Ұрлық бәрібір ашылмай қоймайды. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, 2017 жылы Махамбет ауданының Алмалы селолық округінде тұрғын үйді тонаған ұры ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz
"Округ аумағында орналасқан саяжайлардағы баспанадан "Samsung" планшеті, құлаққап, 3000 теңге ұрлаған ұры үй иесіне жалпы құны 37 мың теңге көлемінде залал келтірген. Алайда сол кезде тұрғын үйді тонаған ұры қолға түспеген еді. Жақында Махамбет аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері ұрыны анықтап, қолға түсірді. Қазір күдіктінің өзге де қылмыстарға қатысы тексеріліп, тергеу амалдары жүргізілуде", деді облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиев.
Оның айтуынша, Махамбет ауданында жасалған ұрлық қылмысына талдау жүргізіліпті. Талдау қорытындысында былтырғы жылмен салыстырғанда, ұрлық 62,5 процентке азайғаны байқалыпты. Оның ішінде пәтер ұрлығы 90 пайызға төмендеді. Сондай-ақ, жыл басынан бері облыс полицейлері өткен жылдары жасалған 92 ұрлық қылмысын ашып отыр.