Бұл сұхбатқа “Толғандырар тақырып” айдары қойылды. Дәл қазір қоғамды толғандырып тұрған тақырыптардың арасында Қазақстанның Ресеймен, Беларусьпен биылғы 1 қаңтардан бастап Кеден одағына біріккені алдыңғы қатарда тұр деп айта аламыз. Біз қалың жұртшылықты толғандыратын осы мәселе төңірегінде Қазақстан Республикасының Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжановаға жолығып, әңгімелесуді жөн көрдік.
– Құрметті Жанар Сейдахметқызы! Жаңадан құрылған Кеден одағына байланысты жақында Алматыда үлкен жиын өткіздіңіздер. Кеден одағының қыр-сырын қолмен қойғандай көрсетіп бердіңіздер. Ол жайында біз көлемді есеп (24.03.2010) жарияладық. Жұрттың ықыласы жақсы. Газет сайтына “Осындай кеңес өткізгендері дұрыс болған екен” деп үн қосып жатқандар бар. Сіз мұндай одақтың қажеттілігін немен түсіндірер едіңіз?
– Ең алдымен Кеден одағының құрылуы Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Еуразия кеңістігіндегі экономикалық ықпалдастық идеясының нақты жүзеге асуы екендігін айту шарт. 1994 жылы Елбасымыз Мәскеуде Еуропа Одағына ұқсас экономикалық байланыстар жөнінде айтқанда талай адам таңданған. Сонда көтерілген бастамалардың көпшілігі қазірдің өзінде өмірден өз орнын тауып үлгерді. ЕурАзЭҚ құрылды. Енді міне кезек Кеден одағына келді.
Жалпы, бүгінде әлемде экономикалық ықпалдастықтың негізгі төрт сатысы бар. Олар мыналар: бірінші сатысы – еркін сауда аймағы, екінші сатысы – кеден одағы, үшінші сатысы – бірыңғай экономикалық кеңістік, төртінші сатысы – экономикалық одақ. Еркін сауда аймағына мысал ретінде ТМД-ны айтуға болады. Кеден одағы деп үшінші бір елдерден әкелінетін тауарларға қатысты бірыңғай кеден тарифі, ал жалпы айтқанда бірыңғай сауда саясаты қолданылатын екі немесе одан көп елдің ортақ кеден аумағы аталатыны белгілі. Яғни, кеден одағы дегеніміз одаққа мүше елдердің арасындағы еркін сауда аймағымен бірге осы елдердің тарапынан үшінші елдерге қолданылатын бірыңғай сауда саясатының комбинациясы болып табылады. Қазір әлемде 12 кеден одағы Дүниежүзілік сауда ұйымы аясында жұмыс істеп жатыр. Егер, кейбір азаматтарымыздың айтып жүргеніндей, кеден одақтары тәуелсіздікке, егемендікке нұқсан келтіретін, тіпті қатер төндіретін болса, онда олар мұндай одақтарға неге бірігеді? Мұндай одақтардың негізгі міндеті одаққа мүше елдер арасындағы еркін саудаға және үшінші елдермен сауда саясатын тең деңгейде жүргізуге қолайлы жағдай жасау. Жалпы, қандай елде де сауатты сауда саясаты ең алдымен экономиканың бәсекеге қабілеттілігіне қолдау көрсетуден танылуға тиіс. Кеден одағы сондай саясат жүргізуге мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде Кеден одағының сыртқы саясат, техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шараларды, кедендік әкімшілік шараларын, салық салу негіздерін және тағы басқа салаларды жөнге келтіретін шарттық-құқықтық базасы қалыптастырылды дей аламыз. Биылғы 1 шілдеден бастап Кеден одағының Кедендік кодексі күшіне кіреді. Осы арқылы үш елдің арасындағы кедендік ресімдеудің алынып тасталуы қамтамасыз етілуге тиіс. Қазақстанның, Беларусьтің, Ресейдің ұлттық нарықтарын біріктірудің есебінен қазіргіден әлдеқайда жинақы, ортақ, яғни ішкі нарықты қалыптастыру осы елдердің жаңа өндірістерін дамытуға, тауарлардың сапасын жақсартуға септесетіндігі Президент Жолдауын талқылау барысындағы жарық көріп жатқан материалдарда да кеңінен жазылуда. Кеден одағы бізге кедергі келтірмейді, қайта жаңа мүмкіндіктер туғызады. Ол мүмкіндіктердің қалай пайдаланатындығы біздің бизнеспен жұмысты қалай жүргізетінімізге байланысты.
