Симптомсыз науқастарға қарағанда коронавирустың клиникалық белгілері айқын науқастарға көбірек көңіл бөлу керек. Бұл туралы Бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова хабарлады.
"Симптомсыз және симптомы бар науқастарға эпидемиология тұрғыдан тактиканың өзгеруі клиникалық белгілері айқын адамдарға көп көңіл бөлуіміз керек екенін көрсетеді. Себебі, халықаралық және қазақстандық тәжірибе кқрсеткендей, коронавирустың симптомдары айқын байқалатын науқастар айналасындағыларға аса қауіпті", - деді бас санитар.
Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, клиникалық белгілері бар науқас орташа есеппен 3 адамға ауру жұқтырады екен.
"Қазіргі таңда біз эпидемиологиялық тәртіп бойынша симптомы бар науқастарға назар аударамыз. Бірақ, симтомсыз науқастар да қараусыз қалмайды. Біздің деректер бойынша, үш симптомсыз науқастан тек бір адамға ғана індет жұғуы мүмкін", - деп атап өтті Айжан Есмағамбетова.
Сондай-ақ бас санитар коронавирустың ауру белгілері бар науқастар симптом пайда болған күннен 10 күн өткеннен кейін ғана басқа адамдар үшін қауіпсіз болатынын айтты.