• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Руханият 04 Тамыз, 2020

Сұңғыла сыры (Эссе)

1141 рет
көрсетілді

Чехия. Прага. Карловы Вары. Мұхтар Мағауин 2006 жылы осы жұмақтай мекенге қоныс аударған еді. Күнге қақталып, бассейннің қанжылым суына қос аяғын тізесіне дейін малып, маужырап отырған. Көңіл аласапыран. Аумалы-төкпелі. Бір қараса, жел құтырынып, бұлт торланып, ыссы ауаның лебі бәсеңсіп, құдды, жазып жатқан Шыңғыс ханның шабуылға шығар алдындағы тас-түйін бекінгеніндей қаһарланып, қатайып алыпты күн райы.

Делебе қозды. Роман желісіне желім­делді. Дереу қаламсабына жүгірмек боп, мәрмәр ернеуден су шылаған жамбасын жеңіл қаққыштап көтеріле бергенде ту сыртынан таныс дауыс саңқ ете қалды.

– Ассалаумағалейкүм, Мұха!

– Тусырыла бұрылмай-ақ жатып Сәбит құрдасы екенін сезді:

– Уағалайкүмассалам, Сәбе!

– Құшақ жайысып, қолтықтаса сілік­­пелесіп, баяғының батырларынша төс­терін итере тартып түйістіріп, недәуір тұ­рып қалғаны. Мық шегедей мықтанған Мұ­қаң, селдірленіп құйқасы қызара бө­ріт­кен төбесін ұзынтұра Сәбиттің иек тұ­сынан тартып босатты да кеудесін кере ауа қарпыды. Шаттанған қос жүрек екеуін де деммен буып, ежіл-қожыл бусантып жіберіпті. Маңдайлары жіпсіген. Ыссы күннен емес әрине!..

– Мұқа-ау, қалың ойда отырып, қа­пыда шыққан дауыстан жазбай танға­ныңызға ғажап қалғаным...

– Нағыз маңғаздың сәлемі де дара шығып, әуезі ата-баба аманатындай боп уілдейтінін сенің даусыңнан ғана ажыратамын ғой. Шатастыра алмаймын.

– Ал мен сіздің үніңізден баяғы сақ-ғұндардың бебеулеген тылсым сары­нын аңғарғандай боп, тіпті Шығыс хан­ның дауысын ажыратып дегендей, бо­йым ысынып-күйіп, дегбірім қашып сасқа­лақтап, сабама әрең түсетінімді осы сыртта мойындайыншы.

– Келші онда! – деп Мұхаң оң аяғын серпілте артқа тіреп, кеудесін алға кере ұмсынып, қос қолын әлемді сыйдырар­дай кең ашып еді, ғалым құрдасы да құ­лай төніп, ықыластана шырматылыпты.

– Әй, қазақтарым-ай! – деді, Мұхаң қыстыға саңқылдап.

Қос дауыс бөтен аспанды жатсынбай, шарықтап ұзап, шарбы бұлттардың қана­тына ілігіп, ілгері ілесе жүзгендей ме!..

Бақытжамал елден төркіні қопарыла көшіп келгендей, сынаптай сырғып жүр. Алматыда бармағын жалап жүргендіктен болар, ас мәзірінің байлығына Сәбит көн­діккен қалыппен онша елікпей, әңгі­ме ауа­нына берілген-тін. Бір кезде дас­тар­қанға бетінде қой басы дірілдеген үйме табақ ет қойылғанда, таңданысын те­жей алмады:

– Аягөзде отырғандай болдық қой!

– Біздің Бақаң сыйлы қонақтан кәделі бас айырмайды! – деп Мұхаң бәйбішесін көзімен аймалады.

