұлтан Әбішұлының өзі де бірнеше рет айтты және қоғамды қазіргі Президенттің айналасына бірігуге шақырды», деді.

Сұхбат барысында еліміздегі қо­ғамдық, оның ішінде этносаралық келісім төңірегінде де сөз қозғалды. Нақтылай айтқанда, «Қазіргі кезде Қазақстанда қанша орыс тұрады және олардың құқықтары қаншалықты қорғалған?» деген сауал қойылды. Бұған байланысты Президент шын мәнінде, қазақстандықтар этностық шығу тегіне қарамастан, өздерін біртұтас халық санайтынын, Қазақстанда «аз ұлттар» деген түсінік жоқ екенін, елімізде жалпы халық саны бойынша орыстардың үлесі шамамен 19% құрайтынын жеткізе келіп, «Елімізде тұратын орыстар біздің халқымыздың ажырамас бөлігі саналады және барлық құқықтарға ие. Жақында шетелдік аналитикалық материалдардың бірінен «Қазақстандағы орыс диаспорасы» деген сөзді көзім шалып қалды. Шындыққа қайшы келетін мұндай сөздерді мүлдем қолданбау туралы өзіміздің идеологтар мен сарапшыларға ескерттім. Орыстар – біздің халқымыздың бір бөлігі. Олар Қазақстанның қалыптасуына, дамуына зор үлес қосты. Оны ұмытуға болмайды», деді. Президент, сондай-ақ Г.Потанин, П.Зенков, Е.Брусиловский, А.Затаевич, А.Бараев, С.Луганский, И.Шухов, И.Панфилов, И.Павлов, Н.Макиевский сынды тұлғалардың есімдері еліміздің тарихында алтын әріппен жазылып қалғанын, Г.Головкин, А.Винокуров, О.Рыпакова секілді қаншама атақты спортшыларымыз әлемнің спорт ареналарында Қазақстанның намысын қорғап, абыройын асқақтатып жүргенін атап өтті.

Ал елімізде жер-су атауларын өзгертуге қатысты қойылған сұраққа орай Президент бірқатар елді мекендер мен көшелердің байырғы атаулары қайтарылып жатқанын, Кеңес дәуірінен қалған «Тепловозная», «Приканальная» секілді жергілікті тұрғындар арасында танымал емес, үндеспейтін атаулар, топонимдер тарих қойнауына жіберілгенін айтты. Осы орайда Мемлекет басшысы: «Әрбір атауды өзгерту алдында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тарихи негіздеме, азаматтардың сауалнамалар мен жиналыстарда айтқан пікірлері ескеріледі. Билік орысша атаулардың бәрін алып тастауды мақсат етпейді. Жақында ғана Қарағандыда Григорий Потанин мен Александр Затаевич атындағы көшелер пайда болды», деді.

Сұхбат алушы тарап елімізде билік органдарына қызметке тұруда славян жұртшылығы өкілдерінің қандай да бір қиындықтарға тап болатыны секілді тенденциялардың бар екенін меңзеді. Бұған Қ.Тоқаев нақты әрі қысқа жауап берді: «Мемлекеттік қызметке тұрғысы келетіндерді кемсіту туралы пікірмен де келісе алмаймын. Бүгінде славян және өзге де этностық топ өкілдері үкіметтік мекемелерде, Парламентте және мәслихаттарда қызмет етіп отыр. Орыстар шағын және орта бизнесті, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосуда. Конституция бойынша орыс тілі мемлекеттік органдарда ресми түрде қолданылады».

