Тақырыбы риторикалық жалғыз ғана сұрақтан тұратын, бірақ жауабы сан-қырлы бұл түйткілді мәселені қаузауға «Why Nations Fail. The Origins of Power, Prosperity, and Poverty» («Мемлекеттер неге күйрейді. Билік, өсіп-өркендеу және кедейліктің түптамырлары») атты 2012 жылы Нью-Йорктегі «CROWN BUSINESS» баспасынан жарық көрген әлемге әйгілі және іргелі экономист-ғалымдар – Дарон Аджемоглу (Daron Acemoglu) және Джеймс А. Робинсон (James A. Robinson) есімді ғұлама авторлардың аталмыш терең туындысы түрткі болғанын жасырмаймын. Себебі, бұлай деуге негіз болатын тарихи және әділ шындыққа негізделген дәйекті дәлелдер әлгі ғылыми-сараптамалық шығармада менмұндалап тұр.
Біріншіден, тілге тиек болып отырған бес жүз беттен асып жығылатын ауқымды туынды – экономикалық өсім теориясы бойынша 15 жыл бойы түбегейлі зерттеулер жүргізген терең дарын иелері Дарон Аджемоглу мен Африка және Латын Америка елдерінің экономикаларына тамырлы талдау жасаған оның әріптесі Джеймс Робинсонның, сондай-ақ өзге де сұңғыла ғалымдардың 300-ге тарта ғылыми-зерттеу жұмыстарының жан-жақты сарапталып, шегіне жеткізе синтезделген сығынды сөлі.
Екіншіден, бұл ғажап ғылыми туындыда жүздеген елдердің, оның ішінде біздің заманымыздан бұрынғы бірінші ғасырдың 476 жылы тарих сахнасынан тайып, келмеске кеткен Рим империясынан бастап, бүгінгі заманда планета бетінде тірлік жасап отырған ондаған оза дамыған мемлекеттер мен кенжелеп қалған дамушы мемлекеттердің өз қолдарымен қалыптастырған әлеуметтік, саяси және экономикалық институттарының үлгілері салғастырыла сарапталып, олардың қарқынды дамығандарымен қатар көш соңында қою шаң жұтып келе жатқандарының негізгі себеп-салдары тікелей әлгі мемлекеттердің әлгінде ғана аталған әлеуметтік, саяси және экономикалық институттарының сапасы мен мақсат-мүдделеріне тікелей тәуелді екендігі ең соңы институционалдық көзқарас тұрғысынан зерделенеді.
Үшіншіден, аталмыш туынды авторларының көздеген басты нысаналарының бірі – өз халықтарының әл-ауқатын жоғары деңгейге жеткізе алған АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Германия, Франция, Швейцария, Норвегия, Жапония, Оңтүстік Корея сынды әлемнің оза дамыған елдеріндегі әлеуметтік, саяси және экономикалық институттардың ең шешуші рөл атқарғандығын соқырға таяқ ұстатқандай түбегейлі анықтап, жан-жақты айшықтап беру.
Төртіншіден, кітап авторларының қол жеткізген ең сүбелі жетістіктерінің бірі жаһанданған бүгінгі заманда жер шарының көптеген аймақтарында, атап айтқанда, Африка, Азия және Латын Америка кеңістіктерінде орын алып отырған кедейлік пен экономикалық мешеуліктің себеп-салдарының түп тамыры сол кеңістіктерде өмір сүріп жатқан мемлекеттер мен халықтардың этностық құрамымен де, мәдени әдет-ғұрыптарымен де, салт-дәстүрлерімен де, діни ұстанымдарымен де, географиялық мекенжайларымен де, тіпті, климат ерекшеліктерімен де ешбір байланысы жоқ екендігін, керісінше, аталған экономикалық мешеулік пен тақыр кедейліктің сыры әлгі мемлекеттердегі билік тізгінін ұстап отырған ат төбеліндей ғана бай-бақуатты топтардың мүдделерін халық мүддесінен жоғары қоятын жасанды саяси-экономикалық институттарда, яғни бүгінгі ғылым тілімен айтқанда «экстрактивтік институттар» деп аталатын саяси-экономикалық құрылымдардың дәрменсіздігі мен сол мемлекеттер көшбасшыларының жеке бастарының қамын ғана күйттейтін өзімшіл менталитетінде жатқандығын ешбір бүкпесіз әрі шынайы зерттеулердің нәтижесінде қол жеткізген әрі бұра тартуға еш мүмкіндік бермейтін әділетті шындықпен айқындап бергендігінде жатыр.
