Елімізде «Донор аймақтар неге азайып кетті?» деген мәселенің қоғамдық пікірден мемлекеттік деңгейге көтеріле бастағанына екі-үш жылдың жүзі болды. Былтыр бюджетке түсетін түсімдердің барлық аймақтарда қысқарғаны байқалды.
Өңірлердің дамуы біркелкі емес
Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2019 жылы 2 млн тұрғыны бар Алматы қаласы республикалық бюджетке 115,3 млрд теңге құйды. Ал биылғы жоспар бойынша мегаполис «ортақ қазынаға» 171,7 млрд теңге құйып, былтырғы көрсеткішке қарағанда біршама артық беруі керек.
Атырау облысы 2020 жылы республикалық бюджетке 207,3 млрд теңге аударады. Бұл былтырға қарағанда екі есе артық. Оны мұнайдың көп өндірілуімен түсіндіруге болады.
Биыл донор-аймақтардан қаржыны алу көлемі 420 млрд теңгеге дейін жетпек. Бірақ пандемияның салдарынан өзгеріс болуы әбден мүмкін. Дүниежүзілік банктің сарапшылары әлемде шикізат тауарларына сұраныс айтарлықтай азайып, бағасы құлдырайтынын айтып жатыр. Қазірдің өзінде баға төмен екені мәлім. Донор-аймақтарда, әсіресе Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында бюджетке салық төлейтін шағын және орта кәсіпкерліктің жұмысы саябырлап қалды. Дамудың күретамырына қан жүгіртіп келген өңірлер түшкіріп қалса, өзге аймақтардың жағдайының не болатынын сезіп, Үкімет орталықтандырылған бюджетке тәуелді реципиент аймақтардың көбейіп кетуінің алдын алмаққа қам жасап жатыр. Сарапшылар бұл оңай шаруа емес екенін айтады.
Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Ақтау мен Атырау облыстары донорлардың көшін бастап тұр. Алматы мен Нұр-Сұлтанда бизнес субъектілерінің қатары көп болса, Атырау мен Ақтау экономикасының күретамырына мұнай қан жүгіртіп келді.
Үкімет осыған дейін дотацияға тәуелді емес аймақтарға Алматы облысы мен Қарағандыны айтатын. Сарапшылар Алматы облысының экономикасының өсіміне Қорғас бекеті мен Алматы қаласы ықпал ететінін, Қарағандыға географиялық жағынан Нұр-Сұлтанның жақын орналасқаны тиімді екенін айтады. Мұндай мысалдар әлемдік тәжірибеде көп. Айталық, АҚШ экономикасы Канадаға қуат берді. Қытай экономикасының дамуы Вьетнамды ұйқыдан оятты. ЕО-дағы елдердің дамуына бір-бірімен көрші қонуы әсер етті. Демек дамыған елдердің экономикасы көрші елдерге, ал ШОБ-тың әлеуеті іргелес қалалардың өсіміне дем беретіні де нарық заңы.
Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың айтуынша, кез келген мемлекеттің табысты дамуы – аймақтық саясаттың тиімділігіне тәуелді. Қазір көптеген елде мемлекетті орталықтан басқару әдісі әлсіреп, билікті аймақтарға беруге көңіл бөліне бастады. Кез келген мемлекеттің дамыған, дамушы және дамымай артта қалған аймақтары болады. Экономикасы шикізатқа тәуелді, жері кең, елді мекендер мен қалалары бір-бірінен алыс орналасқан Қазақстан үшін мұндай жағдайдың болуы да заңдылық. Бұл тұста облыстарды дамытудың бағыты ретінде орталықтағы мамандарды аймаққа, аймақтағы мамандарды орталыққа ротациялау тетігін басшылыққа алуға болады.
