• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Экономика 30 Шілде, 2020

Ата кәсіп оңалмай, ауыл көші түзелмейді

539 рет
көрсетілді

Ауыл шаруашылығы саласы кез келген елдің азық-түлік қауіпсіздігін қалыптастыруда ерекше маңызға ие. Осыдан да болар, Президент Қ.Тоқаев халыққа Жолдауында ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану негізінде мал шаруашылығын дамытудың кешенді бағдарламасын жасау қажеттігін айтқан болатын.

«Малдың жайын баққан бі­ле­ді» дегендей, аталарымыз төрт түліктің өнімділігін арттыруда кейін ғылыми тұрғыда да қолдау тап­қан озық тәжірибелерді ғажап игер­ген. Мысалы, қыс айларында та­бын-табын жыл­қыны иіріп бақ­паған. Еркіндік беріп, соңы­нан қосымен еріп жүрген. «Сиырдың сүті тілінде» деген.

Кеңес заманында ата кәсіптің заманауи, ғылыми-өндірістік жетіс­тік­термен, озық технологиялар­мен толықтырылу сатысы болды. Соның айғағындай, еліміз КСРО құрамында ауыл шаруашылығы саласы бойынша Ресей мен Ук­раи­надан кейінгі үшінші орынды тұрақты иеленді. Ауылдық ай­мақтар ерекшеліктеріне сай келетін құнды мал тұқымдары шығарылды. Мал шаруашылығын механикаландыру, қол еңбегін жеңілдету, ауыл еңбеккерлеріне тиісті әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар жасау, ауыл мен қала арасында тығыз өндірістік қарым-қатынасты қалыптастыру бағыттарында көптеген игі іс-шаралар атқарылды. Сүтті ірі қара, құс, шошқа шаруашылықтары бойынша ірі өндірістік кешендер салынды. Жайылымдық, суармалы жерлер мал азығы қорына негізделген мал шаруашылығы кеңінен өріс алды, мал басы қарқынды өсті. Бір сөзбен айтқанда, ауылдың көркі жадырай түсті.

Қоғам дамиды, талғамдар өзгереді, кейінгі кездегі көптеген эксперименттік тәжірибелер де әсер етті ме, мемлекеттік ауыл шаруашылығы құрылымдарынан береке кете бастады. Өндірген өнім­дер­дің сапалық көрсеткіштері төмендеді, өң­деу кәсіпорындарына жеткенше ысы­рап­қа ұшырады. Сондықтан да жаhан­дық эконо­миканың үдерісіне сай ауыл рефор­масының қажеттілігі туындады. Сов­хоздар жекешелендіріліп, ауыл тұрғын­дарына, мал-мүлік келешек жеке ша­руа­шылықтарын ұйымдастыру үшін тегін берілді, ірілі-ұсақты жеке шаруа­шы­лық құрылымдары пайда болды, оларға толық­тай еркіндік тиді. Бұл ауқымды іс-шаралар нәтижесінде біршама келеңсіздіктерге тосқауыл қойылды, мал өнімдері нары­ғында бәсекелестікке жол ашылды. Мем­лекет тарапынан ауылда нарықтық қатынастың қалыптасу кезеңі деп, көптеген көмектер мен қолдаулар жасалды, бұрынғы мемлекеттік шаруашылықтар қарызы жойылды, салықтық, несиелік кө­мек­тер түрлері қарастырылды. Мал ша­руашылығын субсидиялау тетіктері жасалып, қаржы көлемі жыл сайын артты. Мал шаруашылығы өнім­ділігін жақсарту мақсатында шет елдерден асыл тұқымды мал бастары тасымалданды. Жер кодексі, ауыл шаруашылық коо­пера­тив­тер, асыл тұқымды мал шаруа­шы­лықтары туралы заңдар қабыл­данды. Түйіп айт­қан­да, мал шаруа­шылығы саласының нарық­тық экономикаға бейімделуіне қажетті жағдайлар жасалды.

Ішкі азық түлік нарығы мал өнім­­дері­мен айтарлықтай толықты, өнім өндірушілер мен тұты­нушылар үшін тиімді байла­ныс­тылық жүйесі қалыптасты.

БҰҰ-ның әлемде халық санының артуына байланысты кейбір ай­мақ­тарда азық-түлік тапшылығы болады деген бол­жа­мына сай, ауыл шаруашылығы өнді­рісі келешекте экономиканың басты қозғаушы күшіне айналмақ. Жүргізілген ішін­ара сараптау жұмыстары елі­мізде мал өнімдерінің басым бөлі­гінің маусымдық си­паттағы, экстен­сивті өндірісімен ерек­ше­лене­тін шағын, жеке қосалқы, отбасы ша­руашылықтары еншісінде екендігін көрсетеді.

