• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Саясат 09 Маусым, 2020

Қазаншының еркі бар...

1271 рет
көрсетілді

Бюджет қаражатын оңды-солды жұмсай беруге бола ма? «Қазаншының еркі бар...» дегендей, қаражаттың құлағын ұстағандар оны сауын сиырдай көретін секілді. Мұндай көзқарас әсіресе мемлекеттік сатып алуда жиі кездеседі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының міндетін уа­қытша атқарушы Қанат Қожахметовтің хабарлауынша, 2018-2019 жылдары жем­қорлық қылмысқа қатысты денсаулық сақтау саласында 25, білім беру саласында 68 дерек тіркелген. Жүргізілген қылмыстық іс шеңберінде білім беру, ден­саулық сақтау және оған бағынышты мекемелердің лауазымды тұлғаларына қатысты тергеуде заң талаптарын бұзудың көптеген өрескел фактісі анықталған.

– Мәселен, облыстық перинаталдық орталықтың басшысы өзі басқаратын кәсіпорын мен «КАЗГЮУ Университеті» АҚ арасында «Mini Master of Business Administration (MBA)» бағдарламасы бо­йынша «Әкімшілік істер магистрі» маман­дығына өзінің оқуы үшін 1 800 000 теңгеге келісімшарт жасасқан. Алай­да ол оқу шығыны үшін демеушілік, қайы­рымдылық көмектер есебінен ауда­рылған қаржыны талан-таражға салу жолымен иемденген. Сондай-ақ ол қызмет­керлеріне сыйақы, ынталандыру сыйлығы және ақылы қызметтер жасағаны үшін қосымша ақы ретінде барлығы 6 978 000 теңгені негізсіз артық аударып, арадағы бір қызметкеріне тапсырма беру арқылы қайта жинап алған, – деді Қанат Қожахметов.

Оның мәлім етуінше, неонтология дәрі­ге­рінің Португалия Республикасында кәсіби біліктілігін арттыру, тәжірибе алма­суға баруы үшін 1 490 000 теңге қаржылық кө­мек бөлінген. Алайда неонтология дәрі­герін іссапарға жолдамай, оның орнына өзі шет мемлекетке негізсіз барған.

– Облыстық перинаталдық орталық бас­шысының лауазымына конкурсқа қа­тыс­қан кезде экс-басшысының еңбек өтілі 4 жыл 10 ай 24 күн болған. Алайда ден­саулық сақтау ұйымдарының басқару лауазымындағы еңбек өтілі 5 жылдан кем болмауы қажет еді. Бұл лауазымға дирек­торды облыстық денсаулық сақтау бас­қар­масының бұрынғы басшысы негізсіз ұсынған, – деді Қанат Қожахметов. – Ал білім беру басқармасының бұрынғы басшылары бюджетке келтірілген 110 млн теңге шығынның 58 млн 512 мың теңгесін өтеді. Сот үкімімен мемлекет пайдасына құны 11 млн теңге тұратын «Toyota Land Cruser Prado» автокөлігі мен 2,5 млн теңгеге бағаланған «Hyundai Super Aero» шағын автобусы, сондай-ақ екінші деңгейлі банк­тердің есепшотында сақталған 4 млн теңге қай­тарылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігі бюджет қаражаты есебі­нен қаржыландырылатын ірі жобаларды іске асыру барысына күнделікті мони­то­ринг жүргізу тәжірибесін енгізді. Мониторинг конкурс жарияланған сәттен бастап жүр­гізіледі. Бұл мемлекетке зиян келтіргенге дейін, алғашқы сатыда бюд­жет­тік қаражатты тиімсіз пайдаланудың ықтимал белгілерін анықтауға мүмкіндік беріп отыр. Өйт­кені соңғы кезде бюджеттік сектор шығыс­тарының негізгі бөлігін құрайтын мем­лекеттік сатып алу ел экономикасының тұрақты дамуын қалыптастырудың негізгі факторларының біріне айналды. Өйткені мемлекеттік сатып алу үдерісіне 18 мыңнан ас­там тапсырыс беруші мен 80 мыңнан ас­там өнім беруші тартылды. Демек мем­лекеттік сатып алу көлемінің жыл са­йынғы өсу үрдісі байқалады. Мәселен, 2016 жылмен салыстырғанда, бюджет бұл са­лаға жұмсалатын шығындарды 3 есеге, яғни 1,4 триллионнан 5,8 триллион тең­геге дейін арттырды. Қазір бұл сома 6 трлн теңгені құрайды. Мұны елдің барлық шы­­ғын­дарының жартысы (12 трлн теңге) деуге болады.

Ал квазимемлекеттік сектор жүйесінде бұл сома бірнеше есе көп. Демек бюджет қаражатының мұндай айналымы тиісінше сыбайлас жемқорлықтың жоғары тәуекелін туындатады. Бұған сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тіркейтін әрбір алтыншы сыбайлас жемқорлық фактісінің (1706-ның 305-і) мемлекеттік сатып алу саласында жасалатыны анықталғаны дәлел бола алады. Мұндай деректер бойынша шығын көлемі 2,5 млрд теңгені құрады.

