Гоголь портреті
Айтыла берген сөз де ақжемденеді. Әрі-беріден соң ығыр қылады. Бұл портрет жайлы сан мың сөз айтылған. Сондықтан Гогольдің «Портретіндегі» жайма базардан, жарқын дауыстардан, жас жігіттің жадағай тұрмысынан, тіпті портреттің өзінен, ондағы әлгі жан шошытар көзден, жасырын қалаулардан, алтын мәнеттің сыңғырынан, өң мен түстен, бәр-бәрінің жанынан жанай өтіп, бірден жалдамалы пәтерде Лизаның портретін салып отырған жас жігіттің үстінен түсейік. Бұл повестегі бізге мысал болар образ да осы. Бұл біздің көруіміз.
Чартков, дұрыс айтасыз, аса дарынды жас суретші еді. Оны профессор да байқаған. Балауыз шамдай балқып отырған бойжеткеннің жүзіне суретші бажайлап қарап үлгергенше Гоголь «балауызымызды» «қатырып» тастайды. Петербург салондарының мәнерімен. Мәдениет мәселесі. Автордың кейіпкердің іс-әрекетіне араласа беруі өте қызық әрі ыңғайсыздау екен. Оның талғамымен де таласады. Біресе Тицианды, біресе Рафаэльді шығарады. Чартков жас сұлудың балғын тәнін бағамдағанша, оны бәткерде қылып, «талантты суретші болса, мынаны байқар еді» дегендей репликалармен ретсіз шүйлігеді. Чартковты аса талантты деп басында келісіп алсақ та, солай етеді. Соның бәріне қарамастан, жас суретші сұлудың мұздай мүсіні, мұңаймас кескінінің арғы жағынан көз астындағы көкшіл реңкті, болмашы ғана сарғыш бояуды, тіпті оның маңдайындағы зәредей ғана әнтек бөрткенді көріп үлгергені сол еді, Лизаның анасы арқылы оны салуға тыйым салып қойды. Жас суретші бір образды екінші образға көшіру арқылы ғана алдамшы жол тапты. Повесті оқып отырғанда автордың сюжетке шексіз еркін араласуы, әсіресе кейіпкерін кекетіп, кимелей беруі мені таңдандырған еді. Сөйтсем, оның сыры бар екен. Ұлы жазушы живописьті жанындай жақсы көрген. Суретшілермен бірге даңқты салондар мен музейлерде, әсіресе Римде саяхат құрған. «Сіз суретті жақсы салады екенсіз ғой» дегенге, «Пәлі, сіз оны білмеуші ме едіңіз?» деп паңдана жауап берген. Сондықтан да Чартковтың шаршатуына шыдаммен қарауға тура келеді.
Бірақ дәл сол жерде, өзінің емес, автордың идеясына бағынудың салдарынан біздің аса дарынды жас суретшіміз көркем көшірме жасаушыға айналып жүре берді. Әдебиетте болса, оны графоман дер еді. Тавтологияның талантты өкілі. Ақыры – арзан атақ, абыройсыз, азапты өлім. Оның бәріне біз айналып өткен алғашқы портреттегі шалдың көзін, кейіпкердің жасырын жан қалауын жазықты етіп шығарды. Осы арқылы автор талант өлімін, әрі қарай талант өлтіру ойынын көрсетеді. Жаудырма мақтау, жағалай қошемет.
Ал Николай Васильевичтің ештеңесі кеткен жоқ, Римнен ұлы суретшіге айналған Чартковтың жас күніндегі жолдасын оралтты. Мүмкін, Римнен өзі де солай оралғысы келген болар? Мүмкін, бұл да ұлы жазушының жасырын жан қалауы болған шығар?!.
Уайльд портреті
Суық түсті сұр жігітке, сұлулық пен жастықтың, тәкаппарлық пен тектіліктің, күнәсіздік пен кіршіксіз тазалықтың сұмдық үйлесіміндей, сұқтана көз салған замандастары, арада он сегіз жыл өткеннен кейін де, от пен суды қатар кешкеннен кейін де сол қалпында сақталып қалғанын көргенде, әрине, сайтан көргендей шошынады. Есесіне портреті, «піл сүйегі мен алқызыл раушан күлтесінің үндесуіндей» бейнесі қараулық пен қатыгездік, күнә мен қылмыс, арсыздық пен азғындық, ескіру мен қартаюдың бәрін өзіне алып, өзіне жұтып, тозып, тұлданып, күн астында қалған көк өгіздің талысындай тартылып, шіруге айналады. Жалпы, осы аралықтағы оқиға желісі оқырманға жақсы таныс.
Оскар Уайльдтың «Дориан Грейдің портреті» уақытында қағытпа ойдың, қыжыртпа сөздің қақпақылында жүрсе де, тым асқақ әспеттелген ертегіге баланса да, үш аптаның ішінде жазылып, үш ғасырға дабырасы жеткен туынды болды. Жаңа да көне символ-образ ретінде әдебиетте қалды.
Өмірдің мәнін рақат пен ләззаттан ғана іздеуге үндейтін гедонистік ағымның арбауына түсіп, жетегіне ерген желөкпе жас – жиырмаға енді шыққан жігітті аяу да, аяусыз әшкерелеуге тырысу да, тіпті қызғану мен қызығу да, суретшінің қасіреті, сұлудың өлімі үшін жазғыруға оқталу да – жазушы шеберлігі тудырған жанама әсерлер. Шығарманы оқу барысында туатын ыза мен жеккөрушілік, таңданыс пен тосырқау сезімдерін кеше отырып, ең бір ізгі моральдық құндылықтардың, аса бір нәзік эстетикалық сезімдердің (әсіресе он тоғызыншы ғасырда) жапа шеккені үшін жазушыны кінәлауға асығар оқырманның ойын оқып қойғандай, автор: «Әр адам Дориан Грейден өз күнәсін көреді. Ал Дорианның күнәсі неде екенін ешкім де анық білмес. Күнәсін білдім деген кісінің өзі одан өз күнәсін ғана танымақ», дейді.
