• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Туризм 10 Маусым, 2020

Туризм секторындағы тұрақсыздық

635 рет
көрсетілді

Әлемнің туризм саласына тықыр таянып тұр. Себебі түсінікті. Оның ұшқыны бізге де әсер етті. COVID-19 тудырған дағдарыстың салдарынан отандық туристік компаниялардың қызметі биыл 50-80%-ға қысқарды. Төтенше жағдай кезінде құны 2,7 млрд теңгеден асатын 5,5 мың адамның жолдамасы кері қайтарылды.

Талап пен тәртіп қандай болмақ?

Төтенше жағдайға байланыс­ты туристік сапарлар тоқтап қалған кезде шешімі қиын болған мәселенің бірі – авиабилеттердің айыппұлсыз қайтарылуы. Аза­мат­тардың шағымы мен әуе ком­панияларының, турагенттіктердің арасындағы мәселеге ақыры аза­маттық авиация саласының өкілетті органдары араласып, би­леттер айыппұлсыз толық кө­лемде қайтарылатын болды.

Таяуда қазақстандық баспасөз клубында аталған саладағы түйт­кілді мәселелер, оны шешу жол­дары, баға тұрақтылығы және мемлекет пен туризм сек­торы­ның байланысы жайында әң­гіме өрбіген еді. Ашық алаң­да Қазақстан туристік қауым­дас­ты­ғының басшысы Рашида Шай­кенова бірқатар мәселенің басын ашты. Оның айтуынша, коронавирус пандемиясы салдарынан шектеу шаралары енгізілгеннен кейін туризм са­ла­сының шығыны 100%-ға жетті.

Негізі, туризм секторындағы тұрақсыздық төтенше жағдайға дейін, былтырғы желтоқсан айында басталған. Бұл кезде Уханьда эпидемия енді белең ала бастаған болатын. Қауымдастық басшысы ел аумағына кіру, шетелге шығу, ішкі туризм салалары айтарлықтай қиындықты бас­тан өткергенін, шектеуден соң компаниялардың барлығы дерлік қайтадан жұмысын жандандыра алмайтынын айтады.

Бұған дейін Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индус­триясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков Бас санитарлық дәрігердің №37 қаулысына сәйкес еңбек ұжымында эпидемияға қарсы режімнің алгоритмдерін сақ­тай отырып, туроператорлар мен турагенттіктердің қыз­меті­не рұқсат берілгенін хабар­лаған еді. Сонымен қатар 1 мау­­­­сым­нан бастап шипажай-курорт­­тық мекемелер, демалыс үйлері және туристік базалар сияқ­­ты басқа да объектілердің жұмыс алгоритмі бекітілген-ді. Ай­­талық, бассейн, жағажай және ойын-сауық аймақтарының жұмы­­сына қойылатын талаптар да кү­­шейтілді. Нақты талаптар бекі­­­тіл­­генімен, әлі де болса бір ізге түспеген мәселелер бар.

Р.Шайкенованың айтуынша, қазақстандықтар курортқа барған кезде санитарлық дәрі­герлер коронавирусты анық­тайтын ПТР-тесттің (полиме­разды тізбектік реакция) анық­тамасы болуын талап етеді. Бұл анықтама жеті күнге жарамды. Осы тұста бір сауалдың басы қыл­­тияды.

̶  Көпшілік демалуға бір аптадан астам уақытқа барады. Дем­алушылар тестлеуді қай жерде тапсырады? Тест тапсыру демалатын аймақта өтетін болса, бұл жердегі дайындық мәселесі қалай болмақ? Демалушылар өз­дері тест тапсырған жағдайда, бір адам үшін тест құны – 15 500 теңге. Бүтін бір отбасының мү­шелерін түгел тексерген кез­де бұл олардың қалтасына әжеп­тәуір салмақ салмай ма? – дейді қауымдастық басшысы.

Оның пікірінше, алда­ғы уа­қыт­та шетелде демала­тын­дар­­­­дың ағыны айтарлықтай көп бо­ла қоймайды. Бұған әлемде орын алған экономикалық дағ­да­рыс кері әсер етіп отыр. Сон­дық­тан ішкі туризмді дамытуға мүмкіндік туды, әлеует те жет­кі­лікті. Сарапшылардың айтуын­ша, саланың қалпына келуі үшін 1 жылдан астам уақыт керек. Егер жазғы маусымда демалыс орындары толық жұмыс іс­теп, келушілердің қарасы 50%-дан асатын болса, жалпы ішкі ту­ризм­нің қалыпқа келуі 30% төңі­регінде болмақ.