Өткір пышақ Мұхаң қолында ойнап, ет қиялай, жапырақтана әрі сұрыптала ту­ралып жатыр. Кім-көрінгенге бұ­лай кіші­реймейтінін білетін Сәбит ықы­ла­­сы­на елітіп, асау тұлғаның мейі­рі­мі­не қалайша бөленіп жүргеніне іш­тей ыңғай­сызданып, бас құйқасына пы­ша­ғын айыр­бастап алмақ болып еді, көнуші ме еді, өзі тәмамдады. Тағы бір ойы «ғұлама ой­шыл жазу үстеліне отырар алдында ет пен шайға кеңірдектеп тойып алушы еді. Соның кері ме, мынасы... қол байлау болмадым ба?» – деп әр минөтін бос­қа рәсуә етпейтін классиктің жүзіне жас­қаншақтап көз қырын салды. Көңіл үркектігі тыйылды. Мұхаң «алсаң­шы, алсаңшы», – дей отырып, өзі де сүй­сіне қарбытып жатқандай. Етене жақы­нымен, жақсы көретін адамымен осылайша тәбеттене түсіп, тәуір тоғайып алатынын ескеріп, қонақ та қолқа салдырмай арагідік құйрық-бауырды да қосып соқты.

Бұларға Едіге кештеу қосылды. Са­парлап оралған беті. Сәбит ағасына сәлем беріп, құшағынан босап орындыққа отыра бергенде оның көңілі босағанын сезген әкесі «шеттегі қазақтар әсершіл», дегісі келіп оқталып, әңгімені басқа арнаға бұрып жіберді:

– Сәбит, сен, біз құсап ұзақ мерзімге шет жерде тұра алар ма едің?

– Қиын, қиын... – деп күмілжіген Сә­бит үнсіз қалуды жөн көрмей тежелің­кіреп тіл қатты. – Төзе алмас едім... Қай­ранмын түге, Чехов, Горький, Бунин, Бул­гаков, Пастернак, бізден Мұхтар, тағы кімдер еді? – деп сұраулы жүзбен аңта­рылды да сөзін мысқыл араластыра бірақ шынайы ойымен үстеді:– Ұлы жү­рек­тілер жер дү­ниеге сыймайды білем!

Мұхаң мырс етті де терезе шынысын тұмсығымен түрткілеп, сарала денесін жасыл бақтың көгілдір бауынан суыра әрең көзге ілігіп, маңайына сұлулық нұ­рын шашып, балаң мүйізін еркелей шай­қап сәлем бергендей әдетімен бір орнында тыпырлап тұрған елікті Сәбитке нұқып көрсетіп:

– Әне, Сәбит, орманшы-ғалым екен­ді­гіңді елік те сезіп тұр, – деді балаша қуа­нып.

– Бұл өзі асыранды елік пе? – деп Сә­бит таңырқай бастағанда Едіге оның үй ма­ңындағы тоғайшадан зерігіп кеткенде осылайша адамдарға келіп есендесетінін, қазақы қалыпты сүйетінін, әлдебір мейі­рімді аңсайтынын асығыс тізбелеп айтып берген. Сосын:

– Бұл өзі сіздің Торғай жақтың киігі­не де ұқсап кетеді кейде. Жосылтып, ыр­ғып, танауын желмен кере секіріп құй­ғыт­қанда, баяғы радиациядан жазықсыз қырылған жарты миллион киікті көз алдыма тосады.

– Иә, Торғай даласында қырылды ғой. Осы тақырыпқа өзің «Азаттық» радиосы арқылы кең көсіліп жер жүзіндегі қазақтарды құлақтандырдың ғой. Семей полигонынан сақтандыра сөйлеуің өз ал­дына, Едіге! Ол жаққа, Абай баба­мыз­дың 150 жылдық мерейтойынан басқа уақыттарда да талай барып, ормандарын аралағанда ел қарияларынан естіп-түйгендерім өз алдына, – деп Сәбит кө­зі­нің бір қиығынан қазақ елінің түрлі зоба­лаңдарын ауыр тамшылатқандай боп үні бәсеңсіп, кеміріле күрсінді.

– Сендер өзі, дұрыс қазақсыңдар-ау, тегі, – деп Мұхаң ас батасын төгілте жа­­сап, әлдене көп ойға еліккендей һәм най­засын аңсаған баһадүрдей айбаттанып, мүмкін қаламы-қаруына қол са­лу­ға өжеттене ұмтылғандай боп, әйтеуір мүл­де басқа кейіппен танымастай түрленіп сала берген еді...

