Алматыдай үлкен қалада бақилық болғанда қос құлаш қабірдің бағасы бұрын да арзан емес еді. Елге індет келіп, алғашқы құрбанын алып кеткенде, енді бұл марқұмдардың қабірі қайда болады деген мәселенің туғаны анық.
Жайшылықта адамның басына қандай қасірет түссе де ет жақындары осы тауқыметті бөлісіп, ағайын-туыс болып жерлейтін, қайғыны қамқор көңілдерімен азайтатын. Өкінішке қарай, бүгінде мегаполисте бір үйде, бір подъезде көп жыл бірге көрші тұрып, бір пәтерден екі бірдей өлік шыққанын естімей, білмей қалып жатқандар да бар. Өйткені бұл – індет!
Алайда жерлеу бюролары «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» дейтін тәмсілді аттап өтіп, қаралы жандарға болысудың орнына, түбінде өзі де барып тұрақтайтын қабірдің де рәсімінің құнын көтергенін ел көріп отыр. Адамдар аяулыларынан мезгілсіз, қапияда айрылғанда ащы даусы шығады. Қиянат көргенде Құдайын да қарғап жібереді. Бірақ осының бәріне селт етпей, көрін қазып, ақысын алып, өліктің түбінде отырып та өлім туралы ойлана алмайтын істің иелері бар...
Сонымен бұрын да жерлеу рәсімдерімен айналысып күн көретін ұйымдар қала аумағында зираттарға бөлінетін жердің тарлығын алға тартып келді. Дәл қазіргі күндері Алматыдағы жерлеу, ритуалдық индустрияның жылдық айналымы 2,5 млрд теңге көлемінде деген дерек бар. Бірақ дәл санын ешкім айта алмайды. Өйткені бұл – көлеңкелі сектор. Ресми тіркелген жерлеу бюроларынан бөлек, қаралы бизнеспен жасырын айналысатындар саны қанша екенін дөп басып ешкім айта алмайды. Бұл – үлкен ақша айналып жатқан, жең ұшынан жалғасқан орта. Марқұмдарға көп жағдайда мәңгілік мекеннен дұрыс орын табу үшін де таныстар мен ықпалды адамдар керек. Мұндай кезде ешкім саудаласып, ақшасын астына басып отырмайды. Сондықтан бұл сауданың да өз монополистері бар...
Алматыда 69 зират болса, оның тек 14-інің ғана аумағын кеңейте алатын мүмкіндігі бар. 10-ы түгел толып, жабылған. Сонымен Алматыда алғашқы індеттен адам қайтыс болғанда, денесі Қараойдағы зиратқа бүкіл санитарлық нормаларды сақтай отырып жерленгені белгілі. Қазір «пневмониядан» кеткендер барлық зираттарда жерленіп жатыр деуге болады.
Алматыда мұсылмандарды жерлейтін Кеңсай 1,2 және Боралдайдағы зираттар бар. Кеңсай-1 қорымында жер қалмағаны қашан?! Осыдан 2-3 жыл бұрын Кеңсай-2 қорымында 1 кісілік жердің құны – 86 мың теңге болыпты. Бірақ елдің аузында Кеңсайдағы «орын» 3 мың доллардан кем емес деген сөз бұрыннан бар. Қысқасы, қабір қазу, жуындыру, кебіндеу, мәйітті мүрдесіне апару, топырақ салатын адамы табылмаса – көму, жаназа шығарған молдаға беретіні, басын бірден көтеруге жағдай болмағанда, тым болмағанда ағаш тақтайға марқұмның аты-жөнін жазып қою – бәрі-бәрі ақша тұрады. Айналып келгенде, Алматыда марқұмға ескерткіш орнату, «жетісі», «қырқын тарату», «100 күндік еске алу», 1 жылдан соң берілетін астың шығыны бұрын да басқа өңірлерге қарағанда екі-үш есе қымбат болатын. Қазір бұл да қалып барады десек те, адам қандай жағдайда қайтыс болса да, туысқандары арулап көміп, соңғы мұсылмандық парызын орындауға ұмтылады. Мұнсыз жақындарының жаны тыншымайды.
Сол сияқты мәйітханалардан туыстарының денесін ала алмай, дүрбелең болып жүрген тұрғындардың мәселесі бар. Мәйітхана қызметкерлері марқұмды туыстарының қолына тездетіп беру үшін ақша алады деген сыбыс бұрын да болған.
Өкінішке қарай, көзге көрінбейтін майданнан мәйіттер шығып жатқанда, жерлеу қызметін қымбаттатып, қорқаудың күйін кешкен міскіндер табылып тұр. Алайда бұл жағдайды ақтайтын жайт – жұқпалы кеселден қайтыс болғандарды жерлеуге жұрттың бәрінің жүрегі дауалай бермейді-міс.
Солай десек те, қазадан, қасіреттен пайда табу үшін кім болып туу керек?! Қазір әлеуметтік желілерде көтерілген осы келеңсіздікке орай, зерттеу, тергеу амалдары жүріп жатыр.
Ал шаһардағы мәйітхана маңындағы «ажиотажға» байланысты Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасына қарасты «Қалалық патологоанатомиялық бюро» КМК директоры Бақытжан Әлібеков: «Мұндай дүрлігу кейде мәйітті әкетуге келетіндердің жанында 2-ден 10 адамға дейін туыстарының еріп жүруіне байланысты туындайды. Шынында да, жақынын жоғалтып, ауыр күйде жүргендіктен, бюро қақпасында дүрбелең, үрей, абыржу, у-шу орын алуда».
