«Шебердің қолы алтын», дейді атам қазақ. Сөзге шебер, іске де ұста халқымыздың мәдениетін паш ететін құндылықтарының бірі – оның қолөнері. Асыл тастан сән бұйымын жасаған, қазақ ұлттық киімдерінің етек-жеңіне оқа тігіп, кимешектің өңіріне, жақтауына кесте жүргізіп, сүйек пен мүйізді қиыстырған халық шеберлерінің ісі – мақтауға тұрарлық өнер туындысы.
Қазақ қашаннан он саусағынан өнер тамған ісмер жандарға кенде емес. Ал сол ісмер жандар мен қолөнер шеберлерін оқырмандарына таныстырып, ұлттық өнерді дәріптеу мақсатында С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы біраз жұмыстар атқарғанын айту парыз. Оған дәлел, тігіншілік өнер арқылы адамның бойына шабыт беріп, көңілге шаттық ұялатып, қазақ қыз-келіншектерін ұлттық киім-кешектерімен жүздерін жарқын етіп жүрген Ақтөбе өңірінің жас тігіншісі, қолөнер шебері Трумова Айнұр Маратқызымен «Тігіншілік – қол мен қиялдың еңбегі» тақырыбында онлайн шеберлік сабағын өткізді.
Жалпы, тігін өнеркәсібі – әлем экономикасының алдындағы үлесі мен салмағы жоғары кәсіп десек те болады. Жас тігінші Айнұр Маратқызы С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының оқырмандарына тігін кәсібіне қалай қадам басып, сүйікті ісімен қай уақыттан бері айналысып келе жатқаны туралы ой бөлісіп, қазақтың ұлттық киімдерінің бірі кәжекейдің қарсы ілгегін қалай тігу қажет екенін түсіндіріп қана қоймай, оны тігу тәсілімен бөлісті.
Тігіншілік, қолөнер шеберлігімен айналысу бүгінгі заманның ең табысты бизнесінің бірі. Жас тігінші Айнұр Маратқызы өзінің сүйікті ісімен айналысып, тігіншілік өнерді кәсіп етіп келеді. Көкірегі, арқасы жабық, қазақтың қыз-келіншектеріне арналған қолжетімді көйлектер тігеді. Қымбат тастармен әшекейлеп, қазақ қызының сұлулығын әдемі көйлектерімен одан әрі көркейтіп, нәрлендіріп келеді. Қазіргі таңда салт-дәстүріміз бен өнерімізді дәріптеп, ұлттық нақыштағы киімдерімізді мақтан етіп, «жүзігі алтын болғанша, жүзі жарқын болсын», деп ой түйетін қазақ қыздарының көбейгені қуантады.
Назерке ҚҰЛЖАНОВА,
С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың кітапханашысы
АҚТӨБЕ