Әрегідікте дөңбекшіп, жағаны ша­пақ­­тап ұрып, кейде толқынымен ақ кө­бік­тене аласұрып, адам мінезіне түр­ліше ой салатын теңіз-долы сабасына түсің­кіремей күңіреніп жатқан. Жазушы түсі­неді теңіз жанын. Жазушыны да ол бауыр басып қалғандай. Екеуі де тыншымайды. Күркірейді. Сарқырайды. Бір-бірінен бір­деңе сұрағысы келетіндей, аңысын аңди­ды. Бірақ екеуі де әккі, сыр алдыртпайды...

Бұлар жағажайда жатыр. Күн күйдіріп тұр. Күнқағардың көлеңкесімен жүгірген самал ғана жанға дес. Асау толқынмен етекке түрілген майбалықтарша құжы­наған адам. Екеуі де жайма сәкіде сұ­лап жатып, үнсіз күйде ойларымен арпа­лы­сатындай. Теңіз лебі кеңсірік жі­бі­тіп, тыныс ашады. Бір сәт Мұхаң де­не­­сін ырғап көтеріліп, тікесінен қақ­ши­ды. Тән саулығының, дене шыны­ғуы­ның дәлеліндей, жалпақ жауырын бұл­ға­лана қаздиып, иық бұлшық ет­тері бұлтылдап, кең кеудесін кере іш­ке дем жұтты. Қара көзілдірігін сы­пы­рып, теңіз өтіне ғашығына көз сал­ған­дай құмарлана сүзілді. Өзінің Ала­көлін елестетті. Теңіз бен көл. Екеуі де суының көкшілдігімен, кейде дауыл сапырғандағы жасылдығымен ұқсас­тай. Әне, Жоңғар Алатауы, Жоңғар қақ­пасы... Бейне Алакөлдің айдынына құ­мартқан қалмақтар судан жан ша­қыр­­маққа бекінгендей атойлап салып ке­леді. Алакөлдің киесі бар, қазағының қо­лын тас-түйін қылып, су бетімен жеңіл сырғыта аттандатып, өзі қарсы тұрғызған толқынымен жау шабуылын тежеп, тұ­қыр­тып, табанының астына салып берді. Құдды, су патшасы Сүлеймен де көмекке келгендей... Жоңғарлар жалпасынан оңбай түсті...

Сәбит мына Мұхаңның қалың ойын оқып білгендей, сыртынан бағып, масайрап жатыр. Енді бір сәт бұл да түзеліп отырып, теңізге ойын қотарғызды. Қап­­талдасып қаздиған екеу. Бірін-бірі ұмыт­­қан, ойды серік еткен. Ғалым өзі­нің Қоңы­раулы өзеніне суға түсіп жүр екен... О, ға­жап анадай тұстан Міржа­қыптың төбесі бір батып, бір шошаяды. Ақтеңіздің суына түсіп, каналын қолмен қазған алаш арысы «өзімнің суым, өзімнің суым», – деп әупілдектей дауыстап, құлаштай жүзіп тым әрі ұзай берген. «Оралыңызшы!»- деп қимас­тықпен бұл қала берген. Ақ тілек, адал ниет, жалбарына өтіну... құрдымға кет­пейді екен. «Алашым, қазағым!» деп ұрандатқан Міржақыптың мүрдесі туған топырағына арулап қойылған. Енді оның жалғыз қызы Гүлнәр апасының дауысы естіле бергенде, Мұхаңның саңқ еткенінен Сәбиттің ойы бөлініп кетті.

– Гүлнәр Міржақыпқызы апамызға то­пырақ сала алмаған өкінішім басылу­дың орнына үдей беретіні несі, Сәбит-ау?

