• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Шілде, 2020

Павлодарда бір ғасырдан астам тарихы бар кітапхана жаңартылуда

387 рет
көрсетілді

"Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына күрделі жөндеу жүргізілді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.

Іргесі 1908 жылы қаланған ғимараттың балалар әдебиеті бөлімі (Луначарский көшесі, 9/2 үй) жарты ғасырдан астам уақыт жөндеу көрмеген.

Облыстық кітапхананың басшысы Шолпан Шахметованың айтуынша, маусым айының 15-нен бері мердігер компания "Күмбез" ЖШС күрделі жөндеужұмыстарын бастаған.

"Балалар әдебиеті бөліміне күрделі жөндеу жүргізу менің басшылыққа келген уақытымнан бері қолға алған шаруаларымның бірі болды", - дейді Шолпан Шахметова. - Ғимараттың ішкі-сыртқы қабырғалары жарылып, төбесінен су аға бастаған соң жауапты мекемелерге жөндеу жұмыстары туралы қаншама рет өтініш бердік. Негізі ғимаратқа 2004 жылы косметикалық жөндеу жұмыстары жүргізілген. Дегенмен, ғасырдан аса тарихы бар ғимараттың су, жылу, жарықтандыру жүйесіндегі айтарлықтай мәселелерді шешу үшін күрделі жөндеудің керектігі айдан анық еді. Сол себептен 2017 жылы маусым айында "Күмбез" ЖШС-мен 2 млн 589 мың теңгеге жобалық-сметалық құжаттамалары жасалған болатын. Дәл осы жылдың қыркүйек айында мемлекеттік сараптамадан өттік. Қазынадан қаржы бөлінісімен бірден, 2020 жылдың маусым айынан күрделі жөндеуді бастап кеттік. Жобаның жалпы соммасы 136 млн 219 мың теңгені құрайды.

Мердігерлік ұйымның басшысы Виктор Дегтяревтың сөзінше, бөлінген ақша, уақытылы тиімді жұмсалып, барлық жұмыс жоспарға сай жүргізіліп жатқан көрінеді.

"Қазір жұмыстың бастапқы кезеңіндеміз. Ішкі және сыртқы жұмыстар қатар жасалуда. Кітапхана төбелері жөнделіп, қабырғалары тегістелуде. Жоспарға сәйкес кейбір қабырғалар алынып, соның негізінде кітапхана іші кең әрі жарық қалыпқа енуде. Алдағы уақытта жылу, жарық жүйелері қалыпқа келтіріледі. Есік-терезелер ауыстырылып, едендері жаңартылады. Ең соңында әктеу-сырлау жұмыстарын жасаймыз",– дейді жауапты маман.

Облысымыздағы бірден-бір рухани азық ордасы саналатын – балаларға арналған басты кітапхананың жағдайының өте мүшкіл халіне кітапхана қызметкерлерінен бөлек, оқырман қауым да бей-жай қарамайды. С.Торайғыров атындағы ПМУ профессоры Жеңіс Мананбаев бастаған зиялы қауым өкілдері облыс әкімінің блогына хат та жазған болатын. Бұл мәселе бес немересін жетектеп аптасына екі-үш рет кітапханаға бас сұғатын, ҚР білім беру үздігі, Қазақтан журналистер одағының мүшесі Ерсін Тақырбасовты да қатты алаңдатқан.

"Рухани білімнің, рухани мәдениеттің ордасы кітапхана болатын болса, ал адамның жан азығы кітап болып табылады. Кітаппен дос болған адамның ой-өрісі кең, сөз мәдениеті жоғары, саналы жан-жақты болып тәрбиеленері сөзсіз. Сондықтан мейілінше, немерелерімді кітапханаға әкелуге тырысамын. 1-сыныпты енді аттап кітап оқуды бастап келе жатқан немерелеріме жеңіл ертегі, әңгімелерді оқуға ұсынамын. Олар кейде сурет те салады. Ал үлкендеріне күрделірек тақырыптарды ұсынамын. Осы тұрғыда кітапхана қызметкерлеріне алғысымды білдірмекпін. Іздеген кітаптарымызды тауып беріп, немерелеріммен сурет салып, әрдайым жағдайымызды жасайды. Кітапханаға күрделі жөндеу жасалып жатқандығын естіп, кітапханашылардан кем қуанған жоқпыз. Мәдени-ағартушылық мекеменің аянышты хәлі менің де көңілімді күпті еткен еді. Бұған дейін кітапханада балалардың емін-еркін кітап оқып, бос уақыттарын тиімді өткізуіне толыққанды мүмкіндік жоқ-тұғын. Әсіресе, бірінші қабатындағы көгерген қабырғалардың жағымсыз иісі қолқаңды қабатын еді. Әзірге кітапхананың әлеуметтік желілеріндегі іс шараларға белсене араласудамыз. Жақында "Әжелер ертегілері" жобасына қатыстық. Дегенмен өзіміз барып, қатысқанға жетпейді. Үй-ішімізбен жөндеудің толық біткенін асыға күтудеміз", – дейді Ерсін Қасқиұлы.

Шолпан Шахметова күрделі жөндеу бітісімен кітапханамызда өзгерістер көп болатынын айтады. Бастауыш сынып оқушылары мен мектептке дейінгі балаларға арнап, жаңа танымдық ойын орталығы ашылмақ. Мұнда кітапханашылар балалармен аппликация, скрапбукинг, квиллинг, сурет салу сияқты жұмыстар өткізетін болады. Сонымен қатар жергілікті фотограф немесе көркем суретшілермен жиындар өткізілмек. Кітапханадағы лекция залы кинотеатр мен конференция залының міндетін қоса атқарады. Сондай-ақ ақын-жазушылармен кездесулер, әдеби кештер, конференциялар өткізілетін болады. Коворкин орталығы да өз жұмысын жалғастырады. 

Күрделі жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың соңында аяқталып, 2021 жылы балаларға арналған кітапхана оқырмандар үшін толық пайдалануға берілмек.