– Жаңа құрылып жатқан Кеден одағы Қазақстан экономикасының дамуына қалай әсер етеді? Кеден одағы елімізге қандай пайда әкеледі деп санайсыз?
– Ең қарапайым ұғыммен айтайыншы. Қазақстан өзінің 16 миллион адамдық нарығын 170 миллион адамдық нарыққа ұлғайтады. Бұл – басы ашық артықшылық. Ал нақтылап тарата түссек, біріншіден, Кеден одағын құрудың берер басты пайдасы осы одаққа мүше мемлекеттердің экономикаларына инвестицияларды тартуға жағымды жағдай жасау және мемлекеттердің экономикалық әлеуетін ескере отырып, бірлескен өндірістерді және бір-бірін өзара толықтыратын кәсіпорындар кооперацияларын құруды қамтамасыз ету болып табылады.
Кеден одағының қалыптасу нәтижесінде ішкі өнім деңгейі 1,6 трлн. АҚШ долларды құрайтын және ішкі нарық көлемі 168 млн. адамға жететін бірыңғай аумақ құрылып отыр.
Екіншіден, Қазақстанның экспортқа бағытталған кәсіпорындары үшін отандық тауарларды Еуропа елдеріне шығару үшін Ресейдің транспорт инфрақұрылымын әлдеқайда жағымды шарттармен қолдану келесі үлкен мақсат болып табылады. Бұл біздің кәсіпкерлеріміздің көлік шығынын азайтуына, соның арқасында қазақстандық өнімнің үшінші елдер нарығындағы бәсекеге қабілеттігін арттыруға мүмкіндік береді.
Үшіншіден, Қазақстан тауарларының Ресей және Беларусь нарығына шығуы үшін техникалық стандарттар мен талаптардың, мысалы, ветеринарлық талаптардың, үш мемлекет тарапынан бір деңгейде қолданылуы өте маңызды міндет болып табылады.
Осылайша, қазақстандық тауар өндірушілер үшін өз өнімдерін сату нарығын кеңейту мүмкіндігі пайда болады және біздің экономикамыздың инвестициялық тартымдылығы артады, бұл өз кезегінде жаңа өндірістерді дамытуға ықпалдасады деп сенеміз.
Кеден одағы сол одаққа мүше елдердің экономикасына инвестиция тартуға, бірлескен өндірістер құруға, бірін бірі толықтыратын кәсіпорындардың кооперациясына қолайлы жағдай жасайды. Бұл одақ Қазақстанның экспортқа бейімделген кәсіпорындарының алдынан Ресейдің көлік инфрақұрылымына қол жеткізудің қосымша жолдарын ашады. Қазір қолданылып жүрген техникалық стандарттар мен талаптардың бір ізге түсірілуі қазақстандық өнімдердің Ресей мен Беларусь нарықтарына шығуына мүмкіндік жасайды.
– Мысалы, Ресей рыногы қазір іс жүзінде Қазақстаннан баратын ет үшін жабық тұр деуге болады. Солай ғой?