Бесіншіден, аталмыш кітаптың ғұлама авторлары, адамзат тарихында өзіндік орны бар сан түрлі мемлекеттердің тұрақты дамуы мен өсіп-өркендеуіне қолбайлау болып, жал-құйрығына жармасып, алға бастырмай отырған және ол мемлекеттердің кері кетіп қана қоймай, саяси-экономкалық мешеуліктің торына ілігіп, мүлде шырмалып қалуына және жоғарыда аталып өткендей, тарих сахнасынан мүлде жойылып кетуіне тікелей себепші болуы бек мүмкін әлеуметтік, саяси және экономикалық сын-қатерлердің алдын алып қана қоймай, әділетсіздік пен жемқорлықтың жегіқұрты күллі ағзасына жайылып кеткен саяси-экономикалық жүйенің құрсауынан құтылудың ең тиімді әрі бейбіт эволюциялық жолдарын да қоса ұсынады.
Алтыншыдан, аталмыш ғалымдардың сөз болып отырған туындысы 2012 жылы жарық көрген бойда, «Financial Times and Goldman Sachs Business Book of the Year Award» атты жыл сайын бизнес әлемінің ең үздік туындыларына тағайындалатын мәртебелі де абыройлы жүлдені жеңіп алған болатын.
Жетіншіден, әлгі ғылыми туындыны «Financial Times»; «New York Times»; «Wall Street Journal»,»Washington Post», «The Economist», «BusinessWeek», «Bloomberg», «The Christian Science Monitor» секілді әлемнің ең ықпалды да мәртебелі ақпарат құралдарымен қатар, экономика саласы бойынша 1972-2012 жылдар аралығында Нобель сыйлығына ие болған George Akerlof, Robert Solow, Michael Spence, Gary S. Becker, Kenneth Arrow сынды ғұлама ғалымдар жоғары бағалап, экономикалық мешеулік пен кедейшіліктің құрсауынан мемлекеттер екі шартты іске асыра алса ғана құтылуы мүмкін екеніне көзді өте терең әрі нанымды жеткізеді. Ол үшін, ең алдымен, әлгі мемлекеттердің заман талабына лайық саяси-экономикалық институттары болуымен қатар, әсіресе, жекеменшік бизнес субъектілері мен бәсекелестікке үлкен басымдық бергені лазым. Ал одан да маңыздысы, әлгі мемлекеттердің әділетке негізделген саяси-экономикалық институттар мен саяси лауазымдарға бәсекелестік сайыста әділетті қол жеткізуге мүмкіндік беретін толыққанды электораты болуы шарт және әділ сайлауда жеңіске жеткен жаңа көшбасшыларға құрметпен қарай алатын ашық әрі плюралистік саяси билік жүйесі болуы міндет.
Сегізіншіден, мызғымайтын ғылыми іргетасқа негізделген туындының авторлары оқырман қауымның алдына «Кейбір мемлекеттер неліктен бай-бақуатты, ал олардың енді біреулері неге сіңірі шыққан кедей?»; «Мемлекеттерді ауру-індет, денсаулық, байлық, кедейлік, ашаршылық және тоқшылық сияқты ұғымдар неге қақ бөледі?» секілді көкейкесті сауалдардың нақты жауаптарын да ешбір бүкпесіз жайып салады. Бұл тұрғыдан келгенде, авторлар планета бетіндегі оза дамыған елдер мен дамушы елдердің саяси-экономикалық жүйелерін салыстыра отырып, олардың арасындағы жер мен көктей айырмашылықтардың түптамыры тек сол елдерде қалыптасқан әлеуметтік және саяси-экономикалық институттардың мақсат-мүдделерінің, көзге шыққан сүйелдей бадырайып тұрған алшақтығында жатқандығына айқын да анық көз жеткізеді.
Жоғарыда келтірілген пікір-пайымдардан байқалып отырғандай, Дарон Аджемоглу мен Джеймс А. Робинсонның туындысының нағыз атына заты сай, әрі аса құнды ғылыми шығарма екендігінде ешбір күмән жоқ. Сосын, бұл заманауи кітапты біздің зиялы қауым мен мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, сондай-ақ еліміздің саяси билік тізгінін ұстап отырған тұлғаларға да таптырмас үлгі-өнеге болатын, және ең бастысы, егемен мемлекетіміздің алдағы даму үдерісінің іргелі бағыт-бағдарлары мен саяси-экономикалық институттарымызды әділетті әрі заманауи инновациялық үлгіде қайта қалыптастыруға айқын жол сілтейтін бағдаршам идеялар мен терең ой тұнбаларының қоймасы деуге лайық.
