Мұның алдындағы жылдарда Ақтөбе қаласында жергілікті атқарушы билік өкілдері тарапынан: биылғы көктемде пәленбай мың түп тал егілді деген сыңайдағы баяғы кеңестік кезеңдегі секілді мәліметтер жиі естілетін. Әйтсе де кейін сол ағаштардың жай күйі қандай болғаны жөніндегі ақпараттар мүлдем айтылмайтын. Балапанды күзде санайтыны секілді отырғызылған көшеттердің саны қурап қалмай, бой жазып өскен ағаштардың санымен өлшенсе, әлдеқайда әділетті болар ма еді?
Бұл құрғақ сөздер тек көз алдау, уақытша ұпай, арзан бедел жинау үшін ғана айтылатыны белгілі болып отыр. Мұндай тұжырым жасауымызға Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясы жүргізген аудиттік тексерулер барысы басты негіз қалай алады.
Нақты деректерге сүйенсек, өткен жылы Ақтөбе қаласында отырғызылған мың көшеттің тоқсан пайызы көктей солып қурап қалған екен. Өз кезегінде бұл істі атқаруға жергілікті бюджеттен 71,4 миллион теңге бөлінгенін ескерсек, осы қомақты қаражаттың басым бөлігі желге ұшып кетті деуге әбден болады.
Бұдан шығатын түйін – өкілетті тұлғалар бар істі көшет отырғызумен біттіге санап, оны күтіп-баптау мен суару жұмыстарын мүлдем жүргізбегені болып шықпай ма? Сондай-ақ мұндай сорақы көрініс Ақтөбе қалалық әкімдігіне қарасты салалық бөлімдер тарапынан тиісті қадағалау жұмыстарының жүргізілмегенін көрсетеді. Ал биыл облыс орталығында тал-терек өсіру мәселесіне қатысты әңгімелердің аясы бұрынғы жылдардан да ауқымдырақ естіледі. Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, шаһар көп кешікпей жасыл желекке оранып сала беретін түрі бар. Бұл жөнінде жасалған жобалар мен бағдарламалар да ешкімге сауырын сипатар емес. Әйтсе де мұның өзі өткен жылдардағы секілді құрғақ сөз, жалған уәде күйінде қалып қоймаса болғаны да.
АҚТӨБЕ