• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 08 Шілде, 2020

Жетінші маусымның жетістігі

194 рет
көрсетілді

"Астана Опера" театрының жетінші маусымы жарқын әрі есте қаларлық премьералар мен халықаралық жобаларға толы болды. Өкінішке қарай, маусымның нағыз қызған шағында коронавирус салдарынан көп жұмыс кейінге шегеріліп, сахналық қойылымдар мен концерттік бағдарламаларды онлайн-режімде көрсетуге тура келді. Бірқатар премьералар, атап айтқанда,Г.Доницеттидің "Дон Паскуале", "Махаббат сусыны" опералары, Т.Қажығалиевтің музыкасына жазылған "Дала үні" балетінің өтетін күндері алдағы сегізінші маусымға ауыстырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

"Астана Опера" театрының шығармашылық ұжымы 7-ші маусымда 185 іс-шараны жүзеге асырды, оның ішінде балаларға арналған 20 жоба бар.Карантин кезінде 15 онлайн-көрсетілім, тікелей TENGRI TV-ден 41 спектакль көрсетілді. Қысқа маусымда театр туралы баспасөз беттерінде шамамен 3 мыңға тарта материал жарық көріпті.

Өткен маусымда ұжым Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен көрерменге 3 премьера – Дж.Вердидің "Дон Карлос" операсын, Л.Делибтің "Коппелия" балетін және Л.Бетховен, И.С.Бах, В.А.Моцарт, Й.Гайдн, Д.Хаубрихтің музыкасына қойылған "Бетховен – Мәңгілік – Махаббат" балетін ұсынған болатын. Сарапшы-мамандардың пікірібойынша, "Дон Карлос" операсы биылғы маусымның ең үздік шығармасы саналады. Бұл орайда қоюшы-дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алан Бөрібаев көп еңбек сіңірді десек, жетекші солистер, хор, миманс әртістерінің жоғары кәсіби шеберлігі мен орындаушылық өнері де көпшілік назарынан тыс қалған жоқ. Сонымен қатар "Коппелия" балеті туралы да жылы лебіздерін жеткізіп, жетекші солистер бұл балетті нағыз француздық әзілде орындады деп бағалауда. Балеттің хореографы – Ролан Пети, қоюшы балетмейстері – Луиджи Бонино, қоюшы-дирижері – Арман Оразғалиев, балет труппасының көркемдік жетекшісі – Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова. Ал театртанушылар музыка тарихындағы ұлы әрі қайталанбас композитор Людвиг ван Бетховеннің 250 жылдығына арналған әлемдік премьераны сенсациялық оқиғаға балап отыр.Спектакльдің қоюшы-балетмейстері – танымал неміс хореографы Раймондо Ребек, "Астана Опера" балет труппасының көркемдік жетекшісі – Алтынай Асылмұратова, қоюшы-дирижері – Абзал Мұхитдин, бас хормейстері – Ержан Дәуітов.

Өткен жылдың 20 қазанында ұжым "Санкт-Петербург Операның" шақыртуы бойынша IV халықаралық камералық опера фестивалі аясында өткен іс-шараға қатысып, "Санкт-Петербург Опера" Камералық театрында  Дж.Россинидің "Жібек саты" опера-фарсын ұсынды. Бұл ретте "Астана Опера" театрының гастроліне байланысты барлық шығындарды шақыртушы тарап толықтай өз мойнына алғанын атап өткен жөн.

Сондай-ақ қазақстандық театр атақты әнші Дмитрий Хворостовскийдің мәдени мұрасын сақтау мен қолдауға бағытталған бірінші фестивальге де қатысып қайтты. Д .Хворостовский атындағы Краснояр мемлекеттік опера және балет театрында отандық өнер жұлдыздары П.И.Чайковскийдің 180 жылдығына орай "Евгений Онегин" қойылымын, сондай-ақ Краснояр филармониясының Үлкен концерт залында көрермен қауым назарына қазақстандық композиторлардың туындыларынан құралған симфониялық бағдарламаны тарту етті. Л.Бетховеннің 250 жылдығына орай Оркестр мен фортепианоға арналған №5 концерт, ми-бемоль мажор, ор. 73 орындады.

Биыл ақпан айында опера труппасының солистері қарағандылықтарға атақты композитор Дж.Россинидің "Жібек саты" операсын ұсынып, әртістер С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының сахнасында өнер көрсетті.

Жетінші маусымда "Астана Опера" сахнасында ресейлік үш театр ұжымы өнер көрсетті. 9-10 қараша күндері "Санкт-Петербург Опера" мемлекеттік камералық театры Дж.Вердидің "Риголетто" және Ж.Бизенің "Інжу іздеушілер" операларын ұсынды. Петербургтік шығармашылық ұжым театрдыңкөркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, "Достық" орденінің иегері, елордадағы опера өнерінің негізін қалаушылардың бірі Ю.И.Александровпен бірге Нұр-Сұлтан қаласына ат басын тіреді. Еске сала кетсек, танымал режиссер К.Байсейітова атындағы театр труппасымен бірге жұмыс істеп, 13 опера спектаклін репертуарға қосқан болатын.

Д.А.Хворостовский атындағы Красноярмемлекеттік опера және балет театрының гастролі аясында 29 қарашада А.Бородиннің "Князь Игорь" операсы, 1 желтоқсанда атақты хореограф Ю.Григоровичтің қойылымындағы А.Глазуновтың "Раймонда" балеті сахналанды.