Мәселен, Аджемоглу мен Робинсонның топшылауынша, тарих қойнауына кеткен алып империялар мен жүздеген өзге де мемлекеттердің басым көпшілігінде ел-жұрттың күш-қуаты мен ресурстарын белгілі бір элиталық топтың мүддесін ғана күйттейтін экстрактивтік жүйеге ғана иек артып, соның салдарынан билік тізгіні ұзақ уақыт бойы белгілі бір топтың ғана уысында қалып, жалпыға бірдей сайлау құқығы қалыптастырылмай, саяси-экономикалық институттар да тек билік элитасының ғана мүдделеріне сай жасақталып отырғандығын ашып айтады. Сондықтан ондай мемлекеттердің саяси билігі еш уақытта ел-жұртқа бірдей әрі әділетті бастапқы мүмкіндіктер туғызуға және экономика саласында инновациялық үдерістерді жаппай қолдайтын әрі мөлдір патенттік жүйе қалыптастырып, күллі халықтың жеке меншік мүліктеріне өзгелердің қол сұғуына жол бермейтін әрі олардың құқын қатаң заңдармен қорғайтын саяси-экономикалық инклюзивті институттар құруға да мүдделі болмаған. Өйткені дүйім жұрттың бәсекеге қабілетті болуы билік элитасына қауіп төндіреді деп қатты сескенген.
Бұл орайда, кітап авторлары жоғарыдағы өз пайымдарының бұлтартпайтын шындық екенін дәлелдей түсу үшін әлемнің әр тарапында орын алған нақты тарихи әрі саяси-экономикалық мысалдарға жүгінеді. Мәселен, XIX ғасырдың соңында Ресей дворяндарының мүлде кедейленіп кетуіне сол замандағы экстрактивті мемлекеттік жүйенің кесірі тисе, керісінше, Оңтүстік Кореяда инклюзивті экономикалық институттар құруға саяси биліктің өзі тікелей бастама көтеріп, тікелей қолдауымен қалыптасқанын және сол оң қадамдардың арқасында әлгі мемлекеттің күллі саяси-экономикалық институттарының тез арада қуатты инклюзивті күшке айналғандығына ерекше назар аударады.
Дәл осы тұста 2019 жылғы наурыз айының 19-ы күнгі сағат 19-дан бастап, біздің егемен елімізде де сол кездегі саяси билік тарапынан ел-жұрттың көптен күткен белгілі бір оң қадамның жасалғанын атап өту лазым. Өйткені дәл сол күні еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз еркімен өкілеттігін тоқтатып, көшбасшылық тізгінді конституциялық заңға сәйкес, сол кездегі Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа тапсырған еді. Сәйкесінше, мемлекеттің саяси билік тізгінін қолына алған бойда, жаңа көшбасшы кезектен тыс президенттік сайлау өткізіп, сайлаушылардың басым көпшілігінің мандатына ресми түрде ие болып, елімізде бүгінгі заман талабына сай келетін инклюзивті институттардың алғышарттарын қалыптастыруға бірден кірісіп кеткен-ді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды үгіт-насихат жұмысының өзегі мен арқауына айналған әділет, сабақтастық және даму сынды үштағанды әрі инклюзивті іргетасқа негізделген, әрі еліміздің болашақ дамуының ең көкейкесті 10 бағытын қамтитын стратегиялық тұғырнамасы халыққа жария етіліп қана қоймай, Президенттің тікелей өз бақылауымен және кезең-кезеңмен іске асырыла бастады. Сосын, Президент тұғырнамасының ең құнды нысаналары Қазақстан Республикасының Конституциясының бастапқы үш бабында, тайға таңба басқандай көрініс тапқан мына басты құндылықтарға негізделген:
- Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары;
- Республика қызметінің түбегейлі принциптері: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық;
- Бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму;
- Қазақстандық патриотизм;
- Мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен шешу;
- Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет;
- Мемлекеттің бірден-бір бастауы – халық.