Ғалым өңім бе, түсім бе дегендей құр­­да­сына таңырқай қарап, екеуінің ой сабақ­тауының өзі дәлме-дәл түсіп, тіпті бір адам туралы түйінделгеніне қайран қалсын. Бірақ әсерленгенін Мұхаңа сездірмей:

– Шаңырағында дұға оқып, бата жа­садыңыз! Көңілге медет етіңіз! – деді әл­гі сиқырлы сезімнің сергелдеңінен сы­тыл­маған күйі. «Бұл ой ұқсастығы тегін емес, тегін емес», – деп ол Мұхаңның со­­ңынан ерген күйде, қақпақтай жауы­рынынан әлдене көріп-білгендей сияқ­танып, теңіз суына қосарлана күмп еткен. Толқынға қарсы қос қазақ жосылтып, құшырлана құлаш ұрып, жойқындап барады. Ақкөбіктенген қос із бұйралана айқындалып, баяғы егемендік үшін кү­рескен қазақтың қалың қолындай болып, айбарланып әрі айбынданып жоталана түсуде... Кәдімгі жорықта көсілген жылқы жалындай шудаланып...

Тау сілемдерінің жолбарыс терісіндей алапестеніп, туырлықтай тұйықталған тұсы еді. Көзге қанық бояу жағатындай. Табиғатқа тойымсыздықтан жан түлеген. Елікпеу – күйзеліс нышаны, беті аулақ. Мына құрдастар, жараған, жымыңдасып, бірде кезек берісіп, кейде тізгін тежемей, ауыздық шайнай тарпынып, ой мен сөз қайшыласып жатқаны. Ұшы үш­кірлене қиылып, үстіңгі ерінді әнтек жап­қан қою да сұлу мұрт екеуінің өңіне әңгіме ыңғайына қарай сұстылық пен жай­дарылық табын еселеп табандататындай ма? Біраз сырлары мұрт астында жыбырлап жататын секілді.

Қызыққа қараңыз. Құрдастар дірілсіз қалды. Тау асқарына елтіген. Төменгі бау­райда жазық даланың түсіп қалған ұлта­рағына ұқсас жап-жасыл, шөбі тықырлана қырқылған алаңқай көсіледі. Бірі тауға, бірі дала пішіміне назар жығып, ой жүл­гелегендей. Мұхаңның аңсағаны: Бақанас өзенінің сол жағалауындағы Баршатас ауылы еді. Ал сезім жетегіндегі Сәбиттің көк­сегені: Қызбел тауы мен оған еншілесе жа­бысқан Қыземшек қыратының қызық тағ­дырлы қатпарлары еді. Ебіл-себіл сезім иірімдері... Дала мен тауды сағынады. Ар­мандатады. Дәл қазір сол аңсарларына же­тіп жығылар ма еді, десейші. Өз тауын биік­теткісі келеді, өз даласын кеңейткісі бар.

– Даламды сағынып жүрмін! – Мұхаң мұңайғандай болып, он саусағының ақ­жем­денген ұштарын бытырлатып сындырып қойды.

– Қызбел мен Қыземшегім түсімнен шықпайды! – Сәбең ұзын бойын одан әрмен керіп, тау сілемдеріне өңешін созып ынтықты.

Екеуін де ой меңдей түскен. Әне, Мұ­­­қан­ның жалғызы Мұхтар, өзінің Ма­­­ға­уия атасының Нарқызыл атының жа­­лына жармасып, желдей ұшып бара­ды... Даламен жарысып жүйткиді... Тіп­ті Еуропаны адақтап өтіп, одан әрі Тай­бурылша атылып мұхит асыпты... Ал үш жасар Сәбит майданға аттанған әкесінің түрін білмейді. Алты жастағы Сайлау ағасы еңіреген қалпы бір қолымен мұны сүрінген жерінен тұрғызып, екінші қолымен Жібек анасының бауырындағы қызылшақа сәбидің (бүгінгі Рақыш қа­рын­дасы) сүйретілген жаялығын жиыс­тыра әкесіне қол бұлғайды... Соғыс өт­ті, Жеңіс келді. Әке жоқ! Хабарсыз. Үзілмеген үміт шоғын Сәбиттің ұлы Айбек үрлеп, Бе­ларусь жеріндегі бауырластар зиратынан Байзақ атасының қорым топырағын әкеліп, жарын күтіп жатқан әжесінің қа­сындағы бос орынға капсула түрінде жай­ғастырды... Тағы бір уысын өзінің туған Қызбеліндегі ата-бабалар бейітіне аманаттады. Қазір сол топырақ Воронежде атылған алаш арысы, өз аталасы Сейдәзім Қадырбаевтың жат жерден әкелінген зират үгіндісімен бірге қоңсылас етіп осында «жерлен­ген». Алаштың осы зерек заңгері Сей­дәзім ескерусіз қалып бара жатқан соң Гүлнәр Міржақыпқызына зерттеу мақала жазғызып, Мұхаң қолына тап­сырғанда іле «Жұлдыз» бетіне жарқ ет­кені ұмытылар ма, сірә?

