• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 09 Маусым, 2020

Егіс алқаптарын әртараптандыру фермерлерді оқытудан басталуы керек

325 рет
көрсетілді

Кейінгі жылдары егіс алқаптарын әртараптандыру мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Бұл бастамаға тұтыну нарығындағы жаңа талаптар мен қазір әр өңірде байқалып отырған климаттық өзгерістер де әсер етіп отыр.

Өзге өнімді «өгей бала» көрмейік

Мысалы, қазір Сыр өңірінде көктем кеш туып, күз ерте бас­талатын болды. Оның үстіне дариядағы су деңгейі де жылдан-жылға төмендеп келеді. Ал ғалымдар әртараптандыру әркім өзі бастап кететін шаруа емес екендігін айтады, бұл бағытта өндіріс пен ғылым ұштасуы керек.

Сыр бойында Кеңес Одағы дәуірінде күріштен басқа да дақыл түрлері егілетін. Кейінгі 30 жылдың бедерінде бұл дәстүр ұмытылып, егістік өндіріс тек күрішке негізделді. Қазір өңірдегі Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ мамандары жыл сайын түрлі дақылдардың сұрыптарын шығарып, оның егу технологиясын әзірлеп, пайдасын диқандар арасында насихаттап келеді.

– Біздегі барлық технология тек күрішке негізделген. Ал шаруалар әр­тараптандырудың әліппесін бастасын десек, мемлекет тарапынан шығыны аз, пайдасы көп дақыл түрлерін өсіруге арналған техникаларға инвестициялық субсидияны 50 пайызға дейін көтеру керек, – дейді Қазақ күріш шаруа­шылығы ҒЗИ бас директоры, биология ғылымдарының кандидаты Бақытжан Дүйсембеков. – Сонда қазір әртараптандырудың тиімділігін түсінгенмен техника алуға қаржысы болмай отырған шаруалардың үміті оянып, бас­тама жалғасады.

Институт мамандары қазір май­бұршақ, жаздық және күздік бидай,­ мақсары, зығыр, рапс, жүгері, қант құмайы секілді да­қыл­­дарды егіп жатыр. Осының ара­­сында африкалық дақыл сана­ла­тын қант құмайының пай­дасы ұшан-теңіз. Қазір Еуро­па елдерінде танымал бұл да­қыл­дың дәнін мал азығына, 20 па­йызға дейін қант жинайтын өзе­гін түрлі шырын шығаруға, қалғанын сүрлемге пайдалануға болады. Қайта өңдеу арқылы бас-аяғы 50-ге жуық өнім беретін дақылдың қалдығынан отындық брикет шығарылады. Тамыры мен түбірінің өзі бір гектарға 18 тон­на­ға жуық органикалық тыңайтқыш «қал­ды­рады».

Дақыл тамақ өнеркәсібі, жем­шөп өн­ді­рі­сі және биоотын саласында пайдаланылады. Күрішке бала­ма ретінде дәнінен ұн, жарма, сыра, спирт, құрама-жем өндіруге болады. Сонымен қатар Еуропа елдерінде дақылдың өзегінен алынатын шырындар азық-түлік және кондитер өнеркәсібінде жиі қолданыла бастаған.

Қазір қант құмайын егуді Алматы, Солтүстік Қазақстан об­лыс­тары бас­тап, мал-азықтық қо­рек немесе сүрлем есе­бін­де ғана пай­даланып келеді. Қызыл­орда­­лық ға­лымдар да былтыр 5, биыл 80 гектар жерге егіп отыр. Әзірше өнімін тек мал азы­ғына жаратады. Ал оның пайдасын ұл­ғайту үшін қайта өңдеу өнеркәсібін ашу қажет.

– Мұндай тәжірибені әуелі мол­да­вандар бастап, 150 гектар жерге осы да­қыл­ды егіпті. Оны егуге, оруға қажетті техника алып, тоқ­тап тұрған шарап зауытын шы­рын өндірісіне бейімдеп, өнім шығара бастайды. Кеткен шығын 2-3 жылда өтеліп, төртінші жыл пайдаға жұмыс істей бастаған, – дейді ғалым.

