• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Маусым, 2020

Қылмыстың ізін суытпай ашудағы камераның пайдасы

368 рет
көрсетілді

Қызылжардың “Копай” ауданының тұрғыны үйіне келсе кіреберіс екі есігінің де бұзылып, терезелері шағылып қалғанын көреді. Үйге ұры кіргені бірден сезіледі. Үстел үстінде тұратын “Асер” ноутбугы да қолды болғаны көрініп тұрады. Үй иесі ақша тыққан жерін қараса, ол да бос қалыпты. Келтірілген шығынның бәрі 170 мың теңгедей екен, - деп хабарлайды Egemen.kz. 

Зардап шегуші болған оқиғаны айтып, бірден полицияға хабарлайды. Қызылжардың пинкертондары да осал маман емес, олар жобамен ұрылардың келу, есікті бұзып кіру уақыттарын шамалап, сол маңдағы бейнекамералардан нақ сол кездегі көріністерді саралай отырып, ұрылардың кескін келбетін бірден анықтайды. Олар қаланың 1992 және 1999 жылдары туған тұрғындары екен. Үлкенінің түрмеге отырып шыққаны да белгілі болады. Ар жағы оңай, ұры қолда болмаса да картотекада бар, айналасы екі сағаттың ішінде қарақшылардың олжаларын “тойлап” отырған жерлерінде полиция үстерінен түседі. Қазір олардың үстінен қылмыстық іс қозғалып, бұлтартпас шаралары қолданылған. Ұрланған заттар мен ақшаның бір бөлігі иесіне қайтарылды.

Полициядан мұндай жеделдікті күтпеген зардап шегуші өзінің ризашылығын Петропавлдың ПБ жалған алғысында толық баяндапты. “Мен мұндай жеделдікті күткен жоқ едім, полицияда өз ісінің шеберлері болғаны мені қатты қуантты. Мен оларға шын жүректен алғысымды білдіремін”, делінген хатта.

СҚО ДП бастығының орынбасары, полковник Руслан Назаровтың айтуына қарағанда қылмысты жедел ашуға бейнекамелардың пайдасы зор. Сондықтан тұрғындар бейнекамералар қойдырып, өз аулаларының техникалық жағынан қауіпсіз болуын ойлағандары жөн дейді ол. Жыл басынан бері СҚО-да барлығы 303 пәтер тонау фактысы тіркеліп, соның 86,9 пайызы ізін суытпай ашылған. Соның ішінде бейнекамералардың пайдасы көп тиген екен.

ПЕТРОПАВЛ