Соңғы күндері Алматыда онлайн-брифингтердің барлығы дерлік қаланы қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты болды. Қала әкімінің журналистермен қашықтан өткізген жиыны да дәл осы мәселеге арналды.
Осыған дейін хабарланғандай, Қазақстанға дәрілік препараттарымен 3 борт келген еді. Алматы қосымша тағы 3 млн-нан астам дәрі күтіп отыр, оның ішінде дене қызуын түсіретін препараттар, антикоагулянттар және антибиотиктер бар.
Сонымен, дүйсенбі күні кезекті рет Алматы билігі шаһарда қажетті препараттар жеткілікті екенін ресми түрде мәлімдеді. Алайда әлеуметтік желіде көптеген дәрі-дәрмектің әлі де қат екендігі туралы ақпараттар кезіп жүр. Ал Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаевтың айтуынша, көпшілік індеттің өршуінен қорқып отыр. Сондықтан бұл дүрбелең туғызып, жұрт дәрілерді жаппай сатып алып жатыр. Оның айтуынша, қазір қалада 185 мың дана парацетамол бар. 16 шілдеден бастап айдың соңына дейін 2,2 млн дана тағы келуі тиіс. Бұған қосымша арнайы қор тағы 3 млн қаптамамен қамтамасыз етілмек.
– Бұл үшін елді дүрліктірудің қажеті жоқ. Өкінішке қарай әлі де әлеуметтік желілерде хайп жасап отырған адамдар бар. Қаладағы әлеуметтік маңызы бар 10 дәріхананы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді шектеп отырған жоқпыз. Бәріне беріп жатырмыз. Біз бұл істі ұйымдастыруға кез келген уақытта ықпал ете аламыз, – дейді С.Тұяқбаев.
Әкім орынбасары басқа да дәріханаларға өздерін қажетті препараттармен толықтырып отыру үшін әкімдікке хабарласу қажеттігін айтады. Қысқасы, қала билігі дәрі-дәрмек тапшылығын жоюдың барлық тетіктерін қарастыратынын алға тартып отыр.
– Егер кімде-кім жай ғана хайп жасағысы келсе – өз шаруасы. Біз бүкіл инфрақұрылымды дайындап отырмыз. Әлі күнге дейін «дәрі-дәрмек жетіспей жатыр, көрсетіліп жатқан сандар дұрыс емес» деп байбалам салу – бұл енді шектен асқандық. Барлық ақпаратты біз мәлімдеуге де, дәлелдеуге де дайынбыз, – дейді С.Тұяқбаев.
Оның айтуынша, 2 апта бұрын пандемияға байланысты жекелеген дәрілерге сұраныс едәуір өсіп кеткен. «Парацетамолды қаланың жалпы тұтынуы мамыр айында 50 мың болса, соңғы екі аптада күніне 100 мың сатылды. Бұрын жыл бойы термометрдің 100 мыңы саудаланса, 2-3 күнде 50 мың термометр сатылып кеткен. Сондықтан сұраныстың өсуіне байланысты да тапшылық туындап отыр. Қазір мәселені тұрақтандыру үшін күніне 2 рет мониторинг жасап отырмыз. Бастапқыда дәріханалардың инфрақұрылымы сұранысқа дайын емес болатын. Мәселе шешілді. Соңғы бір аптада үлкен дүрлігу жоқ», деп сендірді ол.
Әкімнің орынбасары қазір дәріханаларда 6 мың термометр бар екенін айтады. 1 шілдеден бастап Алматы дәріханаларына 900 мыңға жуық дәрі жеткізілген.
«Одан бөлек күнделікті бүкіл компанияларда, дәріханалар қоймасында да дәрінің біздегі қорына мониторинг жасап отырмыз. 846 мың дана дәрі бар. 1 ай көлемінде керекті препараттардың 3 млн 685 қаптамасы келуі тиіс. Парацетамолдың 185 мың данасы бар. 16 шілдеден бастап ай соңына дейін 2,2 млн қаптамасы келеді. Сондықтан кейбір азаматтардың дәрі жоқ деп дабыл қаққаны шындыққа сәйкеспейді», деді С.Тұяқбаев.
Сонымен қатар Алматыда фармацевтикалық өндіріс пен жеке қорғаныс құралдары өндірісі бойынша бірнеше жоба қолға алынбақ.
«Өндіріске келер болсақ, фармацевтикалық өндіріс пен жеке қорғаныс құралдары өндірісі бойынша бірнеше жобаны қарастырып жатырмыз. Фармацевтикалық өндіріс бірден құрыла қоймайтыны белгілі. Бірақ бұл мәселені жүйелі түрде шешуге болатынын түсіндік. «Алатау» арнайы экономикалық аймағында медициналық бұйымдар шығаратын кластер жасау туралы шешім қабылданды. 2044 жылға дейін жеңілдік қарастырылмақ. Инфрақұрылым дайын. Қазір 4 жоба қарастырылып жатыр. 2 жоба басталғалы тұр. Атап айтқанда, матаға жатпайтын материал өндірісі. Бұл барлық жеке қорғаныс құралдары – маска, обаға қарсы костюмдер өндірісі. Егер біз осы өндірісті жолға қойсақ, импортқа тәуелді болмаймыз. Жобаны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған», деді С.Тұяқбаев.
Ал Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының президенті Марина Дурманова Денсаулық сақтау министрлігінің №104 бұйрығына сәйкес, дәрінің шекті бағасы белгіленгенін айтады.
«Бізде дәрі бағасын мемлекет реттейді. Сондықтан әрбір өзін құрметтейтін бизнесмен осы шекті бағадан асып кетпейді. Өйткені бірінші мәрте оған үлкен көлемде айыппұл салынады. Екінші рет кәсіпорынның жұмысы 6 айға тоқтатылуы мүмкін. Бизнес жабылды деп санауға да болады», дейді М.Дурманова. Оның айтуынша, дәріханалар тарапынан заңбұзушылық тіркелмеген.
«Бізде шекті баға бар. Мысалы, парацетамол бұрын 70-80 теңге болған. Шекті бағасы – 128 теңге. Одан қымбат болуы мүмкін емес. Дәріханалардың біреуі де бұл бағаны көтерген емес. Бағаны көтеру туралы әңгіме болды. Бірақ баға қымбаттамады», деді ол.
Ал қала әкімінің орынбасары қала дәріханаларындағы бағаны арнайы комиссия бақылауда ұстап отырғанын айтты. «Баға көтеру бойынша бір де бір дерек кездеспеді. Біз қатаң бақылауға алмас бұрын біреулер 3 парацетамол орнына 100 қаптама сатып алып отырған. Сосын оны интернет арқылы сатып отырған. Бұл деректерді біз полицияға бердік. 11 дерек анықталды», деді С.Тұяқбаев.
АЛМАТЫ