Тып-тынық Дон. Сағаттың тілімен ілескен күміс су күннің нұры мен айдың сәулесіне шағылысып, ағады да жатады. Бір мызғымайды: теңізге асығады. Жағасындағы жұрттың бұлаған жасын жұтып, мұңын шайып тербеле жөнеледі. Айдыны жанға медет, көңілге қуат. Шер толған кеудеңді тоссаң, жұбатады. Сыбдырай аққан ағысымен өмірдің өткінші екенін аңғартады. Кейде күллі адамзаттан ең жақыны һәм ең адалы Дон өзені ме дейсің. Жаны айна секілді: айналасындағы халықтың қайғысы мен қасіретін өзен табиғатынан байқамау мүмкін емес. Бірде тынық, бірде асау: гүрілдеп аққан ағысы – Донның атқақтап соққан жан айқайы. Ол бәрімізден көп жасады, ол небір сұмдықты көрді: бейбіт күн мен зарлы түннің талайына куә болды (әрине, мұны бізге Шолохов айтты). Бәлки, ол Аксиньяның («Тынық Дон») сарсаңға түскен жауапсыз махаббатын алып кетуін жалына сұраған кезде де бұлқынған шығар.
Сартр мен Шолохов һәм Нобель сыйлығы
Әңгімеміздің әлқиссасын кешегі Кеңес дәуірінің кемеңгері Михаил Шолоховты өсірген һәм күрескер адам, талантты қаламгер ретінде қалыптастырған Дон өзенінен бастадық. Донның суын кешпесек те, самалын сезінбесек те – Шолохов қаламымен елестеткендей болдық. Өз уақытында Шолоховтың жазушылық талантын дәлелдеп, тіпті Нобель сыйлығын алып берген де осы қасиетті Дон.
Қазақ баспасөз беттерінде Сартрдың: «Нобель сыйлығы Шолоховқа берілмей тұрғанда мен мұндай құрметті қабылдай алмаймын», деген сөзі жазылып жүр. Ақиқатында, контексте ол тек Шолоховты ғана емес, Неруда мен Арагонды да атап айтады. Ойымызды тарқатсақ, 1964 жылы Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын француз экзистенциалисі Жан Поль Сартрға беру жөнінде шешім қабылданды. Бірақ ой еркіндігін бәрінен биік қойған Сартр сыйлықты алудан саналы түрде бас тартты. Ол табиғатынан атақ-даңқ жазушыны құрдымға кетіреді деп санаған адам. Осы үшін Сартр Нобельге дейін де бірталай марапаттардан бойын аулақ ұстады, тіпті Коллеж де Франста оқуға шақырса да барған жоқ. Сартрлық көзқарасына өмірінің соңына дейін адал болды. Ол әйгілі сыйлықтан бас тартқан соң Парижде шведтік журналистерге жасаған баяндамасында Оңтүстік Американың бірегей жазушысы Неруданың Нобельді алмағанын және бұл сыйлыққа әбден лайық Арагонның кандидатурасы тіпті талқыланбағанын айтады. Сондай-ақ Пастернакқа бұйырған сыйлық Шолоховқа берілмегеніне ашынады. Философ-қаламгердің бұл сөзінің келесі, яғни 1965 жылы Шолоховтың жұлдызы жанып, Нобель сыйлығын алуына әсері болды деп санамаймыз (өз пікіріміз, әрине). Дәл сол уақытта «Тынық Дон» бүкіл әлем бойынша жаппай оқылып, аударылып, таралымы ұзын саны 130 миллионға жеткен болатын. Осылайша Сартрдың Нобель маңайындағы әділетсіздікке қарсы ойы ақталып, Донның төл перзентіне атақты Нобель сыйлығы бұйырды.
Африкаға Шолохов керек пе?
Сол Шолоховтың туғанына биыл 115 жыл толыпты. Ресейлік әдеби газет-журналдардан аңдағанымыздай, автордың 1956 жылы жазған «Адам тағдыры» («Судьба человека») әңгімесі мерейтой аясында суахили тіліне аударылып, қара құрлықтағы Танзанияда жарық көріпті. Соғыс тақырыбын қаузаған бұл әңгіме алғаш жарияланғанда оқырман санасын дүр сілкіндіріп, құбылыс деп бағаланған еді. Араға ширек ғасырдан астам уақыт салып африкалықтардың тіліне тәржімаланған кітаптың көркем аудармасын Дар-эс-Саламдағы ресейлік ғылым және мәдениет орталығының қызметкерлері жасаған. Енді танзаниялық «Ndanda Mission press» баспасынан 1000 данамен басылып шыққан Шолохов шығармасын африкалықтар мектептер мен кітапханалардан оқи алады. Айта кетейік, бүгінге дейінгі алпыс жылдан көп уақыт ішінде «Адам тағдыры» француз, неміс, поляк, қытай, вьетнам, әзербайжан және т.б. тілдерде жарияланған. Ресей Кітап палатасының айтуынша, Шолохов творчествосы жалпы саны тоқсаннан аса тілге аударылып, 105 миллион тиражбен жарық көрген.