 Тығырықтан шығаратын тың жобалар керек

Әлемдік туризм қауымдас­тығы таратқан мәлімет бойынша қазіргі жағдайда қалталы дем­алушылардың таңдауы жиі тү­сетін шағын аралдардың 85%-ның шекарасы әлі жабық. Аф­­рика (74%), Солтүстік және Оң­­түс­тік Америка (86%), Азия-Ты­нық мұхит аймағы (67%), Еу­ропа (74%) және Таяу Шы­ғыс (69%) елдері туристерді қа­­былдауға әлі дайын емес. Ал Қа­зақстанда 2020 жылдың 17 сә­уі­рінен бастап 1 қа­рашаға де­­йін 57 мемлекеттен ке­летін қо­­­нақ­тар үшін визасыз ре­жім ен­­гі­зілді. Сондай-ақ Қытай мен Үндістан үшін 72 сағаттық ви­за­­сыз транзиттік режім енгі­зілген.

Outfitter KZ туристік сервис­тік компаниясының директоры Азамат Мұхаметжановтың айтуынша, соған қарамастан ел аумағына кіретін туристер ағы­ны айтарлықтай аз болады.

̶ Консулдық алым – 60 доллар. Алматы қаласына келетін турист бір тәулік ішінде 100 доллар, бір аптада 600-700 доллар жұмсайды. Кететін шығынның 10%-ын виза құрайды. Бұған ұшақпен келіп, қайту шығынын қосыңыз. Қазақстанмен бәсеке­лес ретінде шетелдік туристер ағынын қабылдайтын Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстанда виза­лық режім жоқ, – дейді ол.

Сарапшылар туризмді тығы­рықтан алып шығар ілкімді жобалар керегін, ол мемлекеттің қол­­дауы арқылы жүзеге аса­ты­нын айтады. Онсыз бұл сек­тордың жағдайын оңалту қиын­ға соғады. Таяуда «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы биыл қандай жобалар іске асатынын хабарлаған-ды. Оның ішінде елде автомобиль саяхатын дамытудың жайы айтылған.

– Бұл бағытта дайындықты жетілдіріп, биыл керуенге ар­налған маршруттар мен ав­то­­­­кем­пингтерді түгендейміз. «Көш­­­­пен­ділердің заманауи керуен-экспедициясы» атты жоба елі­міздің оңтүстік аймағында екі апта жалғасады. Экспедициядан кейін арнайы карта әзірлеп, оған автоүйлер үшін қолайлы ба­­ғыттар мен тұрақтарды енгі­­зе­міз. Көрші Қытай мен Ре­сей­де автоүйлермен, мотоцикл­мен не­месе автокөлікпен сая­хат­тай­­тындарды, джип-тур­лар­ды қоса алғанда, саяхатқа сұра­ныс жоғары. Қызығушылық та­нытқандар ондаған миллион адамды құрайды, – дейді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ төр­ағасы Ержан Еркінбаев.

Белгілі болғандай, туризм са­ла­сындағы сервисті анықтау үшін халықаралық тәжірибе не­гізінде жаңа модель енгізу жос­парлануда. Айта кетерлігі, «Kazakh Tourism» биыл панде­мияның белең алуына байланыс­ты шетелдік ірі жобалар мен кон­курстарға қатыса алмай, бө­лін­ген қаражаттың 56 пайызын үнемдеп отыр.

 Мемлекет пен кәсіпкер ақылдаспайды

Туризм саласын жолға қоя білген елдерде аталған сектор мен мемлекеттің жұдырықтай жұмылып жұмыс істегенін кө­руге болады. Ең бастысы, сала­дағы кәсіпкерлік пен мем­лекет­тің қолға алған жобала­ры бір-бірін толықтырып, кем-кетігін тол­тыруға дайын. Ал «Хан Тәңірі» халықаралық аль­пи­нистік лагерьдің атқарушы директоры Дәурен Уалиев Қа­зақ­стандағы ішкі туризм сала­сында мемлекет пен бизнес арасында әлі күнге дейін диалог орнамағанын айтады.

