Бүгін күндіз Петропавлдың Жуков көшесінде тұратын туыстарына қонаққа келген алты жасар бала жоғалып, полиция мен туысқандарын ит әлекке түсірді, - деп хабарлайды Egemen.kz.
Қонаққа келген балақай әжесі мен тәтесінің үйіне қонаққа келген екен, алайда оған үйдің мекен-жайын айтып қоюды үлкендер ескермепті. Ауладағы өзіндей ұсақ балалармиен лезде тіл табысып, ойнап кеткен бала бір кезде екі-үш көшені қуалап, кетіп қалады. Тәтесі көзден таса қылмай, сырттай бақылап жүрсе де бұл кезде қырағылығын жоғалтып алған екен, балалар зым-зия болып кеткенде ғана іздеуге кіріседі. Жаны қысылып, сасқан әйел аймақтың бәрін өзі сүзіп шыққанымен еш нәтиже шығара алмай сосын "102" телефонымен полицияның көмегіне жүгінеді.
Оқиға орнына жедел жеткен криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері баланың түр-түсі мен киген киімін анықтап, маңайды жіті шолуға кіріседі. Көрген адамдар мен бірге ойнаған балалар да табылады. Ақыры, құрамында полиция аға лейтенанты Бекжан Сәрсенбеков пен полиция лейтенанты Әділ Қалин бар Петропавл қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының экипажы "City Mall" сауда үйі ауданындағы аулалардың бірінде ойнап отырған балалардың арасынан іздеудегібаланы табады.
Ол қаннен-қаперсіз құрбыларымен ойнап отырады, алайда әжесі мен тәтесіне әлдеқашан қайтқысы келгенін, бірақ қайтар жолды ұмытып қалғанын айтады.
Сөйтіп, жоғалған бала табылып, барлық тарап қуанып қалды. Баланың туыстары полицияға әлеуметтік желілер арқылы алғыстарын жеткізді.
ПЕТРОПАВЛ