Әрине бұл талантты қаламгердің шығармашылығын насихаттау жолындағы игі бастамаға біз де қуаныштымыз. Тек, кеңестік империяның нөмірі бірінші жазушысы Шолохов – 56 миллион халқы бар, дәптері мен кітабын әрең тауып отырған (және көбі оқи алмайтын) Танзанияға керек пе деп ойладық. Егер африкалықтар расымен де Шолоховты сүйсіне оқитын болса, Құдайдың бергені. Бірақ біздің саналы ойымыз һәм суық ақылымыз бұған сеніңкіремейді. Ішкі түйсік мұны әйдік үрдіске жориды (өйткені бұл үрдіс қазақ қоғамына етене жақын). Және Шолоховтың африкалықтар тіліне мақсатты түрде аударылуының астарынан идеологиялық түсініктің ұшқынын байқап қалғандаймыз. Кім, Шолохов па? Шолохов! 115 жылдық па? 115 жылдық! Онда суахили тіліне аударамыз! Құп.
Біздің айтпағымыз, өзіміздікі болмаған соң, өзгенікін көре алмағанның кебі емес. Бір жағы, өткені түгел орыс әдебиеті Шолоховты құрметтеп, бұрын тәржімаланбаған тілге аударып жатса (бұған дейін суахили тіліне аударылған-аударылмағаны белгісіз), әдебиетке көңіл бөлетінін көрсетеді. Жалпы, орыс классиктері басқа тілге аударылуға мұқтаж ба? Әрине, мұқтаж емес. Бірақ әдеби аударма ісі қарқынды дамыған орыс қоғамы мұқтаждыққа қарамайды. Әйтеу, аударылсын! Шолоховтың рухы риза болсын! Үйренерлік өте-мөте жақсы саясат.
Қазір орыс оқырманы Шолоховты оқи ма? Оқып-оқып, тауысса керек. Әрі бүгін де оқырлық заманауи орыс прозасының өкілдері де жетіп артылады (әрине, Толстой мен Достоевский әлі дүниеге келген жоқ). Дон қаламгерінен бері талай дәуір өтті. Мойындау керек, Шолохов біздің Абай емес: өз биігінде бағаланды һәм әлемге де танылды. Шолоховтың қанын тамыза суреттеген еліне айтар арызы жоқ, сірә.
Ақсаған аударма
Жалпы, осы кітап шығарудағы бірінші себеп не? Сол автордың мерейтойлық датасы ма, әлде әдебиетке шын жанашырлық па? Ақиқатында, алғашқы болжамымыз бүгінде жиі кездеседі, тіпті үрдіске айналды. Қазақ қоғамында да осы ахуал белең алып отыр. Екінің бірі кітап шығаратын айналамызға көзіміз үйренді (дамыған елдердің бәрінде жазушысымақтар өте көп. Бірақ оларда тәуір авторлар да жетерлік. Бізде бірі бар, бірі жоқ). Ал аударма мәселесінің ақсап тұрғанына біршама уақыт болды: өзгеріс жоқ, бәз-баяғы қалпында (бәлки, алдымен қазіргі әдебиетімізді аударатын деңгейге жеткізіп алғанымыз да дұрыс шығар). Шолоховтың суахили тіліне аударылғанын жазып отырып, аяқасты өз «ауруымыз» еске түсіп, құлазып қалғанымыз рас.
Біздің Абайдан басқа кіміміз бар? Абайды ғаламның озық тілдеріне толық аударып алмай, неге біз әлемдік аренаға асығамыз? Ал Махамбет пен Қасым ше?..
Ешкімнің еңбегін еш қылғымыз келмейді. Соңғы уақыттағы аударма саласындағы ірілі-уақты қозғалыстарды байқап, көріп жүрміз. Біріне көңіл толса, енді біріне қарның ашады. Тіпті кей жобалар науқанға айналып, көркем аудармадан алыстап кетті. Әйтеу, бар қуанышымыз: өлі тыныштық емес, аз да болса, әрекет бар. Дегенмен, біз Танзания секілді кедей мемлекет болсақ, бірсәрі. Тағдырдың жазуы дерміз. Бақытымызға орай, салыстырмалы түрде баймыз. Жүзден асып жығылып жатқан классик жоқ: аударамыз десек, қауқар жетеді.
Сонымен түу шалғайдағы суахили тіліне аударылған Шолоховтың арманы жоқ. Ал Абай бізге өкпелі.