Карантин режіміне байланысты республика бойынша тірек-қимыл аппараттарына мұқтаж жандардың қажет тапсырыстарын алу мүмкіндігі болмады. Дегенмен, «Республикалық протездік-ортопедиялық орталық» АҚ президенті Николай Петров өндіріс тоқтағанмен, «шұғыл желіде» арнайы мамандар тиісті сұрақтарға жауап беріп отырғанын жеткізіп, кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабардар етті.
Ғасырға жуық тарихы бар кәсіпорын еліміздегі протез өнімдерінің 74 пайызын және мамандандырылған ортопедиялық аяқкиімнің 91 пайызын өндіруде. Соңғы мәліметтер бойынша, өнімнің 52,6 пайызын 18 жасқа дейінгі балалар тұтынса, спортшылар мен паралимпиадалық ойындарға қатысатын қазақстандық спортшылар да осы орталықтың көмегіне жүгінеді. Кәсіпорын жылына 30 000-нан астам бұйым шығарса, оның ішінде 60-тан астам аяқ-қол протездерінің, ортопедиялық аяқкиімнің барлық маусымға арналған жүзден аса үлгісі бар.
Орталықта жұмыс істейтін екі жүзден астам маманның дені ортопед, протездеу механигі, технологиялық инженерлер болса, олардың шамамен 13 пайызы мүгедек жандар. Десек те, өндірісте ортопедия хирургі, протездеу дәрігері сияқты мамандар тапшы. Республика бойынша барлығы жеті протездеуші бар деп атап өткен кәсіпорын басшысы Николай Николаевичтің айтуынша, диплом алған мамандар оқу бітіргеннен кейін басқа салаларға кетуге мәжбүр. Сондықтан да өндіріс ерекшеліктеріне байланысты ортопедиялық аяқкиім тігетін мамандарды екі жыл шамасында кәсіпорындағы шеберлер өздері дайындап шығарса, терапевт дәрілерлер Ресейдің «Г.А.Альбрехт атындағы мүгедектерді оңалту федералды ғылыми орталығынан» біліктілігін көтеріп келгеннен кейін ғана жұмысқа орналасады.
«Кәсіпорын ағымдағы жылдың сегіз айында тапсырыс берушілердің сұранысын дер кезінде қамтамасыз етуге дайын», дейді Николай Петров. Дегенмен, облыстық департаменттер тарапынан тендерлер кеш жарияланып жататындықтан, протездеу өнімдері тапсырыс берушілерге кейбір жағдайларда дер кезінде жетпей жатады.
«Өндірісте мүгедек адамның жеке ерекшеліктері ескерілетіндіктен, бір жыл бойы жасалатын бұйымдарды кейде қысқа мерзім ішінде дайындауға тура келеді. Биыл Алматы қаласы әлеуметтік әл-ауқат басқармасы, Алматы және Солтүстік Қазақстан облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тендерді жылдам өткізгенімен, Жамбыл мен Қостанай, Қызылорда облыстары тендерді кеш жариялады», деп атап өтті өндіріс басшысы.
Соңғы жылдары отандық ортопедия қарқынды дамып келеді. Осы орайда әртүрлі жағдайларға байланысты ампутацияға ұшыраған немесе мүмкіндігі шектеулі балалар үшін протездеудің алдыңғы қатарлы технологиялары пайдаланылуда. Маңызды бағыттардың бірі – гидравликалық және пневматикалық дискілермен, бағдарлама арқылы басқару, сондай-ақ көміртекті талшықтармен тізе модульдерін қолдана отырып протездеу. Бірақ кәсіпорында пациенттің жолдамасында көрсетілген үлгі ғана дайындалады. Ал жолдамада көп жағдайда ескірген технологиямен дайындалатын бұйымдарға тапсырыс беріледі. Тапсырыста қарапайым иілмейтін протез көрсетілсе, онда тізе модуліне заманауи протез орнату мүмкін емес, өйткені оның құны бірнеше есе жоғары. «Егер еліміздің өңірлеріндегі жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармалары тапсырыс берушінің барлық талаптарына сай заманауи протездерге тапсырыс берсе, оның мүгедек адамның қимылын жеңілдетуіне, сондай-ақ өндірістің дамуына тигізер пайдасы зор болар еді», дейді Н.Петров.
Протездеуден бұрын орталықта тексеріліп, мамандар кеңесін алуға болады. Бүгінде орталықтың Талдықорған қаласында ортопедиялық аяқкиім тігетін шеберханасы бар. Онда Алматы облысы бойынша Марат Асылбековтің басшылығымен көшпелі кеңестер өткізіліп, қажетті аяқкиімдерге тапсырыстар қабылданады.
«Республикалық протездік-ортопедиялық орталық» өндіріске қажетті бірқатар шикізат түрлерін шетелдерден алады әрі осы саладағы жетекші компаниялармен тәжірибе алмасу мақсатында әріптестікте жұмыс істеп келеді. Германияның протезді ортопедиялық бұйымдар, медициналық техникалар шығаратын Otto Bock компаниясымен бірлесе өткізген шеберлік сағаттары саладағы заманауи жетістіктерді игеруге мүмкіндік берсе, өткен жылы Ресейдің «Моторика Сколкова», «Антарес» және Жапонияның «Nabtesco corp.» компаниясы мамандарының қатысуымен өткен тізе протезінің электронды басқару жүйесіне арналған семинардың сала мамандарына берері мол. Сонымен қатар Ресейдің «Метиз-Импекс» компаниясының ұйымдастыруымен жалғасын тапқан «Протездеудегі жаңа технологиялар» бойынша өткен оқыту семинары отандық өндіріс мамандарының үздіксіз тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді.
АЛМАТЫ