• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 02 Шілде, 2020

Тордағы тотықұсқа тіл бітірген

496 рет
көрсетілді

Өткенде канадалық қасқырды қолға үйреткен батысқазақстандық Сымбат есімді бойжеткен туралы жазған едік. Жақында сол кейіпкеріміз хабарласып, зообақтағы тотықұсқа сөз жаттатқанын және қазіргі уақытта құстың сөйлейтінін жеткізді. Ілгерідегі ілім иелері айтқан «Тасты тесетін тамшының күші емес, оның үздіксіз тамып тұруы» дейтін тәлімді тәмсіл бар. Сол сияқты тордағы тотықұсқа тіл бітіп, сөз ұғып, сөйлеуі Сымбаттың дамылсыз дәрісінің жемісі деуге болады.

Дүние дүрбісінен әркім әр жаққа көз тастайтыны анық қой. Әркімнің жолы мен жөні, таңдауы мен талғамы бар. Қиялы жеткен қиырға арман құрығын лақтырып, ой орманынан өз әлемін іздейді. Табады. Таңданады. Тағдыр деп қабылдап, сонымен бірге өмір сүреді. Біз әңгімеге тартқан Сымбаттың да сыры сонымен сабақтас. Жаны жануарлар әлеміне жақын бойжеткеннен тотықұс туралы толғанысын тыңдайық. Қалай болды? Неден басталды?  

«Мен 2018 жылы БҚМУ-ды бітіріп сол жылы облыстық білім басқармасының экологиялық-биологиялық орталығына қосымша білім беру педагогі болып жұмысқа орналастым. Зообақты аралап жүрген кезімде бір ақырған ащы да­уысты естідім. Ол не екен деп жүгіріп барсам, ақ түсті, ірі денелі, басында сары түсті айдары бар тотықұс екен. Есімі – Розита. Қызығушылығым оянып, орталығымыздың жануарлар меңгерушісі Татьяна Николаевнадан анықтап сұрасам, 2018 жылы қаңтар айында Алматы қаласының зообағынан алдыртылған екен. Содан Розитамен жақын танысқым келді. Күнде жұмысқа келгенде, шыққан кезде бақылап, қызыға қарап кетемін. Ол кезде тек ақырып, жанындағы тотықұстарға маза бермейтін еді. Күндердің күнінде тордан алып қолыма ұстап жүрдім. Өзі қанатының астын сипағанды қатты жақсы көреді. Кітап беттерін ақтарып бұл құс туралы тағы да көптеген деректі білгім келді. Бұл құс адамша сөйлей алатынын оқыған кезде қатты қуандым. Әдетте тотықұстарды кішкентай кезінен бастап үйрету керек екенін біле тұра, бәлкім қолымнан келер деген оймен Розитаға күнде бір сөзді қайталай бердім. Әрине басында өте қиын болды. Себебі зообаққа келушілер көп. Олардың көзінше менің бір сөзді қайталап тұруым ыңғайсыздау болды. Розитаға алғашқыда «сәлем» деген сөздің орысшасын үйреттім. Басында анық болмаса да қайталай бергесін анық айта бастады. Мен бұған қатты қуандым», дейді ол.

Қаршадай қыздың жануарлар дү­ниесіне жанашырлық танытып, бауырына басып баулып, тамақпен қатар сабақ беріп жүргені ізгілік емей немене?!

