• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 06 Тамыз, 2020

Сайлау алдындағы дүрбелең

163 рет
көрсетілді

Беларусьте 9 тамызда президенттік сайлау өтпек. Межелі мерзім жақындаған сайын осы елдегі биылғы жылдың басты саяси додасының қызығы мен шыжығы бітпей тұр. Өткен аптада қазіргі мемлекет басшысы Александр Лукашенкоға қарсы жаппай шеру өтсе, таяуда елдегі жағ­дайды ушықтыруға келді деген же­леу­­мен бірнеше шетелдік ұсталды.

BBC агенттігінің хабарлауынша, 30 шілдеде ел астанасы Минскіде 60 мың­нан астам адам шеруге шыққан. Олар қазіргі президент Александр Лука­шен­коға наразылық білдіріп, Светлана Тихановскаяны қолдайтынын жеткізген. Оппози­ция өкілдерінің айтуынша, Бела­русь тарихында бұрын-соңды мұндай дең­гей­дегі шеру болған емес.

Көшеге шыққан демонстранттар Бела­русь­тің мемлекеттік туын да, оппо­зи­ция­ның ақ-қызыл түсті байрағын да көше­де желбіреткен. Кей митингшілер саяси тұт­қындарды босатуды, өзгерісті талап ет­кен.

Тұрғындар наразылығының басты себебі мынада. 9 тамызда Беларусьте прези­денттік сайлау өтетінін жоғарыда айт­тық. Осы саяси додаға оппозиция атынан Сергей Тихановский қатысуға ниет білдірген. Бірақ Беларусь орталық сайлау комиссиясы оның өтінішін қабылдаған жоқ. Осыдан кейін оның жұбайы Светлана Тихановская сайлауға түсуге талпынып, ақыры оның кандидаттығы ресми бекітілді.

Іске белсене кіріскеннен кейін, Свет­ла­на ханымның жақтастары көшеге шыға бастаған. Алғашқыда мыңдаған адам жи­налған митингтен кейін наразылар саны ұлғая бастады. Осылайша өткен бейсенбіде 60 мыңға жуық адам көшеге шықты. Митингке келген С.Тихановская да алда-жалда президенттік лауазымға сайланса, бүкіл саяси тұтқындарды босатып, жаңадан сайлау өткізуге уәде берді.

Жалпы, сайлау қарсаңында Беларусьте әрдайым наразылық акциялары өтеді. Мәселен, 2010 жылы он мыңдаған адам қарсылық білдірсе, 2006 және 2017 жылдары да түрлі митингтер ұйымдастырылған болатын.

Сарапшылар бұған дейін алдағы сайлауда Александр Лукашенконың асығы алшысынан түсетінін болжаған-ды. Бұған себеп жетерлік. Ел тізгінін 25 жыл ұстаған саясаткер әлі де билігін жалғастыруға мүдделі. Оның үстіне, түрлі агенттіктер жүр­гізген сауалнама қорытындысында Лука­шенконың бәсі жоғары тұр. Әйтсе де, өткен аптадағы наразылық акциясы «Бать­ка­ның» күтпеген қиындыққа тап келгенін аңғартады.

Оның үстіне, таяуда елдегі тұрақ­ты­­лықты бұзу үшін арнайы келді деген ж­е­леу­­мен Ресейдің бірнеше азаматы ұс­тал­ды. БЕЛТА агенттігінің таратқан мәлі­­ме­тіне сүйенсек, Беларусь мем­лекет­тік қа­­уіпсіздік қызметі оларды «ЧВК Ваг­не­­ра» әскери компаниясының мүше­ле­рі деп таныған.

Осыған байланысты шұғыл жиналыс өткізген Беларусь президенті Александр Лукашенко мұны «төтенше жағдай» деп жариялады. Ол Ресейді «лас ниеті» үшін кінәлап, мемлекеттік қауіпсіздік коми­тетінің төрағасына жағдайды мұқият зерт­теуді тапсырды. Ресейдің Бела­русь­те­гі елшілігі Беларусь сыртқы істер минис­трлі­гінен Ресей азаматтарының ұсталғаны туралы ресми хабарлама алғанын айтты.

Осыдан кейін елдегі бірқатар бұқара­лық ақпарат құралы ұсталғандардың пре­зидент­тік сайлауда елдің тыныштығын бұзуға келгенін жарыса жазып жатыр. Кей медиа өкілдері ұсталғандардың арасында Донбасстағы қақтығыстарға қатысқан азаматтар бар екенін хабарлады.

«Олардың әрқайсысында кішкентай қол жүгі мен үлкен үш чемодан болды. Минскіге 24 шілдеден 25-іне қараған түні келіп, қонақүйден 25 шілдеде шығуы керек еді. Бірақ олар қонақүйде 27-іне дейін болып, аумақтағы басқа демалыс орнына көшіп кетті. Өздерін ұстауы қатар­да­ғы ту­ристерге ұқсамайды, бәрі әскери үлгіде киінген. Спирттік ішімдік ішіп, көңіл көтеретін орындарға барған жоқ. Өзде­рі­не назар аудартпауға тырысты. Қонақ­үй мен санаторийдің аумағын мұқият зерттеп жүрді. Бүгін түнде мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің «А» тобы ОМОН-ның көмегімен 32 адамды ұстады», дейді БЕЛТА агенттігі.

Осы оқиғадан кейін Беларусь Ресеймен ара­дағы шекараға қосымша күш тартып, қауіпсіздікті күшейтті. Жалпы, «ЧВК Вагнера» ұйымының мүшелері Таяу Шығыс пен Африкадағы қарулы қақ­тығыстарға қатысқаны есімізде. Рей­тер агенттігі олардың Сирия, Украина үкіметіне жасырын бағынатын күш­терге көмек көрсеткенін жазады.

Германиялық Deutsche Welle газеті Беларусь аумағынан «ЧВК Вагнера» ұйы­мы­ның мүшелері ұсталуы кездейсоқ оқиға емес деп есептейді. Басылымның пайым­дауынша, А.Лукашенко осындай тәсіл арқылы халықтың қолдауына ие болуды ­көздейді. Бұған дейін оның сайлауы кезінде митингтер басталып, жасы­рын ұйымдар «майдан» бастауға тырысатынын айтқан-ды.