• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Шілде, 2020

Біртұтас нарықты дамыту ынтымақтастықты арттырады

277 рет
көрсетілді

Кеше Нұр-Сұлтан қаласында Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы бастамасымен "Ислам ынтымақтастық ұйымы және Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы мемлекеттерінде қосымша құн салынған тамақ өнімдерінің біртұтас нарығын дамыту" тақырыбында халықаралық конференция өтті, деп жазады Egemen.kz

Қазіргі таңда әлемде коронавирус індеті өршіп тұрғаны белгілі. Осы орайда, ұйымға мүше мемлекеттерде де тамақ өнімдерімен қамтамасыз етудің маңызы ерекше екенін маңыздылығын дәлелдеді. Жиын азық-түлік жеткізудің тізбегін дамытуда тағам өнеркәсібінің рөлін талқылау мақсатында ұйымдастырылды.

Конференцияға ИЫҰ мемлекеттері жеке секторының, одақтарының, бірлестіктерінің өкілдері мен сарапшылар қатысты. Жиын барысында Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының Бас директоры Ерлан Байдаулет, Сауда, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығының Ислам палатасының (ICCIA) Бас хатшысы Юсеф Хасан Халави сөз сөйлеп, іс-шара тақырыбының маңызын тарқатып айтып берді.

Конференцияда сөз сөйлеген Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров халықаралық диалог пен ынтымақтастықты жолға қоюдағы Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымы секілді халықаралық ұйымдардың рөлінің маңызын атап өтті.

"Былтырғы тамызда Сауд Арабиясы Корольдігінде өткен АҚИҰ Бас Ассамблеясының екінші отырысының қорытындысы бойынша мүше елдердің ауыл шаруашылық министрлері Ислам тамақ өнеркәсібі қауымдастығын құру туралы шешім қабылдады. Дәл мұндай жобалар азық-түлік саудасы мен сапа стандарттарын арттырып, ынтымақтастығымызды нығайтатын қуатты іргетас болатынына сенімім мол. Бұл – Қазақстан үшін де, ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер үшін де өте маңызды. Қауымдастықтың міндеті – сауда-саттықты кеңейту, исламдық қаржыландыруды тарту, ақпарат алмасу, байланыс орнату, экспорт пен импортты ұлғайту жолымен елдеріміздің тамақ өнеркәсібін одан әрі дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау", дейді С.Омаров.

Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының Бас директоры Е.Байдаулеттің айтуынша, жеке және мемлекеттік секторлардың тиімді әрекеттесу механизмін жасау мақсатында Сауда, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығының Ислам палатасымен стратегиялық әріптестікке орнатылмақ.

"Ислам мемлекеттерінің ауыл шаруашылық министрліктері мен бизнес арасында өзара әрекеттесу қажет. ИЫҰ/АҚИҰ мемлекеттерінде қосылған құны бар тамақ өнімдерінің біртұтас нарығын жетілдіру арқылы тағам өнеркәсібін дамытуымыз керек. Бизнес құрылымдардың арасында өзара сауданы кеңейту, ислам қаржыларын тарту, экспорт пен импортты ұлғайту үшін қолайлы жағдайлар жасауымыз керек. Сонымен қатар меншікті аграрлық өндірісін белсендіру мен өнімдердің егін егуден кейінгі шығындарын азайту мақсатында ұйымға мүше мемлекеттерде азық-түлік жеткізуді арттыру үшін "табиғи" және "халал" өнімдерін өндіру, өңдеу мен сертификаттау жүйесін жөнге салуымыз қажет", деді Е.Байдаулет.

Халықаралық конференция нәтижесінде Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы және Сауда, өнеркәсіб және ауыл шаруашылығының Ислам палатасы арасында бірлескен әрекет туралы Жоспарға қол қойылды.

Айта кетерлігі, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы – Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының мамандандырылған мекемесі. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылғы маусымда өткен ИЫҰ сыртқы істер министрлері Кеңесінің 38-ші сессиясында ұйым құру туралы бастама көтерген-ді. Қазіргі таңда Африка, Азия, Еуропа мен Оңтүстік Американың 34 мемлекеті Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының мүшелігіне енген.

АҚИҰ-ның стратегиялық миссиясы – мүше мемлекеттерде әлеуметтік-экономикалық даму және  ауыл шаруашылықпен, сонымен қатар сауда, ғылым мен технологиямен байланысты инвестицияларды жүйелік жылжыту арқылы азық-түліктің тұрақты қауіпсіздігін  қамтамасыз ету.