Сұхбат кезінде елімізде латын әліпбиіне көшу процесі жүріп жат­қанына, оған Қазақстанмен көпжыл­дық ортақ тарихы, мәдени-рухани жақын­дығы бар Ресейде белгілі бір деңгейде алаңдаушылық туындап отыр­ғаны жөнінде де сұрақ қойылды. Бұл сауалға қатысты Президент: «Бұл үдерісті біздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» тұжырымдамасы аясында көтерді. Ол ла­тын қарпіне көшудің тек қазақ тіліне қатысты екенін, орыс тілінің жағ­дайына әсер етпейтінін бірнеше рет мәлімдеді. Жаңа технологиялардың жедел енгізілуіне байланысты жаһандық ақпа­раттық кеңістік те қарқынды түрде өзгеріп келеді. Негізгі ақпараттар латын графикасына негізделгендіктен, біздің балаларымыз жаңа жағдайға бейімделуі керек. Қазақ әліпбиін жаңғырту қазақ тілінің коммуникациялық мүмкіндіктерін арттыру ниетінен туындаған», деді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзіне қарағанда, біз Орталық Азия мемлекеттерінің тәжірибесін ескере отырып, латын қарпіне біртіндеп көшеміз. Қолдан жеделдетуге жол берілмейді. «Себебі, мұнда кириллицадан латынға жай ғана көшу емес, қазақ тілінің орфографиясын қайта құру жөнінде айтылып отыр. Одан бөлек, қазақ әдебиетінің классиктерінің барлық маңызды еңбектері кириллицада жазылғанын, көптеген қазақ ұрпақтарының кирилл әліпбиінде білім алғанын және қазір де оқып жатқанын естен шығаруға болмайды. Асығыс қадам жасау мұндай үлкен іске зиянын тигізіп, шалыс бастыруы мүмкін. Сондықтан бұл мәселені ақылға салып, парасаттылықпен шешу керек», деді Президент.

Ал Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың келешегіне байланысты сұраққа орай Президент қазіргі уақытта екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастар ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестік деңгейіне жеткенін атап көрсетті. «Қытай – Қазақстанның маңызды экономикалық серіктесі. 2019 жылы екіжақты тауар айналымы 14,5 мил­лиард долларға жетті. COVID-2019 пандемиясымен күрестегі ынтымақтастық пен көрсетілген өзара көмекті серіктестік тарихындағы жарқын сәт деп айтуға болады. Қазақстан Уханьға медициналық гуманитарлық көмек жіберді. Телефон арқылы сөйлескенімізде Төраға Си Цзиньпин «Дос басыңа іс түскенде танылады» деген мақалдың дәл осындай сәтте өзекті екенін айтты. Коронавирус толқыны Қазақстанға келгенде Қытай тарапы да дереу гуманитарлық көмек көрсетіп, Қазақстанға білікті мамандар тобын жіберді», деді Қ.Тоқаев.

«Қазақстанда АҚШ-тың әскери базасының пайда болуы мүмкін бе?» деген сауалға Президент тарапынан: «Қазақстанда АҚШ-тың әскери базасын салу талқыланып жатқан жоқ және бұл мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ», деген жауап берілді. Президенттің айтуын­ша, Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастық түрлі стратегиялық салаларда табысты дамып келеді. Қос тарап қарусыздану және ядролық қаруды таратпау мәселелері бойынша ұдайы байланыста.

Қазақстанның саяси-экономикалық, әлеуметтік, мәдени-рухани ұстанымдары мен бағыт-бағдарына қызығушылық танытатындар мен еліміздің бүгіні мен ертеңіне сергек қарайтындардың аз емес екені белгілі. Оның үстіне Президент Қ.Тоқаевтың кез келген мәселеде ойын батыл білдіретіні, өзіне қойылған түрлі сауалдарға нақты әрі бүкпесіз ашық жа­уап беретіні халықтың ақпарат кеңістігінде жарияланған ой-пікірлеріне ерекше назар аударуына белгілі бір деңгейде ықпал ететіні сөзсіз. Мемлекет басшысының  ресейлік «Комосмольская правда» газетіне берген сұхбатының  біз білетін бар шындығы осындай. Осы ойы­мызды оқырманмен бөліскенді жөн көрдік.