Жалпы қант құмайы эколо­гия­лық өнім са­налады. Оны бела­рус­тардың тәжірибесі дә­лел­дей түседі. Олар радиация­мен лас­­танған аумаққа жүгері мен қант құ­май­ын қатар егіпті. Кейін қораларға бө­лініп қамалған сауын сиырларға екі да­қылды бөлек береді. Жүгері жеген сиыр­­­лардың сүтінде радиация белгі­сі байқалған, ал қант құмайы бе­ріл­ген қорадағы сиырлардың сүті тап-таза болып, талдау нәтижесі балалар тағамы үшін пайдалануға жарамды деген анықтама берген. Жердің тұзын, түрлі «ауруларын» бойына жиып алып, жойып жіберетін қант құмайы Қызылорда өңірі үшін нағыз ке­рек­ті дақыл. Тағы бір пайдасы, бір гектар орман ағашы 16-18 тонна көмірқышқыл газын бойға сіңірсе, осы көлемдегі қант құмайының «жұтатыны» 55 тонна. Оның сыртында шаң ұстайтын да қасиеті бар. Тағы бір тиімділігі, өнімділігі жоғары, нарықта бағасы да қым­бат. Гектарына орта есеппен 7-8 тоннадан тұқым жиналады. Әр килосы орта есеппен 600 тең­ге­ден. Ал орташа 5 тоннадан жи­на­­ла­тын күріштің бағасы 200 тең­ге­ден әзер асады. Мынадай да са­лыстыру бар: шамамен 320-340 мың теңге шығын жұмсалатын күріштің әр гектарынан 100-115 мың теңге, ал 120-150 мың теңге кететін қант құмайынан 328 мың теңге таза пайда түседі. Сондай-ақ күріштің әр гектарына 30 мың текше метр су кетсе, осындай көлемге егілген қант құмайының «ішетіні» 1500-2500 текше метр шамасында.

– Диқандар арасында өзге дақылға «өгей баладай» қарайтын көзқарас қа­лып­тас­қан. Мысалы, шар­уалар күрішті толық егіп бол­май, басқасына кіріспейді. Ек­­кен күннің өзінде «шықса шы­ғар, шықпаса қояр» деген ниетпен істейтін сияқты. Тәжірибелі механизаторлардың өзін жаңа тәсілге бейімдеу қиын болып тұр. Сондықтан да оларды ынталандыру керек. Ғалымдар үшін барлық шаруашылықты аралап, әртараптандырудың пайдасын түсіндіру ауыр. Біз айтып жүретін агропарк осы үшін керек. Арнайы агропарк құрылып, фермерлерді оқытқанда ғана шаруа алға басады, – дейді Бақытжан Әлішерұлы.

Қазір экстеншн дегенді жиі еститін болдық. Көп мағына бере­т­ін терминнің бір түсіндірмесі – ғылым тарату. Дәлірек айт­сақ, ға­лымдардың фермерлерді жаңа­лыққа бейімдеуі. Ауыл шаруа­шы­лығын ғылыммен осылайша ұштастыру арқылы қазір Арген­ти­на, Израиль, Бразилия се­кіл­ді мемлекеттер көп пайда тауып жатыр.

 Бұл «күріш керек емес» деген сөз емес

Жыл өткен сайын күріш шар­уа­шылығы пайдасынан шығыны басым салаға айналып келе жатыр. Су жетіспеушілігі де диқандар көңілінде сенімнен гөрі алаңды көбейтіп-ақ тұр. Осыдан да ел арасында «күріштен бас тарту керек» деген пікірлер де естіліп қалады.

