• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 23 Маусым, 2020

Қарақшылар жазадан құтылмайды

802 рет
көрсетілді

2019 жылдың 7 қыркүйегі еді. Орал қаласының қарбаласы жоқ тыныш мүйістерінің бірі – Циолковский көшесінің №53-үйінде болған оқиға талайдың жанын түршіктірді. Қарапайым үйде қоңыр тірлік кешіп жатқан 85 жастағы кейуана Матрена мен мүгедек ұлы, сал ауруына шалдыққан Константин Кулаковты әлдекімдер айуандықпен өлтіріп кеткен.

Сот медициналық сараптама марқұмдардың денесі мен басынан соққы іздерін көрсетті. Жабық бас-ми жарақатына қоса, өлім себебі – қыл­қын­ды­рып тұншықтырудан келгені анықталды. Ешкімге зияны жоқ, өз күнін әрең көріп отырған қаріптердің ажалы кімнен болды?

Қылмыскерлердің үй ішінен іліп алар дүние іздегені, ақша мен алтын бұйымдар жоғалғаны – олардың оңай олжа іздеген қарақшылар екендігін байқатқан. Бірақ өлмелі кемпір мен оның мүгедек баласында қазына қайдан болсын?! Жоғалған заттың көлемі 130 мың теңгедей ақша, 75 мың теңгелік алтын бұйымы ғана екен. Бар-жоғы 200 мың теңге үшін екі адамды өлтіріп кеткен қаныпезерлер туралы не айтуға болады?

Әрине тергеушілер бірден іске кірісті. Жедел тергеу тобын Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті Тергеу басқармасының аға тергеушісі, полиция аға лейтенанты Дәрмен Ізбасаров басқарды. Көршілер, куәгерлер тергелді, ықтимал қыл­мыс­керлер тізімі жасалды. Жергілікті полиция қызметі Орал қалалық полиция басқармасы түгел жұмылды. Жол полициясы, түнгі «Үкі» қызметі тартылды. Екі адамның ажалына жеткен қылмысты ашу барысында полиция 2209 пәтер, 57 жеке үй және 144 саяжай үйшігін сүзгіден өткізді. Бұрын сотталған 485 адам, психиатрлық есепте тұрған 180 адам тексерілді. 

– Әу баста біздің қолымызда нақты ілік, дәлел болмады. Оқиға болған аумақтағы барлық бейнекамералар жазбасын тексердік. Қылмыскерлер әккі екен. Еш із қалдырмаған, – дейді Дәрмен.

Осылайша тергеу тоқырауға ұшырағандай еді. Қаралы күннен 4 ай өткенде, 23 қаңтарда қылмыстық іс уақытша тоқтатылды. Бірақ кәнігі тергеуші бұл істің де ашылатынына, кісі өлтірушілер табылатынына күмәнсіз сенген еді. Бәрі де аяқастынан болды.

– Күтпеген жерден РУ-170/1 мекемесінің қызметкері, полиция аға лейтенанты Қуандық Өтешқалиевтан құпия ақпарат түсті. Яғни сот­тал­ғандар арасында адам өлтіру қылмысына қатысты тың мәлімет белгілі болған. Бұл ақпаратты алған бойда уақытша тоқтатқан қылмыстық істі қайта қолға алдық. Күдікке алынған үш азамат туралы барлық мәлімет жинақталып, қылмыс болған уақыттағы олардың телефон қоңырауларына талдау жасалды. Жүрген жерлері, барған нүктелері анықталды. Бейнекамера жазбаларын қайтадан қарап өттік. Осылайша атышулы қылмыстың анық суреті пайда болды, – дейді Дәрмен Ізбасаров.

Оқиға былай болған екен. Қылмыскерлер үш адам, үшеуі де бұрын қарақшылық шабуыл жасағаны, ұрлық қылғаны үшін бірнеше рет сотталған. Оның үстіне үшеуі де есірткіге тәуел­ді. Сөйтіп қыркүйектің сол бір күні кезекті құр­бан­ды­ғына бет алған. Топ басшысы З. бала күнінен осы ауданда өскен, Матрена кемпір мен оның ұлының оңаша тұратынын, қорғансыз екенін, тіпті зейнетақы алатын күніне дейін білген. Осылайша оңай олжа іздеген үшеу шімірікпестен қылмыс жасап, қос адамның қанын мойнына жүк­теген. Қылмыстық топтың екі мүшесі көп кешікпей өзге бір қылмысы үшін ұсталып, қазан-қараша айларында түрмеден бір-ақ шыққан.

– Оқиғаның дәл осы үш адамның қолымен жасалғанына анық көзіміз жеткен соң олардың бірімен жеке кездесіп, оңаша тергедім. Ол қылмыс жасағанын толық мойындап, тіпті «жақында полицияға өз еркімен барғысы келгенін, ар-ұяты маза бермегенін» айтты. Сөйтіп тергеуге көмек­те­су­ге уәде берді. Осылайша оқиғаның барлық қыр-сыры ашылды, – дейді Дәурен Қуатұлы.

Бұл қылмыстың тергеуі енді қорытындыланып, жақын күндері сотқа жолданғалы жатыр.

– Кулаковтардың өліміне қатысты қылмыстық істі тергеу тобы өте жемісті жұмыс істеді. Тер­геу барысында қосымша 63 қылмыс ашылды. Мәселен, велосипед ұрлығының 40 фактісі, 3 пәтер ұрлығы ізі суымай ашылды. Саяжайлар мен гараж кооперативтерінде жасалған 8 ұрлықты әшкереледік. Өзгенің мүлкін ұрлаған 8 оқиғаның жолы кесілді. Бір тонау оқиғасы ашылды. Бұған қоса, полицияның іздеуінде жүрген 11 адам табылып, тұтқындалды, – дейді Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция генералы Мақсұтхан Әбіләзімов.

Кулаковтардың өліміне қатысты істі тергеу кезінде Орал қалалық полиция басқармасы кри­миналдық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі, полиция капитаны Төлеген Тұрымбетовтің де еңбегі зор болыпты. Ал өңірдегі аса ауыр қыл­мыстардың талайын із суытпай ашып, «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің үздігі» белгісіне ие болған Дәрмен Ізбасаровтың жөні бір бөлек. Әрдайым қауырт қызметімен жүретін тергеуші кәсіби мерекесі қарсаңында өзі ашқан ауыр қылмыстардың бірі туралы айтып беруге уақытты әрең тапты.

 

Батыс Қазақстан облысы