Міне, дәл осы тұрғыдан келгенде, аталған әмбебап құндылықтардың барлығы да жоғарыда Дарон Аджемоглу мен Джеймс А.Робинсон ұсынған инклюзивті институттарға қойылатын негізгі талаптар мен ұсыныстарға сай келетіні көңілге үлкен сенім ұялатады. Сонымен қатар Президент Тоқаевтың күллі ел кеңістігінде түбегейлі іске асырылуға тиісті прагматизмге негізделген әрі мемлекетіміздің болашақ іргетасын нығайтатын іргелі бағдарламалық жол картасының ішкі мазмұнын айшықтайтын келесі ұстанымдары да тілге тиек болып отырған инклюзивті саяси-экономикалық және әлеуметтік институттардың үдесінен шығады. Сосын, біздер Президент Тоқаевтың әлгі прогрессивті ұстанымдары туралы бұдан бұрын да жазғанбыз. Алайда «айтпаса сөздің атасы өледі» немесе «айтылмаса сөз жетім» демекші, күллі халықтың мүддесінен шыққан әлгі нысаналарды тағы да оқырман қауымның назарына ұсыну артық болмас:
-Тұрақты және қарқынды экономикалық өсім арқылы халықтың табысын арттыру;
- Сыбайлас жемқорлықты жою;
- Сот және құқық қорғау жүйесін реформалау;
- Мемлекеттік бюджеттің қаражатын ең алдымен келешегі зор жобаларға бөліп, жаңа жұмыс орындарын көбейту, халықты жалақымен қамту, ұлттық табысты әділ бөлу;
- Тұрғын үй мәселесін шешіп, түрлі санаттағы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуын қамтамасыз ету;
- Әділетті әлеуметтік саясат негізінде адами капиталды дамыту, яғни жаппай білім беруді қолдау және халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету, мұғалімдер мен дәрігерлердің мәртебесін көтеретін жаңа заңдар қабылдау;
- Өңірлер мен аймақтарды жедел дамытудың жаңа бағдарламаларын жасақтау;
- Еліміздің рухани жаңғыру құндылықтарын жалғастыра отырып, тарихқа құрметпен қарау;
- Отанға адал болу, халықтың ғылым-білімге деген ұмтылысын күшейту;
- Сыртқы саясатта қалыптасқан конструктивті, теңгерімді және көпвекторлы қарым-қатынастарды жалғастыра отырып, әлемдік кеңістіктегі ұлттық мүдделерімізді сақтап қалу;
- Ел дамуында шешуші рөл атқаратын жасампаз жастарымыздың барлық бастамаларына қолдау көрсете отырып, олардың арман-тілектерінің орындалуына және прогрестің қозғаушы күшіне айналуына барлық мүмкіндіктерді жасау және талантты да іскер жастарды мемлекеттің барлық буындарындағы жетекшілік қызметтерге тарту.
Қасым-Жомарт Тоқаев жоғарыда аталған бағдарламалардың мүлтіксіз орындалуы үшін, ең алдымен қауқарлы әрі толық өкілетті Президент, ықпалды да іскер Парламент және мемлекетіміздің ең басты құндылығы болып табылатын халқымыздың алдында есеп беруді міндет деп санайтын Үкіметті мемлекеттік биліктің формуласына айналдыру керектігін де, сондай-ақ мемлекеттік қызметке тек қана меритократ тұлғаларды, яғни, мемлекеттік мүдделерді өз мүдделерінен жоғары қоятын «сингапурлық экономикалық ғажайыптың» атасы атанған Ли Куан Ю секілді пиғыл-ниеті таза азаматтарды тарту керектігін де күн тәртібіне қойып отыр. Өз бағдарламасында Президент Тоқаев байтақ мемлекетіміздің ең шешуші кезеңінде экономикамыздың тұрақты дамуына қатысты өзге де стратегиялық мәні зор мәселелерді мүлтіксіз шешу үшін еліміздің Конституциясында көрсетілген демократиялық тетіктердің бірі ретінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрды және ол кеңес бүгінгі таңда өзіне қойылған талап-міндеттердің үдесінен шығатын қызметі мен іс-қимылын бастап та кетті.