Аймақ дамуы үшін мемлекеттік бағдарламалар орындалуы қажет. Ал әлемдік тәжірибеде мемлекеттік бағдарламалар орындалуы үшін ІЖӨ деңгейі 5-7 пайыздан асуға тиіс. Қазақстан пандемияға дейін де бұл өсімге қол жеткізе алған жоқ. Д.Сәтпаевтың пайымдауынша, шынайы өміріміздің шеңберіне лайықтаған сауатты бағдарламалардың жоқтығынан ІЖӨ 5 пайыздың айналасында болды. «Қазіргі біз қолданып отырған жүйені халықаралық терминде «социалистік бірлік» деп атайды. Бұл жүйеден Ресейдің өзі бас тартып жатыр. Мүмкін бізге де бас тартып, аймақтардың даму ерекшелігіне көңіл бөлу керек шығар. Пандемияға дейін Өзбекстан экономикасы өсім бере бастағаны қазақ экономикасының қалғып кетуіне мүмкіндік бермейтін факторға айналды. Бұл факторды Түркістан облысының дамуына қолдануға болады. Өзбек инвесторлары Түркістан, Жамбыл облыстарынан біріккен кәсіпорындар салуға ықыласты», дейді ол.
Сарапшы Бейсенбек Зиябеков осыған дейін аймақтардың қандай салаларға дамуға бейім екенін зерделемегенімізді айтады. Олардың экономикалық стратегиясын айқындау мүмкіндігі шектеліп, ортақ бюджетке деген тәуелділігі тереңдеп кеткен. Донор қатарына енген 4-5 аймақтан өзгесінің кенжелеп қалуы экономикалық саясат үшін де тиімді емес. Саясаттанушы Замир Қаражанов орталықтан алыс аймақтардың инвестициялық климаты тартымсыз деген пікірге сенбейтінін айтады. «Зауыты, кәсіпорындары бар шағын қалалардың біразының инвестициялық картадан түсіп қалуына КСРО-ның күйреуі себеп болған. Дағдарыстан ес жиып, кәсіпорындары табысты жұмыс істей бастағалы Кентау қала үлгісіндегі елді мекенге айналды. Қазір Қазақстанның кәсіпорындарындағы трансформаторлардың 90 пайызы Кентауда жасалады. Моноқалалар туралы мемлекеттік бағдарламаның нәтижесін Жаңаөзен мен Кентау қалаларының дамуынан байқауға болады. Кентау – КСРО кезінен өндіріс ошақтары бар қала. 1990 жылдары талан-таражға түскен жоқ. Бөлінген қаржының тиімді жұмсалуын бақыласақ, біраз тірліктер алға жылжиды», дейді З.Қаражанов.
Донор аймақтардың азайғаны – әлемдік құбылыс
2013 жылы АҚШ автокөлік индустриясының астанасы Детройт қаласы банкрот болды. Сол кезде АҚШ-тың федералдық соты «Детройт қаласы қарызға батты. Енді несие берушілеріне ақшаны қайтаруға мүмкіндігі жоқ» деді. АҚШ тарихындағы ең ірі муниципалды банкрот қаланың қарызы қазір 18 млрд доллардан асып кетті. Сарапшылар Детройттың банкрот болуының себептері туралы әртүрлі пікір айтады. «Несие берушілерден заңды түрде қорғану үшін қаланы банкрот деп жариялады деген пікір басым. Себебі 10 жыл бойы банкрот деп жарияланып, кейін еңсесін түзеген қалалар АҚШ тарихында көп. Алдағы бірер жылда бізде де осындай мәселе туындамасына кім кепіл?!
Ресей де шағын қалаларды дамытуға 1,5 млрд рубль бөлген. Теңгемен есептегенде 7-8 млрд. Ал Қазақстанда 1 жылға 34 млрд теңге, 3 жылға 120 млрд теңге бөлінді. Біздегі моноқалалар саны 27 болса, Ресейде – 300. Сарапшы Б.Зиябековтің түсіндіруінше, Үкімет бөлген қаржы мақсатты түрде жұмсалса, 27 қаланың инфрақұрылымы 90 пайызға жаңаруы тиіс еді. «Қазақстанда халықтың өмір сүру деңгейін аз да болса теңестіру үшін мемлекет кірістерді қайта бөлу тетіктерін қолданады. Яғни қаржыны бай өңірден алып, тұрмысы төмен аймаққа береді. Ақшаны бұлайша қайта бөлуді «Мемлекеттік бюджетті теңестіру» деп атайды. Бұл механизм Бюджет кодексінің 45-бабы арқылы заңдастырылған. Бюджет кодексіндегі осы бапқа өзгерістер енгізу керек. Донор аймақтардың реципиенттер қатарына қосылуының өзі проблема деген түсінік бар. Себебі аймағы артта қалса, әкімдердің рейтингіне әсер етеді. Әкімге аймақтың инвестициялық тартымдылығы емес, жақсы атанып, бюджеттен молырақ үлес алып қалғаны жақсы. Пандемия экономикада шындықты жамап-жасқап, жақсы атанып, уақыт өткізу мүмкін еместігін көрсетті. Бізде аймақтардың дамуын скринингтен өткізіп, жағдайды соның нәтижесіне қарап бағалауға болады. Бұл аймақ басшыларынан «халқыңның жағдайы қалай, олардың қанша пайызын жұмыспен қамтамасыз еттің, тапқан табысы күн көрісінен артыла ма?» деген мәселелерді ашық талап етуге мүмкіндік береді. Меніңше, әкімдердің рейтингі инвестиция тартумен ғана емес, халқының экономикалық белсенді бөлігінің жұмыспен қамтылуымен де есептелуі керек», дейді ол.