– Солай. Солай болатыны – Ресейдің осы саладағы қызмет орындары етті дайындауға өздерінше талап қояды. Ол талапқа біздің сатылатын етіміз дәл келмейді. Ресей қазір жылына 560 мың тонна сиыр етін, 780 мың тонна тауық етін импорттап отыр, соның өзінде баж мөлшерлемесі, яғни ставкасы 15 және 25 пайыз деңгейінде. Біздегі ветеринарлық-санитарлық талаптар ретке келтірілсе, онда Қазақстан етінің Ресей нарығына еркін кіретіндігі анық. Оларға да сонау Америкадан, Аргентинадан, Бразилиядан ет тасудан гөрі іргедегі Қазақстаннан ет сатып алу тиімді екенін дәлелдеп жатудың қажеті шамалы. Өткен жылдың өзінде ғана Ресей жалпы құны 4,3 миллиард долларлық жаңа сойылған және тоңазытылған 1,3 миллион тонна етті, 1,1 миллиард долларлық 964,8 тонна құс етін сырттан әкелген. Сол сұраныстың белгілі бір бөлігін Қазақстан қанағаттандыра алар еді. Бұл мәселені шешу үшін Үкімет осы заманғы бордақылау алаңдарын және сойыс цехтарын құруға ерекше назар аударып отыр. Ол жерлерде біздің отандық етті импорттайтын елдердің барлық санитарлық нормалары сақталуға тиіс. Біз өз тарапымыздан қазақстандық ет өнімдерінің сапасын ресейлік қызмет орындарының оңайлатып анықтауы үшін қажетті нормативтік базаны жасауға күш салып жатырмыз. Қазірдің өзінде өнімдерді сертификациялауды бірлескен қазақстандық-ресейлік комиссиялар жүзеге асырады деген уағдаластық жасалды.
– Жанар Сейдахметқызы, осы ет мәселесіне байланысты наразылық білдірушілер де бар. Бұрын етке сататын сиырын ауласында сойып, ішек-қарнын тазалап, қан-жынын шығарып, базарға бір-ақ апарып үйренген қазақ жаңа жағдайға көндіге алмай жатыр.
– Ол талаптарды сақтамай болмайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі, аудан, ауыл әкімдері осы мәселемен айналысып, шешуге тиіс. Ет тиісті талап сақталып сойылмаса, тиісті температурада сақталмаса, тиісінше оралып, буып-түйілмесе, тиісінше тасымалданбаса экспортқа шығарылмайды. Бүкіл әлемдегі талап сондай. Бірте-бірте үйренуге тура келеді.
– Кез келген тауар бәсекеге қабілетті болуы керек дейсіз ғой.
– Кеден одағы есігін айқара ашып қойып, кел де ала бер дейтін жайма базар емес. Кеден одағы – бәсекелестік алаңы. Онда бәсекеге шыдас беретін тауарлар ғана өтеді.
– Мұндай талап бүкіл әлемдік саудаға да қатысты емес пе?
– Қатысты. Бірақ әр елдің өз ерекшелігі бар. Біздің тауарларымыз керемет болып жатса, олардың Америкаға да, Еуропаға да, Жапонияға да сатылатыны анық. Бірақ олай емес қой. Қазірше. Бұл сөзді Ресейдің, Беларусьтің тауарларына да қатысты айта аламыз. Олардың да тауарларын қазір іргедегі Еуропа онша қажет етіп отырған жоқ. Бірақ олардың тауарлары жалпы сапасы бойынша, әсіресе бағасы бойынша бізге әбден-ақ жарап тұр. Біздің тауарларымыздың да сұранысқа Жапониядан гөрі Ресейде көбірек ие бола алатындығы талас тудырмайды.
– Жақында, 2 сәуірде газетімізде әріптесім Сұңғат Әліпбайдың “Кеден одағы: дақпырт пен шындық” деген толымды мақаласы жарияланды. Онда осы одаққа байланысты шығып жүрген дақпырт сөздердің негізсіздігі нақпа-нақ дәлелденген. Сонда да мына бір мәселенің басын аша түскен артық болмайтын сияқты. Кеден одағының комиссиясы үкіметтерден жоғары тұрады дейді, онда Ресейдің қысымы күшті дейді. Бұған не айтар едіңіз?
– Комиссия халықаралық шарттар негізінде құрылған, оның қызметі Кеден одағының дамуына қажет жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған. Комиссия Бірыңғай кедендік тариф мөлшерлемелерін өзгерту жөнінде шешім қабылдайды, тарифтен тыс реттеуге жататын тауарлардың тізімін, ортақ техникалық регламенттерді бекітеді, басқа да жұмыстары көп. Комиссия жұмысының негізгі қағидаттарының бірі – өзара тиімділікті және тараптардың ұлттық мүдделерін ескеруді қамтамасыз ету. Қабылданатын шешімдердің экономикалық тұрғыдан негізділігі, жұмыстың ашық, жариялы және әділ жүргізілуі қатты қадағаланады. Кеден одағы комиссиясының құрамына әр тараптан Үкімет басшысының орынбасары қызметіндегі бір өкіл енеді. Қазақстан өкілі – Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ө.Е.Шөкеев.