«Содан кейін «сау бол» деп орысша айтуды меңгерді. Сөйлетумен қоса Розитаға музыка қосып, екі жаққа қоз­ғалып билеуді де үйреттім. Күндер өт­кеннен кейін өзінің есімін айтқызып үйретіп көрейін дедім. Аты да оңай емес, қиын. Күнде Розита деп айқайлап айтамын, маған «привет» деп қайтарады. Содан мынадай айла қолданып көрдім. Күнде жанына барып, көзіне көрінбейтін жерден «Розита» деп айқайлап жүрдім. Оның маған бауыр басып қалғанын пайдаланып, жалғыз қалдырайын деп кетіп бара жатқандай сыңай таныттым. Сол кезде мені тастамашы дегендей күй танытқанын байқадым. Жа­ны қысылғаннан Розита деп айқайлап жіберді. Бірақ анық емес. Содан қасына жүгіріп барып қайталап сұрадым. Айтпады. «Привет» деп қояды. Содан тағы да солай істедім. Тағы да «привет» деді. Ішімнен «менімен ойнағысы келіп жүр ме» деп қоямын. Содан кетіп қалдым, жарты сағаттан кейін келіп тағы да әдісімді қолдандым. Әрең дегенде анық айтты. Дегеніме жеттім-ау дедім. Солай 3 сөзді ұмытып қалмасын деп күнде қайталатып жүрдім. Оған Розитаға өзімнің есімімді неге үйретпеске деген ой келді. Есімімді үйретуде жоғарыдағы айланы қолдандым. Бұл да өзінің жемісін берді. Қазір «Сымбат» деп айқайлап жүр. Бүгінде Розита 4 сөз біледі: «привет», «пока», «Розита», «Сымбат». Бұл – мен үшін үлкен жетістік. Розита даусымды естіген кезде есімімді қайталап өзіне шақырады. Жақсы көретін жануарың есіміңді қайталап тұрса, күшті емес пе?! Қасына барсам аяқтарымен ағаштан өрмелеп маған мені сипашы дегендей арқасын беріп еркелейді. Әдетте мысықты сипағанда пырылдап, бір орында жата алмай қолыңды тістеуші еді ғой. Бұл құстың да мысықтан еш айырмашылығы жоқ. Еркелеп, тұмсығымен қолыңды тістелейді. Енді торына кіргізейін десең, кіріп болмайды. Тұмсығымен есікті ұстап алатыны тағы бар. Мінекей, менің жұмыс күндерім осындай қауырсынды жануарлармен қызықты өтеді. Алдағы уақытта әлі де көптеген сөзді үйретемін. Ол үшін уақыт пен сабырлық керек», дейді Сымбат.

Кейіпкеріміз тотықұсқа келешекте қазақша сөздерді көптеп үйретуді көздеп отырғанын жеткізді. Себебі бастапқыда оған қазақша «сәлем», «қалайсың» де­ген сөздер ауырлық тудыратынын атап өтті. Жалпы, «Айдарлы какаду» – тоты­құстардың ішіндегі ең үлкен және ерекше түрі. Бұл негізінен Аустралия, Жаңа Гвине, Кенгуру және Тасмания аралдарында кездеседі. Денесінің ұзындығы 40-60 см, ал салмағы 1 килоға дейін жетеді. Бұл экзотикалық тотықұс ұша алмайды. Бірақ ағаштарда керемет өрмелейді,  жерде жақсы қозғалады. Тотықұстың ең басты айырмашылығы – тұмсығы.

«Сол себепті «Тұмсығымен тістегіш» деген мағына береді. Тұмсықтары ірі, ұзын, қатты және төменге қарай иілген. Бұл құс тұмсығы арқылы кез келген құлыпты ашады. Сондықтан үйде ұстаған кезде құлыпқа мән берген жөн. Тағы бір жайт, тұмсығы арқылы кез келген нәрсені шұқуға дағдыланған. Яғни үйде қараусыз қалдырмау керек. Какаду – жалпы өте ренжігіш және кекшіл. Егер де оны ренжітетін болсаңыз, тістеп, теріңіздің сыртқы қабатын жұлып алуға дейін барады. Үйде какадуды ұстаған кезде оған қатты көңіл бөлмеген абзал. Себебі жанынан бір елі кетпейтін болсаңыз, ол сізді шақырып жанында болғаныңызды қалайды. Бұл дегеніміз – жеке шаруаларыңызға кедергі келтіреді деген сөз. Сол себепті какадуды жалғыз қалуға үйрету керек. Үй жағдайында құсты ұстау үшін ең алдымен үлкен тор қажет болады. Тор мықты, қатты металдан жасалу керек, құс оны сындырып, қатты тұмсығымен шұқи алмайтындай болғаны абзал. Тордың ішінде ұйықтауға арналған ағаштан жасалған ұя, қозғалу, өрмелеу үшін талдар болғаны абзал. Құсты ұстау кезінде оның орналасқан торы міндетті түрде таза болу керек. Су ішетін және тамақ ішетін ыдыстары күн сайын таза күйінде, ойыншықтары ластанған кезде жаңадан ауыстырылып тұруы қажет. Ал торды апта сайын тазартып тұрған жөн. Бөлмедегі тұрақты температура – 18-20 градус болуы керек. Какаду жаңбырдың астында шомылғанды жақсы көреді. Сол себепті торының ішіне ыдысқа жылы су құйып қойсаңыз болады немесе қолмен су шашып тұрыңыз. Қорегіне келетін болсақ, жеміс-жидек, көкөніс, жаңғақ және т.б тағам түрлерін жейді. Какаду – өте ақылды құс. Оны көптеген сөз бен сөйлемге жаттықтыруға болады. Сонымен қоса жануарлардың даусын, әртүрлі әрекеттерге және де тұрмыстық заттардың дауыстарын үйретуге болады», деді Сымбат.