Құрдастар орындарынан тұрып, ыл­диға қарай ыңғайланды. Кілт еткен тізесін ауырсына тіктеген Мұхаң сегіз көзінен шаншып, жамбасына инедей қадалған әлдене піспектен көзін шарадай етіп аш­ты да қиралаңдағанын сездіргісі келмей еңіске ирелеңдей түсе берді. «Ғұмыр бо­йы үстелге желімделгендей болу – оңай ма! Өзіме де белгілі жайт», деп іштей аяушылық танытқан Сәбит те ұзын сира­ғының босаңси бастаған балтырын нұқып жіберіп, қан жүгіртті.

– Беу, жазық далам-ай! – деді Мұхаң теп-тегіс алаңқайға табаны тигенде шат­­танып. – Өз далама қайдан жетсін! Бі­рақ күллі Еуропаның майдан даласын еті­гімен кешіп өткен менің жаужүрек батырларымның табаны тиген-ақ шығар осы жерге. Менің де табаным желімделіп тұр осында. Мүмкін, баяғы үндістер же­ріне де жетіп жығылармын...

Сәбит еркінен тыс сұрақ қойды:

 – Мұха, елге қашан қайтасыз?

– Қайтпаймын! Мүмкін, күлім Атлан­тика мұхитына шашылар...

* * *

Күміс бұлақ... (Силвер Сприн). Кә­дімгі өз ауылының кескініндей керім-ақ. Айналасына қараған сайын көзі жай­найды. Жүрегі жазуға тұтанады. Осында қоныс аударғалы, бұл екінші мекені. Вашингтон онша қашық емес. Аралас ағашы молынан ұйысқан тыныш тұс. Атының өзінен тоғай арасынан жылыс­тай жүгірген бұлақтар сыңғыры сезіле таңырқатып есіңді елегзітетіндей. Туған жеріндегі әр бұтаның түбінен жылт етіп көрініп жыланша жыбырлап ағатын ба­ла бұлақтарын сағындыртады. Бозбала ша­ғында өзіндей боп жалаң аяқ жүгірген жалқы бұлақтарына бас қо­йып, сіміргісі кеп кетеді. Дәмі ше? Бал­дай еді ғой. Мын­да да сол дәмге ұқсас. Бірақ... Қайдан же­туші еді. Мұхаң там­сана жұтынып қойды. Ернін ақтық рет қай бұлақ суы шылар екен?.. Әкесі атын суарып, анасы су алған күміс бұлақ бәлкім, бұйыра қоймас... Қабағы түсіңкіреп кірпігін жапқан жанарын кең ашып, ойдан сергіп, өз тіршілігіне қызына да қызыға құшақ ашқан айналасын марқайып шолулады.

Ақпан басы болса да жұмсақ таби­ғат­тың жанға жайлы жадырған күні сылаң­дайды. Әлі сидаң, бірақ кейбірі жасыл жасауын қыс ызғарынан да қорынбай мо­лынан көзқунақты етіп, жаймалаған ­алуан ағаш шоғыры бүркемелеген ашық са­ңылаудан кәдімгі қазақ киіз үйінің түңлігі түрілген. Бүгін сексенге толған. Тосын сыйға елегізіп, жүрегі шым етіп, мұхиттың қиыр қапталындағы қазақы қалыпқа таң-тамаша күйде еді. Қалың топ өзіне қарсы жүріп кеп, той құшағын ашып, біртуар қазақты тік көтеріп алды да киіз үйге қарай қол ұшына салып, хан көтергендей етіп, қиқулата жосылтып бара жатты.