Бақытжан Әлібековтің айтуынша, қайтыс болғандардың денесі Қалалық патологоанатомиялық бюроға түскеннен кейін 12 сағат ішінде қайтарылады. Медициналық мекеме қайтыс болу себептерін анықтау және қайтыс болған адам жайлы сенімді деректер беру үшін мәйітті аталған ұйымға тапсырады. Бұл қосымша уақытты қажет етеді.
Өз кезегінде «Қалалық патологоанатомиялық бюро» мәйіттерді беру жөнінде мобильді топ ұйымдастырды. Бұл топ қызметкерлері карантин режімін сақтау мақсатында көшеде (қақпаның жанында) қайтыс болған адамдардың мәліметтерін салыстырып, тіркеуді жүзеге асырып жатыр.
Ал зираттардың басында не болып жатыр деген сауалға келсек, Алатау ауданындағы зиратта айналасына қарауға мұршасы келмей, көр қазып жатқан Елдар есімді жігіт: «Қазір өзіміз күніне жоқ дегенде екі адам жерлейміз. 3-4 адамды жерлеген кездеріміз де болды. Соңғы кезде өлім көп. Жер қазып үлгермей жатырмыз. Екі жылдан бері қабір қазумен айналысамыз. Ақымдап қазуға уақыт та, адам да жоқ. Сондықтан енін 1, ұзындығын 2 метрден асырып қазып жатырмыз, қазір жер де қатты. Үлгермегенде сырттан жігіттерді жалдап әкелеміз. Жер беру мен қазу, мәйітті бірге көмісу, қабірдің бетіне қоятын бетондарын әкелу біздің жұмысымыз. Осы қызметтеріміз үшін 85-95 мың теңге аламыз», дейді.
«Өлік көп, ел қатты зарлап, налалы болып жатқанын көріп, естіп отырмыз. Сұмдық болып кетті мына заман. Мешітте төрт имам бармыз. Күнде өлік шығарамыз. Қабірдің басына көтеру жұмысымен де айналысамыз. Материалымен қоса есептегенде марқұмның зиратын тұрғызуға 350-450 мың теңге аламыз. Егер тек темірден ғана қоршатса 120 мың теңгеге жасап береміз. Ал материалдарын марқұмның туыстары өздері әкеліп, іргетасын құйып, кірпішін қалауға 100 мың теңге сұраймыз», деп асыға жауап берді өзін Ахмет Әбдірахов деп таныстырған адам.
Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана қабірді өрнегіне қарай жай темірден қоршап берсе, әрі кеткенде 35-70 мың теңге аралығында болатын...
Мұндағы мазарлар да халықтың әлеуметтік жағдайының әртүрлі екендігін аңғартады. Кейбір қабірлер кім екені белгісіз қара топырақ болып үйіліп жатса, енді бірін туысқандары бақилық болғанда да әлпештеп, әлдері келген мазарын көтеріп жатыр.
Осы зиратқа он күннің ішінде екі бірдей арыстай туысын жерлеген Қайрат Қашабайұлы деген мұғалім кейбір жандардың туыстарының денесін дер кезінде жер қойнына бере алмай, мәйітті 2-3 күн қатарынан қондыруға мәжбүр болып қалғандар бар екендігін, бұрын бейіт басына қоятын 70 мыңның белгі тасы 200-300 мыңға дейін, тіпті 400 мыңға дейін көтерілгенін алға тартты.
– Ал ауруханадан орын таба алмай, үйінде жантәсілім еткен анасының, ағасының, әкесінің, әжесінің мүрдесін қара жер қойнауына тапсыра алмай жүрген жандарға не дейміз? Олардың наласы мен қайғысы еңсені баспай ма, көңіл көтеріп, күле алатын жағдайдамыз ба біз? Неден осындай халге түстік, мүмкін кінә өзімізден де болар? Тіріні қалай құрметтесек, аруақты да солай сыйлаған ел едік, не болды енді бізге? Өмірден жақынымыз қайтса екі-үш метр бөзімізді ала жүгіретінбіз. Мына індет одан да қалдырды, қайғымызды телефон жеткізетін болды, бірімізден бірімізді алыстатты. Ойланайықшы, нендей қателік кетті бізден, Аллаға қай ісіміз өтпеді? Ал мәйітхананы торуылдаған бауырларымыздың азасы ше? Не үйі, не күйі жоқ, жағдайы төмен, жалғыз басты, көп балалы аналардың мешіттерді жағалап, елге қолдарын жайғаны аздай, індет кезеңінде қаражатсыз қалғандар, жұмысынан айырылғандар жақынын жерлей алмай жүр. Себебі бұрынғыдай жаназасына ел жиналмайды, батаны ешкім жасамайды, ел болып көму жоқ, сосын қазатын жері де, жататын көрі де, топырақпен көмуі де ақша! Ал оны ол қайдан алады? Індет жалмағандар ең болмаса өмірден қайтқанда тегін жатсыншы, осыны ел болып ретке келтіре аламыз ба? Расында бұл іске ұйытқы болып, иелік ететін мешіттер емес, имамдар емес, – дейді дінтанушы, имам Нұрлан қажы Байжігітұлы.
АЛМАТЫ