Айтарлықтай тиімді шалғай жайы­лым­дық, суармалы жерлер негізіндегі мал шаруашылығы өріс­темей тұр. Бос жатқан жерлер көлемі артуда. 189 млн га жа­йылымдықтың жартысына жуығы пайдаланылмайды. Басты проб­лемаларды ретімен айтар болсақ, олар: тиімді шаруашылық жүргізу және жеткілікті, құнарлы мал азығы қорын жасау үлгілерінің қалып­таспауы; субсидиялау жүйесінің жетімсіздігі; аймақтар бойынша өсіруге оңтайлы мал тұқымдары мен түрлерінің нақтыланбауы.

Мен ғылыми-өндірістік еңбек жолымда жоғарыда аталған проб­лемалардың шешімін іздеуді мақсат еттім. Шаруашылық құры­лымдарының және шалғай жайы­лымдарды игеруге тиімді шаруа­шылық жүргізу үлгілерін анық­тау мақсатында үш жылдық ғы­лыми бағдарлама аясында Ақ­мола, Қарағанды, Солтүстік Қазақ­стан, Оңтүстік Қазақстан облыс­тарында ғылыми-зерттеу жұмыс­тарын жүргіздік. Сауалдама қоры­тындылары бойынша, қатысу­шылардың 12 %-ы отбасы шаруа­шылықтарының өндірісін кеңейтіп, негізгі күнкөріс көзіне айналдыруға болады десе, 40%-ы бұл кәсіппен айналысуға құлықты емес екенін, ал жартысына жуығы отбасы сұра­нысын қанағаттандыруға ғана ниетті екенін айтты. Мұндай көзқа­растың қалыптасуына не себеп? Оған ауыл тұр­ғын­дарының 52,6%-ы өнімдерді сату мүм­кін­дігі мен ба­ға­сының төмендігін, 50,6%-ы мал азығы қымбаттығын айтып жауап берді.

Жоғарыда айтылған үш өңір­дің әрқай­сын­дағы үш ауылдық округ бойынша қосалқы шаруа­шы­­лықтар негізінде ауылша­руа­­шылық кооперативінің үлгі­лерін жасауға және шағын балама энер­­гия көздерін (күн, жел) пай­далану ар­қылы шалғай жайы­лым­дықтарды игеру қа­натқақты жо­басына сараптамалар жа­сал­ды. Сонымен, орта есеппен бір ауыл­­­дық округ аумағында ауыл шаруа­­шы­лығы кооперативінің қалып­­тасуы, оның мате­риалдық-тех­ни­калық жабдықталуы үшін 250-350 млн теңге қаражат қажет. Өкі­нішке қарай, 2015 жылы толық­ты­рулармен қай­та қабыл­дан­ған «Ауыл шаруашылығы коо­пера­тивтері туралы» заң аясында елі­мізде атқарылған іс-шаралар, осы қар­жы мәселесінің оңтайлы шеші­мін тап­па­уынан, яғни кіші­гірім несиелік құры­лымдарға сіл­теме жасау салдарынан аяқсыз қалды. Сондықтан бұл күрмеуі қиын мә­се­лені оңтайлы шешу жолы – аталған ауыл шаруашылығы коопе­ративтерін, бас­тапқыда мемлекет-жеке меншіктік әріптестігі негізінде құру. Атап айтқанда, мемлекет тиімді жағдайда несие­леу (қаржыландыру) мәселесін, кооператив мүшелері өндіріс, қызметтер тиімділігін қамтамасыз етуді міндетіне алса, кооператив қызметтері толықтай қалыптасып, несие қайтарылған соң мемлекет өз өкілеттігін тоқтатуына да болады. Аталған ауыл шаруашылығы кооперативтері ауылдың тірегіне айналып, экологиялық таза мал шаруашылығы өнімдері көлемінің артуына, ауылда жаңа жұмыс орындарының ашылуына, ауыл тұрғындарының табыс деңгейінің көтерілуіне айтарлықтай ықпал етеді. Сондай-ақ ауылдан қалаға қоныс аудару легіне де тосқауыл болар еді.