– Тағы бір жайды қозғай кетейік. Кеден одағын қолдамай жүргендер ел Парламенті ратификациялаған шартқа сәйкес Комиссияның Мәскеу қаласында орналасатынын да кемсітушіліктің бір түріндей етіп айтады. Бұған не дер едіңіз?
– Не деуге болады? Біріккен Ұлттар Ұйымының Штат-пәтері неге Нью-Йоркте орналасқан? ЮНЕСКО-ның Штат-пәтері неге Парижде орналасқан? Неге десеңіз, Нью-Йорк әлемнің ең қуатты мемлекетінің ең үлкен қаласы. Неге десеңіз, Париж адамзат санасында әлемнің мәдени орталығы ретінде орныққан. Ал мына жағдайда Мәскеудің (жарайды, Ресей экономикасы Қазақстанның, Беларусьтің экономикасынан жалпы ауқымы бойынша қуаттылау екендігін, нақты айтқанда –үш елдің ішкі жалпы өнімінің көлемінде Ресейдің үлесі 88 пайызды құрайтынын, Ресейдің халқы Кеден одағына кіретін елдер халқының 85 пайызын құрайтынын айтпай-ақ қояйық) екі ел астаналарының ортасында тұрғанын, яғни логистикалық тұрғыдан қарағанда да кездесулерді, мәжілістерді өткізуге мүмкіндігі көбірек болатынын да ескерген жөн. Кеден одағы комиссиясында шешімдердің барлық тараптарды қанағаттандырған жағдайда ғана қабылдануының тетіктері толық ойластырылған. Осыны қадап айту керек. Егер тараптардың біреуі Кеден одағы комиссиясының шешімімен келіспесе онда мәселе Кеден одағының мемлекеттер басшылары деңгейіндегі жоғарғы органының қарауына шығарылады, ол жерде шешім консенсус бойынша қабылданады. Консенсус бойынша шешім қабылдау дегенді оқырмандар жақсы біледі деп ойлаймын. Онда шешім тек бірауыздылық жағдайында ғана қабылданады. Бірауыздан дауыс берілмесе – шешім қабылданбайды. Бұл арада мемлекеттің ауқымының да, экономикасының әлеуетінің де ешқандай рөлі жоқ. Мына жағдайды айрықша айтқым келеді. Бұл мәселе 2007 жылы Тәжікстанда Кеден одағының комиссиясы туралы талқылау болғанда біздің Елбасымыздың талап етуі бойынша осылай шешілген еді.
– Кеден одағы аясындағы шешімдер жабық қабылданды, ел жұртшылығы хабардар етілмеді деген айыптарға байланысты не айтасыз?
– Қазақстан үшін нақты әсері болуы мүмкін деген позициялардың бәрі де қоғамдық ұйымдардың, қауымдастықтардың өкілдері қатысқан кеңестерде пысықталған. Мысалы, Бірыңғай кедендік тариф жөніндегі позицияларды екшеу кезінде жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының, тағам және өңдеу өнеркәсібі тауар өндірушілері одағының, алкогольсіз сусындар мен шырын өндірушілер қауымдастығының, металлургия, мәшине жасау, құрылыс материалдарын шығару, көлік қызметі сияқты өнеркәсіптің бірқатар салаларының өкілдерімен кездесулер өткізілген. Кеден одағы аясында жасалған халықаралық шарттардың бәрі де ел Парламентінде ратификациялау рәсімінен өтті. 18 халықаралық шарт ратификацияланды. Алдағы кезде тағы 16 шарт ратификациялануға тиіс. Бұрынғы Индустрия және сауда министрлігі Қазақстанның 18 қаласында семинарлар өткізіп, құрылып жатқан Кеден одағының негізгі сипаттары алдын ала талқыланды.