– Туған топырағына аунату керек!

– Әмірикән қайда, Баршатас қайда?

– Қазақтың киіз үйі қайда болса, сонда қазақ жері!

Жылқы сойылыпты. Қазан көтерілген. Жас еттің иісі айналаны алып кетіпті. Мұрын жарады.

– Бұл қыстай қоңдаған байталым ғой, – деп Нұралы баладай мәз Мұхаңа қа­рап күлім қағады. – Сізге сездірмей сексе­ніңізге шалып тастадым.

Маңай бұл сөзге дуға тиген оттай дүр­кіреді. Қуырдақтың көкесі әлі алда екенін, мына Едіге мен Нұралының Қазақстанды шақырып ат шаптырып, күрес сайыстырып, айтыс арқыратып, күй төгілдіретін алапат тойды алдағы жазға белгілегенін, сол дастарқанға сойылатын ту биені де семірте бастайтынын жұлқылай жамыратып, ұлттың ұлылғын паш етісті. Күлкі, әзіл қалжың Күміс бұлақтың сыңғырын еселеп, осында жойылып кеткен түп тамырлы үндістердің атамекеніне құдды, қазақ қотарыла көшіп келгендей, паһ шіркін, думан маздап жүре берген.

Мұхаң қою өскен кипаристің жапы­ра­ғына бет сипатқандай болып, шетке сәл оңашаланғанда қалта телефоны толқын­дана тыз етті.

Кәдімгі өз Сәбиті! Өзі тектес тегеу­рін­ді ғалым. Соңғы кезде өз өмірбая­нын өрімдеп, қалам тербеп жүр. Әп-әде­мі сөз­­дері үйіріліп түседі. Кеше жа­зып жіберген сексендік сәлеміндегі қор­­­ға­сындай ойларына ұйыған. Қазақ әде­­­бие­тіндегі үлесін әлемдік деңгей өл­шемі­мен безбендеп, ұтырлы түйін жа­сапты. Қамқор көңілі шексіз. Бірақ ыққа жығыла салмайтын торғайлық мәрт мі­­не­зінен, кесімді пікірінен айнымайды. За­мандасының «Жұлдызбен» өзге мер­зімді басылымдардағы туындыларын таң­­дана оқып, тамсана бағалайды. Сәбит те сек­сеннің сеңгіріне өзімен қанаттаса көте­рілгелі тұр-ау! Сексендегілердің сыры құ­рық бойлатар ма?

Бірде Сәбит өзінің жазудан бұрын ғылымда танылғанын астарлы сыналап, жазушылық еңбек пен ғылыми жұмыстың қайсысы қиын деген ыңғайда сұрақ бала­латқан. Әрине, жауабы дайын еді: «...Ғылым әлдеқайда ауыр. Қалай десеңіз де, көркем шығарма – бастан шығады. Ал ғылыми зерттеу... тастан шығады», – деген. Сәбит те разыланып басын изей түс­кен... Сосын ол дауысын күрт кенеп, Абай бабасының: «Адамшылықтың алды – махаббат, ғаделет, сезім... Сезім кімде көбірек болса, ол кісі – ғалым, сол – ғақил», – деген ғақлиясын тақпақтап жіберсін.

Сол жолы екі дос ғылым мен жазушы­лық­тың байланысына қатысты біраз ой бөліскен. Әлі есінде Сәбиттің тағы бір шы­ғармашылық өрелі әңгімесіне орай өзінің де көсіле түсінік бергені. Әлбетте қазақ әдебиетін Әбіш Кекілбаев пен Төлен Әбдіксіз елестетудің мүмкін еместігін тереңнен түйіндеп, қос таланттың шығар­машылығы мүмкін, шенеуніктік лауазымдармен ноқталанбағанда, тіпті арынды, ерен айшықты болатынына куәлік еткен еді-ау!