Бұрыннан өміршеңдігін дә­лел­деген шалғай мал шаруашылығы өндірісін дамыту тәжірибесін нарық­тық тетіктермен то­лық­­тырып, мемлекет-жеке­меншік­тік әріптестігі негізінде ірі шаруа­шы­лық құрылымдарын ұйым­дас­тыру тиімді болатын сияқ­ты. Дамыған шетелдерде ауыл­ша­­руа­­шылық өнімдерінің басым бө­лігін шығаратын ірі ша­руашы­­лық құ­рылымдары экономи­калық тиімді­лігімен қоса, әлеу­меттік-өнді­рістік инфрақұ­ры­лымдық жүйені қалыптастыру мүмкін­дігімен де басымдыққа ие. Тұты­нушылар үшін өнімнің қандай мен­шік иелі­гінде өндірілгені емес, сапасы мен бағасы маңызды емес пе?! Демек, шалғай жайылымдарды пайдалану негізінде мал өнімдері көлемі еселеп артып, нарықта шынайы бәсекелестік қалыптасып, олардың сапалық көрсеткіштері жақсарып, бағалары да тұрақтана бастайды деген сөз.

Екінші кезекте сапалы мал азығы қо­рын қалыптастыру мәселесі тұр. Елімізде жайылымдық жерлердің басым бөлігін иеленіп жатқан Орталық Қазақстан өңірінің мал азығында қуатты, нәруызды және кө­мір­сутектік компоненттер, мине­ралдық зат­тардың жетіспеуі орта есеп­пен 20-25% екен. Осыған орай, бүгінде құнары жо­ғары, өзін­дік құны төмен мал азығы өсім­­дік­тері бойынша ғылыми ізденіс жұмыс­тарының маңызы өте жо­ғары болып отыр. Атап айтқан­да, Жезқазған өңірінде ғана өсетін табиғи шайыр өсімдігінің құнды­­лығын анықтауға арналған ғылы­ми-тәжі­рибелік ізденіс жұмыстары ба­рысында одан дайындалған сүр­лем, ұннан түйір­шікті мал азық­тары сауын малдар мен жас төлге бергенде тиімді екеніне көз жет­кіздік. Сондай-ақ шетелдік екпе шпи­нат-румикс өсімдігі сүр­лемі кең тараған жүгері сүрле­мінен құнары бойынша еш қалыс­пайтынын және өзіндік құны ай­тарлықтай төмен болатынын да анықтадық. Жайылымдық жер­лердің мал шаруашылығы өн­ді­рісіндегі тиімділігін арттыру мә­селесі бойынша, Қарағанды облысы Шет ауданында Дүниежүзілік экологиялық қордың грантымен жүзеге асырылған «Қуаң жерлерді игеру» жобасы аясындағы іс-ша­ра­лар нәтижелерін айта кетейін. Бұл жұмыс барысында ауданның 11 ауылдық округінің, 1,3 млн га жайы­лымдық жері қамтылды. Грант­­тық қаржы есебінен, жер өңдей­тін, тұқым егетін техникалар, тұ­­қым тазалайтын, мал соя­тын мо­дулді қондырғылар, зертхана құ­ралдары, жел, күн күш-қы­зуы есебінен электр қуатын өнді­­ретін станса сатып алынды. Мал азығына керек екпе шөп (еркек шөп) шығымы әр гектарынан 9 цент­нерге жетті. Өнімділігі жо­ғары жайылымдық жерлер аума­ғын ұлғайту, кіші балама энергия көз­дерін пайдалана отырып малды елді мекендерден сыртқа шығару, мал азығын дайындау көлемін арттыру, жайылымдық жерлерді ғылыми негізде ауыстыра пайда­лану және басқа да шаралар арқы­лы айтарлықтай жетістікке қол жет­кізілді. Төрт жылда жоба аума­ғындағы мал басы 1,5 есеге, ет өндірісі 2 есеге, мал азығы 2 есеге, ал оны сыртқа сату 7 есеге артты.

