Әлемді шарпыған пандемия бізге көп нәрсенің қадірін ұғындырған секілді. Карантинде біраз уақыт үйде қамалып отырып, кейін таза ауада серуендеуге рұқсат берілгенде, «Шіркін, өз еліміздің табиғатына, өз жерімізге жетер дүние жоқ екен ғой», десті талай жұрт.
«Алтын Адамды» қашанғы аяққа таптаймыз?
Иә, енді қазақстандықтар шетелге баруды мүлде доғармаса да, бұрынғыдай құмартпайтыны анық. Бұл – ішкі туризмді ілгерілетуге үлкен мүмкіндік. Туризмнің түрі көп. Соның бірі – мәдени туризм. Сол мәдени туризмді дамытуға қолайлы өңірдің бірі – Шығыс Қазақстан. Жидебай дейсіз бе, Берел дейсіз бе, Шілікті дейсіз бе, Ақбауыр дейсіз бе, Қоңыр әулие үңгірі дейсіз бе, Қиын Керіш дейсіз бе, жіпке тізе берсек, алысқа кетерміз, осынау қасиетті мекендердің барлығы облыс аумағында орын тепкен. Несін айтасыз, көрсе, көз тоярлық, көңіл тебірентерлік ғажайып жерлер. Алайда осы жерлерде алыс-жақыннан ат арытып келуші жұртқа тиісті жағдай жасалған ба? Осы сұрақ ойқастап алдымыздан шыққанда тағасыз тасқа салған тұлпардай тасырқап қалатынымыз рас.
Иә, өңірде туристерді апаруға, ұялмай көрсетуге болатын тарихи жерлер жетерлік. Мәселен, Катонқарағай ауданындағы Берел жазығына сондағы ғажайып жәдігерлерді көру үшін жыл сайын 50 мыңға жуық турист келеді. Қазір Берелге жұрт Алтайдың жұпар ауасымен тыныстай, әсем табиғатын тамашалай отырып шаршамай, шалдықпай жетеді. Себебі бұрынғыдай емес, жол әжептәуір түзелген. Жолай Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақ, Дидахмет Әшімхан сынды таланттар дүниеге келген ұлы таудың қолатындағы ауылдарды көреді. Маусым айында бұғылардың мүйіз кесу науқанын тамашалауға да мүмкіндік бар. Мұзтауға барамын десеңіз де еркіңіз. Бірақ ол жаққа жетудің машақаты көп. Әрине, Алтайдың артықшылығы, ең әуелі – ғажайып табиғаты, сосын тамырлы тарихы. Туристер осы үшін де Алтайға асығады. Абай ауданындағы Абай, Шәкәрім сынды ұлылар мәңгілікке тыныс тапқан Жидебайға да қазір қиналмай барасыз. Семейден шыққан соң Күшікбай кезеңіне бір тоқтап, қысы-жазы ағып тұратын мұздай бұлағына жуынып, бір сергіп, одан әрі Мұхтар Әуезовтің туған мекені Бөріліге бір аялдап, ұлы Абайдың кіндік қаны тамған Сырт Қасқабұлақ, Еңлік-Кебек ескерткіші мен Құнанбай бабамыз ұрпақтарымен жерленген Ақшоқыға бір мезірет етсеңіздер, Жидебайға қалай жеткендеріңізді өздеріңіз де білмей қаласыздар.
Бір сүйінерлігі, Сырт Қасқабұлақ пен Ақшоқы биыл 175 жылдық мерейтой аясында абаттандырылып, көгалдандырылып жатыр. Келуші жұрт демалатын, зиярат жасайтын орындар әзірленуде. Бұған дейін жұрт Сырт Қасқабұлақ пен Ақшоқыға соқпастан бірден Жидебайға тартса, енді бағытын сәл өзгертіп, біз атаған мекендерге аялдайтыны анық. Тарбағатай ауданындағы Ырғызбай әулие кесенесіне келушілер қатары да аз емес.
Әсіресе әулие атындағы жыл сайын қазақ күресінен өтетін халықаралық турнир Барқытбел баурайына туристердің көптеп келуіне әсер ететін. Биыл пандемияға байланысты үлкен спорттық шараның өтетін-өтпейтіні әзірге белгісіз. Бұл тарихи орындар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Шығыс Қазақстанның киелі жерлері» картасына енген.
Алайда осы тізімге енсе де, туристердің келуі үшін тиісті жағдай жасалмай отырған жерлер де бар. Соның бірі – Зайсан ауданындағы Шілікті жазығы. 2003 жылы белгілі археолог Әбдеш Төлеубаев осы жазықтан ел тарихындағы үшінші «Алтын Адамды» тапқан болатын. Жергілікті жұрт «Бәйге төбе» (оның астында бабалары жатқанын қайдан білсін?!) атап кеткен қорғаннан сол кезде 4303 дана алтын бұйым шығып, ескерткіш құнды жәдігерлерінің молдығымен елді таңдандырған еді. Осыдан 3 жыл бұрын жұмыс сапарымен Зайсан ауданына жол түскенде Шіліктінің даңқын шығарған «Алтын Адам» табылған жерге тағзым етпегеніміз жөн болмас деп қасиетті орынға соққаным бар-ды. Сондағы көрініс әлі күнге дейін көз алдымда. Қорған Жалши ауылынан 2 шақырым жерде орналасқан екен. Тарихи мекенге алғаш рет табан тірегендіктен іштей «Алтын Адам» табылған жер сонадайдан менмұндалап көзге түсетін шығар, сырты қоршалып, арнайы белгі қойылған болар» деп ойлағанмын. Алайда ауыл тұрғындарының бірі арнайы апарып көрсетпесе, сырттан келген жұрт байқамай, елемей өте шығатындай жай төбелердің бірі секілді көрінгені рас. Ауылдағы ағайынның бабалар сүйегі жерленген қорымның үстіне күл төбенің үстіне шыққандай көлікпен емін-еркін шыға беретіні де көңілге кірбің түсіргенін несіне жасырайық?! Бұл жер әлі сол қалпында тұр. Сырты қоршалмағандықтан жергілікті жұрт «Алтын Адам» табылған қасиетті төбені аяққа таптап жүр. Осыдан біраз жыл бұрын облыс әкімі Даниал Ахметов осында аспан астындағы музей салынатынын айтып еді. Әзірге құрылыс жұмыстарының басталғаны байқалмайды. Алайда былтыр Шілікті қорғаны филиал ретінде «Берел» қорық-музейіне қосылғанын естігенбіз.
Ерекше ескерткіштерге толы Елеке сазы
Шығыс Қазақстандағы соңғы жылдары құнды жәдігерлер шығып, ел назарын аудара бастаған тарихи жерлердің бірі – Тарбағатай ауданындағы Елеке сазы жайлауы. Елеке сазы ескерткіштерін ең алғаш зерттеген тарбағатайлық археолог Ерден Оралбайдың айтуынша, бұл аумақта 300-ден астам қорған бар. «2018 жылы ұстазым, белгілі археолог Зейнолла Самашев Елеке сазы жайлауынан тоналмаған «Алтын Адамды» тапты. Осыдан кейін бұл жаққа елдің назары ауа бастады. Расында, Елеке сазының туристік әлеуеті жоғары. Жоғары болатыны, мұндағы ескерткіштер сан алуан. Құрылыстары да өзгеше. Қола дәуірінен бастап сақ, ғұн-үйсін, көне түркі дәуіріне дейінгі ескерткіштер шоғыры орналасқан. Мұндай ескерткіштер елімізде сирек кездеседі. Екіншіден, бұл жердің табиғаты да ғажап. Жайлау ғой. Сарқырап өзен ағып жатыр. Демалыс үйлерін салып, жаз кезінде бие байлап қойса, қандай ғажап! Мені археолог ретінде алаңдататын бір дүние, қазір тонаушылар көп. Дәл қазір Елеке сазында күзет болғандықтан олар бара алмай жүр. Ертең не болары белгісіз. Сондықтан бұл жер мемлекет қамқорлығына алынып, қазба жұмыстары жүргізілген қорғандар қоршалып, Берелдегі сияқты қорық-музей ашылса, жақсы болар еді», дейді археолог.
