• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Руханият 23 Маусым, 2020

Тыныштық тірегі

436 рет
көрсетілді

Қоғамдағы тыныштық тәтті ұйқыдағы нәресте іспетті. Ол да алақанға салып әлдилеуіңе, маңдайынан сипап мәпелеуіңе мұқтаж. Айқай-шу мен араздық оның да ұйқысын бұзып, берекесін қашырады. Сондықтан болар, нәресте анасына қарап еміренген кезде елдегі тыныштық тәртіп сақшысын іздеп тебіренеді. Себебі ел тұтастығының ең асыл темірқазығы – қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік. Тәртіп бар жерде тұрақтылық бар. Ал тұрақтылығы тұғырдан түспеген мемлекеттің келешегі кемел, болашағы баянды болмақ. Осы құндылықтардың қарауылында Қазақстан полициясы тұр!

Ата-бабасы абақты тұр­ғыз­баған халықтың ұр­пағы­мыз. Қадыр Мырза Әлі жұрты­мыздың бір жақсысы мен бір жаманын тілге тиек етіп, осылай деп еді: «Бір жақсысы – абақты тұрғызбаған»... Ойлап отырсақ, аттың жалы, түйенің қомындағы көшпенді халық түрме тұрғызып қайтсін? Ол заманның тентектері абақ­­ты­­дан емес, сүйекке таңба болар ауыр сөзден қорқатұғын. Өкінішке қарай, бұл ұстаным бүгінде көрген түс, айтқан аңызға айналды. Амалдың жоқ­тығынан бір кездегі шешендер мен көсемдердің, қадірі арт­қан ауыл ақсақалдарының иығын­дағы ауыр жүкті тәртіп сақ­шыларына аманаттадық. Әйтпегенде жолдан тайғанды жөнге сала алмасақ айналамыз аласапыранға айналар еді. Бейберекет әрекеттерден қол-аяғымыз байланар еді...

 

Бала күнімізде ересектердің «өскенде кім боласың?» дегеніне «милисә» деп жауап қататын едік. Ки­но­дан көрген тәртіп сақшы­ла­ры­ның кескін-келбеті, қаһар­ман­дығы мен қызметтік киімі, мы­қындағы тапаншасы, өзін өзі ұстауы ер баланы еріксіз қызық­тырады ғой. Есейе келе бұл қызметтің қызығынан гөрі шыжығы көп екенін естіп, бала күнгі арманнан айнып қалдық. Шы­жық деп отырғаным көп «граж­­данскилер» біле бермейтін по­­лиция қызметінің машақаты. Әри­не машақаты жоқ жұмыс бола ма дерсіз? Болатын да шығар. Алай­да күштік құрылымдардағы қыр­уар жұмысты өлшемге салып өлшеуге, әлдеқандай қызметпен са­лыстыруға болмайтынын түсін­дім. Олай болмағанда тәртіп сақ­­шы­­сының бір жылдық еңбек өтілі бір жарым жылға баға­лан­сын ба? Бекер демегейсіз. Олар еткен ең­бек­­­тің ең жарқын көр­сет­кіші – отан­­дастарымыздың алаң­сыз өмірі, тұ­ғыр­­да тұрған ел ты­ныштығы!

 

Бәйгеге басын тіккендер

Алайда осы ел тыныштығын сақ­таудың да өзіндік құны бар. Қызмет бабында жүріп сол құнды бір­еу қайтып қалпына келмес ден­сау­лығымен, енді бірі одан зорғысы – өмірімен өтеп жүр. Елі үшін ер­лік танытқан ондай азаматтарды «бейбіт күннің батырлары» деп ба­ға­лаймыз. Жау жағадан алмаған соң біздер үшін бүгінгі өмір бейбіт те шығар, бәлкім. Бірақ қылмыспен күрестің алдыңғы шебінде жүрген жандар үшін тәртіп сақшысының әр күні қауіп пен қатерге толы. Олар босағадан аттап бара жатып ата-анасының, жан-жарының, бала-шағасының маңдайынан бір иіскеп ке­ту­ге ­тырысады. «Күн ұясына қо­на­рда ораламыз ба, жоқ па?» де­ген үміт пен күдіктің салмағы осын­­шалық ауыр. Себебі қызметіне үйден өз аяғымен аттанып, ақ кебін­ге оранғаны қаншама...

Бір мақалада ондай қайғылы оқи­ғалардың барлығын жіпке тізіп шығу оңайға соқпасы белгілі. Көз­де­ген мақсатымыз да ол емес. Алай­да елді дүрліктірген бірінеше жайт­ты атаусыз қалдыруға да болмай­ды. Алысқа бармайық, күні кеше Алматы маңындағы бақылау-өткізу бекетінде орын алған жол апа­тының салдарынан қызмет бабын­да болған Жалғас Жанғазиев пен Дастан Әбді­қа­нов есімді қос полиция қыз­мет­керінің өмірі үзілді.

Тоқсаныншы жылдардың со­ңын­да Қарағандыда қараниет­ті­лер­дің қолынан қаза тапқан Рустам Мәжитов пен Нұрлан Байғаскиннің, 2011 жылы Тараз қаласындағы көше бо­йында оқ атқан лаңкеске қарсы тұра­мыз деп өмірі үзілген Халық Қаһар­ма­ны, полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың, оның әріптестері Полат Аянқұлов пен Жақсыбек Бай­сейітовтің, өткен жылы Аты­рау­да суға батып бара жатқан қыз­ды құтқарып қал­ға­ны­мен, өзі ажал құрығына түскен полиция сер­жанты Шалқар Ақым­ға­лиевтің есім­дері ел жадынан өш­пей­­ді.

Өкінішке қарай, бұл – басын бәйгеге тігемін деп қызмет бабында қаза тапқан тәртіп сақ­шы­ларының бір парасы ғана. Ал жалпы тәуел­сіз­дік жылдары елі­міз­де ішкі істер органының бас-аяғы 2264 қыз­мет­кері өмірден озса, соның 787-сі қыз­меттік борышын өтеу кезінде, 83-і қауіпті қылмыскерлерді құ­рық­­тау барысында ерлікпен қаза тауып­ты. Сондай-ақ 3512 тәртіп сақ­шысы жарақат алып, соның 899-ы қыл­мыскерлерді ұстау барысында ауыр жараланды.

«Адам аласы ішінде, мал аласы сыртында» болған соң, кімнің дос, кімнің қас екенін аңғарып ала қою қиын. Қиыны қиын екен деп тәртіп сақшысы қарап жатсын ба? Жар­ғақ құлағы жастыққа тимей, ел тыныштығын көздің қарашығындай қор­ғап тұр! Олай болса түнгі аспанға қарайықшы. Бәлкім біздің тыныштығымызды қорғап қалу үшін өз өмірлерін қиған нағыз жұлдыздар төбемізде жарқырап тұрған болар...