Мал шаруашылығы сала­сын субсидиялау дамыған елдер­дің тәжірибесінде кеңінен қолда­нылады. Мысалы, дамыған Еуропа елдерінде оның көлемі экспорттық өнімдер өндіргенде еселеп артады екен. Елімізде де кейінгі кезде мал шаруа­шы­лығын субсидиялауға қомақты қар­жы бөлініп келеді. Бірақ субсидиялау тетік­терінің тиім­сіздігіне байланысты отан­дық өндірушілер тарапынан жиі арыз-шағымдар айтылады. Жасы­ра­тыны жоқ, субсидиялық көмекті мал баққаны үшін берілетін сыйақы деп қабылдайтын жағ­дай­лар да жиі кездеседі. Менің түсі­нігімде, субсидиялаудың мақ­саты – өндірушілердің негізсіз шы­ғын­дарын жабу, яғни өндірілген өнім­нің нормативтік өзіндік құны мен нарықта қалыптасқан баға ара­­сын­дағы теңгерімді реттеу. Бұл орайда оңтайлы тетіктерді іздес­­тір­генде, мал өнімдерінің өзін­­дік құнының басым бөлігін (70%-ға дейін) мал азығын әзір­леу ра­ционы құны құ­райтыны ерік­сіз ойға оралады. Яғни мал шаруа­­шы­лығы тиімділігінің бас­ты ин­­­дикаторы – мал азығы құ­ны! Демек, субсидиялауға қарас­ты­рыл­ған қара­жат­тың басым бөлі­­гін жа­йылымдық, шабын­дық жерлер­дің құндылығын жақсар­туға бағыттау өздігінен сұранып тұрған мә­селе емес пе!? Бұлай болса, суб­си­дия­лық қаражаттың басым бөлігін мал өнімдерін өнді­руші­лерге ақшалай емес, орта­лық­­танды­рылған тәртіппен, атап айт­қан­да агро­техникалық қызметтерді көр­сету жолымен, аймақтарда ша­руа­шылық құрылымдары ор­наласқан рес­публикалық кәсіпорын құру не­гізінде атқарудың да ма­ңызы зор.

Қаржылай субсидиялау тек қана асыл тұқымды малдар сатып алуға және экс­порт­тық өнім­дер үшін сыйақы ретінде қарас­ты­рылғаны тиімді. Оның қайтарымы атқарылған ауқымына сай еселенген мал өнімдері көлемінің артуы­мен, ішкі нарықта мал өнімдері ба­ға­ларының тұрақтануымен ерек­шеленеді.

Кезінде Қарағанды облысы, Шет ауданы Просторненский асыл тұ­қымды мал зауытында қазақтың ақбас тұқымды ана­лық, аталық мал­дары тірілей салмақ­тары мен төлдерінің тәуліктік салмақ қосу көр­­сеткіштері бойынша одақтың ре­корд­тық кітабына тіркелген-ді. Ақбас шаруа­шы­лыққа пайдалы белгілері бойынша шетелдік етті ірі қара мал тұқымдары ангус, герефорд және басқаларынан қалыс­пайды, ал өміршеңдігі мен төзім­ділігі бойынша олардан басым.

Отандық тәжірибе деректері сүтті ірі қара шаруашылығы есе­бі­нен ішкі нарықта ірі қара етіне сұ­ранысты 80%-ға дейін қамта­масыз етуге болатынын көрсетеді. Сон­дықтан да соңғы кездерде мәр­мәр ірі қара етіне сұраныстың артуына байланысты етті ірі қа­ра шаруашылықтары негізінен са­пасы жоғары ірі қара етін өндіруге мамандандырылып келеді және осы орайда қазақтың ақбас тұқымды ірі қара малы ерекше құндылығымен сипатталады.

Етті қой шаруашылығында қа­зақтың құйрықты қойларының алдына түсетін қой тұқымы әлемде жоқ. Құйрықты қой тұқымдары жыл бойы жайылымдық мал азы­ғын пайдаланып, қыс айларында қар­мен сусындап жүре береді, құр­­ғақ, шөл, шөлейт аймақтар жағдай­­ларына жақсы бейімделген, өміршең­­дігімен, өсімталдығымен, етінің салмағымен бағалы. Құй­рық­ты қой тұқымдары халықтық сұрыптаудан пайда болған байырғы еділбай құйрықты қойынан бастау алады. Еділбай қойы ұзын мойын­ды, кең кеуделі, ұзын сирақты, сал­мақты, қара, қызғылт жүнді бо­лып келеді. Өкінішке қарай, мұндай қойлар бүгінде сирек кез­деседі. Елімізге соңғы кездерде та­сы­малданған шетелдік асыл тұ­қымды малдар аз емес. Алайда қа­жетті жем-шөптің жетіспеуі, бағу­дағы жайсыздықтар жә­не таби­ғи ортаның ерек­шелігіне бай­ла­нысты шетелдік мал­дар түрлі ауру­ларға шалдығады, өнім­­ді­лік көр­сеткіштері күрт төмен­дей­ді, шаруа­шы­лықта пайдалану мер­зімдері де айтарлықтай қыс­қа­рады. Қазақ атамыз, ертеде-ақ оны «мал жерсінбеді» деген.

Сөз соңында айтарым, жоға­рыда баян­далған іс-шараларды ке­шен­ді атқару мал шаруашылығын қарқынды дамытуға, ауылда жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауылда тұрғындардың тұрақтануына қажетті жағдай қалыптастырады.

 

Кәкімжан САРХАНОВ,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымы академиясының корреспондент мүшесі