Мына жағдайды да айту керек. Бірқатар тауар түрлері бойынша бизнес өкілдерімен кеңесіп, олардың мөлшерлемелерін Бірыңғай кедендік тариф мөлшерлемелеріне кезең-кезеңімен сәйкес келтіру көзделген. Мысалы, емдік дәрі-дәрмектер үшін 5 жыл, медициналық жабдықтар үшін 4 жыл, темір жол вагондары үшін 3 жыл деген сияқты.
– Сонда, айталық, алыс шетелдерден, әсіресе Еуропа Одағынан әкелінетін емдік дәрілер 5 жылға дейін қымбаттамайды деуге бола ма?
– Дәл солай кесіп айтуға болмайды, әрине. Импорттық кеден баждарының өсуіне байланысты емдік дәрілер құны 11 пайызға артады деп шамаланып отыр. Сол үшін де Елбасымыз өзінің биылғы Жолдауында дәрі-дәрмектердің 50 пайызын Қазақстанның өзінде шығаруға қол жеткізуіміз керектігін міндет етіп қойды ғой. Нақты айтқанда, 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында бұл міндеттің 2014 жылға қарай шешілуге тиістігі көрсетілген. Осыған байланысты Шымкентте инъекциялық және инфузиялық ерітінділер, ұнтақтық антибиотиктер және таблетка түріне келтірілген емдік формалар шығаратын фармацевтика фабрикасын салу, Семейдегі медицина препараттары зауытын қайта жөндеу, Павлодар медицина зауытын салу сияқты бірқатар жобалар жүзеге асырылатын болады. Ал түбі керек дүниені өзімізде өндірмесек, олардың бағалары өзгермей тұра береді деп үміттенудің жөні жоқ. Кеден одағы бәсекелестікке қабілеттілігімізді шыңдайды дейтініміз де сондықтан.
– Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап Кедендік одақтың Бірыңғай кедендік импорт тарифі және тарифтік емес реттеудің бірыңғай жүйесі күшіне енді. Осының мән-маңызы, қажеттілігі жөнінде де әңгімелеп берсеңіз деймін.
– Біз келіссөздерді бастаған кезде үш мемлекет арасында 11 мыңнан астам импорттық тариф ставкаларының 40 пайызы бір деңгейде болатын. Қалған 60 пайызын осы келіссөздердің барысында бір деңгейге келтіру міндеті тұрды. Келіссөздердің нәтижесінде отандық кәсіпорындардың мүддесін қорғау үшін мынандай келісімдерге қол жеткізілді.
Біріншіден, 400-ден аса тауарларға бірыңғай кедендік импорттық тарифін қолдану үшін 3-5 жыл арасында өтпелі кезеңдер қарастырылды. Мысалы, Қазақстан бүгінгі күні дәрі-дәрмекті және медициналық құрал-саймандарды шет елден 5 жылға дейін 0 пайыздық импорттық баж салығымен алып келе алады. Ал бірыңғай кедендік тариф деңгейі 10-15 пайыздың арасында. Сол сияқты химиялық өндірісте қолданылатын шикізаттар және полимерлер шет елдерден 4 жылдың ішінде 0 пайыз деңгейіндегі импорттық бажбен алып келінеді. Ал бірыңғай кедендік тариф деңгейі 10 пайыз болып табылады. Бұл 4 жылдың ішінде Атырау мұнай және газ химиялық кәсіпорынының құрылысының аяқталуы жоспарлануда. Өтпелі кезеңнің ішінде жеңілдетілген кедендік бажбен импортталатын тауарлардың тізбесіне сонымен қатар темір жол вагондары, азық-түлік өнімдерін шығаратын және қағаз шығаратын кәсіпорындар пайдаланатын шикізаттар кіреді.
Екіншіден, Қазақстан экономикасының жедел түрде индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру мақсатымен инвестициялық шаралар қолданылатын болады. Басқаша айтқанда, отандық кәсіпорындардың өз тауарлары мен қызметтерін шығару үшін қажетті құрал-жабдықтар және шикізат өнімдері шет елдерден инвестициялық контракт шеңберінде 0 пайыз баж салығымен импортталынатын болады.