Елеке сазы Тарбағатай ауданының орталығы – Ақсуат ауылынан 90 шақырым жерде орналасқан. Жолы тәуір деуге келмейді. Археолог Ерден Оралбай осы жолды әзірге асфальттамаса да тегістеп, ретке келтірсе, ақырындап туристерді әкеле беруге болады деген ойда. Оның ойынша, Тарбағатай ауданының тарихи орындары негізінде туристік маршрут түзуге болады. «Мәселен, туристер ең әуелі Ырғызбай әулие кесенесі мен Бөрі Тостағанды тамашалап, содан соң Елеке сазына барса болады. Қажет болса, оларды Елеке сазының бер жағындағы қыстақтарға тоқтап, машинадан түсіріп, әрі қарай атпен апару да көп қиындық тудырмайды. Сонда олар табиғатты да тамашалауға мүмкіндік алар еді» дейді ол.
Елеке сазынан «Алтын Адамды» тапқан белгілі археолог Зейнолла Самашев бұл жаққа туристерді тарту үшін инфрақұрылым дұрыс болуы қажеттігін айтады. «Елеке сазы жайлауының аумағы өте үлкен. Барлығын қоршау мүмкін емес шығар. Ең әуелі қазылған қорғандарды жақсылап қоршауымыз керек. Әрине бірінші кезекте «Алтын Адам» шыққан қорған қоршалып, үстіне Берелдегідей саркофаг салынса, жақсы болар еді. Осы орайда біз арнайы жоба әзірлеп, облыстық Мәдениет басқармасына тапсырғанбыз. Ұсынысымызды облыс әкіміне де айтқанбыз. Былтыр осы аумақтан көне түркі кезеңіне тиесілі кешен табылды. Бұл, енді ғажап ескерткіш. Елімізде баламасы жоқ. Қазба жұмыстарын биыл жалғастырамыз. Сөз жоқ, бар жағдайды жасаса, Елеке сазы туристер үшін таптырмайтын орынға айналатыны анық. Жақсы жарнама керек. Туризмге жан-жақты қараған жөн. Ғылыми туризм деген де бар. Бұл жаққа Өскемен арқылы ма, Аягөз арқылы ма, әлде Ақсуат арқылы ма, әйтеуір арнайы маршрут қажет. Жол бойында кемпингтер, тамақ ішетін жерлер болса, туристер неге келмейді?! Мәселен, Берелге адамдар ағылып келгенімен жай ғана балалар балмұздақ алып жейтін дүкен жоқ. Ұсақ-түйек деп қарамай, осы жағына да мұқият мән беру керек. Елеке сазы үшін бәрінен де маңыздысы, бұл жерде қорық-музей ашылуы қажет. Ең әуелі осы мәселені шешкен жөн», дейді археолог.
