Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Сот және құқық қорғау жүйесіндегі күрделі реформалар – азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудың және олардың қауіпсіздігін күшейтудің негізгі факторы» деп атап көрсеткен болатын.
Мемлекет басшысы айтқан сот шешімдерінің сапасын арттыру үшін олардың біліктілігі де жоғары болуы тиіс. Осы тұрғыдан келгенде Сот төрелігі академиясының елімізде судьяларды даярлайтын жалғыз, мамандандырылған жоғары оқу орыны болып табылады.
Сот төрелігі академиясының ректоры заң ғылымдарының кандидаты, профессор Зәуреш Хамитқызы Баймолдинаның тікелей басқаруымен Академияда құрылымдық өзгерістер жүзеге асуда. Академияның болашақ судьяларды даярлаудағы орны мен рөлі қайта қаралып, оқу бағдарламасына заман талаптарына сай өзгерістер енгізілуде. Қазір Академияда бұрынғы кафедралардың орнына жаңадан төрт орталық құрылды: «Мемлекеттік құқықтық ғылыми білім беру орталығы», «Азаматтық құқықтық пәндердің ғылыми білім беру орталығы», «Қылмыстық құқықтық пәндердің ғылыми білім беру орталығы». Сонымен бірге «Академиялық бағдарламалар және жобалар орталығы», «Әкімшілік-қаржылық қызметі», «Ақпараттық технологиялар қызметі» қайта құрылды.
Биылғы оқу жылынан бастап магистранттар екі жылдық магистратураның орнына бір жылдық магистратурада білім алатын болады. Бір жылдық білім беру бағдарламасы магистранттардың кәсіби құзыреттілігін жетілдіруге, сот тәжірибесінің сұраныстарын қанағаттандыруға бағытталған. Сонымен бірге биылғы магистратураға 29 жасқа толған, жоғары заң білімі бар, 4 жыл заң мамандығы бойынша еңбек өтілі бар мемлекет қызметшілері түсе алады.
Сот төрелігі академиясы магистратураның оқу бағдарламасына судьялардың кәсіби құзыреттілігімен қатар моральдық-этикалық, тұлғалық құзыреттілігін арттыруға арналған курстарды ұсынуда жоспарланып отыр. Академия оқу процесін сот жүйесінің заманауи талаптарына бейімдей отырып, магистранттардың өндірістік практикасын ұйымдастыру мен дамытуға ерекше назар аударуда. Мұндағы мақсат Академия қабырғасында магистранттардың теориялық білімін сот практикасында пайдалану және нақты нәтижелерге қол жеткізу құзыреттілігін дамыту болмақшы.
Сонымен қатар болашақ судья боламын деп талпынғандар Академияда білім алу жолында мынандай артықшылықтар мен мүмкіндіктерге ие болады. Мәселен, академияда оқыған уақыт еңбек өтіліне саналады; академия магистранттары шәкірт ақыны(стипендия) соңғы жұмыс орнындағы жалақы мөлшерінде алатын болады; магистратураны бітірген түлек Сот төрелігі академиясында біліктілік емтихан тапсырып, судья лауазымына ие болу конкурсына тікелей қатыса алады; академияны бітірген түлектерге мемлекеттік үлгідегі «құқық магистрі» дипломы беріледі; оқу процесінде оқытудың белсенді әдістері, кейстер, рөлдік ойындар, жобалармен жұмыс істеу, сот шешімдерін жазу, коммуникация мен сыни ойлай білу, шешендік өнер әдістері, т.б. қолданылады.
Міне, жоғарыда аталған жаңа технологиялық үрдістермен оқу үрдісін жаңаша ұйымдастыру, болашақ судьялардың ертеңгі күніне сеніммен қарауына, қиындықты жеңе білуіне және кәсібилік тұрғысынан нағыз судья болып шығуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, болашақ судьяларды даярлауға жасалып отырған мүмкіндіктер мен талаптар еуропалық стандарттарға сай келеді.
Ғылыми-зерттеу жұмысы Академияның маңызды көрсеткіштерінің бірі. Академия профессорлары биылдан бастап оқу-методикалық құралдарды дайындауға ерекше назар аудармақшы. Болашақта Академияда мамандандырылған докторантура (PhD) да ашылу жоспары бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Судьялардың заңды және ішкі сенімді басшылыққа алып, шешім шығару құқығы мызғымас сипатқа ие» деген болатын. Судьялардың шешім шығарудағы біліктілігі үлкен рөл атқаратыны сөзсіз. Осы тұрғыда Сот төрелігі Академиясы жылына 615 судьяның біліктілігін көтереді. Академия басшылығы судьялардың біліктілігін көтеруді тиімді ұйымдастыруға, білімнің сапасы мен практикалық бағытын анықтауға, алынған білімді сот тәжірибесін жетілдіруге пайдалану деңгейі мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, сауалдамалар негізінде судьялардың талаптарын ескере отырып оқу бағдарламаларына нақты өзгерістер мен толықтырулар енгізеді. Оларға соттардың мамандандырылған ерекшеліктерін ескере отырып арнайы және тереңдете оқытылатын курстар ұсынады. Судьялардың біліктілігін көтеруге Академияның белді профессорлары мен Жоғарғы Сот судьялары тартылады. Бір сөзбен айтқанда, Сот төрелігі академиясы ел Президентінің Жолдауындағы реформаларды жүзеге асыру бағытында жаңа сипаттағы болашақ судьяларды даярлауға кірісті. Олар сот жүйесіне жаңа леп, жаңа түсініктер мен ұстанымдар әкеледі деген сенімдеміз.
Төлеуғали БӨРІБАЕВ,
философия ғылымдарының докторы, профессор