..қолдау білдіреді
Тіліміздің абыройын арттырайық
Тіл – ұлттың ең басты байлығы, тәуелсіздігіміздің тұмары, азаттығымыздың айғағы. Бұл ретте, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында мемлекеттік тілдің дамуы мен келешегі жөнінде айтқан пікірлері үлкен маңызға ие. Мемлекет басшысы бұл кезеңді аз сөйлеп, көп іс тындыратын шақ екенін ескерте отырып, тілдің мерей-мәртебесін арттыратын төрт қадамды белгіледі.
Алдымен, Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғамның қазақ тілін қажеттілік деп тануы үшін бірқатар шараны қолға алу туралы былай деді: «Қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн. Мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек».
Президенттің бұл ұсынысына тұтас халық болып атсалысуымыз қажет деп ойлаймын. Бұл орайда, әрбір қазақстандық қазақ тілінде сапалы қызмет көрсетілуін талап етуі тиіс. Мұның өзі көпшіліктің алдында тіліміздің абыройын өсіргеніміздің көрінісі болар еді.
Гүлсезім ТЕМІРТАС,
қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының магистрі
НҰР-СҰЛТАН
...қуанышын бөліседі
Жақсыдан шарапат
Рамазан айында Қожамжар ауылдық аумағына барған едік, біраз жұмыс атқарылған екен. Көшелері түзеліп, тазаланып, қиыршық тастар төселген. Мешіт, мәдениет үйі, мектеп маңайы да тазаланып, абаттандырылыпты.
Рамазан айында ауылымызда өскен кәсіпкер Абызбай Адамовтың бастамасымен басқа да азаматтар қосылып, Жамбыл ауылында асхана салынды. Ауыл-қаладан келген азаматтар асар шақырып, осы сауапты істі аяқтады. Ал Мұса Тентекбаев, Жамбыл Қайырбеков, Шакеш Мұрсәлімова, Ескендір Қами, Зикен Хамитов ақсақалдар да бірлесіп қаржылай демеушілік көрсетті.
Енді жыл сайын Рамазан айында, Айтта, Құрбан айтта ауыл жұрты осы асханада ас береді. Жақсыдан шарапат. Абызбайдың ұлы Марат та Жамбыл, Қожамжар, Қайран, Қараой ауылдарындағы отбасыларға ауызашар таратып, қайырымдылық көрсетті. Енді, міне Жамбыл ауылында азаматтар бірлесіп жаңа мешіт құрылысын жүргізіп жатыр. Істеріне сәттілік тілейміз.
Қабдолла ЖАМБЫЛҰЛЫ
Павлодар облысы,
Ақтоғай ауданы
...пікір сұрайды
Футбол – сүйіп көретін ойынымыз
Мен – футболсүйер жанкүйердің бірімін. Алматы қаласында (1977-1982 жылдар) жоғары оқу орнында оқып жүргенде біраз жас «Қайрат» футбол командасының ойынын орталық стадионға үзбей барып көруші едік. Ол кезде бізбен бірге біраз танымал адамдар да барып жанкүйер болатын. Соның бірі ақын Әбділда Тәжібаев аға да бірге отырып тамашалаушы еді. Команда жеңсе балаша қуанып, жеңілсе келесі ойында жақсы ойындарды күтетін, жарықтық.
Бүгінде өзімнің сүйікті «Қайрат», «Тараз» футбол командаларының ойынын көруге зар болдық қой. Премьер-лиганың ойындарын стадионда жанкүйерсіз (адамдарсыз) өткізе берсе деймін. Одан ешкімге зияны тимейді. Футбол ойындарының маусымы өтіп бара жатыр. Себебі біз ес білгелі (50 жылдай) футбол ойынын ойнап, әрі көріп, бір марқайып, демалып қалушы едік. Бүгінде ойындарды ғаламтордан көріп келеміз. Сіздер не дейсіздер, спорт жанкүйерлері?
Төле НАРЖАНОВ
Жамбыл облысы,
Байзақ ауданы
...жаңалығын айтады
Өлеңім – өмір айнасы
Өлкемізден шыққан ақын Гүлжайнар Нәренқызымен «Өлеңім – өмір айнасы» атты онлайн кездесу өткізілді. Кездесудің мақсаты – Ақтөбе жерінен шыққан дарындардың шығармаларын, өнер жолын жас буын мен оқырман қауымға насихаттау.
Тікелей эфир барысында ақын қыздың шығармалары мен кітаптары туралы әңгімелер қозғалды. «Әке әлдиі» атты кітабының тарихы айтылды. Оқырмандарының сұрауы бойынша ол балалық шақтағы қызықты естеліктерімен бөлісті.
Сондай-ақ өзінің соңынан еріп келе жатқан жастардың бойынан ізгілік, адалдық қасиеттерін көргісі келетінін де жасырмады.
Гүлжайнар Нәренқызы кездесу барысында өлеңдерін оқыса, соңынан оның кітаптарынан, баспасөзге жарияланған мақалаларынан кітап көрмесі жасақталып, виртуалды көрмеге библиографиялық шолу жасалды. Кеш иесі осындай тағылымды кездесу ұйымдастырған облыстық жасөспірімдер кітапханасының ұжымына өзінің ізгі тілегін білдірді.
Лаура ЕРІКҚЫЗЫ
АҚТӨБЕ
...сағынышын жеткізеді
Шыңға біткен шынардай едіңіз
Сізді бәрі Дастан Оңдашұлы Жаңбырбаев деп танитын. Ал мен көкірегімді мақтаныш сезімі кернеп: «Аға!» деуші едім. Біз отбасында алтау едік. Екі қыз, төрт ұл. Әкеміз төрт ұлын «Төртқараның төрт ұлы!» деп отыратын. Бұл оның текті жерден шыққандықтарын ұлдарына ұлағат етуі еді. Сіз үлкен ағамыз ретінде бізге үлгі болдыңыз. Сіз өзіңізге де, айналаңызға да талапшыл едіңіз. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» Абай ақын айтқандай, сіз айналаңыздағы барлық жанға жанашырлық танытып, қамқорлығыңызды, қолыңыздан келген жәрдеміңізді аямайтынсыз.
Ағатайым! Артыңызда қалған зайыбыңыз Феруза мен қыздарыңыз Айман мен Айжан аман болсын! Сіз жасамаған ғұмырды солар жасап, сіз көрмеген қызықтарды солар көрсін. Алты немереңіздің де ғұмырлары ұзақ, бақыттары баянды болсын деп тілеймін.
Артыңызда қалған ағайынға сабыр серік болсын! Өзіңіз қатты жақсы көрген қазағыңыз мынау алапат індеттен аман шықсын. Бірлігі берекеге, ынтымағы ырысқа бастасын!
Сізді көрсем көзіме шыңға біткен шынар елестейтін. Шыңда жапырақ жайып, жайқалу – шынар ағашына тән қасиет. Ол – қазақ ұғымындағы киелі ағаш, әулие ағаш. Менің әулием сіз едіңіз, ағатай! Қатты сағындым.
Шолпан ОҢДАШҚЫЗЫ
АЛМАТЫ