Сарапшы осы ретте осы күнге дейін қолданыста болған экономикалық модельден бір күнде бас таруға болмайтынын айтады. «Қалған өңірді сақтаймыз деп қолдағы барды құрбандыққа шалып жіберуге болмайды. Үкіметке – шындап ойланатын, әкімдерге рейтингтен де маңызды мәселелермен айналысатын кез келді. Осы күнге аман жеткен донор аймақтардың әлеуетін сақтап қалу реципиент аймақтарды алға жылжытумен бірдей жүргізілуі керек. Жеріне екі-үш мемлекет сыйып кететін кейбір облыстар дотацияда отыр. Егер қалалық орталықтардың дамуы нарық жолымен үйлестірілмесе, реттелмеген көші-қон процестеріне, өңіраралық үйлеспеушілікті одан әрі нығайтуға ықпал етуі және экономиканы әртараптандыруға кедергі болуы мүмкін. Бұл ретте «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасынан үміт күтемін. Үкімет жағдайды мүмкіндіктерге қарай бейімдеудің қажет екенін пайымдап барып бұл құжатты қабылдады», дейді сарапшы.
Аймақтардың әлеуетін бизнес көтереді
2020 жылдың басынан бастап Өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығы іске қосылды. Алдағы бес жылда басқарылатын урбанизацияға назар аударылады. Төрт ірі агломерация – Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбе шаһарларын дамытуға көңіл бөлінеді. Ұлттық экономика министрлігінің 2025 жылға дейінгі жоспарына сәйкес, қалалардың дамуына ғана емес, сонымен бірге ауылдық елді мекендерге де назар аударылады.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының дамыған елдерін алсақ, урбанизацияның орташа деңгейі ретінде халықтың шамамен 77 пайызының қалаға шоғырлануы қарастырылған. Қазақстанда 2019 жылы бұл деңгей 58,2 пайызға жетті. 2025 жылға қарай Ұлттық экономика министрлігі бұл көрсеткішті 62 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Олжас Құдайбергенов: «Бүгінгі таңда елімізде 4-5 донорлық аймақ бар, бірақ жағдай басқаша болуы керек. Бұл жағдай ішінара салық түсімдерінің орталықтандырылып келуінің салдарынан болды. Импортқа тәуелділіктің жоғарылығы, экономикалық және ақша-кредит саясатындағы қателіктер де себеп. Егер осы кемшіліктер ескерілсе, жұмыс дұрыс ұйымдастырылса, донор аймақтар саны 13-14-ке дейін артады», дейді.
Даму әлеуеті бар ауылдарды анықтаудың жаңа әдістемесі жасалды. Бұған 6,5 мың ауылдың шамамен 3,5 мыңы кіреді, оның 1 150-і тірек ауыл, қалғаны – спутниктік және шекаралық ауылдар. Ұлттық экономика министрлігінің жоспарына сәйкес, «Ауыл – Ел бесігі» жобасының аясында тірек және серік ауылдарды жаңғырту бағдарламасының жаңа бағыты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту мен әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту.
Елді мекендердегі барлық әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды 7 жыл ішінде модернизациялау жоспарлануда, бұл ауыл экономикасының дамуына серпін береді. Сонымен қатар кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары қалаларға ғана емес, сонымен бірге ауылдарды қолдауға бағытталады.
АЛМАТЫ