Биыл 28 мамырда «Ақтөбе хром қосындылары» АҚ ұжымында қайғылы жағдай орын алды. Аталған кәсіпорынның №4 цехында ақауы бар, сыйымдылығы 50 текше метрлік бөшкені тазалау кезінде күйік алудың салдарынан төрт жұмысшы қаза тапты. Мамандардың мәлімдеуінше, термиялық деп аталған күйіктің түрі адам өміріне аса қауіпті, бұл құбылыс бу мен жалынның немесе өте жоғары температурадағы сұйықтықтың пайда болуынан орын алады екен.
Жұмысшылар өліміне кім кінәлі? Салмағы зіл сауалдың ақ-қарасын ажырату үшін іле-шала арнайы комиссия құрылып, іске кіріскен-ді. Қазір комиссия мүшелері қайғылы жағдайдың болуына жұмыс берушінің кінәсі 80 пайыз мөлшерінде деген ұйғарымға келіп отыр. Сонымен бірге зардап шегушілердің кінәсі 20 пайыз болған деген қорытынды жасалған. Комиссия жұмыс берушілер тарапынан еңбек қауіпсіздігі ережелерін сақтауға көңіл бөлінбегенін анықтаған. Әрі жұмыс үдерісін ұйымдастыру кезінде оның төмен деңгейіне жол берілгеніне көз жеткізген. Өндіріс кезінде қаза тапқандардың бәрі де бірнеше жылдан бері аталған зауытта еңбек етіп жүрген тәжірибесі мол азаматтар екені белгілі болып отыр. Олар сол күні арнайы жұмыс формаларымен қамтамасыз етілген. Марқұмдар қауіпсіздік ережелерін сақтау жөніндегі нұсқаулықтарды да жетік білетін еді дейді цех жұмысшылары. Соған қарамастан бөшкенің түбін тазалау кезінде аяқ астынан ыссы бу көтеріліп, осы істі атқарып жатқан екі жұмысшы қаза табады. Үшінші жұмысшы будың әсерінен көрінбей қалған әріптестерін құтқарып қалайын деген мақсатпен сатымен төмен түседі. Оның соңынан төртінші жұмысшы да жөнеледі. Әйтсе де құтқару ниеті зая кетіп, төртеуі де қаза табады.
Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының бөлім жетекшісі Қуаныш Қамиев бөшкені тазалауға қатысып, күйік шалған бесінші адамның сөзіне сүйеніп айтып берген бұл қайғылы жайт естіген адамның жанын түршіктірмей қоймайды. «Ақтөбе хром қосындылары» зауыты басшылығы мен кәсіподақ ұйымы қайтыс болған азаматтардың отбасына 24 млн теңгеге жуық көлемде материалдық көмек көрсетті. Өңірдегі іргелі кәсіпорынға орын алған қайғылы жағдайға байланысты іс құқық қорғау органдарына тергеуге жіберілді.
АҚТӨБЕ