Жер астындағы Жетіжар қалашығы
Облысымыздағы көп жұртқа әзірге беймәлім, бірақ құпиясы мол тарихи орындардың бірі – Бесқарағай ауданының Жетіжар ауылының маңынан табылған, Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жататын көне шаһардың орны. Бұл – бұдан 3-3,5 мың жылдан астам уақыт бұрын, Троя соғысы кезінде, сонау қола дәуірінде Шығыс Қазақстан жерінде, Ертістің жағасында тұрғызылған қалашық. Бұл тарихи мекенді керекулік археолог, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті археологиялық зерттеулер орталығының директоры Виктор Мерц бірнеше жылдан бері зерттеп жүр. Жиырма жылға жуық уақыттан бері осы іспен жанын сала шұғылданып жүрген ғалымның сөзіне сенсек, шамамен біздің дәуірімізге дейінгі XIII-XIV ғасырларда тұрғызылған, кейінгі қола дәуіріне тиесілі ежелгі протоқалашық Қазақстан ғана емес, оңтүстік-батыс Сібір аймағындағы осындай үлгідегі ескерткіштер арасындағы ең ірі қоныс саналады. Археологтің пайымынша, еліміздің аумағында қола дәуірі кезінен сақталған мұндай қалашық жоқ. В.Мерц осы уақытқа дейін тек Жетіжар қонысының өзінен 500-ден астам қыш, тас, сүйек және қола бұйымдарды тауыпты. Ал Жетіжар ауылына жақын Қараоба жерлеу кешенінен 50 мыңға жуық қыш сынықтарын кездестіріпті. Бесқарағай жерінен табылған құнды жәдігерлердің барлығы қазір Павлодардағы жоғарыда аталған оқу орнының археологиялық зерттеулер орталығында сақтаулы тұрған көрінеді. «2018 жылы Бесқарағайға Англияның Кембридж университетінен Дэниел Лоуренс есімді әріптесіміз келіп, Жетіжар қонысына геофизикалық зерттеу жүргізді. Соның нәтижесінде археологиялық аумақтың нақты өлшемін анықтадық. Сөйтіп ескерткіштің 100 гектардан астам жерді алып жатқанына көз жеткіздік. Есте жоқ ескі замандағы шағын қалашықтың осынша аумақты алып жатқанына, ғимараттардың санына, өзгеше сәулетіне қарап, бұл жерде ірі саяси-әкімшілік, экономикалық, өндірістік, діни және қолөнер орталығы болған деген болжам жасап отырмын. Бұл аумақта сол кезеңнің астанасы орналасуы да ғажап емес», дейді археолог.
Өкінішке қарай құпия-сыры әлі толық ашылмаған ескерткішке облыс тарапынан ешқандай көңіл бөлінбей отыр. Археолог ұсынған жобалар да назардан тыс қалған. Ал осы ескерткішті бірнеше жылдан бері ерінбей-жалықпай, өз күшімен, ынта-жігерімен зерттеп жүрген керекулік археологтің ендігі ойы, жоба-жоспары мынадай: «Бұл жердегі қоныстарды, қорымдарды басқа қорғандарды зерттегендей жай ғана зерттеуге, бірден қазба жұмыстарын бастап кетуге болмайды. Үлкен жұмысты ежелгі қаланың орны табылған Жетіжар қонысынан бастау керек. Ең әуелі осы қоныстағы жоғарыда айтып өткен жеке дара тұрған ғимаратты зерттеуден бастағанымыз жөн. Мұны тез арада музейлендіру қажет. Бұл ғимарат қазақстандық археологияның брендіне айналуы мүмкін. Мұндай өзгеше ескерткіш елімізде жоқ. Зерттеуді бастамас бұрын осы нысанның үстіне ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне енген Түркияның Чатал-Хююк және Сербияның Лепенск-Вир ескерткіштері секілді үлкен шатыр орнатылса, игі істердің бірі болар еді. Сол кезде қазба жұмыстарын кез келген уақытта алаңсыз жүргізе беруге болады. Ескерткіш те бұзылмайды. Туристерге де көрсетуге болады. Қазір қалған нысандарға тиісудің қажеті жоқ. Құр қазғаннан ештеңе өнбейді. Бұзып аламыз. Ең үлкен міндет – ескерткішті сақтау. Ескерткішті сақтай алсақ қана ежелгі өркениетті күллі әлемге паш ете аламыз», деген археолог зерттеу жұмыстарын шетелдік әріптестерімен бірлесе жалғастыра беретінін, дегенмен облыс басшылығы тарапынан қолдау күтетінін де жасырмады.
Шығыс Қазақстан облысы