Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы шаралар қабылдау жөніндегі кеңесте өздеріне жүктелген міндеттерді шала орындаған әкімдер мен Үкімет мүшелерінің жұмысын сынға алған еді. Мемлекет басшысы жұмысына салғырт қарағаны үшін Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновке де сөгіс жариялады.
Мемлекет басшысының сынынан дер кезінде нәтиже шығаруды көздеген қала әкімі эпидемиялық жағдайды қалыпқа келтіру үшін бірқатар нақты жұмыстарға кірісіп кетті. Атап айтар болсақ, Шымкент қаласында республика бойынша алғаш рет 51 күндізгі стационар ашылды. Соның бірі қаладағы Жеңіл атлетика спорт кешені науқастарды қабылдайтын «уақытша» емдеу орталығына айналды. Аталған спорт кешенінен қосымша 450 орындық күндізгі стационар дайындалды.
Орталықта ЖРВИ және пневмония жұқтырған науқастар ем қабылдайды. Мұнда 450 кереует орналастырылды. Оның 350-і ОҚМПУ жатақханасынан жеткізілсе, 100 кереует демеушілер есебінен алынды. Бүгінде дәнеркерлеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. 1 шілдеге дейін 450 орын толығымен дайын болады.
Сонымен қатар қажетті дәрі-дәрмектерді сақтауға жеті тоңазытқыш жеткізілді. Мамандардың айтуынша, күндізгі стационарға 50 дәрігер, 75 мейірбике, 20 санитар қызметкері қажет болады. Спорт кешеніндегі жұмысты үйлестіруге қаладағы №5 емхана ұжымы жұмылдырылады. Айта кету керек, бұл стационар таңғы 8-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді.
Шаһардағы эпидемиялық жағдайды қалпына келтіру бойынша жұмыстар мұнымен ғана шектеліп қалған жоқ. Самал-3 шағын ауданындағы жаңа мектептен – 400 орындық, Политехникалық колледжінен – 400 орын, ҰОС ардагерлері орталығынан 100 орындық провизорлы орындар ашылды. Бір сөзбен айтқанда, қаладағы бос тұрған ғимараттар төтенше жағдай кезіндегі қажеттілікке қарай науқастардың өмірін сақтап қалу үшін «уақытша» ауруханаларға айнала бастады. Нәтижесінде, қалада инфекциялық дертке шалдыққан науқастарға медициналық көмек көрсету екі есеге күшейді. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте сала басшыларына осы мәселе бойынша нақты міндет жүктеді. Аталған тапсырма дер кезінде орындалып, қаладағы эпидемиялық жағдай бірте-бірте ретке келе бастады.
«Маусым айының соңында Шымкент қаласында жұқпалы аурумен ауырған науқастар саны күрт өсті. Пневмониямен ауырғандар 5,8 есеге, ал ЖРВИ-мен ауырған науқастар саны 2 есеге артты. Осы жағдайға байланысты жедел жәрдем қызметіне қоңырау шалатын тұрғындар саны 5 есеге көбейді. Орта есеппен бір күнде 2100-ден аса шақырту түсе бастады. Бұл шақыртуларға дәл уақытында қызмет көрсету үшін қала басшысының тапсырмасымен жедел түрде провизорлы орындар ашылды. Бүгінде қалада барлық медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған 2870 төсек-орын бар. Оның 650-і жұқпалы ауруханаларға, 2220-сы провизорлы орынға арналған. Яғни инфекциялық ауруға шалдыққан науқастар үшін орын жеткілікті. Дегенмен, жағдай қалыпқа келсе де, резервтік провизорлы орындар дайындалуда. Жеңіл атлетикалық спорт кешенінен 150 орын дайындалды. Бұл орындар 1 шілде күні 450 орынға жетпек», дейді қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстам Албаев.
Айта кетерлігі, Шымкент қаласында халықтың денсаулығын нығайту мақсатында күндізгі стационар саны артып, медициналық мамандар демалыссыз қызмет көрсетуде. Ал барлық ауруханалар мен емханаларға дәрі-дәрмек үзіліссіз жеткізілуде.
ШЫМКЕНТ