– Сізге келерде “Известияда” (08.04.2010) жарияланған “Таможенный союз: плюсов больше, чем минусов” деп аталған сұхбатты оқыдым. Орынбасарыңыз Тимур Сүлейменов Кеден одағы жөнінде жап-жақсы әңгімелеп берген екен. Тек қана артықшылықтан тұратын құбылыс болмайтыны белгілі ғой. Кеден одағының қандай кемістігі бар деп ойлайсыз?
– Біздің оппоненттеріміз кемістік ретінде нарықта бәсекелестіктің күшейіп кететінін айтады. Ол рас. Бірақ осының өзінің де жетістігі мен кемістігі аралас емес пе? Өмір талабына бейімделіп, ширай түсеміз. Біліктілігімізді арттырамыз. Өнімдеріміздің сапасын жақсартамыз. Өзімізді өзіміз қамшылаймыз. Сөйтіп, бәсекеге қабілетті ел болып қалыптасамыз. Кеден одағының “кемістігі” осы.
Бұл – мәселенің бір жағы. Екінші жағы бар. Кеден одағына қатысты жайларда әлі толық ескерілмеген нәрселер болуы да әбден мүмкін. Олардың біразы өмірдің өз сынына түскен кезде қайтадан қаралуы да әбден мүмкін. Ешқандай ел өзінің ұлттық мүддесіне нұқсан келетіндей қадамдарға жол беріп қоймайды. Кеден одағының комиссиясында ондай олқылықтардың орнын толтырудың тетіктері қарастырылған.
– Жанар Сейдахметқызы, өткен жылдың аяғында үш елдің басшылары өз мемлекеттері 2012 жылдың 1 қаңтарынан кешікпей Бірыңғай экономикалық кеңістік қалыптастыруға күш салады деп мәлімдеді. Бұл кеңістіктен біздің күтеріміз не?
– Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру Кеден одағына қоса үш мемлекет арасында қызмет, капитал және жұмыс күшінің еркін қозғалуын ескереді. Үш мемлекеттің басшылары өткен жылдың 19 желтоқсанында Алматы қаласында өткен кездесуі кезінде Бірыңғай экономикалық кеңістіктің нормативтік-құқықтық базасын 2012 жылдың 1 қаңтарына дейін қалыптастыру туралы шешім қабылдады. Осы шешімді жүзеге асыру үшін 20 келіссөздің екі кезеңмен дайындалуы жоспарланып отыр. Бірінші кезеңнің барысында 2011 жылдың 1 шілдесіне дейін 14 келісімді ратификациялау және екінші кезеңнің барысында 2012 жылдың 1 қаңтарына дейін қалған 6 келісімді ратификациялау межеленген.
Бұл келісімдер келесі маңызды бағыттардан тұрады. Алдымен олар бірыңғай экономикалық саясат, атап айтқанда, бірыңғай макроэкономикалық саясат, бірыңғай бәсекелестік саясат, табиғи монополияларды бірыңғай реттейтін жүйе, өнеркәсіп және ауылшаруашылық өнімдерін шығаратын кәсіпорындарға үш мемлекеттің үкіметі тарапынан бірыңғай субсидия беру принциптерін және мемлекеттік сатып алуды бірыңғай саясатпен жүргізуді көздейді. Келісімдердің үш мемлекеттің нарығының арасында қызмет көрсететін кәсіпорындардың емін-еркін жұмыс істеуі үшін жағдай туғызуды көздейтінін де айту жөн. Бұл келісімдер жұмыс күшінің емін-еркін жүруі үшін жағдай туғызуды көздейді. Екінші кезеңде дайындалатын келісімдер бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттердің инфрақұрылымдарын, атап айтқанда, электр энергетикасын тасымалдауға, газ және мұнай тасымалдау құбырларына және темір жол транспортының инфрақұрылымын қолдануға мүмкіндік жасайды.
Әрине, интеграцияның біздің мемлекетіміздің экономикалық дамуының мүддесіне сәйкес жұмыс істеуі үшін Үкімет тарапынан, Парламент тарапынан және отандық бизнес тарапынан бірлескен жұмыс күнбе-күн жүргізіледі деп сенеміз.
