Тынық мұхитының былайғы жұрт аяқ баса бермейтін түкпірінде Кирибати деген республика бар. Таяуда осы бір алақандай елде Қытайдың елшілігі ашылды. Шартарап коронавирустан қауіптеніп отырғанда Бейжіңнің мұндай қадамға баруының геосаяси астары үлкен.
Кирибати – 33 атолл, яғни сақина секілді дөңгелене біткен маржан рифі аралдарынан құралған шағын мемлекет. Жер көлемі 812 шаршы шақырым. Салыстырмалы түрде бұл – Алматы қаласының аумағына шамалас. Осы бір алақандай елде небәрі 116 мың адам мекендейді. Оның өзінде, тұрғындар 13 атоллға ғана қоныстанған. Қалған 20 аралда тірі жан жоқ.
Бұл елдің жаңа тарихы 1979 жылдан басталды. Сол кезеңде Кирибати Ұлыбританиядан тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет ретінде байрағын көтерді. Кейінірек Тынық мұхитының де-факто қожайынына айналған АҚШ-пен келісімге келіп, бірқатар аралды меншігіне қосты. Әйтсе де, Кирибати БҰҰ құрамына 1999 жылы ғана енді.
Осындай ерекшелігіне қарамастан, Кирибати геосаяси тұрғыдан ерекше маңызға ие. Өткен ғасырда Ұлыбритания мен АҚШ Молден және Киритимати аралдарында сутегі бомбасын сынақтан өткізгені белгілі. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жапондар мен америкалықтар алма-кезек аралдарды басып алып отырған-ды.
Міне, осындай шағын мемлекет енді Қытайдың қызығушылығын туғызып отыр. Елең-алаң уақытта алыстағы аралдан елшілік ашуы Бейжің билігінің астыртын жоспары барын аңғартады. Қазірге дейін мұнда үш-ақ мемлекеттің – Аустралия, Жаңа Зеландия және Кубаның елшілігі бар. Яғни олар Кирибатимен ауылы аралас, қойы қоралас жатқан елдер. Оның үстіне, Аустралия мен Жаңа Зеландияның Тынық мұхитындағы көптеген шағын мемлекетке арқасүйер аға болып жүргені белгілі. Сондай-ақ алақандай арал елдерге баратын туристердің басым бөлігі де «жасыл құрлықтан» ағылады. Ендеше, олардың елшілік ашуының себебі түсінікті.
Ал Қытайдың мұндай қадамына кейінгі кездегі бірнеше жағдай әсер етті. Біріншіден, былтыр Кирибатиде президенттік сайлау өткен. Дауыс беру кезінде Танети Маамау қара үзіп шығып, ел тізгінін қолына алды. Ол президенттік лауазымға отыра сала, мемлекеттің сыртқы саясатына өзгеріс енгізді. Маамаудың Бейжіңге бір бүйрегі бұрып тұратыны белгілі. Сондықтан ол Тайваньға қатысты Кирибатидің ұстанымын өзгертіп, Қытайды жақтап шыға келді. Ал биылғы қаңтарда Маамау мырза Қытай президенті Си Цзинпиньмен кездесті. Бұған дейін АҚШ, Аустралияның әріптесі саналып келген Кирибати осылайша бірте-бірте Қытайға бет бұра бастады.
Екіншіден, Бейжің билігінің алыстағы аралдан елшілік ашуы Тынық мұхитындағы ықпалын арттыруға бағытталған қадам. Естеріңізде болса, кейінгі кезде Қытай мен ең үлкен мұхиттағы басты мемлекет Аустралия саяси тұрғыда шекісуге сәл қалған. Мәселен, коронавирус пандемиясы шартарапты шарлап, жер-жаһанның аяғын бір етікке тыққанда, Канберра билігі ең алғаш вирустың шығу тегі туралы сөз қозғады. Сәуірде Аустралияның сыртқы істер министрі Марис Пэйн COVID-19-дың қайдан пайда болғанын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан бөлек те зерттеу қажеттігін алға тартқан.
Оның алдында, 2018 жылы Аустралия Huawei компаниясына елдегі 5G қызметімен айналысуға рұқсат берген жоқ. Ал 2016 жылы ұлттық қауіпсіздік мәселесіне байланысты қытайлық екі компанияның электр энергиясын жеткізу жұмысын жүргізуге тыйым салды.
Жақында Канберра билігі Қытайдың Гонконгқа қатысты ұстанымын айыптаған. Бұдан кейін жунголар «жасыл құрлықтан» келетін бірқатар тауарға салықты арттырып жіберді. Мәселен, Қытай арпаға салынатын тарифті 80 пайызға өсірді. Сондай-ақ осы елдегі ең үлкен төрт қасапханада сойылған етті кіргізуге тыйым салды. Бұған қоса, «жасыл құрлықтан» жеткізілетін көмірден бас тартуы мүмкін екенін айтып, сес көрсетті.
Аустралиямен осылай «айқасқан» Қытайдың Тынық мұхиты жоспары мынадан да байқалады. 2006 жылы Бейжің билігі Тынық мұхиты аралдарына шамамен 424 миллион доллар инвестиция салатынын мәлімдеген. Содан бері бұл сома артпаса, кеміген жоқ. Қазіргі таңда Қытай Тынық мұхиты аралдарының Аустралиядан кейінгі негізгі донорына айналған. Бүгінде «жасыл құрлықтың» жоспарланған инвестициясы 5,87 миллиард долларды құраса, Бейжіңнің құятын қаржысы 5,7 миллиард долларға жетіп отыр. Бір айта кетерлігі, Аустралия Тынық мұхиты аралдарына артығымен инвестиция салып, оның көлемін 6,25 миллиард долларға дейін көбейтті. Ал Қытай уәде еткен ақшасын толық беруге асығар емес. Қазірге дейін 1,21 миллиард доллар ғана қаржы құйған.
Қысқасы, Бейжің билігі алыстағы Кирибатиден елшілік ашуы арқылы жер-жаһанның түкпір-түкпіріндегі ықпалын арттыруғын жалғастыра бермек. Коронавирус пандемиясы Қытайдың Тынық мұхитындағы жоспарына кедергі келтірген жоқ.