– Бізде туризм саласы ІЖӨ-нің 8%-ын құрауы тиіс деген меже бар. Оған жету үшін нақты Үкімет тарапынан іс-ша­ралар жос­пары қабылдануға тиіс. Көптеген проблеманы өзіміз шешеміз, бірақ Үкі­мет­тің ғана құзыретіне жататын визалық режім, көші-қон ре­жімі, маркетинг, көршілес ел­дермен уағдаластық сынды мәселелер бар. Бізде мемле­кет­тік органдардың бизнеспен жүйелі жұмысы ретке келмеген. Серіктестіктер мен жеке кә­сіпкерліктер дайындаған ұсы­ныстар жай ғана басып шыға­рылады да, кейін одан жалпы стратегия жасайды. Бұл ұсы­ныстардың жиынтығы ғана, оның ішінде маңыздысы қайсы, нені алып, нені алмау керектігіне мән берілмейді. Түркияда мау­сым басталар алдында, сосын аяқталған соң кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар бас қо­сып, түйткілді мәселелерді тал­қылайды. Бұл басқосуда ор­тақ жүйе қалыптасып, барлық мүмкіндіктер екі тараптан ортаға салынады, – дейді ол.

Мемлекеттің туризмді қол­дау шараларының ішінде қоғам­дық тамақтану, қонақүй және туристік қызмет саласының қыз­меткерлері мүлікке салына­тын салықтардан босатылып отыр. Бұған қоса шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері үшін барлық салықтар мен бюд­жетке төленетін басқа да міндетті тө­лемдер, сондай-ақ әлеуметтік төлемдер бойынша 2020 жыл­дың 1 маусымына дейін төлеу мерзімін ұзарту ұсы­нылды.

«Бизнестің жол кар­та­сы-­­2025» және «Қарапайым зат­­тар­­­дың эко­­номикасы» бағдар­ла­ма­­ла­ры бойынша несие алу­дың па­йыз­­дық мөлшерлемесі 6%-ды құ­райды. Алайда мем­лекеттік бағ­дар­ламалар тиімді ұсыныстар ұсынғанымен, қазіргі жағдайда туризм саласына банк­тер тарапынан сенім азайған. SkyWay Travel директоры Әсем Қозбағарова пан­демия сал­­да­рынан көптеген ту­ристік ком­паниялардың жаппай жабылып жатқанын, жаңадан кә­сіп ашуға ниет білдіргендерге банк­­тер се­нім артпайтынын айтты.

 Сақтансаң – сақтайды...

Жаз маусымында Балқаш пен Алакөл, Бурабайға ағылатын қа­зақстандықтардың да қарасы қа­лыңдайды. Еліміздегі барлық демалыс орындары 18 мамырдан бастап ашыла бастаған болатын. Десе де, биылғы демалыста қауіпсіздік сақтау ережелерін қатаң сақтауға басымдық беріл­мек. Тиісті министрліктің тауар­лар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау де­партаментінің жетекшісі Марат Исмайловтың айтуынша, 3 маусымнан бастап емдеу-сауықтыру бағытындағы шипажайлар ашылады. Алакөлдің жағалауы 13 маусымнан бастап туристерді қабылдай бастайды.

– Коронавирус пандемиясы­на байланысты демалыс база­ла­ры­ның иелері және туропера­торлармен санитарлық-эпиде­мия­лық қауіпсіздікті қам­та­ма­­сыз ету бойынша ауқымды жұ­мыс жүргізілді. Әлі де қауіп сейіл­ген жоқ. Азаматтар өзде­рі­нің және жақындарының ден­саулығы үшін барлық талаптар­ды сақтағаны дұрыс, – дейді Марат Исмайлов. Оның айтуын­ша, биылғы жаз маусымында «сақтансаң сақтайтынын» естен шығармай, барлық талаптарды орындауға тиіспіз.

Жуырда карантин режімі әлсі­реп, шекарасын ашып, қалыпты өмірге икемделе бастаған кейбір елдердің қуанышы көпке бармады. Коронавирус Латын Амери­касы мен Таяу Шығыста қай­та күшейіп, жаңадан 700 мың адам жұқтырып үлгерді. Сая­хаттаймын деп қатерлі вирус жұқтырған халықтың алысқа баруға да ынта-ықыласы азайып кеткендей. Айталық, Longwoods International-дың зерттеуі бойын­ша, америкалықтардың 82 пайызы алдағы 6 айда саяхатқа шы­ғуға асықпайтыны белгілі болып отыр. Қалай болғанда да, әлем­дік туризмнің қалыпқа келуі пан­демияның үдеу қарқынына бай­ланысты болмақ.