3 тамызда футболдан Қазақстан премьер-лигасының ойындары қайта жалғасын табады. Пандемияға байланысты барлық кездесу жанкүйерсіз өтеді.
22 ойыншының 17-сі легионер!
«Айта айта Алтайды, Жамал апам қартайды», демекші біз айтқалы тұрған мәселе бізге дейін де талай рет көтерілген-ді. Бірақ мына дерек ешкімді де бейжай қалдырмасы анық. 1 шілдеде 3-тур аясында өткен 5 кездесуді бастан-аяқ көріп шықтық. Байқағанымыз, алаңдағы легионерлерден көзің сүрінеді және олардың «шеберліктеріне» қарның ашады.
Әншейінде қазақтың қаймағы бұзылмаған оңтүстіктің өзінде футбол тамашаласаңыз, шетелде отырғандай боласыз. Біз әрине, ойын мәнерін емес, ойыншылар құрамын айтып отырмыз. Шымкенттің «Ордабасы» командасы Қарағандының «Шахтерімен» болған кездесуде негізгі құрамға 7, екінші таймда тағы 2 легионерді алаңға шығарды. Кезінде Ордабаев, Пехлеваниди, Кенжебаев, Мұсатаев, Қарақұловтай елге танымал аяқдоп шеберлері шыққан өңірде алаңға 11 ойыншының 9-ын өзге елдің азаматтарынан шығаратындай бастарына не күн туды екен? Оңтүстікте допты тәуір тебетін 11 қазақ табылмады дегенге кім сенеді? Мәселенің шешімі жоқ емес, әрине. Тек оны тыңдар құлақ болса. Бүгінде өзге командаларда әжептәуір нәтиже көрсетіп жүрген Тұңғышбаев, Сүйімбаев (екеуі де «Қайрат»), Нұрғалиев («Тобыл»), Жұмаханов («Оқжетпес») секілді жергілікті футболшыларды қайта шақырса, команданың мақсатын айқындап, алға қойған жоспарды орындауға болар еді.
2013 жылы Еуропа лигасының топтық кезеңінде сынға түскен «Шахтердің» негізгі құрамында сол кезде 5-6 легионер ғана доп тебетін. Ал «Ордабасымен» өтетін ойынға өзге елдің 9 азаматын негізгі құрамға шығаруға кеншілер командасы қымсынған жоқ. Бұл аздай екінші таймда тағы бір шетел футболшысын қосып қойды.
«Қайратым» деп мен жүрмін, Қайрат қылмай сен жүрсің...», деп Әбділдә Тәжібаев айтқандай, бүгінде оңтүстік астананың бас командасы чемпионатта көш бастап тұрғанымен, олар да негізінен легионерлерге көбірек сенім артады. «Жетісу» командасын 3:0 есебімен ойсырата жеңген Алексей Шпилевский жаттықтыратын ұжым негізгі құрамға 7 легионерді қосыпты. Оның қарсыласы «Жетісу» да өзгелерден қалыспай, алаңға 8 шетел ойыншыларын шығарды.
Бір кездері «Жетісудан» бөлек Алматы облысынан бірінші лигада «Қарасай Сарбаздары», «Сұңқар», «Іле-Сәулет» деген қазағы көп командалар болды. Сол ұжымдардан небір жас футболшылар түлеп ұшты. Қаржы тапшылығына байланысты аталған клубтар жабылмағанда, бүгінде жетісулықтар мұндай халде болмас па еді дейді бір ойымыз.
Алаңдағы негізгі 22 ойыншының 17-і легионер! Тағы бір шетелдік ойыншы екінші таймда доп тепті. Бұл – «Қызылжар» мен «Оқжетпес» арасындағы кездесуде тіркелді. Бейне бір Қазақстан футболын емес, «легионерлер сайысын» тамашалап отырғандай күй кешесіз. «Тараз» командасы да «Қайсармен» болған ойында 7 легионерді алаңға шығарыпты.
Алаңға 3 легионерден ғана шығарған «Қайсар», «Тобыл» және «Каспий» командаларының жергілікті футболшыларға көбірек сенім артатыны көңілімізге сәл-пәл жұбаныш болып тұр.
«...вич»-терсіз күніміз қараң ба?
Косович (Черногория), Миканович (Хорватия), Дугалич (Сербия, «Қайраттың» капитаны), Живкович, Адамович (екеуі де Сербия). Бұлар Балқан түбегі командасының ойыншысы деп ойласаңыздар, қатты қателесесіздер. Бұл «Қайрат» пен «Жетісу» клубтарының «шеберлері».
Байқасаңыздар, халықтық команда «Қайраттың» өзі капитандық жауапкершілікті легионердің мойнына жүктей салыпты. Қосалқы құрамдағы ойыншыларды қоса есептегенде шамамен 18 адамның ішінен капитандыққа лайық бір қазақстандық футболшының табылмағаны қалай?
Кездесу барысында алматылықтар сапында легионерлерден тек Небойша Косович қана көзге түсті. Ал қалған «...вич»-тер мен легионерлер алаңда құр жүгірді демесеңіз, мықты ойын көрсетті дей алмаймыз. Көздерінде намыс оты да, ойындарында қайсарлық мінез де байқалмайды. Жүктелген міндетке жүрдім-бардым қарайтын секілді.
Өзге ұжымдарда да «...вич»-тер толып жүр. «Тараз» – Бркич, Пуношевац (екеуі де Сербиядан), Чадженович, Больевич (екеуі де Черногориядан). «Ордабасы» – Симчевич (Сербия), Механович (Босния және Герцеговина). «Қызылжар» – Делич (Черногория). «Оқжетпес» – Стоянович (Сербия, команда капитаны), Обрадович – (Черногория), «Каспий» Милошевич (Сербия). 3-тур аясындағы ойынға «Астана» ғана алаңға шықпады. Елордалық клубта да Сербия, Хорватия, Черногория елдерінен келген ойыншылар бар. Сондай-ақ Қазақстанның 5 дүркін жеңімпазы Павлодардың «Ертіс» командасы банкрот деп танылып, чемпионатты жалғастырудан бас тартты. Әйтпесе бұл клубта да легионерлер жетерлік еді.
Қазақ бапкері жоқ чемпионат
Легионері көп чемпионатта тиісінше шетелдік бапкерлер де молынан болады екен. Мұндай жағдай тек бізде емес, өзге Англия, Испания, Германия ішкі біріншіліктерінде де солай. Алайда бұл елдердің командалары жыл сайын Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасында атой салып, өз күндерін өзі көріп жүрген ұжым емес пе? Тамаша жетістікке жетіп, мол қаржы тауып жатса, кім сынасын команданы?! Ал бізде керісінше. «Қайраттан» басқа премьер-лигада өнер көрсететін клубтардың барлығы жергілікті немесе мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады.
Ал енді мына «қызыққа» қараңыз. «Қайрат», «Астана», «Қайсар», «Ордабасы», тіпті биыл ғана жоғары топқа қосылған «Қызылжар» мен «Каспий» шетелдік маманға иек артып отыр. Ал қалған 5 команданы қазақстандықтар жаттықтырады. Алайда бізді қынжылтатыны чемпионатта өнер көрсететін 11 ұжымда бірде-бір қазақ бас бапкері жоқ.
Бір кездері Баймұхамедов, Сердалин, Байсейітов, Байсуфинов, Қожабергенов, Мазбаев, Пірімжанов секілді білікті мамандар премьер-лига командаларын жаттықтырған еді. Бірақ әттеген-айы сол, спорт функционерлері таланттыларды дер кезінде қолдай білмейтін секілді. Оларға тек бүгінгі нәтиже керек. Әйтпесе жыл сайын футболға деп миллиардтап бөлген қаржының ең болмағанда 20-30 пайызы білікті маман даярлауға және балалар футболын дамытуға бағытталса, мұндай мәселе болмас еді. Сондықтан да тек бүгінмен өмір сүретін футбол маңындағы шенеуніктерге өкпе артудан басқа қолдан келер қайран жоқ.
Қаржы қазақтыкі. Бірақ соның қызығын басқалар көреді. Легионерлер мен шетелден шақырылған бапкерлер. Неге? Бізде білікті бапкерлер аз ба? Алаш оғландары доп тебе алмай ма? Әлде футбол функционерлері легионерлермен жақсы тіл табыса ала ма? Бар мәселе осында тәрізді...
Алмас МАНАП,
«Egemen Qazaqstan»