Бірыңғай экономикалық кеңістік экономикалық ықпалдастықтың барынша тереңдетілген түрі. Оның негізгі шарттары – өзара келісілген экономикалық саясат, капиталдың, қызмет түрлерінің, жұмыс күшінің еркін қозғалуы. Бүкіл әлемдегі бірыңғай экономикалық кеңістіктердің ең маңызды қағидаттары қатарында кемсітуге жол бермеу және өзара тиімділік қағидаттары аталады. Бұл кеңістіктен біздің ең алдымен күтеріміз инфрақұрылымдарға тең дәрежеде қолжетімділіктің болуы. Негізгі тауар өткізу нарығынан алыста жатқан, Каспийден басқа теңіз порттарына шыға алмайтын ел ретінде Қазақстан үшін мұның маңызы ерекше. Мысалы, Ресейдің ішкі тарифтеріне жету қазақстандық кәсіпорындардың көлік шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, газ-көліктік инфрақұрылымға жету қазақстандық өндірушілердің өнім өткізу базарын кеңейте түсетін болады. Бүгінде Қазақстан газ бен мұнайды Ресей территориясы арқылы тасу кезінде миллиондаған долларларды текке жоғалтып жатыр. Қазақстан экспортын тасымалдау кезінде ішкі тарифтерге көшу бұл істегі проблемаларды азайтады. Қазірше ел экспортының негізгі бөлігін шикізат құрап отырғаны белгілі. Бірақ жағдай бұл күйінде тұра бермейді. Болашақта Қазақстан дайын өнімдерді экспорттауға да көшеді, сонда Ресей мен Беларусьтің ішкі тарифтері біздің елдің өңдеу өнеркәсібі үшін өте тиімді болып шығады.
– Жаһандық экономикаға кірігу барысында Қазақстан үшін Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру елдің сыртқы саясат саласындағы басымдықтарының бірі болып табылады деп отырмыз. Енді осы істің барысы жөнінде әңгімелеп берсеңіз. Біраз жыл бұрын Қазақстан ДСҰ-ға 2007 жылы кіреді деген әңгіме айтылған. Одан кейін 2010 жыл жөнінде де сөз болды...
– Қазақстан осы ұйымға кіру жөніндегі келіссөздерді 14 жыл бұрын бастаған еді. Еліміз 1996 жылғы 26 қаңтарда ДСҰ Хатшылығына ресми өтініш түсірген. Содан бері әртүрлі жоспарлар жасалып, әртүрлі меже аталғаны рас. Солай болуы заңды да. Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі жөнінде Жұмыс тобына сол ұйымға мүше 43 ел кіреді. Әлгі 43 елдің 26 елімен осы бағытта жеке-жеке келіссөз жүргізілетінін, жеке-жеке хаттамаға қол қойылатынын атап айтқым келеді. Солардың 22 елімен соңғы 5 жылда екіжақты келіссөздер аяқталды.
– Қалған елдер қайсылары?
– Ең негізгілері – АҚШ пен Еуропа Одағы.
– Мықтылары соңына сақталыпты ғой.
– Олармен жұмыс жаңа басталып жатқан жоқ, әрине. Басты мәселелердің дені келісілді деуге болады. Мысалы, АҚШ-пен 4-5 мәселе бойынша, Еуропа Одағымен 2 мәселе бойынша келісу қалды. Бұл келіссөздер өте тиянақты жүргізіледі. Мысалы, бір ғана Канаданың өзімен біз 5 жыл бойы келіссөз жүргіздік. Ол елмен қаржылық және энергетикалық қызмет түрлерінің нарығына қол жеткізу, сондай-ақ Канададан келуі мүмкін білікті мамандардың жұмысқа орналасуы, ауыл шаруашылығы өнімдеріне салынатын кеден бажының көлемі жөнінде күрделі мәселелер талқыланды. Ақыр аяғында біз ұшақтар, виски, темекі сияқты тауарларға кедендік тарифтердің төмендетілуіне келістік. Оның есесіне өзіміздің ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілердің мүдделерін қорғап қала алдық. Осындай жағдайды әр елге де байланысты айтуға болады.