Мамандардың сараптауынша, қыл­мыс­тық схемалармен нақты жеткізушілердің мүд­десін қолдау, техникалық спецификация­сы бар айла-шарғы жасап, жалған актілерге қол қою бұрынғысынша қалып отыр. Осы сала­да сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анық­тау және жою мақсатында агенттіктің Атырау облысы бойынша департаменті мем­лекеттік органдардың мемлекеттік сатып алу жоспарларына талдау жасап келеді. Мониторинг нәтижелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар, соның ішінде заңнамалық сипаттағы ұсыныстар енгізеді. Ал мемлекеттік сатып алудың жай-күйіне мониторинг жүргізу барысында бір тауар­ды әртүрлі мекемелер жоғары бағамен жария­лағаны анықталды. Жоғары баға жұрт көп елей бермейтін тауарларға қойылыпты.

– Мәселен, Атырау облыстық білім беру басқармасына қарасты «Мақат мұнай және газ технологиялық колледжі» ММ 1 литр айранды 450 теңгеге бағалап, жалпы сомасы 38 000 теңгені артық жұмсапты. Ал майлы­лығы 1-3% сүт өнімінің 1 литрін 350 теңгеден сатып алуға 98 000 теңгеге жоғары баға белгілеген. Осындай жоғары бағамен сатып алу фактілері шай (1 кг – 3500 теңге) мен кептірілген жеміс-жидектерді (1 кг – 1000 теңге) сатып алу кезінде де байқалды.

Сонымен бірге мемлекеттік органдар­дың басым бөлігі А4 форматтағы ақ қағаз алады. Алайда оған жұмсалатын сома бір дана үшін 1800 теңгеге дейін жетеді. Оны мына деректен аңғаруға болады. Құрманғазы ауданындағы Орлы ауылдық округі әкімінің аппараты сондай қағазды 1700 теңгеден алса, Сүйіндік ауылдық мәдениет үйі және Лабай ауылдық клубы 1800 теңгеден 45 данасын 81 000 теңгеге баға­лаған. Қазіргі таңда нарықтық бағаға сәйкес А4 форматындағы ақ қағаздың бір данасының құны – 1450 теңге. Яғни жоғарыда аталған мекемелермен тауар құны 15 750 теңгеге жоғары шарықтаған. «Тұрмыстық қызмет» мекемесі бір кар­трид­жді 80 000 теңгеге сатып алған. Бұл бағаға бір емес, екі принтер алуға болады. Өйткені кар­тридждің нарықтағы бағасы 20 000 тең­геден аспайды, – деп ақпарат таратты облыстық департаменттің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ департамент азық-түлік өнімдерінің бағасын да қатаң бақылауда ұс­тап отыр. Әсіресе базарлар мен сауда орталықтарында сатылатын 19 азық-түлік өнімдері бағасының тұрақтылығына мониторинг жүргізіледі. Мемлекеттік сатып алу кезіндегі азық-түлік өнімдерінің бағалары да назардан тыс қалмайды.

Осы орайда, тағы да дерекке жүгінер бол­сақ, Атырау облыстық туберкулезге қар­сы диспансер майлылығы 1-3% сүт өнімінің 1 литрін 250 теңгеден сатып алған. Алайда оның нарықтық бағасы – 215 теңге. Демек аталған мекемемен сүт өнімін сатып алу 1 112 000 теңгеге жоғары бағаланып отыр.

Денсаулық сақтау министрінің №666 және №1027 бұйрықтарына сәйкес бала емізетін аналардың ауруы болуына байланысты баланы бейімделген сүт қоспасымен жергілікті денсаулық сақтау мекемелері қамтамасыз етеді. Бірақ бұл қоспаларды мемлекеттік сатып алу кезінде де жоғары баға қойылатыны анықталыпты. Мәселен, №1 Атырау қалалық емханасы осындай 1 дана қоспаны 2679 теңгеге сатып алуға ұйғарым жасапты. Департамент ұсын­ған дерекке қарағанда, нарықтық баға­ға сәйкес мемлекеттік сатып алу хабар­ландыруындағы қоспалардың сомасы 2000 тең­геден аспайды. Яғни бұл тауарды сатып алу жиынтығы 1 323 212 теңгеге жоғары баға­ланғанын аңғартады.

Әрине, бұл бір қарағанда ұсақ-түйек секілді көрінетін шығар. Бірақ тиыннан теңге құралатынын ескерсек, мұның ас­та­рында бюджет қаражатын талан-та­ражға салу фактісі жатыр. Осыны ес­керген департамент мониторинг жүр­гі­зіп, осындай деректерді жария етті. Мо­ниторинг нәтижесінде сәуір айында та­уар­ларды сатып алу бойынша нақты үнем­деу 2 662 712 теңгені құрады. Ал биылғы бірінші тоқсанда 14 347 094 теңге үнемделіп отыр.

 

Атырау облысы