Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінде онлайн форматта Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің кеңейтілген отырысы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының қатысумен өтті.
Іс-шараға ҚХА Төрағасының орынбасары Ж.Түймебаев, Мәжіліс Төрағасының орынбасары В.Божко, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі М.Әзілханов, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Т.Қалиев, Президент жанындағы ҚСЗИ директоры З.Шәукенова, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің төрайымы А.Сәдуақасова, қазақстандық сарапшылар мен ғалымдар, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің және ҚХА мүшелері, мемлекеттік органдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Отырыс барысында қатысушылар: «Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделі: Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл», «Этносаралақ саладағы мемлекеттік саясат модернизациясының басымдықтары аясындағы ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің міндеттері», «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының перспективті міндеттері» және т.б. тақырыптарды талқыға салды.
«Мерейтойлық датаны атап өте отырып, біз қазақстандық үлгінің жетістігінің негізгі факторы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси көшбасшылығы мен ерік-жігеріне байланысты болғанын ешқашан ұмытпауымыз керек. Біз Қазақстанның Тұңғыш Президентіне ел басшылығында болған 30 жыл ішінде кез келген өзгерістерге, геосаяси жағдайларға қарамастан, этносаралық мәселеде өз ұстанымдарынан айнымаған саяси ерік-жігеріне зор құрмет көрсетуге тиіспіз. Қазір біз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік пен келісім саясатын қорытындылаудың маңызды шегіндеміз. Аталған мәселе бойынша жұмыстың жаңа мүмкіншіліктері ашылуда. Ғылыми қоғамдастық алдында өте маңызды міндет тұр – Елбасының Қазақстан халқын саяси ұлтқа интеграциялау бойынша құнды тәжірибесін талдап қорыту.
Осы орайда этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың жаңа парадигмалары мен алгоритмдерін қалыптастыру қажет», деді Жансейіт Түймебаев.
Татулық пен келісім құндылықтары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саясатының әрдайым аса маңызды басымдықтары екені белгілі. Соның арқасында қоғамымыздың көпэтносты болуы, мәдениеттер мен тілдердің алуан түрлілігі біздің артықшылығымыз бен жетістігімізге, Қазақстан дамуының берік негізіне айналды.
Ж.Түймебаев этносаралық келісімді, қоғамдағы толеранттылықты және халық бірлігін нығайтуға септігін тигізуші бірегей институт – Ассамблеяның қызметі мен ерекшелігіне тоқтала кетті: «Бүгінде біз Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі ең сәтті ұлтаралық қатынастар моделінің авторы болғандығын нық сеніммен айта аламыз. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен еліміз әлемдегі беделді әрі орнықты мемлекетке айналды. Елбасының саяси көшбасшылығын, президенттік институтты қоғамдық келісім мен бірлік саясатынан бөліп қарауға болмайды.
Тәуелсіздік жылдарында елдегі барлық стратегиялық құжаттар этносаралық қатынастар факторын ескере отырып қабылданды. Мемлекетіміздің дамуы, әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар қоғамдағы келісім мен бірлікті нығайту шартымен жүзеге асырылды. Бұл Қазақстан дамуының аксиомасына айналды. Ассамблея өзінің 25 жылдық белсенді жұмысында орасан біріктірушілік пен зияткерлік әлеует жинақтап және халықтық дипломатия институты үлгісіне бейімделе отырып, ұзақ даму жолынан өтті».
Сондай-ақ кеңейтілген отырыс барысында ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің алға қойған міндеттері жайында баяндамалар жасалып, жаңадан құрылған Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының қызметі таныстырылды. Басқа аймақтардың қатысушылары ZOOM конференц-платформасы арқылы онлайн режімде қосылды.