• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Оқиға 16 Шілде, 2020

Бұлақ Бөрте өзеніне қайта құя бастады

454 рет
көрсетілді

Қаратаусай елді мекеніндегі орта мектептің бір топ қызметкері ауыл іргесіндегі көзі бітеліп қалған бұлақты тауып, тазартты.

Бөрте өзеніне құятын осы бұ­лақтың көзін бұрын ауылдың ақ­сақалдары шөп-шаламнан тазартып, мал аяғы таптамайтындай етіп жыл сайын жағасын биіктетіп отыратын. Бірақ ақсақалдар өмірден өткен соң әрі ауыл тұрғындарының көбі көшіп кеткен талай заманнан бері сылдырап ағып жатқан тұщы бұлақты жұрт ұмытты.

Аталған ауыл мектебінің қызмет­кері Николай Фунт осы жазда шөп шауып жүргенде бұлақ туралы қарттардан естіген сөзді есіне алып, дереу мектеп қызметкерлеріне айтты. Содан Қаратаусай мектебінің бір топ қызметкерлері – шаруашылық меңгерушісі Гүлзада Әлмұхамбетова, кіші техникалық қызметкер Раиса Полуда, мұғалімдер Анастасия Синенко мен Нұргүл Оспанова және Николай Фунт күрек-саймандарын алып, бұлақты тазартуға барды.

– Біз ең әуелі Николайдың көрсе­туімен бұлақ көзі болуы тиіс жерге барып, бірнеше жерден қазып көрдік. Бір шұңқырға келгенде күрегі­міздің басына дымқыл лай жабыс­ты. Сол жердің жан-жағын қолымызбен аршып, тереңдей қазғанда сұп-суық әрі беті дымқылданған топырақ қабатынан лай су шықты. Содан жабылып аршып, біз күткен бұлақ көзіне жеттік. Су біртіндеп молайып, көзін тазартқан сайын лай қабаты өзгеріп, мөлдірлене берді. Су молайған сайын бұрынғы арнасын тауып, Бөрте өзеніне қарай аға бастады. Біз де бұлақ суын қуалай отырып, арнасын да тазалай өттік. Бұлақ көзін қоршай таспен өріп, бұрынғы қалпына келтірдік. Су қашанда өз арнасын табады ғой. Жылға боп аққан бұлақ суының соңынан ере отырып, бұрынғы арнасын таптық. Сөйтіп бұлағымыз Бөртеге қосылды, – дейді Гүлзада Әлмұхамбетова.

Бөрте – Қаратаусай елді меке­нінің қақ ортасынан ағып өтетін шағын өзен. Ауыл адамдары үшін тіршілік көзі. Жағасына бұзау, қозы-лақтар жайылады, ауыл қаз-үйректері жаз бойы Бөртенің суынан шықпайды. Алайда соңғы жылдары өзен тартылып, суы лайланып, кей жерінде шалшыққа айнал­ды. Ауылға тіршілік беріп тұр­ған өзенді қалпына келтірудің бір амалы – өзен жағалауларындағы көмі­ліп қалған бұлақ көздерін ашу. Ал Бөртенің жағасында мұндай бұлақтар көп. Ауыл мұғалімдері осы бұлақтың жан-жағын абаттандырып, құдық тұр­ғызып, басына адамдар тынығатын орын­дықтар қою керектігін айтады. Бұл іске ауыл адамдарының бәрінің жұмылуы қажет.

 

Елена ОНИСЬКОВА,

«Мәртөк тынысы» аудандық газетінің редакторы

 

Ақтөбе облысы,

Мәртөк ауданы