Сәбитті неге осыншама жанына жақын тартатынына бас қатырмапты. Сезетіні жалғыз-ақ – жүректері түсінісіпті. Бәлкім, Гүлнәр Міржақыпқызы жақындастырды. Әкесі ақталғанда қадірлеп шақырған. Қасіреттен қастерлі шыға білген алаш қызының көз жасын сүртіп, басу айтысқан. Демек, бұларды Дулатов оятып, қазақ егемендігінің мәселелеріне қосарлап салып жіберген шығар-ау! Дәл солай. «Сендер, қалқаларым, анау Кенжеғали, Әбдісағит бар, ұлт зиялысысыңдар, тәуел­сіздік кешікпей туып қалар, соған қамда­ныңдар, кейін оны мызғымастай етуге қапысыз талпыныңдар!» – деп Гүлнәр апай екі тұлғаны қасына отырғызып қо­­йып, «тоқпақтаған» да шығар, бәл­кім. Содан болар тамырласып кетуі. Қай­­ран, алаштың соңғы тұяғы! Қандай кө­реген! Өзі де жылдар бойы жасырып жаз­ған­дарын бертінгі кезде ғана жариялап, тұтас­тай алаш галереясын жасап, жүз жасқа жығылып, мәңгілікке жантайды. Күллі алаш қызының жиынтық бейнесі етіп осы Гүлнәр апайға ескерткіш қойса айып па? Қазақ елінен жер табылып қалар, бәлкім?!

«Шыңғыс ханның» төрт кітабын елдегі оқырмандарының біразына Сәбит арқылы сүйіншілеп еді. Досына – есеп! Былай тұр­мақ, кім қазір қайбір досын сыйлап, ескеріп жатыр? Өзі, «Шыңғыс ханға» ел-жұртымыз қуана ма екен? Кешігіп жүретін әдетіміз бар ғой. Мұхаң мырс етті... Оның ой қатпарына бәрі-бәрі жасырына береді. Үлгілісі де, үстірті де. Кесімдісі де, кеңдігі де. Баяғыда Қазақ үкіметіне хаты жарияланғанда мұның екі аяғын бір етікке тыққылары келгендер де кезіккен. Әйтсе де құр әкіреңнен не шығушы еді? Санаға салғасын бәрібір Мағауиннің ығына жығылған. Өткірдің жүзіне әділдік қана шыдайды ғой. Басқа шаруаларын түгескендей өзіне «елге қайт!» деген жана­шырлық сыңайда хат жазғыштар көбейгелі тұрғанын сезеді. Пәлі, жандайшаптар сөзіне жығылатын Мағауинді кім көріпті! Мағауин біреу-ақ! «Менді» оқығандар өйтпейді. Парақтамағандар ғана солай көкиді. Әйтпесе Алматының әредік үдеп кететін өсек-аяңында, қоңыздай ызы­ңын­да, қызғаныш шыжғырылымында, әне-міне, әлемге мойындалғалы тұрған «Шың­ғыс ханның» ерек үлгісі, бұған де­йін жарық көрген өзге авторлардың он­да­ған шығармаларынан басы озық мынадай беренсөз бітімі сомдалар ма еді! Самарқаулық-ай, десеңізші, әлі күнге бұл тұшымды туынды туралы қазақ әдеби сыны да «ләм-мим» деп, жақ ашпай отыр.

Осы тектес ұзын ырғақты сөз телефон желісіне ілігіп еді. Екі дос мәз-мәйрам.

– Иә, иә, жиырма бес том қолыңа тиіп қалады. Бұрынғы он үш томның сұлбасы әрі жалғасы ретінде!

Тәңірім дара жаратқан Мұхтар Ма­ға­уин жүзі жадырап, киіз үйдің табал­дырығынан балаша арсалаңдап аттап, ішке енді. Ойхой... Елім! Шетте өткен он төрт жылы бір күнгідей болмай көз алдынан зу ете түскендей еді! Охой, қалам құдіреті!.. Бармағынан үздіксіз, үдемелі жазу балын, уын сорғызатын... Әлгі Сәбит досы көңілге түрлі ой салды ғой. «Еліме сәлем де! Жазуымның мәңгілік әлдиі!..»

 

Қайсар ӘЛІМ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері