• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 18 Маусым, 2020

Спорт саңлақтарының атына көше беру ұсынылды

498 рет
көрсетілді

Таяуда ғана құрылған "Қазақстандық спортшылар одағы" өз жұмыстарын қарқынды бастады. Айтулы қоғамдық бірлестік күні кеше Нұр-Сұлтан мен Алматы және Қарағанды облысы аумағында оранласқан Балқаш қалаларындағы көшелерге спорт қайраткерлерінің есімдерін беру жөнінде ұсыныс білдірді, - деп хабарлады.

– Ел спортының өркендеуіне елеулі еңбек сіңірген Аманша Ақбаев, Бекет Махмұтов, Александр Апачинский және тағы басқа абзал азаматтардың есімдері ұмытылып бара жатқаны жанымызға батады. Сол себепті де біз осындай бастама көтердік. Нұр-Сұлтанда Аманша Сейсенұлының, Алматыда Бекет Сапабекұлының, Балқашта Александр Ивановичтің атына көше берілсе деген ұсыныс айтып, жергілікті әкімдіктерге хат жолдадық. Осы игі бастамамызды спортшылар қауымы толықтай құптап отыр. Республикамыздың әр қиырындағы мыңдаған жанкүйерлер де барынша қолдау білдіруде, – дейді "Қазақстандық спортшылар одағы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Азамат Қарлығашев. 

Жоғарыда есімдері аталған азаматтар қазір арамызда жоқ. Десек те олардың әрқайсысы артында өлмейтұғын із қалдырды. Мәселен, Аманша Ақбаев 1971-1991 жылдар аралығында республикалық спорт комитетін басқарды. Одан кейін Туризм, дене шынықтыру мен спорт министрінің бірінші орынбасары, ал 1993-2002 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитетінің төрағасы болды. Сол кездері жерлестеріміз халықаралық ареналарда орасан зор табыстарға қол жеткізгені баршаға мәлім.

Еліміз тәуелсіздік алған тұста отандық бокстың тізгінін Бекет Махмұтов ұстады. Сол кезден бастап былғары қолғап шеберлеріміз Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында, аса ірі халықаралық және құрлықтық додаларда толағай табысқа қол жеткізіп, төрткүл дүниедегі үздік үш команданың қатарына қосылды. Айтулы азамат 10 жыл бойы Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығында (АИБА) вице-президент, бірінші вице-президент қызметтерін абыройлы атқарды. 2009-2012 жылдар аралығында республикалық дзюдо федерациясына жетекшілік етті. Күрестің бұл түріндегі өрлеу кезеңі де дәп осы Бекет Сапабекұлының есімімен тығыз байланысты екенін ешкім жоққа шығара алмайды.

Александр Апачинский бүкіл ғұмырын боксқа арнады. Жас кезінде өзі де тәуір өнер көрсетті, кейіннен бапкерліктің қамытын киді. Балқашта жүріп-ақ, талай дарынды және жалынды жастарды үлкен аренаға шығарды. Солардың арасынан Василий Жиров суырылып шығып, 1996 жылы Атланта Олимпиадасының жеңімпазы, Баркер кубогының иегері атанды. Сонымен қатар, Қазақстанның ұлттық құрама командасының аға жаттықтырушысы болып ұзақ жылдар бойы еңбек еткен Апачинский гүрзі жұдырықты жігіттеріміздің бокс әлеміндегі ең биік белестерді бағындыруына барынша септігін тигізді.

Расында да, Аманша Ақбаев, Бекет Махмұтов және Александр Апачинский сынды майталмандардың Қазақстан спортын өркендетуге қосқан үлестері елеулі екені еш күмән туғызбайды. Кезінде олардың барлығының да еңбектері еленді. Кеуделеріне ордендар мен медальдар жарқырап, басқа да мемлекетттік наградалармен марапатталды. Енді жоғарыда аталған қалаларды абзал азаматтардың атына көше берілсе, еш артық етпес деген ойдамыз. Сол себепті де біз де қарапайым жанкүйер ретінде "Қазақстандық спортшылар одағы" қоғамдық бірлестігінің бұл бастамысын толықтай қолдаймыз.