Демек, бұл кеңесті де Президенттің елімізде инклюзивті саяси-экономикалық институт қалыптастыруға бағыттаған ірі қадамдарының бірі деп қабылдаған жөн. Сосын, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жасаған үндеуінде елімізде көппартиялықты, саяси бәсекелестікті және ой-пікірдің сан алуандығын дамытуға ықпал етуді өзінің тікелей міндеті деп санайтындығын, сол сияқты қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары деп түйіндеп, ол органдардың алдына биік талап қоюы, сол сияқты алдағы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауының еліміздегі көппартиялық жүйенің дамуына оң ықпал етуін Парламентке міндеттеуі немесе Президент Әкімшілігіне азаматтардан келіп түсетін өтініштерді мемлекеттік органдардың сапалы қарауын қадағалап, жедел шаралар қабылдайтын бөлімнің құрылуына пәрмен беруі, сондай-ақ митингтер туралы заңнаманы жетілдіруге байланысты Парламентке талап қоюы немесе Конституцияға сәйкес, азаматтарымыздың өз ойын еркін білдіруге құқығы бар екендігіне екпін беруі сияқты бастамаларының бәрі де елімізде жаңа тұрпаттағы инклюзивті саяси-экономикалық институттардың қалыптасуына бағытталған алғышарттар деп қабылдау лазым.
Сөз соңында жоғарыда тілге тиек болған мемлекеттік инклюзивті институттарды нығайта түсіп, еліміздің тұғырын биіктету үшін және әлемнің оза дамыған мемлекеттерінің қатарына қосылу үшін, ең бірінші кезекте инклюзивті институттарды жедел қалыптастырып, әсіресе Біріккен Араб Әмірліктері секілді мемлекеттің экономикасы қалайша тез қарқын алып, тұрақты өркендеп келе жатқанының сырына терең үңілсек, бұдан тек қана ұтатынымыз көрініп тұр. Ендеше, жақсыдан үйрене, жаманнан жирене жүріп, дәл бүгін күллі әлемді сансыратқан пандемия секілді сын-қатерлерге толы заманда арам пиғылды алпауыттардың жемтігіне айналып кетпес үшін, «жарылғанды жау алады, бөлінгенді бөрі жейді», «жау жоқ деме – жар астында, бөрі жоқ деме – бөрік астында» немесе әсіресе, абыз Абайдың қара сөздеріндегі «би екеу болса, дау төртеу болады» деген даналықтардың астарына терең бойлап, саяси билік бұтақтарын Президент институтына шоғырландырып, бүгінгі таңда жаңаша қалыптасып, жаңаша бүршік атып келе жатқан жаңа тұрпаттағы әділетті билік жүйесіне басымдық беріп, әрбір азаматымыз бен халқымыздың мүдделерін бірінші орынға қоятын инклюзивті саяси-экономикалық институттарға жаппай қолдау көрсетейік, қадірлі ағайын. Сосын, жемқорлық жайлап алған ескі саяси-экономикалық институттардан тез арылып, жан-жақтан анталаған сұқ көзділерге жұтылып кетпей тұрғанда, егемен мемлекетіміз бен ел-жұртымыздың іргесін тез бүтіндеп, соншама ғасырлардан кейін әзер дегенде қол жеткізген егемендігімізді аман сақтап қалуға баршамыз жұмылған жұдырықтай атсалысайық. Ендеше, бұл сараптамалық мақаланы, тілге тиек болған жоғарыдағы кітап авторларының пайымдарымен үндес әрі бүгінгі ел Президентінің ұстанымдарымен түбегейлі үйлесетін киелі Құранның 13-інші («Рағыд») сүресінің 11-аятында көретін көзге оттай басылып, еститін құлақтың құрышын қандыратын әрі зиялы санаға нұр ұялататын: «Әр ел өз күйін өзгертпейінше, Алла оларды өзгертпейді. Әр ел өз басындағы Алла берген бақ-дәулетті күнәлі болып, өзі тайдырып алмаса, Алла оны тартып алмайды», деген ұлағатты бағдаршаммен түйіндей отырып, ел Президенті бастаған саяси-экономикалық және әлеуметтік инклюзивті институттарды ел билігінің өзегіне тез өріп, уақытты оздырып алмай, олардың іргетасын қатаң заңдармен орнықтырып, әрі эволюциялық бейбіт жолмен жылдам қалыптастырып алуға жұдырықтай жұмылып, бүкіл ел аумағында ауызбіршілікпен алға жылжиық! Тек солай еткенде ғана ел экономикасының күре тамырына таза қан жүгіріп, бүгінгі таңда еліміздің жалына жармасып, етегіне оралған және теріс салдары мен зиянды зардабы ел болмысының күллі жүйесінде сезіліп тұрған сын-қатерлерді түптамырымен жұлып тастауға және дамудың биік белестеріне көтерілуге жол ашылады.
Әділ Ахметов,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі