Жылдам таралған COVID-19 індеті әлемнің түкпір-түкпіріне әсер етті. Осы орайда әлемдік ауқымдағы көптеген компания пандемияға қарсы күш жұмылдырып жатыр. Қазақстандағы мұнай мен газдың ірі өндірушілерінің бірі ретінде NCOC компаниясы індеттің алдын алу бойынша арнайы шешім қабылдаған еді. Бұл шешімнің нәтижесінде компания елімізде ең бірінші болып, COVID-19 індетінің таралуына жол бермеуге бағытталған көптеген нақты шара енгізген кәсіпорындардың қатарына кірді.
15 наурызда төтенше жағдай жарияланғаннан кейін NCOC бірден өз қызметкерлерін жалақысын сақтай отырып, қашықтан жұмыс істеу тәртібіне ауыстырды. Бұл індеттің таралуын бәсеңдетуге бағытталған әлеуметтік қашықтық сақтау шеңберінде қабылданған уақытша шара болды.
NCOC компаниясы үшін адамдардың денсаулығы, қауіпсіздігі және әл-ауқатын қорғау – қызметкерлері және мердігерлер персоналы үшін жоғары құндылық. Осы қағиданы басшылыққа ала отырып, компания өзінің өндірістік алаңдары үшін 90 күндік оқшаулау тұжырымдамасын әзірледі. Бұл өндірістік нысандарда жұмыс істейтін өндірістік персоналдың жұмыс алаңдарына барар алдында індеттің алдын алу үшін оқшаулау кезеңінен өту жоспары болды. Айта кететіні, NCOC компаниясы Атырау қаласында COVID-19-ға қатысты экспресс-тестін бірінші болып енгізді. Өндірістік алаңдағы негізгі персонал 14 күннен аспайтын оқшаулау кезеңінен кейін өндірістік алаңға барар алдында COVID-19-ға қатысты ПТР әдісімен зертханалық тексеруден өтеді.
Сонымен қатар NCOC күдікті немесе расталған COVID-19 жағдайы анықталған кезде қолданатын міндеттер мен жауапкершіліктері анықталған арнайы іс-әрекет жоспарын әзірледі. Компания өз қызметкерлеріне қолдау көрсету шаралары шеңберінде коронавирус инфекциясы тарала бастаған алғашқы айларда Атырау, Ақтау және Нұр-Сұлтан қалаларындағы қызметкерлеріне бір реттік медициналық маскалар таратты. Бұл ретте қызметкерлердің отбасылары түгел маскамен қамтылды. Осылайша компания өз қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерінің денсаулығы мен әл-ауқаты маңызды екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Әлемдік пандемияның кесірі денсаулық сақтау жүйелеріне ауыр тиді. NCOC компаниясы жергілікті ауруханалардың әлеуетін қолдау және коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін қабылданған шараларды жүзеге асыру мақсатында жергілікті органдармен, үкіметпен және басқа да серіктестіктермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеді.
Наурыз айынан бастап NCOC компаниясы Атырау және Маңғыстау облыстарының денсаулық сақтау жүйелерін өте маңызды да қажетті медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуде. Атап айтқанда, компания COVID-19 жұқтырған науқастар емделіп жатқан Атырау облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына заманауи қарқынды терапия көрсетуге арналған жабдықты жеткізді. Оның ішінде балалар мен ересектерге арналған өкпені жасанды желдетуге арналған аппараттар, ЭКГ және ынталандыру функциясы бар дефибрилляторлар, көпфункционалды кереуеттер, портативті ультрадыбыстық аппарат, түрлі анализаторлар, мониторлар және тағы да басқа көптеген зат бар. Айта кететін жай, аталған жабдықтар жеткізілген жұқпалы аурулар ауруханасы 2016 жылы NCOC компаниясының әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобасы аясында Атырау қаласында салынған. Қазір бұл – аймақтағы шұғыл медициналық көмек көрсетудің басты мекемесі.
Бұған қоса мыңдаған шығындық материалдар (эндотрахеалды түтіктер, орофарингеалды тыныс алу жолдары, дефибрилляторлы электрод), инфекциядан қорғану құралдары (зарарсыздандыруға арналған диспенсерлер, шынтақтық дозаторлар, өзі сығылатын швабрасы бар шелектер) бірқатар облыстық медициналық ұйымдарға берілді. Сондай-ақ NCOC компаниясы арнайы шақырған британдық қарқынды терапия дәрігері COVID-19 жұқтырған науқастарды қарқынды емдеу бойынша жергілікті дәрігерлер үшін тұрақты түрде оқу курстарын, семинарлар мен кеңестер өткізеді.
Маңғыстау облысында NCOC компаниясы жедел медициналық жәрдем бөліміне үш жедел медициналық көмек көлігін сыйға тартты және аймақтағы медициналық мекемелерге өмір үшін маңызы зор жабдықтарды ұсынды. Бұл – тек өкпені жасанды желдетуге арналған аппараттар, көпфункционалды кереуеттер, эпидемияға қарсы қорғану жиынтықтары, дефибрилляторлар ғана емес, сондай-ақ медициналық қызметкерлерге арналған дезинфекциялау мен жеке сақтандыру құралдары. Медициналық құрылғылар мен құралдардың тағы бір бөлігі жақын арада жеткізіледі.
Осылайша NCOC компаниясының қолдауымен аймақтық денсаулық сақтау ұйымының әлеуеті айтарлықтай өсті. Mаусымдағы жағдай бойынша барлық сатып алынған және сыйға тартылған тауарлар мен көрсетілген қызметтердің жалпы сомасы 2,5 млрд теңгені құрады.
Денсаулық сақтау жүйесіне көмектен тыс NCOC компаниясы мемлекеттік органдармен уағдаласа отырып, балаларға онлайн білім беруді қолдау мақсатында артық компьютерлер жеткізіп, жергілікті мектептерге көмек көрсетті. Компьютерлер Атырау қалалық білім басқармасына мұқтаж отбасыларға таратылу үшін жеткізілді. Жалпы алғанда, Компания Windows 10 бағдарламасымен жабдықталған 1200-ден астам компьютерді тапсырды.
Сонымен қатар жалпы адам мен қоғамның арасындағы алтын көпірді нығайту үшін NCOC қызметкерлері мен мердігерлер персоналы #bizbirgemiz науқаны аясында күнкөрісі төмен отбасыларға көмек көрсету үшін қаражат жинады. 4 аптаға жуық мерзімде 2,5 млн теңге жиналған болатын. Әлеуметтік қашықтыққа қарамастан, адамдар бір-біріне көмектесудің жолдарын тауып, көмекке зәру отбасыларға қол ұшын созды.
Індетпен күрес әлі тоқтаған жоқ. Компания Атырау және Маңғыстау облыстарының тұрғындарына барынша қолдау көрсетуден аянып қалмайды.
Қызмет еткен бастапқы жылдардан бастап, NCOC компаниясы жергілікті қоғамның ажырамас бөлігіне айналды және компания үшін осы қиын кезеңде барынша қолдау көрсету өте маңызды.
Қуанышбек МҰҚАНОВ,
Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В. (NCOC) денсаулық, еңбек, қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі директоры