Ал біздің ғасырда Дорианның күнәлары деген кітапша болған болса, қай беттегі қай сөздің асты қарамен сызылар екен?! Жақсы, біздің іздеген ойымыз кейіпкердің күнәларында емес, портреттің өзінде. Әр адамның, осы тақырыптың аясында қарасақ, өзіне ғана тән Бэзил Холлуорды да, лорд Генриі де бар. Ол арман, қалау, мақсат, іңкәрлік, махаббат, құмарлық, қызығушылық, тағы да басқа сезімдер мен құндылықтардың бейнесінде болуы мүмкін. Сол сезімдеріміз суретші Бэзил секілді біздің портретімізді салады. Оскар Уайльдтың символдық образының түпкі идеясына үңілер болсақ, біздің портретімізде біздің бейнеміз емес, басқа адамдардың бейнесі тұрар еді.
Біздің портретімізде кімнің бейнесі тұр және біз кімнің портретіміз? Қайсыбір бұлғақ бозжігіт, әке малына мастанған, оқудан қуылып, қылмыс жасап, құрыққа ілінген болса, оның портреті – әкесі. Қайсыбір бұла бойжеткен бұрыс жолды бойлап, былғанар болса, оның портреті – анасы. Олар тозбайды, ата-ана тозады, олар қартаймайды, ата-ана қартаяды.
Біздің әрбіріміз отбасымызды асырау үшін ала таңнан қара кешке дейін жұмыста жүрсек, жардың сыры, бала тәрбиесінен жырақтап қалсақ, я қызметке, я өнерге бас қоя кетсек, қыздырмалатып қызық қуып, қыдырымпаз серілікті сән көрсек, біздің портретіміз – үйдегі жар мен бала. Біз тозбаймыз, олар тозады, біз қартаймаймыз, олар қартаяды.
Елдің қызметінде жүрген қайраткер, я шенеунік, тіпті осы бәріміз ант пен серттен адасып қалар болсақ, парыз бен борышты ұмытар болсақ, біздің портретіміз – халық. Біз тозбаймыз, халық тозады. Біз қартаймаймыз, халық қартаяды. Бұл адасулар мен ұмытулар, қызық пен құмарпаздық – біздің лорд Генриіміз. Қоғамдағы әр адам – бір-бірінің портреті. Қайсыбір істе де кімді құрбандыққа шалғалы тұрғанымызды ойлау ғана бізді құтқара алар күш.
Отарбаев портреті
Бір демдік әңгіме. Тақырыбынан қысқа. Бірақ сол бір демді құшырлана тартқанда – көк алманың иісіндей жастық албырттығы аздап басыңды айналдырғандай болып, қайта шығарғанда – кәріліктің кеңсірігіңді тұтқан өксігімен бірге көзіңнен бір тамшы жас та ытқып шығып кетеді. Дем арасындағы өмір, адам тағдыры, әулет тағдыры. Талқаны шыққан тағдырлар. Өксіген өз өмірі. Мұратына жетпеген жігіт. Адасып қалған армандар. Бірі – Сібір орманында, тағы бірі – сүрлеу ғана баратын ауылда.
Әңгіменің өне бойында Мона Лиза үнсіз жымияды, Моншақ – үнсіз жылайды. Ол (жүрек) әрқашан үнсіз жылайтын еді ғой. Сиқырлы күлкі мен жабайы көз жасы. Сиқыр – өнер, жабайылық – өмірдің өзі.
Рақымжан Отарбаевтың портреті («Мона Лиза» әңгімесі) – салынбаған сурет. Сол бос кеңістік – жасалған қателіктің суреті. Бір қателіктің, мейлі ол ең бір адал әрі аңғал ойдан, тіпті бейкүнә әзілден туса да, бүкіл өміріңді бүлінген суреттей етерінің мысалы. Салынбаған сурет – қос ғашықтың бірге сүрілмеген өмірі. Ол қателік сөз кейпінде болуы да мүмкін еді, әлдекім жеткізген әділетсіз сөз, жас сұлудың гүлзарын жайпап өтер дүлей сөз, бірақ ол портрет ретінде берілген. Сөз – үнсіз портрет. Үнсіздік кейде асқан шешен шығады. Сондықтан да Мона Лиза – Моншақтың жасырын қорқынышы, құлағынан кетпес бейдауа тыныштықтың ащы үні. Әңгімеден мораль іздеудің өзі әбестік шығар, ол тәмсіл не ертегі емес қой, дегенмен сала алмаған сурет – айта алмаған сөз, айта алмаған сөз – баруға батылы жетпеген ерлік. Отарбаев өзі де отты кісі еді ғой, қойылған қоңыр даусымен қара сөзді қойша өргізіп, «жігіттер, кешікпеңдер!» дейтін секілді: қай шаруада да.
Байқайсыз ба, біз мысалға алған үш шығарманың да (роман, повесть, әңгіме) кейіпкерлері – он жеті-он сегіздегі бойжеткендер, жиырманың үстіне шыққан жас жігіттер. Үлкен өмірдің табалдырығында тұрған тағдырлар. Алғашқы қадамда сүрінді. Сүріндірді.