Биыл Евгений Вахтангов атындағы Мемлекеттік академиялық театр астанаға гастрольдік сапармен келіп, алғаш рет "Астана Опера" сахнасында өнер көрсетті. Ресейдің ең танымал драма театры елорда тұрғындары мен қонақтарына 8 және 9 қаңтардаА.С.Пушкиннің "Евгений Онегин" романынан көріністер, 10 және 11 қаңтарда А.П.Чеховтың "Дядя Ваня" спектаклін ұсынды.

"Астана Опера" театрының әртістері бірқатар халықаралық жобаларға қатысып, жүлдегер атанды.Олардың қатарында Алан Бөрібаев (Финляндия, Қытай, Бельгия, Германия, Чехия), Бақтияр Адамжан (Италия, Корея, Ресей), Серік Нақыспеков (Украина), Әйгерім Бекетаева (Беларусь, Ресей), Тайыр Ғатауов, Гаухар Усина (Қырғызстан), Салтанат Ахметова (Ресей), Айзада Қапонова  (Қытай, Ресей), Айгүл Ниязова, Амина Тайкенова ин дер Шмиттен (Түркия), Жұпар Ғабдуллина (Ресей, Босния және Герцеговина), Талғат Мұсабаев (Ресей), Абзал Мұхитдин (Италия, Ресей), Бағдат Әбілханов (Ресей) және т.б. бар.

Опера сахнасының анасы, Социалистік Еңбек Ері, КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бибігүл Төлегенова 2019 жылғы 3 желтоқсанда "Астана Опера" МОБТ сахнасында мерейтойын атап өтті. Әлемдік опера примадоннасы 90 жасымен құттықтаған ізгі тілектерді қабыл алды. Әнші құрметіне өткізілген іс-шараға қазақстандық опера әншілері, Бибігүл Төлегенова атындағы байқаудың лауреаттары мен ресми тұлғалар атсалысты.

Театр труппасы мереке күндері Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің "Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекеме" КММ, сонымен қатар Мамандандырылған бөбектер үйінде қайырымдылық концерттерін өткізді. Бұған қоса, жаңа жыл қарсаңында "Астана Опера" театры қайырымдылық концерттер сериясын ұсынды. Әртістер театрға шақырылған "Әлеуметтік көмек көрсету орталығының" мүгедек балаларына мерекелік көңіл-күй сыйлады. Камералық зал қызметкерлері өскелең ұрпақтың музыкалық талғамын қалыптастыра отырып, жетінші маусымда аудиторияның жас ерекшелігіне лайықтап қызықты концерттік бағдарламалар ұсынды.

Карантин кезінде ұжым TENGRI TV-ден онлайн-трансляция арқылы шамамен 40-та аса спектакль көрсетті. Әртістер Мәдениет және спорт министрлігімен бірге ұйымдастырылған "Карантиндегі жұлдыз" жобасына белсене атсалысты.Сондай-ақ жұртшылыққа театр әртістерінің қатысуымен 15 онлайн-жоба ұсынылды. Олардың қатарына Жеңіс күніне арналған "Тырналар" онлайн-жобасы, балет терминдері мен заманауи бидің ерекшеліктері туралы ой қозғаған Серік Нақыспековтің қатысуымен "Балет және оның қыр-сыры" жобасының екі шығарылымы енді, 7 мамыр күні Қазақстан және Ресей музыканттарының қатысуымен композитордың 180 жылдығына арналған "Чайковский. Online" концерті берілді. Ондаған әртістер "Мереке биді" орындады, бұдан бөлек "Астана Операның танымал солистері мен Италия, Мексика, Жапония, Қытай, Румыния, Грузияның опера жұлдыздары, сонымен бірге "Астана Опера" симфониялық оркестрінің музыканттары "O sole mio» неаполитандық әнін орындады. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған онлайн-жоба ұжым қызметінің ең айшықты іс-шарасынаайналды. Балалар студиясының жас әртістері Ж.Бизенің "Кармен" және Е.Брусиловскийдің "Қыз Жібек" операларынан онлайн-көріністер орындады. "Астана Опера" симфониялық оркестрінің әртістері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, маэстро Абзал Мұхитдиннің жетекшілігімен Ж.Бизенің "Кармен" операсынан увертюраны да онлайн-режімде ұсынды. "Астана Операның" жетекші солисі, опера жұлдызы Майра Мұхамедқызы дүниежүзі дәрігерлеріне арнап Вангелистің "Бүкіләлемдік дұғасын" орындады. Сонымен қатар ұжым театрдың YouTube арнасында қолжетімді басқа да тартымды жобаларды жүзеге асырды.

Театр басшылығы еліміз карантинді жеңіп, қалыпты жұмыс кестесі қайта қалпына келіп жатса, қыркүйек айының соңынан кешіктірмей театрда жаңа маусымды ашу жоспарланып отырғанын айтты. Сегізінші маусымда бұйыртса, көрерменге қызықты премьералар, мазмұнды концерттер тарту етілмек, сондай-ақ өнерсүйер қауымды сүйікті әртістерімен кездесулер, қолтаңба сессиялары мен т.б. шуақты сәттер күтіп тұр.