Бүгінде бұл ұйымға кіру жөнінде Кеден одағына мүше үш елдің ортақ ұстанымы біржолата айқындалды. Үш елдің басшылары ұйымға бір мезгілде, бірдей жағдайда енетіндерін мәлімдеді. Үш елдің ортақ келіссөз командасы құрылды. Қазір ол команда әр елдің бұрын жүргізген келіссөздерінде көзделген міндеттемелерді талдаудан өткізіп, Кеден одағына мүше елдердің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруінің неғұрлым көкейге қонымды шарттарын пысықтаумен айналысып жатыр.
– Әрине, Дүниежүзілік сауда ұйымына кіре салса бәрі жақсы бола қалмайтынын жұртшылық түсінеді. ТМД елдерінің арасынан бірінші болып сол ұйымға қол жеткізген көрші қырғыз ағайындардың экономикасы ұшпаққа шыға қоймағанын көріп отырмыз. Сонда ДСҰ-ға кіру қандай артықшылық береді деп кіреміз?
– Біз бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылуға ұмтылудамыз. Сол 50 елдің бәрі Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшелері. Ол ұйымға мүше болу – нақты мақсат. Президент бізге ұйымға мына мерзімге дейін қалайда кіру деген міндет қойып отырған жоқ. Елбасымыз ұйымға біз үшін тиімді шарттармен кіру міндетін қойып отыр.
Сіздің сұрағыңызға келейін. Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру керек. Өйткені, бұл оған мүше елдерге өздерінің сауда-экономикалық мүдделерін көптарапты сауда келіссөздері барысында халықаралық сауданың жаңа ережелерін ескере отырып жүзеге асыруға жағдай жасайды. Елдің ішкі заңнамасын нарық экономикасына бейімдеуге де осы ұйым нормаларына сәйкестіктің көп көмегі болады. Елге капитал құю, оның ішінде тікелей шетел инвестицияларын тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын құру, халықтың әл-ауқатын арттыру міндеттері дұрысырақ шешіледі. Мемлекеттік жүйе өкілдерінің тарапынан сауда шектеулері саясатын, сыбайлас жемқорлықты болдырмау жүзеге асырылады. Сонымен бірге біз өзіміздің ұлттық мүдделерімізді, ел қауіпсіздігін ұдайы назарда ұстауға тиіспіз. Бұл істе әр министрліктің, әр ведомствоның мемлекеттік тұрғыдан іс-әрекет жасауы шарт. Мысалы, біз АҚШ-пен, Еуроодақпен келіссөз барысында “Қазақтелекомдағы” шетелдік үлестің 49 пайыздан аспайтын болуын қорғап қала алдық. Ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан қай мөлшерде экономикалық қолдау көрсететінімізді біз экономикалық дамуымыздың басымдықтарына сәйкес қарастырып жатырмыз.
– Нұрсұлтан Әбішұлының Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге байланысты ең қиын мәселенің бірі ауыл шаруашылығына қатысты деген ойды қадап айтқаны есімізде.
– Ұйым басшылығы, бізбен келіссөз жүргізетін мемлекеттер ауыл шаруашылығына берілетін субсидия көлемі жөніндегі мәселені жиі қозғайды. Бұл мәселе біздің ДСҰ-ға өтуіміздегі ең маңызды мәселе болып табылады деп айтудың артықтығы жоқ. Қалай болғанда да Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына ауылдың ахуалын нашарлатуы мүмкін шарттар бойынша кірмейді деп сендіре аламын.
– Ауылда туған, қазақ мектебін бітірген, мемлекеттік тілде сұхбаттасатын министрдің бұл әңгімесінен оқырмандарымыз Кеден одағына қатысты біраз мәліметке қанығады деп ойлаймын. Сұхбатымыздың басында газет сайтындағы пікір, тілектердің біреуін келтіріп едім. Сонда тағы бір оқырман: “Жанар Айтжановадан жақсы министр шығатыны көрініп тұр!” деп разылығын жазып қойыпты. Айтқаны келсін. Жаңа жұмысыңызда табыс тілейміз.
Сұхбаттасқан Сауытбек АБДРАХМАНОВ.