– Саланы білмейтін, сырттай тон пішетін «сарапшылардың» ойы­мен әсте ке­лісу­ге болмайды, – дейді ғалым. – Кү­ріш керек! Тек өндіріске ғылым араласуы қажет. Мысалы, біздің ғалымдар қазір ауыс­палы егіннің 8 танаптық жү­йе­сін жасап шығарды.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары сала тоқырай бастағанда кү­ріш егілген алқаптардың көбі бос қал­ған. Айналасы 2-3 жылдың іш­інде сол танаптар шеңгел мен жиде басып, соры бетіне шы­ғып, жа­рам­сыз жерге айналды да қалды. Қазір кү­ріштен бас тартсақ, сол кепті қай­та киейін деп тұр­мыз. Ма­ман­дар­дың пі­кі­рін­ше, бұл проб­ле­ма­ның алдын алу үшін ауыспалы егін жүйесі сақталуы керек. Мысалы, қа­зір аймақтағы күріш ал­қап­та­рының көбі кеппей, орақ кеш түсіп жатады. Осы­ның салдарынан былтыр егін орағы қара күзге дейін созылып кетті. Бұл шар­уа­­­лардың тағы да сол ғылымды керек қыл­­мағанының кесірі.

– Бізде күріш егетін алқап соқамен 25 сантиметрдей ғана те­рең­дікте жыртылады. Ал оның астында неше жылдан бері тап­талып, бетонға айналған топы­рақас­ты ұлтаны жатыр. Жазда дұрыс су сіңбей, күзде көлкілдеп кеппей тұратыны сол. Жаңағы қатты бөліктің астындағы жер асты суы ыстықта буланып, топы­рақ бетін ақ сор басады. Ол осы жерге егілген басқа дақылды да өсірмейді, – дейді ғалым.

Бұдан құтылудың жолы – жер­дің төменгі қабатын тереңдетіп тілу. Қазір Жалағаш ауданындағы «Ер-Әлі» шаруа қожа­лығы осы тәсілді қолға алды. Мұның тиім­ді­лігі, су жерге тез сіңіп, жерас­ты суы­ның тұзын сыртқа шы­ғар­­майды. Соры кеткен жер­дің өнімі де жақсы болады. Ең бас­­тысы, күрішті қыркүйек айына дейін орып алып, күздік жұмысты уақытында бітіресіз. Әрта­раптандыру талабы да осы.

Сырдың брендіне айналған өнімге қатысты сөзге қайта ора­лайық. Күріштің ке­рек­­тігіне дау жоқ, тек оның көлемін азай­тып, есесіне ғылыми негізде егу арқы­лы түсімін көбейту қажет.

– Бір егісті еге берсеңіз, төрт-бес жылда жердің құнарлылығы жойылады. Қазір біз алқапқа агрохимикаттарды тонналап төгіп, күрішті зорлықпен өндіріп отырмыз. Ал ондағы нитраттар біздің ағзамызға түсіп, нитритке айналады. Ол ағзада метаболитке ұласады. Оның ар жағы не боларын өзіңіз біле беріңіз. Қазір жиі айтылатын азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінде ғылымның айтқанына жүгінген жөн, – дейді ғалым.

Әртараптандыру дегеніміздің негізі жердің құнарлылығын сақтау. Қазір ай­мақ­та жердің құнарлылығы 0,5-1 пайыз аралығында. Ал бұл 2 пайыздан асуы керек. Осыдан да топырағымыз тыңайт­қыш­қа тәуелді. Осы күні диқандар күріш­т­­ен гектарына 55-60 центнер өнім алса, телпе­гін аспанға атып қуа­на­ды. Ал іргеміздегі Р­есейдің көрсеткіші 70-80 центнердің ара­лығы. Оларда арнайы комитет құрылып, мемлекеттік бағ­дар­лама қабылданған. Күріш ғылыми-зерттеу институттары соң­ғы үлгідегі жабдықтармен жасақталған. Біз де бидайдың көлеңкесінде қалып қой­ған өнімге осындай жағдай жасауымыз керек. Өйткені күрішке сұраныс жыл сайын артпаса, кемімейді. Мысалы, қазір әлем бойынша жылына 730 млн тонна күріш өндіреді, ал керегі 781 млн тонна. Әртараптандыру – тиімділігі жоғары да­қыл­дарды көбейтумен қатар, қолда барды жаңа жағдайға бейімдеу. Оның жүзеге асуы­на мемлекет мүдделілік танытып, ауыл шаруашылығы ғылымын қолдау аясы артуы тиіс. Сонда ғана ортақ бастамадан оң нәтиже шығады.

 

Қызылорда облысы